2018 ЖЫЛЫ ДӘРІ-ДӘРМЕК БАҒАСЫ НЕГЕ ЕКІ ЕСЕГЕ ҚЫМБАТТАЙДЫ?

13

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2018 жылы дәріхана ісін жақсарту мақсатында жаңа стандарттар енгізеді. Соған сәйкес, келесі жылдан бастап дәрі-дәрмек бағасы 2-3 есеге қымбаттайды және кейбір дәріханалардың есігіне қара құлып салынады.

ҚР  Денсаулық сақтау министрлігі 2015 жылы фармацевтика ісіне халықаралық стандарт енгізуге бел байлаған болатын. Сол уақытта ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова «Дәрілік заттарды көтерме және бөлшек саудада өткізу ережесін бекіту» туралы бұйрық шығарды. Бұл бұйрыққа сәйкес, дәріханаларға арналған жаңа ережелер 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылуы тиіс.

Уақыт өте барлығы тынышталып қалғандай еді. Фармацевтика саласында қызмет атқарып жүргендер бұл кезекті бір маңызсыз құжат деп ойлады. Соған сәйкес, бұл бұйрыққа салғырт қарап, арқаны кеңге салды. Енді дәріхана иелері қалған жарты жылда аталған бұйрықты орындаулары керек, ал олай болмаған жағдайда келесі жылдан бастап дәріханаларын жабуға мәжбүр болады.

2016  жылы ҚР Денсаулық  сақтау  министрлігі тағы  бір  бұйрық шығарды. Осы кезде ғана Астана қаласындағы дәріханаларға GPP (Good Pharmacy Practice) стандарты енгізілді. Бұл тәжірибе ISO стандартының фармацевтика саласындағы жетілген түрі болып табылады. Тағы да фарм-фабрикаларға арналған GMP және дистрибьюторлық GDP стандарттары да жоғарыда аталған стандарттармен бір тектес болып келеді. Бұлардың барлығы дерлік дәрі-дәрмектердің жасалу үрдісін бақылауға арналған. Бақылауға тек дайын өнім ғана алынбайды. Дәрі-дәрмектің дайын өнім күйіне  жеткенге дейінгі үрдіс толық бақылауда болады.

GMP стандарты Қазақстанда 15 жылдан бері бар екен. Ал GDP стандартына 10 жыл толыпты. Ендігі мәселе жаңа енгізілген стандарттар жүйесімен білім алған мамандар қазіргі таңда тапшы болып тұрғандығында.

Жоғарыда аталған стандарттар ендігі кезекте кіші және үлкен бизнеске де енетін болады. Жұмысшылар құрамы тек 3-4 қызметкерлермен шектелетін дәріханаларға енді қатаң талаптар қойылады. Дәлірек айтсақ, дәрі-дәрмек алу үшін келген тұтынушыға тегін кеңес беретін, ақысыз медициналық көмек көрсететін жоғары білімді дәрігер болу міндетті. Тағы оның өз жеке кабинеті болуы шарт. Оған қоса, барлық дәріханаларда арнайы келген тұтынушыларға пайдалануға әжетхана болуы тиіс. Қалғаны ұсақ-түйек: ауа-райын бақылайтын құрылғы, құжаттар сақтайтын арнайы бөлме, мүгедек жандарға арналған пандус, т.б.

Айтуға оңай болғанымен, жоғарыда айтылғанның барлығы да қаржыға кеп тіреледі. Қызметкерлерді уақытша оқуға жіберу тағы бар. Әр қызметкер үшін 50 000 теңге. Құжаттардың үлгісін алу да 50 000 теңгеге жуықтайды. Егер оларды өздері дайындағысы келсе, онда жарты жыл уақытын қиюына тура келеді. Сонымен, бір дәріханаға стандартты енгізу құны 500 000 теңге болады.

Дәріханадағы қызметкерлерді уақытша оқуға жіберіп алған соң да туындайтын мәселе бар. Қолында сертификаты бар фармацевттің нарықта әрқашан сұранысқа ие екені мәлім. Уақытша оқу-тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізіп қайтқан қызметкерлер өзі жұмыс істеп жүрген дәріханадан дәрежесі жоғарырақ дәріханаларда жұмыс істеуге ниеттенуі де ғажап емес. Бұл кезде ондай қызметкерлерді жалақысын көтеру арқылы ғана ұстап қалуға болады.

– Ұсақ-түйек дәріханалардың барлығы да жабылатын болады. Біздің қаламызда 17 дәріхана бар болса, оның екеуі талапқа сай емес. Олар әлбетте жабылады. Қалғандарын ретке келтіріп алуға болады. Әр қайсысына кем дегенде 2 млн теңге қаржы жұмсалады. Біз әріптесім екеуміз GPP бойынша оқу-тәжірибеден өткен болатынбыз. Ендігі кезекте қажетті құжаттарды дайындау үстіндеміз, – дейді Астана қаласындағы дәріхана желілерінің басшысы Екатерина.

– Сіздің ойыңызша, қазіргі уақытта ең үлкен мәселе қандай?

– Қағаздар. Қағаздарды санап шегіне жете алмаспыз. Қазіргіден де көбеюі мүмкін. Себебі, GPP бойынша жұмыс істер болсақ, ол әрбір дәріханада жұмыс барысын бақылап, есеп беріп отыратын бір адам болуын талап етеді. Ал сол жазылып жатқан есептің бәрін сақтайтын тағы да бір жеке бөлме қажет болатынын ұмыт қалдырмаған жөн.

– Бұл нәрседен еш кемшілік көріп отырған жоқпын. Қазақстанда қазіргі таңда 8 мыңдай дәріхана жұмыс жасайды екен. Екі аттасаң алдыңнан дәріхана шығады. Мен маман ретінде айтар болсам, кез-келген дәріханадан ең қарапайым дәрі «аспиринді» де сатып алмаймын. Оған себеп, көп дәріханаларда арнайы тоңазытқыштар, ауа баптағыштар мүлдем жоқ. Ал ондай жерде дәрінің құрамы өзгеріп кетпейтініне кім кепіл? – дейді аты жасырын болып қалуды сұраған GPP стандартын енгізуші консалтингтік компаниялардың бірінің басшысы.

– Дәріханалардың жұмыстары өте төмен деңгейде. Олар дәрі-дәрмектерді қарапайым азық-түлік дүкендерінің жүйесімен сататын секілді. Ең бастысы тауар өтті, болды! Халықтың алдында жауапкершіліктерін сезініп жатқандары жоқтың қасы. Осының кесірінен, әр дәріханада дәрілердің бағасы әртүрлі. Ең сорақысы, дәрігердің арнайы нұсқаулығынсыз сатуға болмайтын дәрі-дәрмектерді де оп-оңай сатып  жіберетін дәріханалар бар. Сол үшін де арнайы стандарт енгізу өте қажет. Осылай ғана  көптеген бассыздықтарға тосқауыл бола аламыз, – деп өз ойын білдірді тағы да жасырын сарапшы.

Сарапшылардың айтуынша, дәріхана қызметкерлеріне түсініксіз болып жатқаны құжаттардағы дәлдіктің жоқтығы екен. Мысалы, ережелердің бір тармағында дәріханада жоғары білімді келген науқасқа кеңес беретін дәрігер болуы тиіс делінсе, енді бір тармағында дәрігер немесе арнайы оқудан өткен адам болу қажет дейді. Енді бір тармағында кеңес беру арнайы жабдықталған жеке кабинетте өтуі қажет делінген. Бұл стандарттың талаптары бір жүйеге келтірілген жоқ деген сөз.

– Бұл  енгізіліп  жатқан  ережелердің  барлығы дерлік Кеңес одағы кезінде болған. Дәл осылай арнайы дәрігерлер келген науқасқа кеңес беріп отырған. Дәрігердің арнайы нұсқаулығынсыз дәрілер сатылмаған. Сол ескі талаптар, GPP стандарты деген жаңа атпен енгізілмекші. Тағы да бір тармақ, келген сатып алушыларға арнайы әжетхана болуы қажет. Астына мысал ретінде жағдаяттар келтіріп қойылған. Мысалы, келген клиент жүктілікке байланысты тест жасай алатын жағдай болу тиіс. Дәріхана қызметкерлерінің өздерінің әжетханалары бар. Бірақ, онда келген клиенттерді кіргізуге болмайды. Бұл бір жағынан тазалық сақтауға байланысты болса, екінші жағынан тауарларды сақтау үшін дейді. Бұл келтірілген сәтсіз мысалдардың бірі, онымен қоса бұл талапты орындау қиынға соғады. Ал ауылдық жерлердегі дәріханаларда бұл талапты орындау мүмкін емес, – деп өз пікірін білдіреді компания басшысы.

Ережедегі айта кетерлік тағы бір тармақ – дәрі-дәрмектердің сапасына жауап беретін қызметкердің жоғары білімі болуы қажет, яғни провизор. Көптеген дәріханалардан мұндай маманды табу қиынға соғады. Бұл артық шығын болатын секілді. Шындап келгенде, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ережесі бойынша, дәріхана басшысының фармацевтикалық орта білімі болса жетіп жатыр.

Ақнұр ТОРҒАУЫТҚЫЗЫ, «QAZAQ» газеті