НҰРБЕК ОРШУБЕКОВ: «СОҢҒЫ БЕС ЖЫЛДА ҚАЗАҚСТАНДА ЖЕТІМДЕР САНЫ 40 ПАЙЫЗҒА АЗАЙДЫ»

0
342

Бүгінде балалар үйінде сан мыңдаған бала өмір сүруде. Ал биылғы жылдың үш айының ішінде кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 1 688 бала түскен. ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің сайтында жазылған ақпарат бойынша, жағдайы нашар отбасында туған балалар дұрыс тәрбие алмайды. Биологиялық ата-аналарымен бірге тұрған кездерінде балалар өте қорқынышты өмір сүреді. Көбіне оларды ұрып-соғады, тамақ бермейді, тіпті сексуалдық зорлық жасайды. Ішімдік ішіп, есірткі тұтынатын ата-аналардың кесірінен жыл сайын мыңдаған бала кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығына түседі. Біраз уақыт бала өз әке-шешесін күтеді, өзін алып кететініне сеніп жүреді. Одан кейін біреуі балалар үйіне, біреуі сәбилер үйіне, біреуі арнайы мектепке кетсе, кейбірі өз отбасына қайта оралады.

Былтыр кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 7 539 бала түскен. Олардың көбі, яғни 6 306 (83,6 пайыз) қорғансыз балалар, 937-сі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, 207-сі ерекше туылған балаларға арналған мекемелерге жолданған, 89 бала қиын жағдайда қалған. Бұл балалардың бәрінің дерлік тағдыры шешілді. 6274 бала отбасына қайтарылды. 578 бала жетімдер үйінде жаңа өмірін бастады. 124 бала қамқорлыққа алынды, оның ішінде патронатқа жатқаны – 21, арнайы мектепке жолданғаны – 132, кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығына кеткендер – 41, басқа елдердегі кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығына кеткені – 13.

Балалардың құқығын қорғау комитетінің мәліметінше, елімізде 27 274 жетім бала тұрады. Былтыр 1 561 бала қазақстандық азаматтығы бар отбасыларға табысталса, 300-ден астам бала қамқорлыққа алынды. Одан бөлек патронатта 293 бала болса, 168 бала асырап алынды. Ең қуаныштысы, 630 бала өз отбасына қайтып оралды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршубеков соңғы бес жылда Қазақстанда жетімдер саны 40 пайызға азайғанын айтады.

«2017 жылдан бастап балаларды тәрбиелеуші үйге және қонақ үй отбасыларына беру туралы мәселе заңнамалық деңгейде реттелді. Отбасы құрылымының осындай формаларына мемлекет материалдық тұрғыда кепілдік береді. Соңғы жылдары балалар үйінде тәрбиеленушілер саны мен жетімдер үйі азайып келеді. Соңғы бес жылда жетім балаларға арналған ұйымдардағы балалар саны 40 пайызға, яғни 10 мыңнан 6 мыңға азайған. Сондай-ақ, 4,5 мың бала өз ата-анасына қайтарылды», – дейді Нұрбек Оршубеков.

Комитет төрағасының айтуынша, Қазақстанда жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 50 мекеме жабылған.

Айта кетейік, осыдан бір жыл бұрын елімізде бала асырап алу тәртібіне өзгеріс енгізілген еді. Яғни, бұдан былай жетім бала отбасын өзі таңдауы тиіс. Үкімет осы арқылы ата-ананың қамқорлығынсыз қалған ұл-қыздардың құқығын қорғауды қолға алды.

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ, «Qazaq» газетінің Астана қаласындағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here