ӨРКЕНИЕТКЕ ЖЕТЕЛЕЙТІН ҚАДАМ

11

Қазақ елінде тарихи оқиға – латын қарпіне көшуге дайындық басталды. Жазу – ортақ мәдениеттер жалғасы, яғни руханияттың ажырамас бір бөлігі. Елбасының өзі айтқандай, қазақ тілі – ол біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге, жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор.

 

Қазіргі таңда әліппемізді латын таңбасына көшіру жайы білім саласында қызу талқылануда. Әліпби ауыстырудың негізгі себебі – таза табиғи қажеттілікке тікелей байланысты туындаған. Осыған орай, латын әліпбиінің бірыңғай стандарты бекітілгеннен кейін оны біртіндеп енгізу шаралары қолға алынады. Ал, білім саласы үшін латын қарпіне көшу – бір күннің шаруасы емес, нақты үш кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Ең бастысы, дайындық кезеңі толық аяқталғаннан соң ғана мектептерге жаңа әліпбиді енгізу байыппен іске асырылады. Сондай-ақ, орыс тілі сабағы үшін кириллица қалдырылып, қазақ тілінде оқытылатын сабақтар латын қарпіне ауыстырылатын болады. Нәтижесінде балалар екі алфавитті де еркін меңгеріп шықпақ. Тиісінше, жаңа әліпби ағылшын тілін меңгеруге қаншалық оң ықпал ететін болса, жаратылыстану бағытындағы пәндер үшін де соншалық тиімді болмақ. Себебі, бұл пәндердегі өлшем бірліктің барлығы дерлік латын қарпінде.

Тіл – коммуникацияның әмбебап құралы болып саналатындықтан латын әліпбиін меңгеру бойынша оқу-әдістемелік құралдарды, мобильді қосымшалар мен ақпараттық бағдарламаларды шығарудың маңыздылығы зор деп санаймын. Яғни, бұл тек қана тілдің реформасы ғана емес, жанымыздың жаңғыруы, маңызды стратегиялық бағдарлама. Осы бағдарлама аясында аудан мұғалімдері белсене жұмыс атқарып жатыр. Болашағымыздың тізгінін өз қолымызға алудың, Елбасы сөзімен айтсақ, «болашаққа бағдар», «рухани жаңғырудың» өзегі және Қазақстанның 30 дамыған елдің қатарында сап түзеуінің жарқын кепілі.

«Қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру қажет пе, қажет емес пе?» деген мәселенің мәні шешілер сәті туды. Адам қателесуі мүмкін, қоғам да қателесуі мүмкін, тіпті заман да қателесуі мүмкін. Ал уақыт қателеспейді. Уақыттан өткен данышпан болмайды. Уақыт өз сөзін айтып үлгерді. Латын жазуы уақыттың сан ғасырлық сынынан өтіп болды. Қазір әлемдегі халықтың 80 пайызы латын графикасын игеріп, пайдаланып отыр, әлемдегі ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таратылады.

Латын әліпбиіне көшу бастамасы Қазақстанның рухани болмысы мен қоғамдық ой-сананы өзгертіп, оны жаңғыртуға зор үлес қосады. Яғни, бұл қадамды жүзеге асыруға саяси, экономикалық, әлеуметтік негіздеме және қоғам тарапынан сұраныс болды деп толық айта аламыз.

Әліпбиді өзгертудің тағы бір ерекшелігі, латын графикасы жер жаһанға кең тараған, соның арқасында жастар ғаламтор арқылы ақпарат айдынына еніп, білім мен ғылым саласындағы кеңістікке еркін енеді. Жаңа әліпби жаңарған елдің нышаны ретінде көнені келмеске кетіріп, сананы сілкіндіреді, жадыны жаңғыртып, тілге тәуелсіздік әпереді, мәдени тұтастықты орнықтырып, ақпарат кеңістігін дербестікке жетелейді.

Әліппе – мәдениеттің өлшемі, сонымен қатар, ол – ұлттың таңбасы, елдіктің айшығы, мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығын айқындайтын символдардың бірі. Бұл тұрғыдан алғанда таңба таңдау – өркениет жолын да таңдау деген мағына береді. Сондықтан осы арқылы Мәңгілік ел мұратын тұғырлы ететін тарихи таңдау жасалды деп ойлаймын.

Біз, білім саласының қызметкерлері, ұлттық құндылықтарымыз бен тарихымызды дәріптейтін, халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан адамгершілік қасиеттеріне сүйенетін рухы биік Мәңгілік елді құру жолындамыз. Бұл жолдағы басты міндетіміз – ұлттық нақышымызды сақтай отыра, заманауи талаптарға сай білімді және өркениетті ел болу. Яғни, латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз.

Сонымен қатар, бұл процесс – түбі бір, тарихы ортақ түркі халықтарымен жақындастыра түсетіні де маңызды факторлардың бірі. Олармен бірлесе отырып, гуманитарлық-ғылыми зерттеулерді жаңа сатыға көтеруге мүмкіндігіміз мол. Латын әліпбиі жалпы түркі халықтарының ортақ түсінісетін жазуы болары сөзсіз.

Тілдің қоғаммен бірге дамып, ғылым мен техника дамыған сайын көршілес елдерден және басқа да шетелдерден жаңа сөздер кіруі арқылы да толығып отыратыны табиғи заңдылық болып табылады. Қазіргідей басқа елдермен арада барыс-келіс жиілеген замандағы күнделікті тіршілікте өзге тіл сөздерінің енуі де, әсері де күшейе түспесе, баяуламайды. Ал кірме сөздердің барлығын дер кезінде қазақы айтылымға икемдеп отыру да оңай шаруа емес. Әрбір оқыған сауатты адам өзге тілден келген сөздің де қазіргі  кирилл әріптерімен өзгеше жазылып тұрғанын оғаш көріп тез қабылдай қоймауы мүмкін. Ал, латын әліпбиі бұл қиындықты өзі реттеп, жұртшылық кірме сөздерді қазақы қылып жазып, қазақы оқып кеткенін өздері де байқамай қалар еді. Сондықтан тіліміздің табиғи айтылымына қайшы келетін кемшіліктерімізден арылатын кез келді.

Әр сөзді бабалар салған жолмен ұлттық үндесіміне қарай айтуымыз үшін жарыса қапталдап кедіргі келтіретін ескі әліпбиімізді латын әліпбиіне ештеңеден қорықпай алмастыруға мүмкіндік келді. Демек, ұрпақ келешегін ойласақ, ұлттығымыздың негізгі белгісінің бірі – тілімізді сақтап қаламыз десек, бірден-бір дұрыс жол – латынға көшу.

Мемлекетіміз өз дамуының жолдарын стратегиялық түрде алдын-ала айқындап, залал-зиянсыз алға өрлеп келеді. Бұл сөз жоқ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясаткерлік, кемел стратегтік қолтаңбасы екенін халқымыз да, әлем де көріп, көз жеткізіп, жоғары бағалап отыр. Атап айтар болсақ, «Қазақстан – 2050», «Нұрлы жол», «Мәңгілік Ел» сынды темірқазықтай айқын стратегияларымыздың жалғасындай әрі олардың әрбірінің өзегіндей болып қабылданған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бүгінде бүкілхалықтық қолдау тауып, қоғамдық ой-пікірде стратегиялық дамуымызға деген халық сеніміне зор серпін беріп отырғанын айрықша атап айтқым келеді. Парламент мәжілісінде өткізілген қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді таңдау – соның бір көрінісі ретінде рухани жаңғыру жолына деген ел ықыласын көрсетті.

Қорыта айтсам, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы мемлекет саясатын барша білім қызметкерлері  болып қолдап, жүзеге асуына белсенділік танытатынына сенімдімін. Жаңа әліпбиді қабылдау осы кездегі заман ағымының дамуына сәйкес қажетті және өте маңызды шара екенін білім саласының оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің өкілі ретінде өзім толықтай түсінемін және қолдаймын.

Нұржамал МАХКАМОВА,

Ақжар орта мектебінің Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

Алакөл ауданы, Алматы облысы