Мейрамбек Беспаев: Құс қанат ғұмыр

0
5805

Жаздың қоңыр кеші.  Қазақ әндерін кассетадан тыңдайтын кез. Әжемнің ұнататын әндері кезек-кезегімен әуелеп жатыр. «Алтайдың ар жағынан келген аруды» ұршығын иірген әжем қосыла айтты. Арасында бесікте жатқан бес айлық бауырым Зерені тербетіп қояды. Есті әнге елітіп, есік алдына су шашып мен жүрмін. Бір кезде «Бо-о-о-озторғай, бозторға-а-а-ай» деп әнші енді бастай бергені сол еді, бесікте жатқан сіңілім жылап қоя берді. Әжем екеуміз екі жақтап жұбатсақ та, тербетсек те тоқтар емес. Содан музыканың дауысын бәсеңдеттім. Сонда ғана сәби тына қалды. Көзімнің қиығымен әжеме қарасам, жаулығымен жасын сүртіп отыр екен… Сол кезде ерекше қоңыр дауысымен бесіктегі бала мен есіктегі ананың ет жүрегін елжіретіп, көз жанарын мөлдіреткен әнші – Мейрамбек Беспаев болатын. Бала күнінен боздаланың бозторғайындай болған белгілі «МузАРТ» тобының əншісі, күллі қазақтың сүйікті ұлы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мейрамбек Әбіләшімұлы бүгінгі «Жәшіктегі жұлдыздың» кейіпкері.

ҚИЯЛЫН КЕПТЕР ҚАНАТЫНА БАЙЛАҒАН БАЛА

1976 жылдың 7 қарашасында Жамбыл облысының Талас ауданында Беспаевтар әулетінде шекесі торсықтай ұл келгенде ауылда шаттанбаған жан қалмаған көрінеді. Әсіресе, тұңғыш немересін бауырына басқан ата-әжесінің қуанышында шек болмайды. Әжесі сәби Мейрамбекті бесікке бөлеп әлди жырын айтқанда, төңірек тегіс әуенмен тербеліп тұрғандай күй кешеді екен. Бала Мейрамбекке әншілік өнер әжесінің бесік жырымен берілсе керек. Бала кезінде футболға қызығып өскен Мейрамбек есейгенде дәрігер болуды армандапты. Алайда, өнерге деген құштарлығы басым түседі.

«Мейрамбек бір жарым жастан асқанда үлкендер бізді қалаға жіберді. Біз де баланы ата-әжесіне ауылда қалдырып, алаңсыз жұмысқа кеттік. Ол кісілердің мықтылығы сонда, Мейрамбекті өз баламыз деп «меншіктеп» алса да, бізді «аға-жеңге» дегізбей, «ата-анаң» деп өсіреді. Мейрамбек алтыға толғанда ауылдан қалаға келді. Өзі томаға-тұйық бала болды. Қақ-соқта шаруасы жоқ, қолынан қаламын тастамай сурет сала беретін. Көбіне төрт түліктің бейнесін қағаз бетіне түсіретін. Бір күні әкесі екеумізге «қойлар шығып кетпеу үшін қораға қамап қойдым» деп қолындағы қағазын көрсетіп, күлдіргені есімізде», – дейді әншінің анасы Жібек Жолдасова.

Әке қашанда балаға сыншы. Өнер иесінің бала кездегі бір ісін әкесі Әбіләшім Беспаев ерлікке санайды: «Мейрамбектің бесінші сыныпта оқитын кезі. «Толчок» деген үлкен базар болды, соған таңғы төртте тұрып, қаншама шақырым жерді шаңдатып жаяу баратын. Сондағы барып алатыны – кептер. Оны баптағаны бөлек әңгіме».

Өнерге жақын ұлдарының бетін қақпай, керісінше қолдау көрсеткен ата-анасы Мейрамбектің алғаш сахнадағы сәті де әлі күнге дейін кеше болғандай естерінде.

«Өнерде жүрген достарымыз көп болды. Бір күні үйге бір топ ақындар келді. Оның арасында Аяз Бетпаев та бар. Ән әуелеп, күй шертілді. Бір уақытта бәрі Мейрамбектің әнін тыңдады. «Мына балаларың өнерлі екен, ертеңгі өтетін концертке қатыстырамыз» деп өздерімен алып кетті. Ертесіне үлкен сахнада «Сағындым Кенен атамды» деп ән шырқаған жас балаға көрерменнің қошеметі ерекше болды. Сол кезде әділ қазылар арасында Алтынбек Қоразбаев та отырған екен. Содан бастап баламыздың өнері өрге жүзе бастады», – деп еске алады әншінің ата-анасы.

«Кішкентайымнан әр түрлі өнер иелерімен араластым, ел көрдім, жер көрдім. Бір сөзбен айтқанда, балалық шағыма айтар шағымым жоқ, өте қызықты өтті. Ата мен әжемнің еркесі болдым. Олар өз ауыздарынан жырып, бар дәмдісін маған берді. Атам ауылдың имамы еді. Ислам діні туралы көп әңгімелер айтып отырушы еді. Кішкентайымнан діни уағыздар құлағыма сіңісті-тін. Одан бөлек атам адами қасиеттің бәрін бойыма сіңіріп өсірді. Адамның өмірдегі іргетасы сол балалық кезден қаланбай ма, егер іргетасы мықты болса, өмірдегі орны да орнықты болмақ. Ол үшін тәрбиенің алар орны ерекше. Өмірдегі орнымды айқындап алғаным ата-әжемнің тәрбиесінің мықтылығы болар», – дейді балалық шағына саяхат жасаған Мейрамбек Беспаев.

«ЖЕТІМ БАЛА» ҚАЛАЙ ЖЕТІЛДІ?

Бүгінде қоңыр дауысты үнімен әр қазақтың жүрегіне жол тапқан Мейрамбек Беспаевты дүйім жұртқа танымал еткен «Бозторғай» әні еді. Жетім баланың зар-мұңын жүрекке жеткізе білген қаршадай баланы жұртшылық «қазақтың Бозторғайы» атап кетті.

Мейрамбек Бесбаевтың орындауындағы «Бозторғай» әнін естіген кезде кез келген жанның жүрегі ауырып, көңіліне кірбің ұялайтыны сөзсіз. Ән авторы Алтынбек Қоразбаев бұл әнді шәкірті Мейрамбекке өзі жаттатып, сахнада алғаш рет айтқызған. Ал мұңға толы әннің сөзін белгілі ақын, атақты «Жар-жар» әніне жаңаша дем берген Әбдірахман Асылбеков жазған.

О баста мәтін 1989 жылы «Қара бала» деген атпен қағазға түскен. Кейін Алтынбек Қоразбаев оны «Бозторғай» деп өзгертеді. Бұл ән алғаш рет ақиық ақын Мұқағалидың ауылы – Қарасаз топырағында шырқалады. Ән жарыққа шыққан бойда ел арасында кеңінен танылып, орындаушысы Мейрамбек бала халықтың көзайымына айналады. Ел аузында «Мейрамбек балалар үйінің тәрбиеленушісі», «Ата-анасы тастап кеткен», «Ол – жетім бала» деген қауесеттер таралады. Басында құндыз бөркі, қолында үкілі домбырасы, көзінде мөлдір мұңы бар қаршадай балаға көбі аяушылықпен қарайды. Өйткені, ол әнді ата-анасы, іні-қарындастары бар бақытты Мейрамбек емес, сол жетімектің өзі болып айтатын. Жетімнің ауыр тағдырын әнге салған Мейрамбектің дауысы әлі күнге дейін ел есінде.

1991 жылы Өзбекәлі Жәнібеков республикалық термешілер байқауын ұйымдастырады. Республика сарайында үш күнге созылған байқауда Мейрамбек Бесбаев «Бозторғай» әнін айтады. Ән көрермендердің ыстық ықыласына бөленгені соншалық әнші үш күн қатарынан «Бозторғай» әнін шырқаған.

Рас, «Бозторғай» әні – өз әншісін тауып, әлеуметтік міндетін атқарған ән. Осы ән елге таралаған тұста жетімдер үйіне белгісіз себептермен тасталған балалар саны азайған деседі.

«Бозторғай» әнінен кейін бала Мейрамбектің танымалдылығы артады. Ұстазы Алтынбек Қоразбаевпен бірге қара домбырасын қолына алып, ауыл-ауылды аралап, гастрольдік сапарларға шығады.

«Бала кезде гастрольдік сапар көп болды. Алтынбек аға екеуміз көлікке отырып аламыз да, кез келген ауылға кіріп кетіп, концерт беретінбіз. Қиын-қыстау, елде ақша жоқ замандарда тегін концерт берген кездеріміз болды. Бірақ, сол кездегі көрерменнің өнерге деген сүйіспеншілігі өте ерекше еді. Әсіресе, домбыраға, домбырамен айтылатын ескі әуендерге. Қазір заман өзгерді, тыңдарманның талғамы басқа болып кетті. Сол күндерді кейде сағынамын», – деп еске алады әнші бір сұхбатында.

БЕСПАЕВ БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕСТЕР

Тараз қаласындағы «Глинка» атындағы музыкалық мектептің қобыз сыныбын оқып бітірген Мейрамбек Беспаев 1989 жылы Алматы қаласындағы К.Байсейітова атындағы музыкалық мектебіне ауысады. 1994-98 жылдары Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Актер, драма, кино» факультетінен білім алады. Алғаш кәсіби жолы «Сүйінбай» атындағы филармонияда әнші қызметін атқаруымен басталады. Алматыда оқып жүрген кезінде 15 жастағы Мейрамбек Беспаев Қаныбек Қасымовтың «Қоштасқым келмейді» фильміне түсіп, актерлік қырын ашады.

«Киноға түсуге мектепте оқып жүргенде шақырды. Түскеніме өкінбеймін. Сомдаған рөлім сәтті шықты. Актерлік өнердің қыр-сырына біраз қанықтым. Ол кезде мен 15 жастағы баламын. Ал менің ғашығымның рөлін сомдайтын Назира Бақаева деген актриса менен 3 жас үлкен. Өкінішке қарай, сол кинодан кейін көрген жоқпын. Студент болдық, есейдік. Әркім әртүрлі өзінің өмірлік жолымен кетті», – дейді әнші.

Кино саласында бағын сынап жүрген өнер иесі 2010-2011 жылдары Баян Есентаеваның «Ғашық жүрек-1» және «Ғашық жүрек-2» атты фильмдерінде басты рөлдердің бірін сомдады.

«МУЗАРТ» ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ?

2001 жылы Мейрамбек Бесбаев, Сәкен Майғазиев және Мақсат Базарбаевтың шығармашылық бірлестігі негізінде «МузАРТ» тобы құрылып, қазақ эстрадасына үлкен сілкініс әкелді. Бүгінде үлкен ансамбльге айналған «МузАРТ»-тың мұзбалақтары бүгінде Қазақ елінің атын алыс-жақын шетелдерде паш етіп жүр.

«Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының драма және театр бөлімін бітіргенмін. Басында оқуды бітірген соң театр ашсақ деген ой болған. Бірақ, курстастарымның бәрі өз жолымен кетті. Бұл ойымыз жүзеге аспай қалды. Сосын «трио боп ән айтып көрейік» дедік. Үшеуміздің жолымыз түйісті. «Көпшілікке ұнап жатса көрерміз. Ұнамаса қоя салармыз» дегенбіз. Алғашқы бір-екі әнімізден кейін-ақ елдің ықыласы ерекше болды. Содан бергі он жеті жыл аралықтағы өміріміз де, өнеріміз де, барлығы да халықтың көз алдында. Сәкен мен Кенжебекке бауыр басып кеттім. Себебі, екеуі өзімнің отбасымнан да гөрі көбірек көз алдымда ғой. Топтың танымал болуы бір ғана адамның арқасында емес. Ол ұжымның бірлесе еңбек етіп, талмай тер төккенінің арқасы. Ансамбліміздегі барлық жігіттердің еңбегін жоғары бағалаймын. Қайсысы ән айтса да барын салып, жанымен айтады. Жеткен жетістіктеріміздің қайсысында болмасын топтағылардың барлығының өзіндік қолтаңбасы бар. Жалғыз жүріп жарығаннан, көппен көрген ұлы той артық емес пе? Бұл жерде ән шырқайтын үшеуміздің ғана емес, ансамбліміздегі ән өңдеушілердің, аспапта ойнайтындардың, басы-қасында жүрген барлық жігіттердің еткен еңбегі, төккен тері бар», – деп ой бөлісті Мейрамбек Беспаев.

Мейрамбекпен бір сахнада, бір топта ұзақ жылдар ән айтып жүрген әнші Сәкен Майғазиев өмірдегі, өнердегі досын көзсіз батырға теңейді: «Мейрамбек сахнада қалай, өмірде де солай. Қазақта «көзсіз батыр» деген теңеу бар, Мейрамбекті көзсіз батыр дер едім. «МузАРТ» вокалды-аспаптық ансамблінің қалыптасуына да бірден бір себепкер болған – Мейрамбек. Ол тәуекелге бел буатын азаматтардың санатына жатады».

«АУЫРҒАН КЕЗДЕ ӨНЕРГЕ ҚҰЛҚЫМ ДА, ЗАУҚЫМ ДА БОЛМАДЫ»

2008 жылы Құдай берген талантымен, қазақылығымен, одан қалса сымбатымен көптің жүрегін жаулап, ел ықыласына бөленген Мейрамбек Беспаевтың өмірінде қиын кезеңдер басталды. Әнші қатерлі дертке шалдықты. Бір айда 30-35 келі салмақ тастап, адам танымастай арықтап кеткен.

«Ауырған кезде өнерге құлқым да, зауқым да болмады. Тіпті, ән айтқың да келмейді екен. Басында қандай диагноз екенін білген жоқпыз ғой. «Бұдан кейін ән жазамыз ба, жоқ па, бір Құдай біледі» деп, Арман мен Қалқаманға өтініш жасадық. Әлі есімнен кетпейді. Өзім он метр жүрсем шаршап қаламын. Бір айда 30-35 келі тастап, ішімде бір үрей пайда болды. Бірақ, өз-өзімді қинап, әнді жазуым керек деп, студияға келіп, әнді әрең айтып шыққаным бар», — деп еске алады әнші сол бір қиын кезеңді.

Әнші қатты ауырып, жүдеп қалған кездері ел арасында неше түрлі сыбыс тараған.

«Ол кезде Кәусарға жүкті едім. Мейрамбек арықтай бастады. Елдің бәрі «әйелі тастап кетіпті, сахнаға енді келмейді екен» деп жатты», – деп еске алады Мейрамбектің жары Мархабат Беспаева.

«Сахнаға тек бір Аллаға сыйынып шығамыз ғой. Көздің сұғынан, тілдің уытынан сақтайтын да бір Алла. Сондықтан да Алладан басқа сыйынарым жоқ. Ауырып қалған кезімде де халықтың ықыласын ерекше сезіндім. Қаншама хаттар алдым. Көпшіліктің маған деген ықыласына рахмет! Барған жерімде тілеулес болғандар бар. Бәріне разымын», – дейді әнші.

ШЫН СҮЙГЕНДЕР ҚОСЫЛАДЫ

Талай қыздың арманына айналған қоңыр дауысты әнші 2004 жылы отау құрды. Ол өзінен он жас кіші Мархабат есімді аруға үйленген. Бүгінде ерлі-зайыпты Кәусар және Әбухайыр есімді екі бала тәрбиелеп отыр. Өзінің жастық дәурені туралы әнші былай дейді: «Біреуге ес-түссіз ғашық болдым деп айта алмаймын. «Қарамасаң өлем-күйем» деген жағдайға да барған емеспін. Шыны керек, көбіне гастрольдік сапарларда жүретіндіктен, менде мұндай жүрістерге аса көп уақыт та бола бермейтін. Мен сүйгеніме қосылған адаммын. Жарыма ғашық болдым. Осыған қуанам, тәубе деймін. «Шын сүйгендер қосылмайды» дегенге өз басым сенбеймін. Бұл деген сезімге қатты беріліп кеткен адамдардың әңгімесі деп ойлаймын. Тіпті, кейбір адамдар бақытының қасында жүргенін де байқамайды. Сондықтан айтарым, қасыңдағы адамыңды бағалай білу керек».

Үйден гөрі түзде көп жүретін Мейрамбек Беспаев ата-анасының, отбасының қасында жиі бола алмайтынына қынжылады.
«Өзімді керемет әкемін деп айта алмаймын. Өйткені, үйде көп бола бермеймін. Балаларымның тәрбиесімен көбіне Мархабат, туысқандар айналысқаннан кейін өзімді керемет әкемін деп санай алмаймын», – деп шындығын айтты әнші.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақ эстардасындағы шоқтығы биік нағыз әншінің қоңыр үнін тыңдамайтын қазақ кемде-кем. Ол өзін жұлдыз емес, қазақы қоңыр тіршілікті аңсайтын қара баланың бірі санайды. Саналы ғұмырын өнерге арнап, қоңыр дауысты үнімен көптің сүйіктісіне айналған әншінің мықтылығы әннің лүпілін жоғалтпайтынында болса керек.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН«Qazaq»-тың Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here