115 ЖЫЛ БҰРЫН АЛЕКСАНДРИЯДА БІЛІМ АЛҒАН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

14

ХХ ғасыр – қазақ жастарының оқу мен білімге, ал халықтың теңдікке ұмтылған ғасыры. «Ұлы Октябрь революциясы» қазақ халқының көзін ашты, сауатын танытты. Оған дейін қазақтар мынау сайын далада көшпенді ғұмыр кешті, «оқуы жоқ, тарихы болмаған халық» деп теріс сипатталды. Алайда тағдырдың жазуы ғой, қазақ ұлтының тарихи тамыры тым тереңде екеніне көздері жетіп келеді.

Өткен ғасырдың басында мұсылманша білім алып, өз қатарынан озық көрінген қазақ қыздары аз болмаған. «Ауыл молдасынан хат танып» деп басталатын сол кезең тұлғаларының ғұмырбаяны да қилы тағдырларға толы. Өмірінің соңы трагедиямен аяқталған сондай әзиз жанның біреуі – Ұмсын Жүсіпқызы.

Әлбетте қазақ даласының теріскей тұсындағы даңқты  аналар мен ардақты қыз-келіншектер туралы әңгіме қозғағанда тіліміздің ұшына Есеней бидің аяулы жары Ұлпан түсетіні анық жайт. Ақылды әйел жайындағы ұлы суреткер Ғабит Мүсіреповтің қалам тербеуі оның есімін ұлт тарихында және көркем өнерінде өшпестей етіп қалдырды. Алайда тарихтың алтын көмбесінде жатып, ақылы мен ажары қатар біткен қазақ аруларының талайының есімі мүлде атаусыз қалды.

Мысырда білім алған Ұмсын сұлу

Бүгінгі әңгімеміздің арқауы – атақты ару, көрікті қыз Ұмсынның тағдыры жайында болмақ. Ата тегі жағынан Ұмсынның әке-аталары Керей iшiнде Тарышыдан тарайды. Белгілі өлкетанушы, ардагер ұстаз Қайролла Мұқанов таратқан шежіреде Тарышының Самайынан Жанбура болып кете береді. Самайдың 9 баласының үлкенi – Жанбура. Жанбураның алты баласының үлкенi – Құдайқұл. Оның үш баласының кенжесi – Кенжетай. Кенжетайда төрт бала болыпты: Ақбота, Байбота, Жанбота, Байсерке. Ал Байботадан – Жансақал, Бисақал, Айтқұл. Жансақалдан – Жүсіп. Жүсіптен – Ұмсын, Тiлемiс.

Ұмсын 1878 жылы Жүсіп қажының тұңғышы болып, Жансақалдың Қызылағашы деген жерде дүниеге келген. Жасынан әдемі, сүйкімді әрі зерек болып бой жетіп келе жатқан оны арғы атасы Жансақал, әжесi Шойман, әкесi Жүсіп, шешесi Қарашаш та бетiнен қақпай еркелетiп өсiредi. Алты жасқа толғанда анасы Қарашаш қайтыс болады да, Ұмсын әжесi Шойманның бауырында тәрбиеленедi.

Жансақал ақсақал дiндар кісі болған. Меккеге барып қажы атанған. Қызылағашта 100 кiсiлiк мешiт салдырып, онда медресе ашып бала оқытқан көзі ашық, алдын сезетін көреген жан болыпты. Сондықтан да бала оқыту үшiн бiлiмдi молдаларды арнайы шақыртып жалдап, меценаттық та танытқан. Ал өз әкесі Жүсіп те қажы атанған адам екен, өз заманының алпауыты Абылаймен (Рамазанұлы) бiрге Меккеге барған деген дерек бар. Ұмсынның тете інісі Тілеміс – зергер, өрiмшi, тiгiншi адам болса керек.

Ұмсын қыз қаршадайынан ауыз әдебиетінің асыл үлгілерін, ғашықтық жырлар мен батырлық дастандарды тыңдап, ел арасындағы небір асыл сөздерді, даналық мәйегі тұнған нақылдарды жаттап өседі. «Қисса Салсал», «Қисса Сейітбаттал», «Қисса-сұл әнбия» секілді діни дастандарды өзі оқып танып білген. Ұмсын алдымен Болотнай, Қызылжардағы, Троицкiдегi мұсылман медреселерiн түгел оқып тауысады. Жүсіп қажы Меккеге барған сапарында түбi қыпшақ (беріш?), Бейбарыс нәсiлi Астад Махмуди есімді мұсылман баласымен танысады. Бұл таныстық кейін достыққа ұласып, балаларының білім алуына мүмкіндік береді. Астад Тамырдың Мысырда жаңаша ашылған орта мектебі бар екен. Жер-жаһанға белгілі Александрия қаласындағы Әл-Азжар Мұхаммед бин Вағаф мектебiн Ұмсын 1902 жылы бітіріп шығады.

«Әлемнің бірінші кітапханасы» аталған атақты шаһарда білім алып, санасын, әсіресе ислами танымын кеңейткен қазақ қызы біліміне сай асқан сұлу, әнші, домбыраны шебер тартатын өнерпаз болып бой жетеді. Өз ортасынан қағажу көрмей, бетінен қақпай өскен ерке қыз атаға біткен байлықтың демеуімен үлде мен бүлдеге оранып әсем киінетін болған. Киімі де мінсіз тұлғасы мен бойына құп жарасып, сұлуды одан сайын ажарландыра түседі екен.

Осыдан кейін Ұмсынның асқан сұлулығы мен ғұлама бiлiмдiлiгi қалың елге жайылып кетедi. Сұлуға сұқтанып, ажарлыға ауыз ашқан сыбай-салтаң жігіттердің қатары арта түседі. Ғашық болып, асық болып қырындағандар да аз болмайды. Тіпті серілігімен алты алашты аузына қаратқан Ақан да білімді де сұлу қыздың даңқын естіп, мойын бұрмай тұра алмапты.

Атақты Ақан сері де сұлулығына тамсаныпты

Ұмсын сұлудың туған бауыры Тілемістің әңгімелеуі бойынша, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен айтылған тарих оның дақпыртын сырттай естіген Ақан сері көзбен көріп, құлақпен естіп қайтпаққа Жүсіптің қыстауы тұрған Қызылағашқа өзі іздеп келгенін жеткізеді. Ақанның жүріс-тұрысы мен атының әбзелдерінің аса сәнді болғанын әңгімелеуші адам тамсана баяндайды. Атына суды өзгеге бергізбейтін, кісі баласының жанына жатпай, жеке-дара далаға төсек салғызып, кесеқабындағы өз кесесімен ғана сусын ішетін Ақан бейнесі әр қазаққа етене таныс қой.

«Ауылға Ақан келді» деген сөз – Арқадан ел көшіп келгендей Жүсіп үйінің айналасын қалың нөпір басып қалады. Ән-думан, сауық-сайран басталады. Ұмсын тағдырын зерттеген өлкетанушы қарт Қ.Мұқанов бұл оқиға туралы: «Ұмсын да ән айтады. Ұмсынмен Ақан серi әңгiмелеседi. Көбiнесе дiни кiтаптардан мысалдар келтiрiп сөйлеседi. Ақан серi Ұмсынның бiлiмдiлiгiне ден қояды. Бiр-бiрiне сұрақ қойып, жауап қайтарады. Ұмсын Ақанның барлық сұрақтарына дұрыс жауап қайтарады. Бiрде Ұмсын Ақанға: «Дастарханның үстi не, асты не?» – деген сұрақ қояды. Ақан жауабын таба алмай мүдiрiп қалады. Сонда Ұмсын өзi: «Дастарханның үстi – бисмилла, асты – аллаһу акпар емес пе?» – деп жеңiп кетiптi. Ақан Ұмсынның бiлiмiнiң өз бiлiмiнен артық екенiн түсiнедi», – деп жазады.

Алайда қанша ғашық болғанымен, Ақан серінің Ұмсынды жар етуге ойы болмаған секілді. Жасының үлкендігі бірінші себеп болса, екіншіден Ұмсын әнші ағасын ұнатқанымен, өзінің сүйгені басқа жан болатынын сездіргендей. Дегенменен, өмірінің кейінгі жылдарында Ақан Ұмсын сұлуға арнап өлең жазып, жолдап отырған екен.

Қосыла алмаған ғашықтар

Ұмсынның сүйген жігітінің есімі – Нүрке Тоқтыбайұлы.

«Кiм едi, бұл еркебұландай бұлғақтаған Нүрке серi? Нүрке серi Таузар Керей iшiндегi Бертiс биден. Әкесi Тоқтабай (Тоқтыбай) кезiнде Бiржан сал тобындағы алғыр ақынның бiрi едi, ерте дүние салған, одан көп ұзамай шешесi Бәтиха да қайтыс болған.Нүркенi ағасы Омар тәрбиеледi. Омар да Бiржан салға ерген әншi. Ол бiр жағы Үкiлi Ыбыраймен дос. Сондықтан, ол Нүркенiң бетiн қақпады. Оны әнге баулыды. Нүрке биiк шырқады. Ол мiнезi өр, қызу қанды жiгiт боп өсті. Оның серiлiгi, шешендiгi, мәрттiлiгi, беттiлiгi сол кезде-ақ елге аян бола бастаған-ды», – деп сипаттайды серіні белгілі музыкатанушы Илья Жақанов.

1877 жылы қазiргi Солтүстiк Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Қызылой ауылында туған Нүрке сері дәуірінің дауылпаз азаматы болған. Бала кезде-ақ ауыл арасында ақын бала атанып, молдадан сабақ алған жас кейiн Болотнай (Новорыбинка), Қызылжар медреселерiнде оқыған.

Нүрке серінің білімі мен парасаты туралы Қ.Мұқанов: «Араб, парсы, ежелгi түрiк тiлдерiн үйренген. Атақты Үкiлi Ыбырайдың шәкiртi болған. Өз кезiнде оның «Нияз серi – Iңкәр», «Сейiтжан сал – Гүлмариям», «Құшан серi – Ұлбике», «Ербатыр», т.б. қисса-дастандары белгiлi болған, бiрақ бiздiң кезiмiзге олардың ешқайсысы жетпедi. Нүрке серiнiң тек «Таныстыру», «Ұмсын», «Мүсликамал» деген өлеңдерi ғана жеткен», – деп жазады.

Бұған дейін бетіне ел түгілі, жел тиіп көрмеген даланың ерке қызы Ұмсынның алдында қара дауылдай тағдырдың қатал ызғары күтіп тұрды. Ол сүйген жігіті Нүркеге қосыла алмады. Бірін-бірі қанша сүйгенімен, тағдыр оларды екі айырды. Нүрке сері аяқтан шалған ағайынның кесірінен туған жерден алыстап, Сібірге айдалды. Ал ел ішінде қалған Ұмсынды көкпардай тартқылап, өмірін тәлкекке салды.

Айнаға қарап өксіген өмір

Жан баласының қолы батпақ түгілі, бетіне қарап қатты сөз айтып көрмеген еліктің лағындай Ұмсын сұлуды Торсан болыстың Шери атты баласы тоқалдыққа ұрлап алып қашады. Торсанымыз – Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романындағы болыс, би. Есіңізде болар, Есенейдің жесірі Ұлпанның қолына кіріп, қызы Біжікенді алып, ақырында сол атадан қалған ен байлыққа ие болып қалатын пысық жігіт еді ғой. Енді замандар ауысып, билік келесі ұрпаққа ауысқанда оның ұлы Шериаздан Ұмсынды зордың күшімен алып қашып отыр. Осы бір тосын оқиға жайында «Аққулар қонған айдын көл» атты зерттеуінде Илья ағамыз: «Шеридiң бәйбішесі Балта Керей Нұрқан болыстың қызы, көк долы Ақлимаш балаларға түйенiң құмалағын шашу ғып шаштырып, жанжалмен қарсы алып, ауылдан айдап шығады. Шери Ұмсынды безектетiп Марьевкаға апарып, сол жерде бiр орыстың үйiнде байлап-матап ұстайды. Ұмсын көнбейдi…» – деп жазады.

Екі елдің іші бүлініп, арада билер жүріп, Нұрқан болыс пен Жүсіптің ортасында қалған Торсан жағы ақырында екі жаққа да айып төлеп, Ұмсынды кейінгі баласы Бәкенге қосып, дауды тыйғандай болады. Тағдырдың мазағына тап келген Ұмсынның бұдан кейінгі өмірі өксумен өтеді. Бұл атышулы оқиға 1904 жылы болған екен. Арада бір жыл өткен  соң, қыз тауып, есімін Күлемай деп қояды. «Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» деген емес пе, қалың елді сұлулығымен аузына қаратқан Ұмсын сұлу ауыр дертке шалдығады. Есі кіресілі-шығасылы, жынданып, бірді танып, бірді танымайтын халге түскен сұлуды төркіні еліне алып кетеді. Үйдің төріне қойылған айнаға қарап, өз бейнесіне өзі үңіліп, «қандай сұлу едім» деп қайталап айта беретін Ұмсын шымылдық ішінен шықпайды. Азапқа толы он жылды осылай өткізген сұлуды атақты жазушы Сәбит Мұқанов өз көзімен көрген екен. 1913 жылы Торсан елінің адамдары арқылы беріп жіберген Күлемайдың сәлемдемесін орындау бозбала Сәбитке жүктелген.

«…Сол айнаның бер жағында шаш сияқтанған бірдеме түрегеп тұрған адам бейнелі әлдененің төбесінен жерге төгіліп тұр!.. Ішінде әлденемене бүлкілдейді!.. Не нәрсе бұл?.. Адам дейін десем, мұндай ұзын және қалың шаш бола ма!.. Адам емес дейін десең, неге жанды мақлұқтай қимылдайды ол!.. Демімді іштен алып, қайран қап тұрғанымда, ықтиярдан тысқары жөтеліп қалдым…

Сонда әлгі зат бері карай бұрылды да, жаңағы төгілген шаштың орта кезі қақ айырыла берді… Қарасам, әйел!.. Екі қолымен шашын кейін қарай сілкіңкіреп тастаған ол мені көрді де, төгілген шашын иығына салып, басына жұқалау ақ шәліні жамыла қойды. Сөйтті де:

– Келе ғой, шырағым, – деді маған.

Қиссаны көп оқыған және ғашықтық қиссаларда талай сұлулардың сипатын кездестірген, солардың ішінде перінің не хор қыздарының сұлу сипаттарын оқыған маған мынау әйелдің қасында олардың бәрі сұлу емес сияқтанды…

Соның дөңгелене біткен аппақ, жұп-жұқпа бетіне, маңдайдан тура түскен тіп-тік қыр мұрнына, үлбіреген жұқа еріндері мен оймақтай аузына, ұзындау біткен аппақ мойнына, тостағандай мөлдір қара көзіне, қайқая біткен ұзын қара кірпігіне, қиыла біткен қою қара қасына, кең маңдайына… дене құрылысы да лайықталып жаралған сияқты: орта бойлы, кең кеуделі, тар мықынды, тіп-тік, әдемі дене!..»

Ұмсын сұлудың өмірінің соңы өте қайғылы аяқталған. Махаббаты Нүрке айдаудан аман-есен келгенімен, ғашығының айнаға қарап, сылқ-сылқ күле берген, өзін біресе танып, біресе танымаған мүшкіл халі серіні айықпас құсаға шалдықтырады. Мұндай күйді көру ауыр тигендіктен, Нүрке де көп ұзамай қайтыс болады. «Жынданған екен» деген елдің өсегі бар, Торсан үйінен қашып шыққан соң, бір жылдарда Қызылжарға қарашаның қарлы күндерінде жаяу шығып, айдалада түнеп, өкпе, сүзек ауруларына ұшырап, тіпті асқындырып алады. Уақыттың тілі 1917 жылды көрсеткенде сол айықпас аурудан жазылмаған күйі Нүркенің жас топырағын құшақтап Ұмсын сұлу да өмірден өтеді.

Бала шағында көрген Ұмсындай ананың ауыр тағдыры Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» романында өрнектеліп, мәңгілік таңбаланыпты. Сәбеңнен басқа да аяулы ару, тағдырлы сұлу жайында шығарма жазуға ниеттенген қаламгерлер де аз болмапты.

Қаралы тағдыр қаламгерлерді де ойландырды

Ұмсынның трагедиялық өмірі жайында Сәбит Мұқановтың айтуымен болар, Мұхтар Әуезов «Ақан – Зайра» атты пьеса жазған. Зерттеушілер Ұмсын есімін шығармада айтылу әуезділігіне орай Зайра деп өзгертті дейді. Ал қолжазбада бірді-екілі жерде ғана Зайра есімі кездескенімен, көбінесе Ұмсын деп жазып шыққан екен. Көптеген қателіктеріне қарамастан, атақты ару туралы алғашқы көркем туынды ретінде бағалануға лайықты.

Қаралы сұлу жайында кітап жазып шығаруды суреткер Ғабит Мүсірепов те армандаған. Ғабеңнің жары Ғазиза Бисенованың «Жалын» журналында жарияланған «Жомарт жүрек жылуы» атты естелігінде Ұмсын туралы Ғабеңнің асыл ойын тамаша баяндап береді.

«Жат қолында» романын тамамдағаннан кейiн Ұмсын атты қыз төңiрегiнде жиi айтатын болды, – дейді Ғазиза апай. – Шет жағалатып бiлгенiм: Ұмсын – Ұлпанның заманында өмiр сүрген көзi ашық, көкiрегi ояу сауатты адам. Сол кездiң өзiнде алыстағы Александрия қаласында оқып бiлiм алған. Елге оралған соң бiлiмiне сай орын таба алмаған. Еуропа мәдениетiмен қысқа көйлек киедi, басына орамал салмайды. Ел арасында көзге шыққан сүйелдей күн кешкен оның бұдан кейiнгi өмiрi өксiкпен өтедi. Бұл бiр қайғылы тарих болса керек. Ол мен үшiн қаламгер Ғабеңнiң көз жұмғанға дейiнгi арманы, қарындашының ұшында қалған болашақ шығармасы сияқты болады да тұрады».

ХХ ғасыр басында өмір сүрген, білім алған қазақ арулары жайында сөз қозғаған кезде көп жағдайда осы қаралы сұлудың есімі атаусыз қала береді. Қазақ қыздарының арасынан шығып, анау алыстағы Мысыр елінде білім алған, өз заманының білімді де сұлу болған шерменде тағдыр иесі Ұмсын Жүсіпқызы туралы тарих сөзі енді басталды.

Заңғар КӘРІМХАН, арнайы «QAZAQ» газеті үшін