«100 НАҚТЫ ҚАДАМ»: СОТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР

29

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге бағытталған бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамын белгілеп бергені баршаға мәлім. Осы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру (16-қадам), судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту (17-қадам), оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту үшін сот төрелігі институты мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінуі керек (18-қадам). Бүгінде елімізде сот саласын жетілдіруге байланысты көптеген іс-шаралардың атқарылып жатқаны белгілі. Осы орайда Судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, судьялардың жаңа этикалық кодексін жасау және т.б. мәселелер Ұлт жоспарының 19-қадамында көрсетіліп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Құжаттың 20, 21, 22-қадамдары сот саласына арналған. Инвестициялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізуді құру, Дубай тәжірибесі бойынша Астана қаласында «aifc» халықаралық арбитраждық орталығын құру, шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша сот істерін жүргізуді қамтамасыз ету үшін Жоғарғы сот жанынан беделді шетелдік судьялар мен заңгерлер қатысатын халықаралық кеңес құру, Сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту және т.б. маңызды мәселелер Ұлт жоспарының 23, 24, 25, 26, 27, 28-қадамдарында көрініс тапқанын айта кеткеніміз жөн. Ал, құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру, жергілікті полиция қызметін құру, жол полициясы қызметкерлерінің этикасы және өзге де мәселелер 29, 30, 31, 32-қадамдарда айқындалып отыр. Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған бірнеше мақсатты қадамды қамтитын «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қабылданды.
Ал, сот жүйесіне қатысты Президент тапсырмасы бүгінде қалай орындалып жатқанын «Qazaq» газеті сала мамандарынан сұрап білді.

Жақсылық АЛАНОВ,
Маңғыстау облыстық сотының төрағасы:

«ЖЕМҚОР ҚОЛЫМЕН ЖАСАҒАНЫН МОЙНЫМЕН КӨТЕРУІ КЕРЕК»

Болашаққа батыл қадам басып, жаңа жаһандық заманға сай жаңғыру бүгінгі күннің басты талабына айналып отыр. Оны Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауына арқау етуі де сондықтан. Өйткені, Мемлекет басшысы тарапынан жарияланатын құжаттар өзекті мәселелерді көтеруімен және оның түйінін тарқату жолдарын көрсетуімен құнды.
Аталмыш Жолдауда да аумалы-төкпелі дүрбелең дүниенің қауіп-қатеріне, әлемдік құрылымның әп-сәтте көз алдымызда өзгеруіне сақадай сай болуға шақыра келе, Президент он міндеттің қазығын қағып, ел назарына ұсынды. Әрине, дүниежүзілік алпауыт әрі айбатты елдердің қатарына қосылу үшін елімізде қажетті нәрсенің бәрі бар. Алайда, шикізатпен шектеліп, оны қорытпасақ, білім алғанымызбен рухани дүниемізді жаңғыртпасақ, дамудың даңғыл жолына оңайлықпен түспесіміз анық. Сондықтан, Жолдаудағы он міндет елімізді шыңға шығарар нақты бағыт, айқын бағдаршам болмақ.
Ұлт көшбасшысы алғашқы міндетте индустрияландыру, яғни, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеу, сандық экономикаға көшу арқылы босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын ала тиянақтау керектігін нақтылады. Сондай-ақ, ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту, «ақылды технологиялар», отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық көзін табу, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу де алға қойылған міндеттердің бірі. Құрылыс пен коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, табиғи монополиялар саласын реттейтін заңдарға тиісті өзгерістер енгізу, қаржы секторын «қайта жаңғырту», банктік портфельдерді «нашар» несиеден арылту, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдау қажеттілігі де Жолдауда назарға алынды. Тиімді мемлекеттік басқару, бизнесті реттеуге қатысуды азайтуға бағытталған заң қабылдау, «ақылды қалалар», білім, денсаулық саласын цифрландырудың маңыздылығы қамтылды. Әсіресе, бизнес субъектілерін қорғау Мемлекет басшысының басты назарында тұр. Осы орайда, Маңғыстау облысында 2017 жылы 1757 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты істер қаралғанын айта кеткен жөн.
«100 нақты қадам» – Ұлт жоспарынан нәр алған заңның үстемдігі, құқық саласы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдаудан да көрініс тапты. Яғни, дүниежүзінің дамуын тұралататын жемқорлықпен күресуге, заңның үстемдігіне арналған тоғызыншы міндетте сот-құқық жүйесіне ауқымды міндеттер жүктелді. Еліміздегі аранын ашқан жемқорлармен қарқынды күрестің нәтижесінде 17 миллиард теңге көлемінде келтірілген залал өндіріліп, соңғы 3 жылда жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталғаны айтылды. Осы ретте, облыс көлеміндегі сандарды сөйлетсек. Маңғыстау облыстық соттарында 2016 жылы сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқықбұзушылықтармен 41 тұлғаға қатысты 24 қылмыстық іс қаралып, кінәлі деп танылған 21 тұлғаға қатысты сот үкімімен 127 308 000 теңге айыппұл салынған. Салынған айыппұл жазасы 100 пайыз орындалған. Ал, 2017 жылдың 14 желтоқсанына дейін бұл санат бойынша 26 тұлғаға қатысты 26 қылмыстық іс қаралса, 6 тұлғаға қатысты 12 549 500 теңге айыппұл салынып, қазіргі таңда ол орындалу барысында.
Бүгінде пара алғандар қылмыстық заңға сәйкес айыппұл төлеу арқылы жеңіл жазамен қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алады. Жемқорларды соттап, түрмеге тоғытудан гөрі олардың қаржыны қазынаға қайтарғаны дұрыс та шығар. Бірақ, оларды «басынан сипай беру» сыбайлас жемқорлықпен күрестің пәрменіне кері әсер етпей ме деген мәселе де ойландырмай тұрмайды.
Тағы бір айта кететін жәйт, бұрын сотталғандар мемлекеттік қызметке орналаса алмайды. Мұндағы мақсат – мемлекеттік қызметтің беделін көтеру. Бұл да, әрине, дұрыс шешім. Кезінде Сингапур сыбайлас жемқорлықпен былғанған мемлекеттердің қатарында еді. Ли Куан Ю бастаған мемлекеттік реформа елді тығырықтан түбегейлі алып шығып, соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету, жалақылары мен мәртебесін көтеру арқылы жемқорлықтың жолы кесілді. Сондықтан, біздің елде жазалауды ізгілендіргенімізбен, мемлекет пен халықтың алдында адал қызмет атқаруға ант берген лауазымды тұлға пара алса, оның жазасын айыппұлмен шектемей, абақтыға тоғыту арқылы қайта тәрбиелеген дұрыс деп санаймын. Себебі, кез келген жемқор қолымен жасағанын мойнымен көтеруі тиіс. Сондай-ақ, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, басты назар сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күреске емес, оның алғышарттарын жоюға аударылуы тиістігін де айтқым келеді.
Бұл бағытта Елбасының әр саланы цифрландыру туралы бастамасын қос қолдап қолдай отырып, сот саласында да жемқорлықты ауыздықтауға бірден-бір септігін тигізері талассыз. Жоғарғы Соттың сайтында 2014 жылы «Сот кабинеті» сервисі іске қосылып, электронды цифрлық қолтаңбаға ие азаматтар сотқа талап арыз, шағым, өтініш, пікір немесе қарсы талап арызды электронды түрде беріп, мемлекеттік баж салығын онлайн режимде төлеу мүмкіндігін пайдаланса, 2017 жылдан бастап сот процестерін бақылайтын Ахуалдық орталық іске қосылды. Сондай-ақ, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 20-қадамын орындау мақсатында Маңғыстау облысы бойынша барлық сот залдары аудио-бейнетіркеу жүйесімен, соның ішінде, бейнебайланыс құрылғыларымен толық жабдықталған.
Қорыта айтқанда, бүкіл саланы цифрландыру – жаңғыру мен жаңаруға ұмтылған келешек ұрпақтың бақытты өмір сүруінің нақты кепілі болмақ.

Олжас КҮРЕҢБЕКОВ,
Қапшағай қалалық (Алматы облысы) сотының төрағасы:

«ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚ ТА АРТТА ҚАЛДЫ»

Соңғы жылдары елімізде сот ісін жүргізуде ақпараттық технология кеңінен қолданыла бастағаны белгілі. Мамандардың айтуынша, бұл бастамаға көптеген елдер зор қызығушылық танытып отырған көрінеді. Бұл жағдай еліміздің сот жүйесінің сапалық жаңа деңгейге көтерілгендігін айғақтаса керек.
Атап айта кетерлік жайт, қазіргі таңда соттағы қағазбастылық та артта қалды. Қол жеткен нәтижелер жүргізілген реформаның дұрыстығынан деп сеніммен айтуға болады. Сот отырыстарын дыбыс және бейнежазу құралдарымен қамтамасыз ету бұл саланы дамыта түсті. Соның нәтижесінде бүгінде судьялардың іс-әрекетіне шағымдар екі есеге азайды.
Еліміздің сот жүйесінің бүгінгі ғылым мен техниканың жетістігін өз тәжірибесіне кеңінен енгізуі заман талабынан туындаған қажеттілік қана емес, бұл сот төрелігін барынша халыққа ашық әрі қолжетімді ету мақсатында қолға алынған игі шара. Сот жүйесінің сапасын арттыруда да заманауи технологиялардың берері мол. Әсіресе, бұл сот қызметкерлерінің жүктемесін азайтып, әділ сот жұмысын оңтайлы ұйымдастыруда да ақпараттық технологиялардың көмегі өлшеусіз. Осы ретте, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қазақстандық сот жүйесінің тәжірбиесіне заманауи технологияларды енгізу қажеттілігі туралы көтерген тың бастамасының арқасында сот саласы дамудың жаңа кезеңін бастан кешіп жатқанын атап өтпеске болмас. Мысалы, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 20-қадамында барлық сот процестері бейне және дыбысқұрылғысына жазылуы тиіс екендігі айтылған. Нәтижесінде, аз ғана уақыт ішінде Ұлт жоспарына сай қазақстандық сот жүйесі халықаралық деңгейде дамудың даңғыл жолына түсіп үлгерді.
Атап айтқанда, бүгінгі таңда еліміздің барлық соттары бейне және дыбыс құралдарымен жабдықталып, сот процестері таспаға басылады. «Төрелік» ақпараттық жүйесі, «Сот кабинеті» сервисі, «Электронды шақыру қағазы», «Сот құжаттарымен танысу», «СМС-хабарлама» сервисі, «Талдау» форумы, сот органдарымен байланысуға мүмкіндік беретін CALL-орталығы, сенім телефоны, т.б қызмет түрлерінің тиімділігіне халық та көз жеткізуде. Бұл жүйелердің қайсысы болмасын сот саласындағы өзінің маңыздылығын көрсетуде.
Ал, қарапайым сот мамандары мен хатшыларының қауырт жұмысын айтарлықтай жеңілдетуге сот залдарының жаппай бейне-дыбыс құралдарымен жабықталуы зор көмегін тигізуде. Бұрындары сот хатшылары сот отырысын бастан-аяқ қағазға түсіріп, хаттама толтыруға көп уақыты мен күш-жігерін жұмсайтын. Бұл онсыз да қағазбасты сот отырысының хатшыларының жүктемесін көбейтіп қана қоймай, жауапкершілік жүгін ауырлата түсетін-ді. Әсіресе, сот залында жазылған хаттаманың мазмұнына күмән тудырып, тіпті, хаттама бұрмаланып жазылған деп айып тағатындар да ара-тұра кездесіп қалатын. Мұндай ыңғайсыз жағдайларда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыстығын анықтау да оңайға түспейтін. Дейтұрғанмен, бүгінгі таңда сот процестерін бейне және дыбыс құрылғылары арқылы таспаға жазу жоғарыдағы келеңсіздіктің алдын алуға көмектесуде. Соттың жұмысына қандай да бір күмән туа қалса, мәселенің ақ-қарасын таспаға басылған жазбалар арқылы анықтауға болады. Бір сөзбен айтқанда, бұл сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге, халықтың сотқа деген сенімсіздігін сейілтуге мүмкіндік беруде.
Соңғы кездері сот отырысының таспаға басылатындығынан хабардар азаматтардың сот залында өз-өзін ұстауында оң өзгеріс барын аңғаруға болады. Бұл да болса сот отырыстарының аудио және бейнежазба құралдарымен жабдықталуындағы бір артықшылық деуге болады.

Аманбек КАЛПАКОВ,
Маңғыстау облысы бойынша Соттар әкімшісі:

«ӘДІЛ ШЕШІМ ШЫҒАРУ – КЕЗ КЕЛГЕН  СУДЬЯНЫҢ ПАРЫЗЫ»

Сотқа жүгінген екі тараптың да жеңіске жетпесі анық. Бірі – ұтады, екіншісі – ұтылады. Сондай сәтте жеңілісін мойындағысы келмегендердің сот төрелігіне күйе жағып, қаралайтынын көзіміз шалып жүр. Осы сәт ұлы Абай атамыздың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос. Малыңды жауға, басыңды дауға қор қылма, қорға, татулас» деген сөздері еріксіз еске түседі.
Арада туындаған дауды өркениетті жолмен, яғни, медиация тәртібімен немесе бітімгершілікпен шешуге құлық танытпауымыздың салдары бұл. Соның кесірінен азаматтық істер күн сайын көбейіп, олардың саны 5 жылда 2 есеге өсіп, былтыр 900 мыңнан бір-ақ шыққан. Бәріміз сот арқылы дауды шешуге құмармыз. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кешетін» халық емеспіз бе? Сондықтан, ұрыс-керістерді барынша сотқа жеткізбей шешкен абзал-ақ.
Ұлт көшбасшысының саяси қолдауы, мықты құқықтық іргетас, қалыптасқан судьялық корпус бар жерде біз әділ төрелікке деген халықтың сенімін ақтауды жоғары қойып, сол мақсатқа жету үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. 2017 жылғы сот төрелігінің қорытындысына арналған кеңейтілген кеңесте ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы сот ісіндегі түйіні шешілмей жүрген көп мәселелерге көпшілік назарын аударып, судьялар, адвокаттар, прокурорларға да сауал тастап, ұсыныстар әбден зерделенді. Аталған ұсыныстар нәтижесінде сот төрелігін жетілдірудің жеті бағыты әзірленді. Атап айтқанда, әділеттілік, жауапкершілік және тәуелсіздік, әділ соттың нәтижелілігі, әкімшілік әділет, тергеу судьясы, соттың біліктілігі, цифрландыру. Әсте сот төрелігінде соттың біліктілігі, судьяның талапқа жүз пайыз сай болуы маңызды. Себебі, адамның тағдыры таразыға түскен сәтте әділ шешім шығару кез келген судьяның парызы болып қала бермек.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының 29-бабында аудандық соттың судьясы болып отыз жасқа толған, жоғары заң бiлiмi, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері, мiнсiз беделі және, әдетте, сот отырысының хатшысы, сот консультанты (көмекшісі), прокурор, адвокат ретінде кемінде бес жыл жұмыс өтілі не заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде он жыл жұмыс өтілі барлар сайлана алатындығы тайға таңба басқандай көрсетілген.
Осы орайда сот хатшыларынан бөлек кеңсе меңгерушілері немесе талдау және жоспарлау бөлімінің қызметкерлері де сот жұмысының суығына тоңып, ыстығына күйіп, салаға әбден ысылғандықтан оларға да бес жыл жұмыс өтілі міндеттелсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сондықтан, судья болу үшін заңды білуін анықтайтын тест, әңгімелесушімен өтетін ауызша емтихан, яғни, екі этаптық емтиханнан өту жеткілікті болғанымен, оған жету жолында көп тер төгілетінін де назардан тыс қалдырмауымыз керек.
Сот қызметкерлерінің жалақысы штаттық кестеге сәйкес төленетіндіктен аудандық және оған теңестірілген соттарда жетекші мамандар – 65 мыңға жуық, сот отырысының хатшысы – бас мамандар 74 мыңға жуық жалақы алады. Іс жүргізуші инспекторлардың өзі 40 мыңға жетер-жетпес жалақыны қанағат тұтуда. Әрине, одан ұсталатын салық түрлерін қосыңыз. Сонда аудандық соттардағы жетекші мамандардың ай сайынғы қолға алатын табысы 50 мыңның жобасы. Сот қызметкерлеріне үнемделген қаражат есебінен көтермелеу немесе сыйақы беру шарасы да келмеске кетті.
Ұлт Көшбасшысы мемлекеттік қызметтің миссиясы халыққа адал қызмет ету және еліміздің ұлттық мүддесін қорғай білу екенін, сәйкесінше, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды қолға алу маңызды міндет екенін назардан тыс қалдырған емес. «Қызметкерлерге еңбекақыны жұмыс нәтижесі бойынша төлеу, сондай-ақ, біліктілік пен кәсіби қабілетті тұрақты түрде арттыру мәселесі заң жүзінде бекітілді. Қазақстан мемлекеттік басқару саласында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің қағидаттарын енгізуде», – деген еді Елбасы.
Ағымдағы жылы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының міндеттерін орындау мақсатында Астана, Маңғыстау облысы әкімдіктері, Әділет министрлігіне қарасты департаменттер, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің айлық жалақысын көтермелеу мақсатында пилоттық жоба іске қосылды. Алайда, «Баяғы жартас – бір жартас» демекші, сот саласы қызметкерлерінің жалақысы мардымсыз күйде қалып отыр. Жұмыс табысынан бөлек мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту да қолға алынса игі болар еді.
Бүгінде айлығы шайлығынан аспайтын сот қызметкерлері күн-түн демей соттың «отымен кіріп, күлімен шығып» еңбек етуде. Аудандық және оған теңестірілген соттардағы қызметкерлер үшін қызу жұмыс сағат кешкі алтыдан басталып, түнгі онға дейін жалғасады. Тіпті, жүктемесі көп қызметкер сенбі, жексенбі күндері де жұмыс жасауға мәжбүр.
Иә, сот залдары толығымен дыбыс-бейнежазба құрылғыларымен жабдықталды. Алайда, сотқа түсетін істердің көптігінен сот хатшылары хаттаманың қысқаша мазмұнын жазып, тараптарды сотқа шақырудан да босамайтын кездері жиі кездеседі. Қызметкерлердің көпшілігі отбасының жалғыз асыраушылары. Бәрінің бірдей баспана мәселесі шешілген болса бір сәрі. Біреулері қаладағы туысын жағалап, бірі арзан пәтер іздеп, пәтерден-пәтерге көшіп күн көруде. Енді бірі баласын балабақшаға орналастыра алмай әлек. Оған ай сайын төлейтін кредиті барларды қосыңыз. Қымбатшылық алқымнан алған мына заманда тапқан табысын қайда жеткізерін білмей, жоғарыдағы мәселелермен «шақшадай басы шарадай» болған қызметкерлерден сапалы қызметті қалай талап етеміз?
Тұрмыста қаржы тапшылығын көріп, жұмыста күйзеліске түскен қызметкерлер «шықпа жаным шықпамен» бір-екі жыл шыдап, ақыры жалақының төмендігінен жұмысқа қолын бір сілтеп, айлығы жоғары қызметке кете барады. Судья боламын деген үлкен арманмен келіп, әлеуметтік жағдай толық жасалмаған ортада сағы сынған сапалы қызметкерлеріміздің көз алдымызда қомақты қаражат ұсынған жекеменшік ұйымдарға ауысуының куәсіміз.
Жұмыстан ауысушымен тілдесе қалсаңыз алатынымыз баяғы бір жауап: «Айлықтың аздығы қолымызға тұсау болып отыр». Бүгінде бұл соттардағы кадр тұрақсыздығын туғызып отыр. Ал, сапалы кадрлардан ғана білікті судьялардың шығатынын ұмытпағанымыз абзал. Сондықтан, алдымен мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік мәселелері шешілсе игі болар еді. Себебі, сапалы жұмыс бар жерде береке бар, ырыс бар. Қорыта айтқанда, сапалы кадр сан соқтырмас.

Советхан СӘКЕНОВ,
Алматы облыстық сотының
қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:

«ӘР СУДЬЯДА ӘДІЛЕТТІЛІККЕ ДЕГЕН МАХАББАТ БОЛУЫ КЕРЕК»

Жоғарғы Соттың төрағасы дер кезінде көтеріп отырған сот саласындағы «жеті түйін» ең маңызды, ең қажетті мәселе деп ойлаймын. Онсыз алға жылжу ескексіз қайықпен жүзгендей әсер қалдырады. Демек, қазіргі кездегі басты сұрақ, негізгі мәселе – бидің тұлғасы. Ол қандай болмақ керек?
Меніңше, қазіргі заманның биіне қойылатын негізгі талаптар төмендегідей болса деген ұсыныс айтқым келеді.
«Мінсіз судья» – біріншіден, жан-жақты білімді, мәдениетті, парасатты болуы керек;
Екіншіден, дөрекі, тәкаппар, менмен болмауы керек;
Үшіншіден, өмірлік те, кәсіби де мол тәжірибесі бар, жақсы мен жаманның ара жігін ажырата білетін, ары таза, адамгершілігі мол, мәдениетті, әділетті шешім қабылдауға жаны құштар, жоғары лауазым иелері мен басқа да адамдардың заңсыздыққа басқызатын қоқан-лоқы әрекеттерінен қорықпай, қашанда қайсарлық танытатын тұлға болуы қажет.
Өйткені, судьялық қызмет – құқықтық-демократиялық елді құру және дамыту барысында әділ, қатаң заң негізінде дұрыс билік айтуды талап ететін, әрі ол жөнінде соңғы болып нүкте қоятын, заң саласының ішіндегі ең шоқтығы биік, жауапкершілігі өте зор, мәртебесі бөлек мемлекеттік лауазым.
Ертедегі билеріміз «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» демеп пе еді? Себебі, «Елге бай құт емес, би құт», – деген ғұлама бабаларымыз. Ал, «Мінсіз судья» мен «Үлгілі сот» бір-бірімен байланысты жақын ұғым. Егер соттағы судьялардың барлығы мінсіз болса, онда ол сот та міндетті түрде, үлгілі сот болмақ. Егер осы екі бағыт, екі бағдар дұрыс болса, қалған бес бағдар да осыларға тікелей байланысты, әрі осылардың негізінде өрбиді.
Жеті бағдардың негізгі фундаменті, басты тұғыры – «Мінсіз судья» мен «Үлгілі сот». Үлгілі соттың ұжымында моральдық, психологиялық климат, сот қызметкерлерінің өзара қарым-қатынасы, адами сыйластығы жоғары деңгейде болуы шарт.
Төртіншіден, судьялар (болашақ судьялар) қазақтың тарихын, әдет-ғұрпын, әдебиетін, мәдениетін білетін, яғни, бір сөзбен айтқанда, рухты, намысты, иманды азамат, әрі мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, сауатты жаза алатын, жан-жақты ойлайтын, өзіндік пікірі болуы шарт.
Бесіншіден, үміткермен бірге қызметтес болған, оны адами, кәсіби жағынан жақсы білетін екі-үш беделді азамат пен заңгер немесе тікелей бастықтары жазбаша мінездеме (рекомендация) берсе және де сонысына олар белгілі бір дәрежеде жауапты болса.
Алтыншыдан, би болғысы келетіндер бұқаралық ақпарат құралдарында, әрі жеке тексерулер арқылы сұрыпталып, тазалығы жөнінен кейін де осындай сынақтан тұрақты өтіп тұрса.
Жетіншіден, би болуға ұмтылған адамға керек ең бірінші шарт – таза болу. Тазалығы болмаған адам, мейлі білімді, мейлі ақылды, кім болса, ол болсын, ешкімге опа бермейді.
Абай хакім:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті», – деген екен.
Демек, бұдан шығатын қорытынды – әділеттілік жоқ жерде бәрі бекершілік деген сөз. Сондықтан, әр судьяда әділеттілікке деген махаббат болуы керек. Ал, әділеттілік кадрды дұрыс таңдаудан басталады.
Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан: «Биді кім болса содан қорықпайтындай, біреудің бетінің қызылына немесе біреудің бетінің жақсы жағына қарамайтындай жағдайға қою шарт» деген екен. Ғұламалардың осы айтқандарынан судьялардың қоғамдағы, мемлекеттегі алатын орны мен әлеуметтік жағдайының қандай дәрежеде болуы керектігі айқын көрініп тұрған жоқ па?
«Жеті түйіннің» алғашқысы әділеттілік, содан кейінгілері судьяның жауапкершілігі мен тәуелсіздігі деп аталуы бекер емес. Ісіміз оңынан болып, алға қойған жасампаз мақсаттарымыз әділ орындалуын нәсіп етсін.

Әділ БАКИН,
Бостандық аудандық (Алматы қаласы) №2 сотының судьясы:

«ЭЛЕКТРОНДЫ СОТ ТӨРЕЛІГІН ЖАҢҒЫРТУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ»

Елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы іске қосылды. Бәсекелес-тікке қабілеттілік жолында бұл бағдарлама-ның маңызы зор. Себебі, дамып келе жатқан жаңа технологиялар біздің өмірімізді жеңілдетеді, дамуымызды жылдамдатады, қоғамымызды алға сүйрейді. Елімізде цифрлы технологияға ең алғаш қадам басқан сот саласы болатын. Соған сай соңғы жылдары сот саласында көптеген жетістіктер, оң өзгерістер орын алды.
Сот жүйесі заманауи ақпараттық технологиялар арқылы электронды іс қағаздарын жүргізуге және сот ісін жүргізуге ауысу бойынша үлкен жұмыстар атқарды.
Қазір күнделікті сот тәжірибесінде соттар IТ-технологиялар мен ғаламтор ресурстарының мүмкіндіктерін көбірек пайдалана бастады. Себебі, ол сот төрелігін жүзеге асыру процесін жеңілдетіп, оңтайландырады және автоматтандырады, ең бастысы, халықтың қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасы судьяларының VІ съездінде Елбасымен берілген тапсырмалардың бірі – сот құрылысын жетілдіру, сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, сот жүйесінің жұмысына қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу болатын. Сондай-ақ, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 20-қадамында барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу туралы басып айтты.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы осы процестің тезірек жүруіне оң ықпал етті. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының барлық соттарына «Төрелік» ақпараттық жүйесі, «Сот кабинет» сервисі, «Электронды шақыру қағазы», «Сот құжаттарымен танысу» сервисі, «SMS-хабарлама» сервисі, «Талдау» форумы, сот органдарымен байланысу CALL-орталығы, сенім телефоны, дыбыс-бейне жазатын құрылғылар, бейнеконференция арқылы сот төрелігін жүзеге асыру секілді жаңа ақпараттық технологиялар қызметі енгізіліп, сұранысқа сай қызмет етуде.
«Сот кабинеті» арқылы азаматтар мен заңды тұлғалардың кез келгені сотқа келіп әуре-сарсаңға түспей, ыңғайлы уақытта үйде немесе кеңседен шықпай-ақ онлайн режимде электронды түрде арыздарды, талап арыздырды беруге, шағымдар мен өтінішхаттарды жолдауға, сондай-ақ істің қаралу барысын бақылауға мүмкіндік алады. Сотта мұндай жаңа ақпараттық технологияның енгізілуінің тағы бір негізгі тиімділігі ретінде – арызданушы азаматтар мен сот қызметкерлері тікелей қарым-қатынасқа түсуіне жол бермей, сол арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға жағдай жасайтындығы болып отыр. Сондықтан ақпараттық технологиялардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда көмекші құрал екенін сезіп отырмыз. Сондай-ақ, ақпараттық технологиялардың өмірімізге дендеп енуі адам қолымен жіберілетін қателіктердің алдын алуға және қағазбастылықтан арылуға ықпал етіп отыр.
Сот жүйесіне енгізілген ақпараттық технологиялардың іске қосылуы сот төрелігінің мінсіз қызметін құруына әсер етіп, сот жүйесіне сенімсіздікті жоюда, сот ісін жүргізуді жеңілдетіп, сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттырда. Ең маңыздысы қоғамның сот органдарына сенімін арттырып, жемқорлықты жоюға тікелей бағытталғандығы болып отыр.

Иманәлі АЙНАБЕКОВ,
Әл-Фараби аудандық (Шымкент қаласы) әділет басқармасының
инспектор-тіркеушісі:

«ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫ МЕН
МЕМЛЕКЕТТІК СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫНЫҢ ӨКІЛЕТТІКТЕРІ
БІРАЗ АЖЫРАТЫЛДЫ»

Елбасының «100 нақты қадам» бағдарламасы Қазақстанның дамуына, қойылған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Оның аясында заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін еліміздің құқықтық жүйесінің мәселелері бойынша 19 мақсатты қадам қарастырылған.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2015 жылы 5 мамырда Астана қаласында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтып өткен міндеттерінің бірі заң үстемдігін қамтамасыз ету болып табылды. Заңның үстемдігін қамтамасыз ету реформасы әділ соттың қызмет істеуі мен жабдықталуының басқа да маңызды қадамдарымен қатар жеке сот орындаушылары институтын ары қарай дамытуды қамтиды.
Жеке сот орындаушыларын азаматтар мен мекемелердің заңды мүддесін және құқығын қалпына келтірудің альтернативті тәсілі ретінде толыққанды түрде тануға болады. Сонымен қатар бұл институттың мемлекеттік мәжбүрлеп орындату жүйесінің алдында бірқатар артықшылықтары бар. Соның ішінде еңбегінің төленуі атқарушы құжаттардың орындалу нәтижесімен тікелей байланысты болғандықтан сот орындаушыларының жұмысты тиімді атқаруға ұмтылуы. Яғни, жеке сот орындаушыларының табыс көзі өндірілген соманың белгілі бір пайызы болғандықтан атқарушы құжаттар нәтижелі әрі жедел орындалады, тиісінше, жеке сот орындаушыларға төленетін ақы талап етушіден емес, атқарушы өндірістегі қарыздардан өндірілетін болады. Осылайша, жеке сот орындаушысы өз жұмысының уақытылы орындалуына әрі оң нәтижеге жетуге ұмтылатын болады.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 27-қадамын жүзеге асыру мақсатында 2015 жылдың 29 қазанында ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңына (ары қарай Заң) өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресми түрде қолданысқа енгізілген.
Заңда қабылданған өзгерістер мен толықтыруларда жеке сот орындаушылары мен мемлекеттік сот орындаушыларының өкілеттіктерінің шегі біршама ажыратылды. 2016 жылдың 1 қаңтарында жеке сот орындаушыларының құзырына – мемлекеттен өндіріп алу туралы, мемлекет пайдасына 1000 (АЕК) сома өндіріп алу, мемлекет пайдасы үшін қонысынан шығарып тастау, үйді бұзу, жер телімін алып қоюдан басқа барлық атқарушы құжаттар кіргізілді.
Сот орындаушыларының өкілеттіктері жеке тұлғалардың банктегі есепшоты туралы ақпаратты талап ету құқығын беру арқылы кеңейтілді, күштеп орындатуда жеделдету мақсатымен жеке сот орындаушыларының жекелей істерде шара қолдануына қысқартулар мен қаулы шығаруға қатысы жоқ қызметтерді тапсыру арқылы ЖСО көмекшілерінің өкілеттіліктері кеңейтілді.
Сонымен қатар, «Әлеуметтік маңызды істер категориясы» ұғымы енгізілді, оған алимент, еңбекақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны, адам өмірі мен денсаулығына залал келтіргені үшін төлемақыны өндіру жатқызылды. Сондай-ақ, Заңның 103-1 бабына сәйкес ЖСО жеке тұлғаларға жоғарыда көрсетілген істерді орындауда мемлекет кепілдік берген тегін заңдық көмек беруі тиіс. Заңның 117-1 бабына сәйкес ЖСО қызметіне әлеуметтік маңызды категориялы істерді орындағанда республикалық бюджет есебінен 5 АЕК (МРП) көлемінде ақы төленеді.
Мемлекет басшысы ұсынған Ұлт жоспары мемлекеттік сот орындаушыларын 2016 жылдан биылғы жылға дейін кезең-кезеңмен қысқартуды көздейді. ЖСО санын көбейту жоспарланып отыр, бұл облыс аудандарын олардың қызметімен толық қамтып қана қоймай, ЖСО арасында оң бәсекелестіктің дамуына ықпал етеді.
Атқарушы өндірістің мақсаты – заңмен қорғалатын құқықтардың бұзылуын қалпына келтіру. Атқарушы өндірісті жетілдендіру мен тиімділігін арттыру мемлекеттік аппараттың жұмыс көлемін азайтуы және жеке сот орындаушы институтының ары қарай дамуына ықпал етеді.

Абай ЖАРЫЛҚАСЫН,
Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің маманы:

«ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ҮШІН БІТІМГЕРШІЛІК – БИЛІК АЙТУДЫҢ ОЗЫҚ ҮЛГІСІ»

Елбасымыз құқық қорғау саласының жиынында бірнеше рет сот тәртібімен қаралуға жататын дау-дамайларды азайту мәселесіне назар аударуды, соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін іздеуді, соның ішінде бітімгершілік және медиация процедураларын енгізуді атап өткен болатын.
Осыған орай, 2011 жылдың 28 қаңтарында ҚР-ның «Медиация» туралы Заңы қабылданды. Аталған Заңға сәйкес Қазақстанда дауларды баламалы шешудің жаңа түрі – медиация енгізілді. Медиация – өзара қолайлы шешімге келу мақсатында медиатордың бейтарап жақ көмегімен тараптар арасында дауды, яғни шиеленісті реттеу тәртібі.
Медиация жүйесі елімізде енгізілгеніне жеті жылдан асса да әлі күнге толықтай қолданысқа ене алмай келеді. Әлі де болса медиацияның қоғамымызға қаншалықты пайдалы екенін азаматтар арасында жан жақты түсіндіру қажет. Сондықтан Елбасы халыққа жариялаған 100 нақты қадамның 26, 33-қадамдарында осыны ашып айтты. Негізі медиация қазақ халқына жат емес. Ертеректе ата-бабаларымыз түрмесіз қазақ даласында, еш сотсыз-ақ азаматтарын тезге салып, дау дамайын шеше білген.
Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Ұлы қазақ даласының билігінің белгілі дара тұлғалары – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға үлкен рөл атқарғаны баршамызға белгілі. Медиация туралы заңымыздың аты бөлек болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес деп отырғанымыздың сыры осында. Халқымыздың дарабоз билерінің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы.
Медиациялық тәртіптің мақсаты – тараптардың шиеленіс деңгейін төмендету және даудың екі жақты да қанағаттандыратын шешіміне қол жеткізу. Медиацияның тараптары жеке және заңды тұлғалар болуы мүмкін. Медиатор медиация тарабы болып табылмайды.
Медиация сотқа дейінгі тәртіпте және азаматтық, еңбек, отбасы, басқа кұқықтық қатынастардан туындайтын дауларда, жеңіл және орташа ауыр қылмыс туралы істер бойынша қылмыстық іс барысында қарастырылатын дауларда қолданылады.
Медиатор басшылыққа алатын негіз болатын 5 қағидамен ерекшеленеді – еріктілік, тараптардың тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі және бейтараптығы, медиация рәсіміне араласуға жол берілмеуі, құпиялылық.
Медиацияның артықшылықтары: тараптар уақытын үнемдейді, себебі, сот рәсіміне қарағанда бұл рәсім әлдеқайда қысқалау; мемлекеттік баж салығы төленбейді және адвокаттың қымбат тұратын қызметі керек емес. Сондықтан мүмкіндігінше дауды медиация арқылы шешкен жөн.
Дауласқанды сөзге тоқтатып, татуластыратын, бітімге келу арқылы шығынның орнын толтыратын қазақтың дала демократиясындағы билердің мәмілегерлік институты өркениеттік үлгі ретінде қайта оралып жатыр.

Тобықтай түйін: 2016 жылдан бері 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» аясында мемлекеттің құқықтық жүйесін қалыптастыратын 19 нақты қадам қарастырылып, олардың 11 қадамы мемлекеттің сот жүйесін реформалауға бағытталды. Тәуелсіз сот әділдігі мен қазақстандық құқық қорғау жүйесі тек азаматтардың құқықтары мен бас еркіндіктерінің іске асуына, заңдардың нақты орындалуына және құқық тәртібінің нығаюына бағытталуы тиіс. Бұл біздің еліміздің көздеген мақсаттарына, алға қойған армандарына жол ашады.

Дайындаған: Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газеті