БҰРЫНҒЫ ОТАРШЫ РЕСЕЙДІҢ ӨКІЛДЕРІ ЕГЕМЕНДІ ЕЛІМІЗДЕ НЕГЕ ЕРКІНСІП ЕДІРЕЙЕДІ?

12

Ұлтарақтай болса да Атамекен жер қымбат!

Халық даналығы

Қазақ халқы ХVІІІ ғасырда болған еліміздің тарихындағы қиын кезең (1723-1725), «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында және Кеңес Одағы кезінде кіндік кескен жерінде аз санды халыққа айналғаны тамыры терең таңбалы тарихымыздан жақсы таныс. Оған басты себеп асты-үсті түрлі байлыққа толы құнарлы жеріміздің келімсіктердің көз құртына айналуы еді. Осы баға жетпес байлығынан да, бетегесі биік биліктен де шет қалған ұлтымыз өз жерін, өз аймағын иемденіп игеруде өзге ұлттардан көп кенже қалғанын кімнен жасырамыз?! «Арыстанның көзін ауыртқан ала қой» дегендей, 2,5 ғасырға жуық туған жерімізге аш қасқырдай тынымсыз шабуылдаған жоңғарлардың жойқын күшінен, отарлаушы ел Ресей патшалығының оның заңды мұрагері – Кеңес үкіметінің «кемеңгерлерінің» сұқ көздері кең-байтақ жерімізге қадалумен болды. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деп аталарымыз қалай біліп айтқан?! Тәуелсіздігіміздің арқасында жағамызға жармасқан «жарылқаушылардың» сұғанақ қолынан құтылсақ та, етегімізге салған қолдарынан толық құтыла алмай келеміз. Айтқандарымның айғағы – өткен айларда басталған Торғай елінің тұрғындарының толастамай жатқан толқуы. Тарихи өлке Торғай елі шетте орналасқан аймақ демесеңіз, ол қанатын кеңге жайған Қазақстанның қашаннан ажырамас бір бөлігі.

Оны кезінде «Ұлт ұясы» (З. Қабдолов) деп те атаған. «Ұлт ұстазы және оның көсемі» атанған – қазақтың ұлы ағартушысы, ірі ғалым – лингвист, түріктанушы, ақын Ахмет Байтұрсынов атамыз бен қазақтың көрнекті ақын-жазушысы Міржақып Дулатовтарды, тағы да басқа әйгілі ғұламаларды дүниеге әкелген Торғай елі – нар шөгіп, аруақ қонған киелі жер. Қазақ елінің қай жері болса да киелі ғой, киелі болмаса әңгімемнің басында айтқан ХVІІІ ғасырда Ресей патшалығының отаршылары: «Қазақ жерін бөліп ал да билей бер» деп елімізге бодандықтың қамытын кигізіп, қарашекпенділерін қаптатқан да сол заманның ақын-жыраулары:

Жайықты жаулап алғаны,

Жағаға қолды салғаны.

Еділді жаулап алғаны,

Етекке қолды салғаны.

Ойылды жаулап алғаны,

Ойындағысы болғаны.

Қоныстың бар ма қалғаны?! – деп қатты қамықпас еді. Естіген жанның қабырғасын қайыстыратын бұл өлеңнің авторы сол заманның от ауызды, орақ тілді ақыны Мұрат Мөңкеұлы болатын. Осындай жыраулар ел басына түскен зорлық-зомбылықты ашына жырласа, қазақ халқының тұтастығын сақтап қалуға Ұлы Даламыздың дара туған дарабоз би-шешендері мен шешуші кезеңдерде қол бастаған батырлар, көш бастаған көсемдер көзге көрінді. Бүгінгі тәу етіп жатқан Тәуелсіздігімізге жету жолында сол ата-бабаларымыздың қаншама қаны судай ақты десеңші!

Сол қан-қасап кезеңдерде кесімді де тапқыр шешендік сөздерімен дүйім жұртты дүрліктірмей, елдің тыныштығын, бірлігін сақтай білген сол дала данагөйлерінен қалған:

Аяққа кісен салуға болар,

Қолға кісен салуға болар,

Ал, тілге кісен салуға болмас, (Бәйдібек би) – деген сөз бар. Сол данышпан бабаларымның айтқандарына арқамды нық сүйей отырып, туған өңірім – Торғай елінің тұрғындарының ащы мұң-зарын, қайғысын қаз қалпында оқырмандарға жеткізсем.

Осы мақаламда тіліме тиек еткен Мұрат Мөңкеұлы бабамыздың сөзін бекерден-бекер келтірген жоқпын. Оның жер мәселесі жайында ашына айтқандары ащы шындық сөз. Біз қазақтар Жер-анамызбен біте қайнасып кеткен халықпыз. Жердің қадір-қасиетін жете түсінген ұлтымыздың ұлыларынан: «Жерсіз Отан жоқ» деген сөз де қалған (Ә. Бөкейханов). Осы жолдарды оқыған оқырман: «Жеріміз аздай, жерді айтып, мына қаламгер неге қараспанды жаудырып отыр» деп ойлап қалуы әбден мүмкін. Орынды айтылған сөзге тоқтауға болар еді. Бірақ, бұрынғы жер көлеміміз қандай болып еді?! Міне, осы сұрақ көкейімді кес-кестей береді. Қазіргі Қазақстанның жер көлемі 2,8 млн шаршы шақырымды құрайды. Бұл көрсеткіш әлемде жер жөнінен еліміздің 9 орынды иеленетінін көрсетеді. Осы көрсеткіштің бұрындары бұдан да жоғары болғаны белгілі. Ебін тауып екі асап, белімізді басып бес асаған отарлаушы елдің кесірінен қазақ халқы сол елге бодан болған кезінде ата-мекенінің үштен бірінен айрылыпты. Еділ (Волга), Хажытархан (Астрахань), Сарытау (Саратов), Селебе (Челябинск), Қорған (Курган), Орынбор (Оренбург), Төмен (Тюмень), Барнауыл (Барнауыл), Үстіқұт (Усть-кут), Ащылы (Ачинск), Байкөл (Байкал), Енесей (Енисей), Аңғар (Ангара) деп аталатын ондаған-жүздеген елді мекендер мен жер-су атауларының күні бүгінге дейін таза түркілік-қазақтық мән-мағынада айтылуы көп жайды аңғартатыны айғақ (М. Жолдасбеков, Қ. Салғараұлы, А. Сейдімбек. Елтұтқа, Күлтегін баспасы, Астана – 2001, 10 бет).

Бұлардың сыртында 70 жыл бойына елімізде құлақ кесті құлдарындай төрелік жасап, жерімізге әкелерінен қалған еншісіндей иелік еткен КСРО-ның әңгүдік басшыларының (Хрущев пен Горбачевті айтып отырмын, – авт.) түйенің мойнынан қисық іс-әрекеттері төл тарихымыздан таяу маңда қалыс қала қоймас! Мен бұл мақаламда қазақтардың бастарынан кешірген бүтін тарихын түгендеуді мақсат етіп отырғаным жоқ. Бұрынғы отаршы орыстар: «Қазақтар кең далаларында мал соңында жүріп өркениет көшінің соңында қалған қараңғы надан халық» деп насихаттаса да, дала университетін бітірген даналарымыздан: «Өткеніңді білмесең, болашағыңды болжай алмайсың» деген сөз қалған.

Бұлай ойлауыма Ресей Федерациясының «Роскосмос» өкілдерінің Тәуелсіз еліміздің төрінде еркінсіп, ойларына келгендерін жасап жатқан іс-әрекеттері мәжбүрлеп отыр. Бұрын бұл елдің боданында болғанымызда олардың салған ойранына (қазақтың ойшыл ұлы ақыны Абай еліндегі ойранды айтып отырмын, – авт.) төзімділік танытып, шыдап бақтық қой. Қазір ол заман Тәуелсіздігіміздің арқасында келмеске кетпеп пе еді?! Торғай халқын тосыннан дүрліктіріп, төбе шаштарын тік тұрғызатындай нендей оқиға орын алды екен. Өткен жылы облыстық «Қостанай таңы» газетінде жерлес қаламгер, Қазақстанның құрметті журналисі Серік Шайман ағамыздың «Аңсау» атты эссесі жарияланды. Ол эссесінің соңын «…Жуырда осы жерге араға 20 жылдай уақыт салып тағы да келдім. Құба төбе, сары дала қызық қуанышымен қоштасқандай жетімсіреп қалыпты. Бұрынғыдай мыңғырып жатқан мал жоқ. Ағылып жататын мәшине де көрінбейді. Бағы тайып, бақыты көзден бұлбұл ұшқан киелі Торғай даласы полигонға айналғаннан бері керісінше Ресей танкілерінің дүрсілі естіліп, «Ақкөл» жақта протонның қалдықтары шашылып жатыр деседі елдегілер. Олар тағы да былай дейді: «Небір ықылым заманнан бері ел мекендеп, сан заманнан бері талай тарихи оқиғалардың куәсі болған көне Торғайдың аяулы аймағының бірі – Тосын құмы еді. Онда шөптің 72 түрі өсетін. Оның аршасы қандай, орғыл құмның ішінде аласа ғана болып, желі тартатын, хош иісі мұрынды жаратын. Қыста жазықтағы үскірік жел, жаяу борасын мұнда соқпайды. Құм іші май тоңғысыз жылы болады. Содан да Кеңестік кезеңде онда жылына 100 мыңға жуық қой отары қыстаушы еді-ау! Енді оны Ресей солдаттарының техникасы таптаса жердің шаңы шығып, берекесі кетпей ме?! Көзімнен ып-ыстық бір тамшы жас үзіліп түсті…» деп ет жүрегі елжірей аяқтапты («Қостанай таңы» газеті, 2016 ж., 23 желтоқсан). Менің қаламгер ағамыздың айтқандарына қосарым – Тосын құмының берекесінің қашқанына біраз жылдың жүзі болды. Тәуелсіздігімізді алған жылдары кең-байтақ жерімізге қашаннан жерік Ресей басшылары Егеменді елімізден аумағы 40 600 га болатын осы Тосын құмын аттай қалап алған. Қазір 49 жылға жалға берілген осы шұрайлы да шырайлы жерде жоғарыда айтылған өсімдік түрлері мен тек қана осы маңда ғана өсетін Торанғы деп аталатын ағаштың сирек түрі, басқа да ағаштар ауыр танкілердің шынжыр табанымен тапталуда. Осы келеңсіз көріністерді естігеніңде «Тәуелсіз еліміздің иесінен де, киесінен де қорықпай еркінсіп, есіргендерге кім тоқтау айтады» деген сұрақ көкейіңді кес-кестейді.

Сөзімнің басында сөз еткен ХVІІІ ғасырдағы қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен хас батырларының бірі, даңқты қолбасшы – Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек тархан осы Тосын құмында дүниеге келген. Оның сүйегі түркілердің астанасы атанған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иассауи мовзолейінің қасына жерленген. Бұл жерде еліміздің тәуелсіздігі үшін күресіп, сол шайқаста шаһит болған Торғай өңірінің тағы 8 батырының мүрделері жатыр. Онда елінің егемендігі үшін жандарын қиған батырларды Торғай өңірінен жер табылмағандықтан жерлемеген болар?!

Мен бұл деректі Қазақстанның құрметті журналисі, жалынды жазушы – Сәлім Меңдібай ағамыздың «Қасиетті Түркістан» атты кітабынан келтіріп отырмын. Сол еліміздің азаттығы үшін сыртқы жауларымызбен арпалысып өткен батыр бабаларымыздың аруақтары туған өңірлерінде орын алып жатқан оқиғалардан хабардар болып, көрлерінде дөңбекшіп, аунап-ақ жатқан шығар?!

Біз қазақ деген халық – Алланың ақ жолынан ауытқымай, өмірден өткен атақты адамдарға тәу етіп жүретін иманжүзді халықпыз. Жоғарыда айтқан Тосын құмында – киелі сөздің ат байлар ақындары Жұмабай Шалбайұлы мен Әбіқай Нұртазин ақсақалдардың мүрделері жатыр. Сорақысы сол, осы атақты ақындардың ұрпақтары оларға дұға бағыштай алмай, аңырап жүр. Бұл аздай өткен бір-екі айдың көлемінде Ресейдің «Роскосмосынан» өзеуреген өкілдері Торғайға келіп: «Ақкөл ауылына қарасты Шөптікөл қоныс орнын зымыран қалдықтарын тастайтын полигон етеміз», – депті. Оның алдында «Роскосмостың» өкілі Ерден Ибраев деген қандасымыз бір орыс азаматымен аудандық «Біздің Торғай» газетіне 100 мың теңге беріп, көлемі көлдей мақала жазыпты. Мақаласында торғайлықтарға: «Жерлестер, менің мақаламда айтқандарыма имандай сеніңіздер және полигон ашуға 100 мың га жер берілуін қолдаңыздар», – деп қолқа салыпты. Торғай өңірінде өмірге келгендей «жерлестері» несі?! Жарты халқы Ресей заңымен өмір сүріп жатқан Байқоңыр қаласындағы Ресей азаматтығын алған әумесер қаракөздеріміздің бірі шығар. Әумесер болмаса, оның іріген аузынан: «Зымыран қалдықтарынан Сіздерге келетін еш зиян жоқ, 400 кг-дай отын қалдықтары ғана түседі. Ол гептил емес, жәй жермай ғана» деген сандырақ сөздер шықпас еді ғой. Шамасы бұл азамат жақында Қарағанды облысында осындай зымыран құлап, 10 мың га жер мен 2 адамның жанып кеткенінен торғайлықтар хабарсыз деп ойласа керек.

Осы жайды торғайлықтар Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов мырзаларға 138 адам қол қойған шағымды жеткізді. Шырылдатып шындықты айтқан жергілікті ақын ағамыз Рақым Рыскелдиннің «Торғайда полигон жасамаңдар» деген өлеңі қоса табысталды. Онда: «Тыңдаңдар зар тілегін күйікті елдің,

Көрген мыңдап өлгенін киіктердің» деген сөздер бар. Торғайлықтардың наразылық арызын алғандығын Атамқұлов мырза теледидар арқылы айтып, ағымдағы айдың ортасына қарай Торғайға келіп, оның тұрғындарына осы мәселе жайлы түсінік беремін дегенін керең болғыр құлағымызбен естідік. Бірақ келмеді. «Арызқой аудан» деген айдар тағылған торғайлықтардың ашу-ызасынан қаймықса керек. «Шыдамның да шегі бар» демекші, шиқандай жарылудың аз-ақ алдында тұрған бұл ахуалдың шешімі жуық арада шешілетін түрі жоқ.

Осы мәселе көтерілгелі неше түрлі алып-қашпа әңгімелер әлеуметтік желілерде желдей есіп жүр. Құлағы керең біреу болмаса, торғайлықтардың жан айқайын еститін жан болса керек. Сонда да, кезінде саяси-әлеуметтік ағынын жан-тәнімен түсініп, оны туған халқына:

Қазағым көрмегенің әлі алдыңда,

Боларсың көне берсең бұдан жаман.

Босында аяқ-қолың қимылдап қал,

Бір күні тыпырлауға келмес шамаң, – деп жеткізген жерлес ақын атамыз Міржақып Дулатов айтқандай, алдымызда дүрбелең күндер болмағанын қалайды екенсің. Жаман айтпай, жақсы жоқ – бұрынғы отаршы елдің өкілдері Жангелді ауданына жақын орналасқан Шөптікөл елді-мекеніне неге шүйлігіп жүр?! Білетіндердің айтуы бойынша, бұл аумақта көмір қоры да бар екен. Егер одырайған орыстардың ойы жүзеге асатын болса (Құдай ондайдан бетін аулақ қылсын), зерттеу, барлау жұмыстарын жүргізбей-ақ, мұнай өндіретін қондырғыларын орнатып, қазынамызға қарық болады деген сөз. «Жергілікті жұртқа бұл мәселе жайлы түсінік береміз» деп төбелерін көрсетпей жүрген Үкімет басшыларының дегендері болса, Ақкөл аумағының Тосын құмының кебін киері айдан анық. Ондай жағдайда жергілікті жұрт Атамекенінен безіп, бас сауғалауға мәжбүр болады ғой. Торғайда қазір осындай салқын саясаттың самалы есіп тұрғандай көрінеді.

«Атамекен» дегеннен шығады, бұл сөзді өмірге әкелген қайраткер жандар оның әрбір әрпіне ұғымдық балама тауып, түйсігі төмен жандарға былай деп түсіндіріпті: «Ата Тәрбиесі – Ақылшымыз, Мақсатымыз, Елдігіміз, Келешегіміз, Егемендігіміз, Намысымыз».

Қазақ халқы жердің иесі болу арқылы ұлттың сипатын сақтағаны белгілі. Олай болса әркім өз Атамекенін қызғыштай қорғап, оны саудаға салуға жол бермеулері керек. Еліміздің төбе биі – Төле би бабамыз билік құрған кезінде: «Әділ бидің елін дау араламайды, әділ патшаның елін жау араламайды», – деген екен.

Күннен күнге дамылсыз өршіп бара жатқан Торғайдағы дау-дамайды Елбасымыздың құлағына кім жеткізер екен?!

Асқарбек Бектемісов, журналист-жазушы, ҚР Ақпарат саласының үздігі