ҚАЙ ЕЛДЕР ОРЫС ТІЛІНЕН ТОЛЫҚТАЙ БАС ТАРТТЫ?

0
64

«Wikipedia» ашық энциклопедиясына сенсек, әлемде 260 миллионнан астам адам орыс тілінде сөйлейді. Бұл көрсеткіш бойынша орыс тілі – қытай, ағылшын, хинди, испан, араб тілдерінен кейінгі әлемдегі алтыншы тіл саналады. Дегенмен, ұзақ жылдар ондаған елді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген алып империя (КСРО) құлағаннан кейін (1991) орыс тілінде сөйлеушілердің қатары азайды. Өйткені, Мәскеуден бөлініп кеткен 14 елдің (Қазақстан, Беларусь, Қырғызстаннан басқа) басым бөлігінде Пушкиннің тілі заң жүзінде мәртебесінен айырылды. Мәселен, 1990 жылы әлемде орыс тілінде 312 миллионнан астам адам сөйлесе, 28 жылдың ішінде бұл көрсеткіш 52 миллион адамға кеміген екен. Бір ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті төменде посткеңестік елдердегі орыс тілінің қазіргі жағдайына шолу жасайды.

ОРЫС ТІЛІ ҚАЙ ЕЛДЕ ӨЗІН «СУДА ЖҮЗГЕН БАЛЫҚТАЙ» ЕРКІН СЕЗІНЕДІ?

Әрине, Ресей Федерациясында орыс тілі өзін «суда жүзген балықтай» еркін сезінеді. Әлемдегі орыс тілінде ең көп сөйлейтіндер де солтүстіктегі көрші елде тұрады. Орыс тілін ондағы 146 миллион халықтың 119 миллионы ана тілі, ал 19 миллионы екінші тілі санайды. Мемлекет құрушы ұлттың ана тілі болғандықтан Ресей Федерациясында ешқашан орыс тілінің мәселесі болмайтыны түсінікті. Ал, ХХ ғасырдағы алып империя (КСРО) 1991 жылы тарих қойнауына кеткеннен кейін азаттық алған посткеңестік 14 елде орыс тілінің жағдайы айтарлықтай күрделене түсті.

Ресейлік «Внешняя политика» сараптамалық агенттігі өзінің «Языковая политика стран СНГ: положение русского языка» атты баяндамасында орыс тілінің мәртебесі бойынша ТМД елдерін үш санатқа бөледі.

Алғашқысына – орыс тілінің қолданылу аясы 50 пайыздан жоғары саналатын Беларусь, Қазақстан және Украина енеді. Бұл үш елде орыс тілінде сөйлейтін 59,6 миллион халық тұрса, соның ішінде 19,5 миллионы орыс тілін ана тілі санайды.

Заң бойынша аталған посткеңестік елдерде орыс тілінде білім алуға, қарым-қатынас жасауға және мемлекеттік қызмет атқаруға кедергі келтірілмейді. Сондықтан Беларусьте 75 пайыз, Қазақстанда 41 пайыз, ал Украинада 25 пайыз оқушылар орыс тілінде білім алады.

Айта кетейік, Қырғыз және Беларусь Республикаларының Конституциясында орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесі берілген. Ал, ҚР Конституциясының 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатыны» тайға таңба басқандай анық жазылған.

2014 жылға дейін орыс тілі басымдыққа ие болған Украинаның кейбір әкімшілік аймақтарында ресми тіл мәртебесі бар еді. Дегенмен, Қырым аннексиясы мен Украинаның оңтүстiк-шығысындағы соғыс салдарынан кейін ресми Киев орыс тіліне қырын қарай бастады. Орыс тілінде сөйлейтін 36,8 миллион халыққа, соның ішінде 8,4 миллион этникалық орысқа қарамастан орыс тілін барлық мәртебеден айырды. Бұл күрделі мәселеге төменде арнайы тоқталамыз. Айтпақшы, ағымдағы жылдың мамыр айында Украина ТМД құрамынан өз еркімен шықты.

Ресейлік «Внешняя политика» сараптамалық агенттігі екінші санатқа орыс тілінде сөйлейтіндердің үлес салмағы 40 пайызға дейін жететін Қырғызстан мен Молдованы жатқызады. Бұл қос елдегі 4,6 миллион халық орыс тілінде еркін сөйлесе, соның 600 мыңы этникалық орыстар екен.

Қырғызстанда орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесі берілсе, Молдовада орыс тілінің ондай заңдық күші жоқ. Әйтсе де, Қырғызстан оқушыларының 23 пайызы, Молдова оқушыларының 21 пайызы орыс тілінде білім алады.

Орыс тілін тұрғындарының 30 пайыздан азы қолданатын үшінші санаттағы елдерге – Түркіменстан, Әзербайжан, Армения және Грузия (бұл ел ТМД мүшелігінен 2009 жылы шықты) елдері жатады. Аталған төрт елде 10,3 миллион адам (соның 367 мыңы ана тілі санайды) орыс тілінде еркін сөйлейді. Бірақ, заң тұрғысынан орыс тілінің мәртебесі айқындалмағандықтан оқушылардың Әзербайжанда 7 пайызы, Грузияда 5 пайызы, Арменияда 2 пайызы ғана орыс тілінде білім алуға құқылы. Ал, Түркіменстанда орыс тілі мүлдем оқытылмайды.

Армения халқының 97 пайызы орыс тілін біледі, 70 пайызы сол тілде еркін сөйлейді. Мектептерде орыс тілі міндетті пән ретінде оқытылады. Дегенмен, заң тұрғысынан орыс тіліне ешқандай мәртебе қарастырылмаған.

Жоғарыда тілімізге тиек еткен ресейлік «Внешняя политика» сараптамалық агенттігі өзінің «Языковая политика стран СНГ: положение русского языка» атты баяндамасында бізге түсініксіз себептермен ТМД құрамына енетін Өзбекстан мен Тәжікстанды ескерусіз қалдырыпты. «Qazaq» газеті сол ұмыт қалған ортаазиялық екі елдегі орыс тілінің бүгінгі жағдайына тоқталады.

«Wikipedia» ашық энциклопедиясына сенсек, 32,1 миллион халқы бар Өзбекстанда орыс тілін жетік білетіндердің/сөйлейтіндердің қатары 11,8 миллион адамды құрайды. Дегенмен, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін орыстардың саны екі есе кеміді, яғни бүгінде 800 мыңға жетер-жетпес этникалық орыстар тұрады. Бұған еселеп кеміген украиндарды, татарларды қосыңыз. Демек, оңтүстіктегі көрші елде орыстілділердің қатары айтарлықтай азайды.

Өзбекстанда 1989 жылы өзбек тілі – мемлекеттік тіл, ал орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі болды. Орыс тілі өзінің бұл мәртебесін 1995 жылға дейін сақтап келді. Қазір Ташкент орыс тіліне шет тілі ретінде қарайды. Бірақ, орыс тіліндегі 800-дей мектеп бар, онда 370 мыңнан астам оқушы оқиды.

Тәжікстанда да орыс тілінің жағдайы жаман емес. Конституция бойынша орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі мәртебесіне ие және ресми түрде заңнаманы дайындау барысында қолданылады. Бұл елде 2,5 миллион орыстілділер тұрады, ал этникалық орыстардың саны бар болғаны 35 мыңды құрайды.

УКРАИНА ОРЫС ТІЛІНЕН МҮЛДЕМ БАС ТАРТТЫ. ЕНДІГІ КЕЗЕК КІМДЕ?

«Qazaq» газеті енді жоғарыда сөз болған Түркіменстан, Әзербайжан, Грузиядағы, Кремльдің бүгінгі «ата жауы» Украинадағы орыс тілінің күрделі ахуалына тоқталады.

Әлемдік қауымдастық үшін табиғи газдың қоры бойынша әлемде төртінші орын алатын Түркіменстан жабық елге айналды. Жабық елдегі орыс тілінің нақты жағдайын білу қиын. Бар білетініміз, бұл елде 900 мыңдай орыстілділер, 165 мыңдай этникалық орыстар тұрады. Ал, Бердімұхамедов дәуірі дүрілдеп тұрған Түркіменстанда орыс тілінде бұқаралық ақпарат құралдарын таратуға рұқсат етілмейді. Тіпті, орыс тілінде білім беру туралы жарнаманың өзі заңсыз саналады.

4,9 миллион орыс тілінде сөйлейтіндердің болғанына қарамастан Әзербайжанда орыс тілінде телеарналарда хабар таратуға екі сағат қана уақыт бөлінген. Біздегідей орыс тіліндегі қаптаған бұқаралық ақпарат құралдары, білім ордалары жоқ. Әзербайжан мектептерінде орыс тілі 1998 жылы шет тілі, ал 2002 жылы қосымша пән ретінде оқытылды. «Әзербайжан Республикасының мемлекеттік тіл туралы» Заңы бойынша 2002 жылы барлық іс-қағаздар мемлекеттік тілге өтті. Барлық мекеменің маңдайшасындағы жазулар, жарнамалар, көше атаулары тек әзербайжан тілінде жазылатын болды. 2008 жылдан бастап ресейлік телеарналар көрсетілімін тоқтатты.

Грузияда 1978 жылдан бері мемлекеттік тіл – грузин тілі болып бекітілген. Қазір де орыс тілінің ресми мәртебесі жоқ. Ондағы жастар орыс тілінен гөрі ағылшын тілінде сөйлеуді мақсат етеді. Ал, 2000 жылы Грузияда орыс тілінде білім беретін 214 мектеп болса, бүгінде бар болғаны екі ғана мектеп қалды. Бұл Кавказ елінде орыс тілінің қысым көруіне 2008 жылы Грузия мен Ресей арасында Оңтүстік Осетия үшін болған бес күндік соғыс та әсер етті. Бұл соғыста Ресей жеңді. Есесіне, Ресейдің осы бір тұрақсыз аймақтағы беделіне зиян келді. Сол жылдан бастап ресми Тбилиси ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарына тосқауыл қойды. Сонымен қатар, бүгінге дейін кинотеатрларда ресейлік кинолар мүлдем көрсетілмейді.

Кремль Грузиядағы жағдайды Украинада тағы қайталады. 2014 жылы Қырымды тартып алып, Украинаның оңтүстiк-шығысындағы соғысқа себепкер болды. Барлық жағынан Мәскеуге тәуелді болған Киев төрт жылдан бері Батыстың көмегімен өз бетінше өмір сүруге тырысып келеді. Дегенмен, Мәскеуге бағыттар өз «қаруы» және бар. Оның «қаруы» өз еліндегі ормандай орыстар мен орыстілділер, орыс білім ордалары мен бұқаралық ақпарат құралдары болды.

Иә, Украинада 36,8 миллион орыстілділер, 8,4 миллион этникалық орыстар тұрады. Соған қарамастан Киев заң жүзінде орыс тілін барлық мәртебеден айырды. Орыс тіліндегі мектептерді, колледждерді, университеттерді, бұқаралық ақпарат құралдарын біртіндеп жауып жатыр. Украина өзінің отандық бұқаралық ақпарат құралдарын ана тілінде хабар таратуға міндеттеді.

Украинада 2014 жылдан бері әлеуметтік және қоғамдық салада орыс тілін қолдануды түбегейлі жою жұмыстары жүргізіліп келеді. Президент Петр Порошенко Украина жерінде орыс тіліне ешқашан мемлекеттік тіл, тіпті ресми тіл мәртебесі де берілмейтінін қадап айтты.

Осы төрт жыл ішінде Украинадағы барлық орыс тіліндегі атаулар, мекеме маңдайшасындағы орыс тіліндегі жазулар, қажет десеңіз, вокзал, әуежай мен метродағы орысша жарнамалардың да көзі жойылуда. Мектеп бағдарламасындағы оқулықтар украин тілінде қайта жазылып, шетелдік фильмдердің дубляждары тек украин тілінде дыбысталуда.

Петр Порошенко 2017 жылы қол қойған білім туралы жаңа заңға сәйкес, биылғы жылы барлық мектептер бесінші сыныптан бастап украин тілінде оқытуға міндеттелді. Ал, 2020 жылы бұл бастама бастауыш сыныптарды да қамтиды.

ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ БҰЗҒАНДАР АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ

Балтық жағалауы елдері орыс тілінің ресми мәртебесін баяғыда-ақ жойып тастады. Латвия, Литва және Эстонияда орыс тілі «ұлттық азшылықтың тілі» саналады.

Шығыстағы алып көршісі Ресейден еш қорықпайтын жері де, халқы да өте аз бұл үш ел мемлекеттік тіл үшін күресті бір сәтке де тоқтатқан емес. Осыдан төрт-бес жыл бұрын тіл үшін күрестің қандай болатынына осы ел арқылы қаныға түскен едік. Мәселен, 2012 жылы Литвада орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін беру мақсатында ел тұрғындарының арасында референдум өткізілді. Алайда, ел халқының 25 пайыздайы ғана орыс тілінің ресми мәртебесін қолдаса, қалғандары бұған қарсы шықты. Сөйтіп, орыс тілінің екінші мемлекеттік тіл мәртебесін алу мақсаты жүзеге аспады. Ал, Литвада халықтың 45 пайызы (1,3 млн) орыс тілін жақсы білетінін, жалпы халықтың 6 пайызы (180 мың) этникалық орыстар екенін ескерсек, бұның өзі үлкен жеңіс еді.

2000 жылдан бері Латвияда мемлекеттік мекемелерде орыс тіліндегі арыз-шағымдар, өтініштер, жалпы құжаттар қабылданбайды. Ал, латыш тілінің мәртебесі орыс тілінен әлдеқайда биік тұрады.

Рас, Латвия мемлекеттік тіл туралы заңды бұзғандарды біздегідей маңдайынан сипап, еркелетіп қоймайды. Латвияның 2007-2011 жылдардағы президенті Валдис Затлерс тіл заңына селқос қараған азаматтарға 400-ден 1 000 еуроға дейін айыппұл салатын әкімшілік кодекске өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасына қол қойғанын ұмытқан жоқпыз.

Латвия, Литва, Эстония сынды Балтық жағалауы елдері тіл туралы заңды Қазақстан секілді 1989 жылы қабылдаса да, 1995 жылы оған түзетулер енгізіп, 2014 жылы тағы да қарады. Осылайша, үш рет заң қабылдады, өйткені елдегі тілдік ахуал алмасты, кезінде саяси амалмен қабылданған түйткілдер жаңартуды қажет етті. Яғни, олар заңды 4-5 жыл сайын өзгертті.

Қош, Латвия билігіне 2015 жылы жаңа президент Раймондс Вейонис келгенде жергілікті халық шешімін тауып келе жатқан тіл мәселесі тығырыққа тірелетініне сенгендей болды. Өйткені, қазіргі президенттің түп-тамыры орыс ұлтынан бастау алады. Әкесі – латыш, ал анасы – орыс. Президенттік билік тізгінін қолға алған тұста-ақ саясаттанушылар оның Кремльге қарсы қатаң саясат ұстанбайтынын жарыса айтқан-тын. Раймонд Вейонис сол кезде журналистерге берген сұхбатында: «Орыс тілінде қарым-қатынас жасаудан бас тартпаймын. Латвияның орыстілді бөлігімен орыс тілінде диалогты дамытуға кірісемін», – деп, мұны өзі де растағандай еді. Соған қарамастан Латвия сеймі (парламент) «Мемлекеттік тіл туралы» заңды бұзғандар үшін айыппұлды 10 мың еуроға дейін көбейту жөнінде заң жобасын мақұлдады. Бұл айыппұл мемлекеттік тілге ашық түрде қарсылық танытып, құрметсіздік көрсеткендерге салынады. Қазір бұл 350 еуро көлемінде болса, алдағы уақытта 700 еуроға дейін көбейту көзделген. Жеке адамдар үшін бұл айыппұл 250-700 еуроны құрайды, мұнымен қоса қызметінен айырылуға әкеп соғады. Ал заңды тұлғаларға 10 мың еуроға дейін айыппұл салынады.

Айтпақшы, мемлекеттік тілді өз деңгейінде қолданбаған адам 35 еуродан 280 еуроға дейін, ал егер сол заң бұзушылықты бір жыл ішінде бірнеше рет қайталаса, айыппұл 700 еуроға жетіп жығылады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлер үшін айыппұлды 350-700 еуроға көбейткенімен қоймай, жұмыстан босату шарасы да қолданылады.

Ол аз десеңіз, кезінде билік басына Раймонд Вейонис келгенде қатты қуанған орыстар мен орыстілділердің қуанышы бүгінде су сепкендей басылды. Күні кеше Латвия президенті жоғары білім беру орындары туралы заңға жекеменшік оқу орындарында орыс тілінде оқытуға тыйым салатын өзгеріс енгізуді бекітті.

«Түзетулерді екінші рет қарауға жібермеу туралы шешім қабылдадық. Себебі, білім берудің барлық сатысында ортақ тіл қолданыста болуы тиіс. Мұндай саяси шешім қабылданған екен, оны жарияламауға еш себеп көрмей тұрмын», – деп түсіндірді президент.

Латвияда қазір студенттердің 7,5 пайызы орыс тіліндегі бағдарлама бойынша оқиды. Келесі жылы 1 қаңтардан бастап орыс бөлімдеріне жаңа студент қабылдау тоқтатылады. Заң бойынша, шетел тілінде оқытуға тілдік немесе мәдени бағдарламаға сай ғана рұқсат беріледі. Жоғары оқу орындары туралы бұған дейінгі заң мемлекеттік оқу орындарында ғана тілдің қолданылуы мәселесін реттеген еді.

Биыл сәуірде Латвия президенті азшылық ұлттар мектептерін (негізінен орыс мектептері) латыш тілінде оқытуға көшіру жөніндегі реформаны бекітті. Бұған қарсы Латвия орыс одағы бірнеше рет наразылық акциясын ұйымдастырды. Ұйымдастырып та келеді. Дегенмен, оған қарап жатқан Рига жоқ.

Латвияда 1,9 миллион халық тұрады, оның 550 мыңға жуығы этникалық орыстар, 130 мыңдайы латыш тілін мойындағысы келмейтін орыстілділер.

Эстония халқының 25 пайызын (330 мың) орыстар құраса да, 1,3 миллион халқы бар бұл елде де орыс тілінің жағдайы мәз емес.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ресей Федерациясы орыс тілінің ТМД кеңістігінде кең таралуы үшін арнайы бағдарламалар қабылдап, қомақты қаржы бөлуін жалғастырып келеді. 2011 жылы «Русский язык» бағдарламасы қабылданды. Оған бөлінген қаржының жалпы көлемі – 2,5 млрд. рубль. Ал, 2007 жылы «Русский мир» қоры құрылды. Олардың негізгі мақсаты – орыс тілінің таралу аймағын кеңейту, оқулықтар дайындау, кітаптар шығару. Дегенмен, орыс тілінің мәртебесін ТМД деңгейінде ресми дәрежеге көтеру енді тым кеш болса керек.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here