ӨТКЕН ЖЫЛЫ ЖАСАНДЫ ТҮСІК ЖАСАТҚАНДАРДЫҢ САНЫ 79 МЫҢ БОЛСА, СОНЫҢ 1,5 МЫҢЫ 15-17 ЖАСТАҒЫ ЖЕТКІНШЕК ҚЫЗДАР

75

«Аман-саулық» қоғамдық қорының мәліметінше, еліміздегі қыздардың 20 пайызы 15 пен 17 жас аралығында, яғни кәмелеттік жасқа толмай жатып алғаш рет жыныстық қатынасқа түседі екен. Ең өкініштісі тәуекелге барып, жігітпен ерте көңіл қосатын бойжеткендер жұқпалы аурулар мен жүкті болып қалудан қалай қорғану керектігінен бейхабар. Соның салдарынан жасанды түсік жасатуға баратын қаракөздеріміздің саны жыл сайын артып келеді. Қаймана қазақтың қасіретіне айналған аборт тақырыбын бүгін «QAZAQ» газеті көтеріп отыр.

ЖЕТКІНШЕК ҚЫЗДАР ҚАЙДА АСЫҒАДЫ?

Бүгінгі бойжеткен қыз – ертеңгі ана. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетуге тиісті сол болашақ аналарымыз бүгінде өз өмірлеріне өздері балта шауып жүрген жайы бар. Солар некесіз бала көтеріп қалумен қатар, құрсағындағы шарананы жасанды түсік жасатып, алып тастап жатқаны қаймана қазақтың қасіретіне айналғаны сөзсіз. Тіпті, оқушылар арасында да осы қадамға баратындар көп.

Бүгінде статистикалық мәліметтерге сүйенсек, есі дұрыс адамның үрейі ұшады. Мәселен, өткен аптада ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева 2016 жылы жасанды түсік тастағандардың саны 79 мыңға жеткенін, соның ішінде 1,5 мыңы 15-17 жас аралығындағы жеткіншек қыздар екенін хабарлады. Масқара болғанда, былтыр 15 жасқа толмаған 16 қыз осындай қадамға барыпты. Бұл – ресми мәлімет, ал жасырын түрде абортқа барып жатқандардың әлдеқайда көптігін ескерсек, мұның расында да қазақ қасіреті екенін мойындауға тиіспіз.

Сонымен қатар, өткен жылы 4,2 мың оқушы «мектептегі мама» атаныпты.

ҚЫЗЫҢНЫҢ ҚАДІРІ НЕГЕ КЕТТІ, ҚАЗАҒЫМ?

Әлбетте, жасанды түсік жасатудың да себептері жоқ емес. Алданып қалған армандар да бар шығар араларында, арбалып қалған арулар да жоқ емес ішінде. Қалай болғанда да, бұл ақталуға да, ақтауға да келмейді. Бұған ең негізгі себеп – ата-аналардың өздері де балаға, отбасы, ошақ қасында берілетін тәрбиеге қажетті деңгейде көңіл бөлмейді. Олар тәлімнен гөрі перзенттерінің материалдық жағдайын дұрыстап беруді ойлайды. Міне, басты гәп осында.

«Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова жасөспірімдерге мектеп қабырғасынан бастап «жыныстық қатынас мәдениетін» түсіндіру керектігін айтады. Біріккен ұлттар ұйымының (БҰҰ) әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитеті осыдан 6 жыл бұрын еліміздегі білім ошақтарында репродуктивтік денсаулық пен контрацепция әдістерін түсіндіретін арнайы пән енгізу туралы ұсыныс жасаған екен. Алайда бұл бастама сол күйі қолдау таппай қалыпты.

Ал дін қызметкерлері жасанды түсік жасатумен ғана күресіп қоймай, оған апармаудың жолдарын да қарастырғанымыз абзал, алдымен, жастарымыздың жүрегіне иман ұялатып, нәпсісін тыюға, зинаға бармауға тәрбиелеуіміз керектігін айтады.

Имамдардың айтуынша, ер мен әйелдің бір-біріне көз сүзіп қарауы, некесіз көңіл қосуының өзі күнә.

Жалпы елімізде тығырыққа тіреліп, жасанды түсік жасату туралы ой қуалап, жақындарынан қолдау таппай жүрген қыз-келіншектерге арналған сенім телефондары жұмыс істейді. Айталық, «Аман-саулық» қоғамдық қорының сенім телефоны – +7 (727) 220-71-87.

ЖАСАНДЫ ТҮСІК ЖАСАТҚАНЫ ҮШІН ТҮРМЕГЕ ҚАМАЙТЫН ҚАЙ ЕЛДЕР?

Енді мына бір дерекке назар аударыңыз, әлемде жасанды түсік жасатқаны үшін түрмеге қамайтын елдер де бар. Айталық, Сальвадорда 1998 жылдан бастап түсік жасатуға тыйым салынған. Тіпті, зорлық-зомбылықтың салдарынан жүкті болып қалған әйелге түсік жасатуға рұқсат етілмеген. Бұл үшін азаматшалар 2 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Мысыр елінде (Египет) түсік жасату – қылмыстық жазаға тартылатын қылмыс. Түсік жасатқан әйел үш жыл көлемінде түрмеге қамалса, оны жасаған дәрігер, мейірбике мен акушерлер 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұл елдердің қатарында Чили, Венесуэла, Парагвай, Никарагуа, Иран бар.

P.S. Жасанды түсік – ұлт қасіреті. Мыңдаған сәби дүниеге келмейді, мыңдаған қыз өмірге ұрпақ әкеле алмайтын дертке шалдығады. Соның салдарынан ұлт санының өсуі де тоқтайды. Ендеше, қазақтың тарих беттерінен өшуін емес, өсуін көздесек, жасанды түсікті болдырмаудың жолдарын қарастыру керек. Оған дер кезінде бір шара қолданбай, кешіге берсек, «жау кеткен соң қылышыңды тасқа шаптының» кебін киерміз.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «QAZAQ» газеті