«100 НАҚТЫ ҚАДАМ» ІЗІМЕН…

17

Ұлт  жоспары –  қазақстандық  ілгерілеудің жаңа бағдары. Қостанай облысы Елбасы ұсынған мемлекеттік даму бағдарламаларын, соның ішінде «100 нақты қадам» даңғыл бастамасының іс жүзінде нақты көрсеткіштерге ие болу жолында толайым жетістіктерімен мақтана алады. Жуырда Нұрсұлтан  Әбішұлы еліміздің астықты астанасына арнайы ат басын тіреді. Ұлттық саясаттың жүзеге асырылу қарқыны, шетелдік инвесторлармен жұмыс барысы, дайын өнім экспорты сынды мәселелерге назарын салды.

ҚОСТАНАЙДЫҢ БҮГІНГІ ТЫНЫСЫ

Қостанай  облысына ат басын тіреген Президент әуелі тұрғын үй құрылысының қарқынына, облыс орталығындағы бой көтеріп жатқан жаңа мөлтек аудандағы жұмыс барысына қанықты. Одан кейін «СарыарқаАвтоПром» ЖШС жаңашылдықтарымен танысты. Мұнда Нұрсұлтан Әбішұлына модернизацияланған жаңа цех жұмысы, JAK көлігінің шанақтарын дәнекерлейтін тың желісі, электромобильдердің үлгілері көрсетілді.

Зауытқа  бас  сұққан  Президент  жұмыс-шылармен аз-кем сұхбаттасып, шетелдік инвесторлармен дидарласты. Қытайлық «China National Vehicle Import and Export Company» компаниясының вице-президенті  Ванг Су Шенг екі ел арасындағы әріптестіктің келешегі жайлы айтты. Сондай-ақ, ағымдағы жылы қостанайлық автоөндіріс кешенімен Ravon көліктерін құрастыруға қатысты екі жақты келісім-шартқа отырған «Uzavtosanoat» АҚ төрағасы Умиджан Салимов та өз жоспарларымен бөлісті.

Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік инвесторларға  алғысын  білдіріп,  олардың өңірдің өндірістік кешен көрсеткіштерін арттыруға атсалыса отырып, мемлекеттік экономиканың ілгерілеуінде септіктері бар екенін атап өтті: «Қостанай облысы – елдегі ең ірі аграрлы өңір. Тіпті, диқандарға оңай соқпаған осы жылдың өзінде бұл облыста 5 млн тоннадан астам астық орылды. Алайда, біздің негізгі мақсатымыз – Қостанай облысының мүмкіндіктерін аграрлы-өндірістік дәрежеге жеткізу. Соңғы мүмкіндіктердің арқасында, біздің ел ең ірі көлік құрастыру кешені бар мемлекеттердің қатарына енді».

Сөз барысында ел Президенті қытайлық корпорацияның енуі – екі ел арасындағы келісілген жоспардың жүзеге асырылуы екенін атап өтті. Яғни, Қазақстан мен Қытай елі бірлесіп, мемлекетіміздің аумағында жалпы құны 27 млрд доллар болатын 52 кәсіпорынның құрылысын жүзеге асыруы тиіс. Осы мақсатта Қазақстан мен Қытай  шекарасынан  Ресейге  дейін  ұзындығы 1 200 км болатын теміржол құрылысы 18 айдың ішінде аяқталды. Сондай-ақ, Түркіменстан мен Иранды басып өтіп, Парсы шығанағына тікелей апаратын жол құрылысы өз мәресіне жеткен. Жақында ғана Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы Еуропаға апаратын теміржол төселді. Автокөлік тасымалдауға аналған арнайы порттың жұмысы да жолға қойылған. Еліміздің дәл осындай логистикалық әлеуеті Еуропа мен Қытайды байланыстыруға мүмкіндік беріп отыр.

«Сіздер қазіргі уақытта әлемдегі 100-ден астам мемлекетпен қоян-қолтық әріптестікте жұмыс істейсіздер, белгілі болғандай, осы өндіріс ошағына 1 млрд 200 мың инвестиция құйыпсыздар. Және де Қазақстандағы тұңғыш электромобильдердің пайда болуына септік тигізгендеріңіз үшін алғысымызды білдіремін, – деді Президент қытай елінен келген әріптестерге. – Ресей тарапымен де тамыры тереңде жатқан ынтымақтастығымыз бар. Бұл елмен әлі талай жобаларды бірге жүзеге асыратын боламыз. Қазіргі уақытта РФ-ға жарияланған санкцияларға қарамастан, қоңсылас елге қолдауымызды білдіруіміз керек. Және де біздің елге инновациялық кәсіпорындарды тарту мәселесіне екпін қойған жөн».

Аймақаралық форум барысында адами капиталды дамыту мәселесі көтерілді. Айта кету керек, Челябі облысы ресейлік өңірлердің арасында Қазақстанмен алыс-беріс көлемі бойынша екінші орында тұр.

 

ЭКСПОРТ ЕКПІНДЕЙ ТҮСУІ ТИІС

Елбасы  өзінің «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» бағдарламасында: «2019-2020 жылдарға қарай ішкі тікелей инвестицияларды шамамен 750 млн доллар көлемінде өсіруді, шамамен 15 мың жұмыс орнын құруды, еңбек өнімділігін 30-50%-ға арттыруды және шикізаттық емес экспорт көлемінің өсімін 260 млн долларға дейін жеткізуді қамтамасыз етеді», – деген болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл тапсырмасының көрсеткіштеріне Қостанай облысындағы өндіріс ошақтарында көз жеткізді.

Астықты өңірдегі сүт зауытында Президент ірі инвестициялық жобамен танысты. Сүт өңдеу арқылы  түрлі дайын өнім шығаратын зауыт ендігі уақытта өз балмұздақтарын нарыққа ұсынбақ. Өнімдерін Ресейге де тасымалдау жоспары бар.

Жоба құны – 1,3 млрд теңгеден асып жығылады. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетжанов пен кәсіпорын басшысының мәлімдеуінше, бұл бағыттағы жұмыстардың негізгі бөлігі ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталған. Ал жоспар толығымен келер көктемде тәмамдалмақ.

«Біздің өнімдер жаңа технологияларға сай әзірленеді. Тауарларымыз қазақстандық нарықпен қоса көрші елдің Новосібір, Иркутск, Якутск, Оңтүстік Орал өңірлеріне жеткізіледі», – дейді «Милх» ЖШС директоры Сергей Блок.

Нұрсұлтан Әбішұлы цехтарды аралап, жұмысшыларымен дидарласты. Бүгінде бұл кәсіпорында 600 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы көлемі – 135 мың теңге.

«Милх» ЖШС-де Нұрсұлтан Әбішұлы Қостанайдың диқандарымен жүздесті. Шаруалар өз қожалықтарындағы хал-ахуалмен бөлісіп, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен бөлісті. «Шолақсай – 1» ЖШС директоры Мали Ихтиляпов сөз барысында 100 нақты  қадам  төңірегіндегі  жұмыстар хақында мәлімдеді. Ал Жітіқара ауданындағы «Львовский колос» ЖШС директоры Андрей Двуреченский егін егудегі тың технологиялардың қарқыны мен алқаптардың әртараптандырылуына тоқалды. Мәселен, аталмыш шаруа қожалығында заманауи өзгерістерді енгізудің нәтижесінде астық шығымдылығы гектарынан 18,8 цент-нерді құраған.

«Алтынсарино»  ЖШС басшысы  Борис  Князевтің айтуынша, мемлекеттік бағдарламаның аясында теміржол мен тасжолдардың жаңғыртылуы нәтижесінде, шаруа қожалығының өндірістік әлеуеті арта түскен.

Елбасымен кездесу барысында шаруалар дайын өнім көлемін арттыруға қатысты жоспарларымен бөлісіп, қазақстандық экспорт әлеуетінің артуына өз септіктерін қосатындарын жеткізді.

Қазір ауылдық жерлерде жұмыссыздарды оқыту, соның ішінде, кәсіпкерлік дағдыларын үйретуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар әзірленген. Солардың бірі – «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту». Оның шеңберінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау Бизнес» жобасын жүзеге асырды. Негізгі мақсат – шалғай ауылдарда жұмыссыз жүрген жастарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды кәсіп бастауға үйрету және қолдау. Курстың қатысушылары бір айдың ішінде кәсіпкерлік негіздерін үйретеді: қаржылық сауаттылық, маркетинг және заң мамандығы негіздері, бизнес жоспарлар мен шешендік дағдылар.

Жобаны іске асыруы жыл басынан бері қолға алынған. Жалпы, облыста «Бастау Бизнес» жобасы 6 ауданды қамтиды. Осы уақытқа дейін 966 шәкірт дәріс алды. Олардың ішінде 220 адам өз кәсібін ашты. Көбісі мемлекеттен шағын несие алып, өз идеяларын іс жүзінде қолданып отыр.

Кәсіпкерлер палатасында белгілі болғандай, «Бастау Бизнес» түлектері негізінен мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және жүк тасымалдауға ыңғай танытады. Себебі, аталған салалар ауылдық жерлерде сұранысқа ие. Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП оларға барынша жақсы жағдай жасап келеді. Мәселен, Андрей Зелевский мүмкіндігі шектеулі жан болса да, өзінің идеяларын іске асырғысы келеді.

«Дәріс алған соң полимерлік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша бизнес-жобаны  қорғадым. Ұзақ уақыт бойы жеке ісімді ашу идеясы болды. Осы ретте ойыма «Бастау Бизнес» сап ете қалды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі өткізген конкурстың жеңімпазы болдым. Кейінірек «Мобильді  полимерлік қалдықтарды қайта өңдеу» атты өзімнің жобам гранттық қаржыландыруға ие болды», – дейді «Бастау Бизнес» жобасының түлегі Андрей Зелевский.

Андрей Зелевский бұл қаржыға шағын кәсібін дөңгелетуге жабдықтар сатып алды. Бір айдан соң қоқысты қайта өңдеуді бастайды.

Әулиекөл ауданының тұрғыны Рыскүл Ақдәулетова «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бір ай білім алды. Өз сөзінде тәуекелге  барып, екі миллион теңге көлемінде шағын несие алғанын айтты. Бұл ақшаға 10 бас ірі қара мал сатып алды. Оның айтуынша, бұл жоба жастарды ауылда қалдыруға және өз бизнесін бастауға ынталандырады.

«Ауылдың малын бағатын жастар шығып келеді. Тек қана қорықпау керек. Әр істің басында сені қиыншылық күтіп тұрады. Әрі қарай шаруа оңалып, жетістікке жете бастайсың. Мемлекет те жағдай жасап отыр, барлығы өз қолымызда», – деді кәсіпкер.

 

ДЕПУТАТТАР РУДНЫЙ КЕНІШІНЕ БАС СҰҚТЫ

Естеріңізде болса, «100 нақты қадам – Ұлт жоспарында» Елбасы: «…Ал болашақта біз іздеуді, бағамдау мен кен орнын игеруді қоса алғанда, геологиялық жұмыстардың барлық түрін жүргізу тәсілін оңайлатуды қарастыратын жер қойнауын пайдаланудың австралиялық моделіне көшеміз», – деген болатын. Бүгінде Қостанай облысына қарасты Рудный қаласында орналасқан индустрия алыбы – ССКӨБ (Соколов-Сарыбай кен өндірісі бірлестігі) экономикалық маңызы зор нысан.

Жуырда халық қалаулылары кеншілермен жүздесті. Алдағы уақытта кен және жер қойнауын пайдалану Кодексіне  енгізілетін  жаңашылдық-тарда қатардағы жұмысшылардың да ұсыныстарын ескеру – негізгі міндет.

Экология және табиғатты пайдалану комитетінің арнайы жиыны Рудный қаласында өтті. Талқылау жиынының алдында мәжіліс депутаттары «ССКӨБ» АҚ кен орнына бас сұқты. Темір кеніші концентратының қалай әзірленетінін өз көздерімен көрді. Кеншілер қаласына арнайы сапармен келген топтың құрамында «100 нақты қадам – Ұлт жоспарының» 74-75 қадамдарына сәйкес жоба әзірлеуге міндетті мекемелердің мүшелері де бар.

«Кен өндірісі Қазақстан үшін тамаша мүмкіндіктерді ұсынады. Алдағы жылдары, болжам бойынша, темірге сұраныс арта түспек. Бұл сұраныс немен байланысты болуы мүмкін десеңіздер, көптеген мемлекеттерде инфрақұрылымдық жобалар көбейіп келеді, – дейді ҚР Инвестиция және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев. – Өз кезегімізде отандық тау-кен өндірісінің қарқыны әлемдік нарық сұранысына орай қарқындап, дамитынына сенімдіміз. Сол үшін де біз өз тарапымыздан қол қусырып отырған жоқпыз. Мәселен, Кодекстегі кейбір талаптарды тіптен жеңілдетіп тастадық, оған қоса, геологиялық барлау жұмыстарына оңтайлы жағдай жасап, инвестициялық мүмкіндіктердің артуына да септігімізді тигізуге қашан да әзірміз. «ССКӨБ» АҚ секілді экономикамызды алға бастайтын ірі кәсіпорындар үшін қазіргі заңнамалық өзгерістер оң жамбастарынан келмек. Соңғы өзгерістердің нәтижесінде мұндай алып кәсіпорындар өздерінің өндірістік кешен мүмкіндіктерін кеңейте отырып, экономикалық өсімге кепілдік бере алады».

Астықты атырапқа келмес бұрын Мәжіліс депутаттары Атырауда сапарлап қайтқан. Еліміздің батысында халық қалаулылары мұнай мен газ өндірісіне қатысты талқыласты. Ал Қостанай облысында қатты табиғи байлықтар негізгі нысан. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде Кен және жер асты байлығын пайдалану кодексі қаралып жатыр. Негізгі міндет – бұл саладағы құқықтық базаны жетілдіру. Алғашқы пленарлық отырыста бұл жобаның концепциясы қаралды. Ендігі міндет – депутаттар кен өндірісі, жер асты байлығын игеру саласындағы еңбеккерлердің ұсыныс-тілектерін тыңдап, таразылап, жобаға енгізіп, оның шын мәнісінде жүзеге асырылуын қадағалау. Бүгінде барлығы 600-ге жуық түзетулер енгізілген.

«Кенді Рудный қаласына келгендегі негізгі мақсатымыз – жұмысшылармен заңнамадағы соңғы өзгерістерге қатысты пікір алмасу, олардың ойын білу, – дейді топ жетекшісі Шавхат Өтемісов. – Неге десеңіздер, жер асты байлығын игерумен айналысатын екінің бірі Парламентке келіп, өзінің ұсынысын айта бермейді. Ал мұндай жағдайда аталмыш салада тәжірибелі әр маман заңнамадағы жаңа өзгерістерге қатысты өз пікірі мен ұсынысын ортаға сала алады».

Заңнамадағы  соңғы  өзгерістердің  нәтиже-сінде, жер асты байлығын пайдалану саласына шетелдік инвесторларды тартудың мүмкіндіктері арта түсетініне Мәжіліс депутаттары сенімді. Айта кету керек, кеңестік кезеңде ашылған кен орындарының қорлары сарқылуға жақын. Депутаттардың айтуынша, қазіргі уақытта геологиялқ зерттеу жұмыстарын жоспарлы түрде ұйымдастырып, жаңа кен орындарын ашуды қолға алса, нәтижелі көрсеткіштер көп күттірмейді.

«Геологиялық зерттеудің қарқынына келгенде біздің ел шетелдіктерге қарағанда шабандап қалған, – деп бастады топ жетекшісі Шавхат Өтемісов. – Неге десеңіздер, бұл саланың кешеуілдеп қалғанын бөлінетін ақша көлемінен-ақ байқауға болады. Мәселен, біздің елде геологиялық зерттеулердегі 1 шаршы метр үшін 7 доллар бөлінсе, Австралияда бақандай 568 доллар бөлінеді. Осыған орай, жаңа заң жобасын әзірлеушілер австралиялық модельді зерттеп, зерделеп, нәтижесінде бұл саланың өнімділігін арттырмақ. Айта кету керек, біздің елде жер асты байлықтарын игеруге құқық алу үшін бірнеше кезеңнен тұратын құжаттардың әзірлік сатысынан өту керек, бұл дегеніңіз, 12-18 ай уақытты шығындауды талап етеді».

Егерде талқыланып жатқан тың заң жобасы күшіне енетін болса, жер асты байлықтарын игеруге құлықты азаматтарға қажетті рұқсат құжаттары 10 күннің ішінде әзірленіп беріледі. Яғни, австралиялық модель арқылы көптеген шектеулер ысырылып тасталады. Нәтижесінде, экономикалық экспедиция жұмысы мен жер асты байлықтарын игерудегі қауіптілікті тиісті мекемелермен мақұлдасудың қажеті болмайды.

 

ДИҚАНДАРҒА 21 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСТАМ СУБСИДИЯ БӨЛІНДІ

Естеріңізде болса, орақ науқаны басталмас бұрын тамыз айында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Қостанай облысына іс-сапармен келген еді. Қостанай ауданында орналасқан «Шеминовка» ЖШС директоры Юрий Чеховскимен министр дидарласқан болатын. Сөз барысында алдағы науқаннан бөлек қазіргі таңдағы аграрлық салаға субсидияның бөліну мәселесі де көтерілді.

Субсидия бөлу механизміндегі өзгерістердің нәтижесін «Шеминовка» шаруа қожалығының көп салалы өндіріске негізделген жұмысынан байқау қиын емес. Мәселен, мұнда өнімді астық алқаптары, асыл тұқымды ірі қарамен жұмыс істейтін сүт фермасы, мін тақтырмас азық-түліктік база, заман талаптарына сай ауыл шаруашылығы техникасы және жиырма мың тонна астық пен басқа да дақылдарды сақтауға болатын қойма бар. Бұл серіктестік жұмысының әртараптандырылуына байланысты қазіргі уақытта несиелік қарыздары жоқ.

«Шеминовка» ЖШС директоры Юрий Борисовичтің айтуынша, мұндай нәтижеге қол жеткізіп отырғаны мемлекеттік қолдаудың, әсіресе, «Ұлт жоспары» негізінде қарастырылған мүмкіндіктердің арқасы. Мәселен, былтырғы жылы бұл серіктестік әр алуан мемлекеттік бағдарламалар аясында 85 млн теңге субсидия алған. Ал биыл бұл көрсеткіш 87 млн теңгеге жеткен. Биыл дегенде, бұл қаржы алғашқы жарты жылдықта ғана бөлінген. Ал жыл қорытындысына орай тағы 40 млн теңге қосылады деп күтілуде.

Былтырғы жылы министрлік тарапынан барлық шаруа қожалықтарына тың техникамен жабдықталуға көмек көрсету жобасы іске қосылған. «Шеминовка» шаруа қожалығы да инвестициялық субсидия алу үшін құжаттарын 26 маусымда тапсырған еді. Алайда, белгілі болғандай, құжаттар тек 23 маусымға дейін қабылданған екен. Бұл жайтты, өңірге арнайы сапарлаған Асқар Мырзахметовке серіктестік директоры баяндап берген еді. Нәтиже көп күттірген жоқ. «Шеминовка» шаруа қожалығының да өтініші қарауға алынды.

Инвестициялық салым барысында шығынға ұшыраған агро-өндірістік сала иелеріне шығындарын өтеу үшін қостанайлық диқандарға 7 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілген. Бұл соманың 80 пайызға жуығы былтырғы жылдың қарызын өтеуге арналған. Ал қалған қаржы осы жылғы тапсырыстарды қанағаттандыра алмайтындықтан, қосымша сома бөлінеді деп күтілуде.

Айта кету керек, қостанайлық ауыл шаруашылығы мамандарына гербицидтер мен зиянды жәндіктерді улау заттарын алуға да қомақты субсидия бөлінген. 1 қарашаға сәйкес мәліметке жүгінсек, бұл көрсеткіш 6,2 млрд теңгеден асып түскен. Бұл субсидияны алуға 1 417 өтініш келіп түскен. Жыл соңына дейін 300 млн теңгеден астам қаржы төленбек. Астықты алқаптарға қатысты мемлекеттік қолдау мәселесін жалғай түссек, осы жылы Қостанай облысында тұқым шаруашылығымен айналысатындарға 1 млрд 23 млн теңге субсидия қарастырылған. Салыстыру үшін айта кетсек, былтырғы жылы бұл көрсеткіш бар болғаны 323 млн теңгені құраған. Мұндай айырмашылықтың басты себебі – қазіргі уақытта тұқымдардың барлық түрін дамытуға қолдау жақсы. Айтылғанға қоса, селекциялық жетістіктердің мемлекеттік реестріне енбеген тұқымдарға да, ҚР пайдалануға кеңес берілмеген түрлеріне де субсидия бөлінетін болған.

Қостанай облысында шоғырланған көптеген шаруа қожалықтары минералдық тыңайтқыштарды алу жағынан мемлекет тарапынан қолдауға ие болған. Бұл бағытта 932 млн теңге бөлінген. Әрі қараша айында қосымша 30 млн теңге қарастырылмақ. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін су тасымалдау ақысына субсидия әлі бөлінуде. Бұл мақсатта 1 млн 69 мың теңге бөлінген. Ал фермасы бар шаруалар мәселесіне келетін болсақ, бұл саладағы асыл тұқымды мал шаруашылығының қарқындауына, «100 нақты қадам – Ұлт жоспарында» көрсетілген дайын өнімдер экспортын арттыру үшін жыл соңына дейін 1 млрд теңгеге жуық субсидия беріледі. Қазіргі уақытта бұл бағытта 4,1 млрд теңге бөлінген.

Айта кету керек, Қостанай облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін алты кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың жұмысын оңтайландыруға 518,9 млн теңге субсидия төленген.

 

ТРАНЗИТТІК ӘЛЕУЕТ – ЭКОНОМИКА БАҒДАРЫ

«2022 жылға қарай жол жүруден түскен алымдар шамамен 41 млрд теңгені құрайтын болады, ал ол республикалық маңыздағы автожолдардың бүкіл жүйесін ұстауға жағдай жасайды. Қазақстанды халықаралық көліктік-коммуникациялық ағындарға интеграциялау мақсатында мультимодальды «Еуразиялық трансқұрлықтық дәлізін» құру бойынша жоба басталды. Ол жүктердің Азиядан Еуропаға кедергісіз транзитін қамтамасыз етеді, жүк жеткізу құнын 2 еседен астамға төмендетеді. Қазақстандық маршруттарға қосымша жүк ағындарын тарту көліктің барлық түрлерімен транзиттік тасымалды 2020 жылы қазіргі 18 млн тоннадан 33 млн тоннаға дейін және 2030 жылы 50 млн тоннаға дейін ұлғайтады».

«100 нақты қадам – Ұлт жоспары»

Көлік тасымалдары жүйесі мен транзитті дамыту мақсатында, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында қаралғандай, республикалық маңыздағы 7 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары қайта жаңғыртылатын болады.  Оларда ақы алу жүйесін енгізу жоспарланған.

2018 жылы Қостанай облысын басып өтетін республикалық маңызы бар тасжолдарды жаңғырту жұмыстары басталады. Айта кету керек, астықты атырапты басып өтетін транзиттік тасжолдарды жөндеу жұмыстары 2004-2006 жылдары жүргізілген. Нақтысы, Қостанай – Сурган тасжолының 229 шақырымы жаңғыртылды. Жүк көліктерінің Қостанай қаласын айналып өтетін тасжолдың 29 шақырымының жаңғыртылуын айтпағанда, соңғы 10 жыл көлемінде Қостанай облысында мұндай ауқымды жұмыстар атқарылмаған.

«Қазіргі уақытта Қарабұтақ – Қостанай тасжолын, яғни Денисов ауылынан Рудный қаласына дейінгі 112 шақырым аралықты жөндеу жұмыстарына тендер жарияланды, – деп бастады «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары Нұрбек Темірханов. – Бұл жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқысында жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленсе, негізгі жұмыстар 2018 жылы басталады. Тендерді жариялай отырып, осы жолы мердігер мен жобалаушыны бір компаниядан таңдауды жөн деп таптық. Яғни, жауапкершілік бір ұжымға ғана жүктеледі. Жобаның жалпы құны – 50 млрд теңге. Барлық қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді».

Қарабұтақ – Қостанай тасжолы халықаралық деңгейдегі маңызы бар екенін атап өткен жөн. Бұл күре жол Қостанай облысының 130 мың тұрғыны бар төрт ауданын басып өтеді. Сондай-ақ, Қостанай, Ақмола облыстарын және Астанамызды еліміздің батыс аймағымен байланыстыра отырып, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік дәлізімен жалғастырады. Яғни, ел экономикасына қосар үлесі орасан.

«Жаңғырту жобасының жоспарына сәйкес, 24 шақырым бөлігі техникалық үшінші деңгейден біріншісіне, 90 шақырымы екінші деңгейге дейін көтеріледі, – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары Нұрбек Темірханов. – Сондай-ақ, Набережный елді мекенінің маңындағы, Рудный, Лисаков қалаларындағы  теміржол желісінен өтпе жол, шағын көпірлер, мал өтетін орындар салынады».

Айта кету керек, Перелески, Набережный ауылдарының маңында көлік жүргізушілеріне қызмет көрсету орталықтары  ашылады.

«Қайта жаңғырту нәтижесінде, қауіпсіздік жоғарылайды, тауар тасымалдаудың жылдамдығы артады. Бұл ел экономикасына жақсы әсерін тигізбей қоймайды. Барлық жұмыс 2020 жылы аяқталады», – деп түсіндірді Н. Темірханов.

Тобықтай түйін: Тарихы терең, жері бай, елі дархан Қостанай облысында Мемлекет басшысының Ұлт жоспары: «100 нақты қадам» тапсырмасының тың серпін беріп жатқаны анық. Өңірде өркенді істердің көкжиегі кеңейе түсуде. Уақыт талабы қазіргі күрделі кезеңнің тығырықтарынан шығу үшін ілгері дамудың жаңа мүмкіндіктерін тауып, жаңаша жұмыс жасау болып тұр. Бұл үрдісті Қостанай облысының экономикасы мен әлеуметтік саласындағы терең өзгерістерден де көруге болады.

Нұрқанат БҰҚАБАЕВ,

Қостанай облысынан арнайы «Qazaq» газеті үшін