Автокинотеатр кинотеатрды алмастыра ала ма?

0
4181

Коронавирус пандемиясының әсерінен қазақстандық киноиндустрия да құлдырап бара жатқандай әсер қалдырады. Елімізде алғаш төтенше жағдай енгізілгенде кинотеатрлар алғашқылардың бірі болып жабылды. Олардың әрқайсысы ай сайын 5 млрд теңге шығынға батты. Ал, республика бойынша осы салада табыс тауып жүрген 5 мыңдай адам жұмыссыз қалды.

Белгілі актриса, продюсер Баян Алагөзова пандемия кезінде бәрінен бұрын мәдениет саласының зардап шеккенін, оның ішіне киноиндустрияның да кіретінін және бұл салаға ешқандай мемлекеттік қолдау болмағанын айтты. Расында, коронадағдарыстан кәсіпкерлер ақырындап шығуға мемлекетпен бірге әрекет жасауда. Басқа да салалар қайта «тіріліп» жатыр. Ал, кинонарықта өлі тыныштық. 31 тамыздан бастап карантиндік шектеулер алына бастайды делінгенмен, кинотеатрлардың ашылар, ашылмасын ешкім де тіс жарып айтпайды.

Пандемия басталғалы бері алты айдың көлемінде киноөндіріс саласында бір ғана жаңалық болды десек болатын шығар. Ол – Алматыда еліміздің тарихында болмаған автокинотеатрдың ашылуы.

Иә, көбіміздің «ол не өзі» деп тосырқай қабылдайтынымыз түсінікті. Өйткені, бұрын-соңды мұндайды естімегеніміз жасырын емес.

Алдымен сөздік қорымызға енген жаңа терминнің мән-мағынасын ашып алсақ. Автокинотеатр дегеніміз ашық аспан астындағы жаздық немесе көліктік кинотеатр. Американдықтар «drive-in» деп те атайды. Шетелдерде әжептәуір сұранысқа ие. Бірақ, осы жаздық кинотеатрлар дәстүрлі кинокөрсетілімнің орнын алмастыра ала ма? Отандық сала мамандары не дейді? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін автокинотеатр мен кәдімгі кинотеатрдың аражігін сарапшылардың пікіріне сүйене отырып ажырататын болады.

Алматыда кинокөрсетілімнің дәстүрлі жүйесіне балама ретінде автокинотеатрдың іске қосылғанына көп уақыт өте қоймады.  Алайда, бірде-бір дистрибуциялық және жалға беретін компания осы жерде жаңа туындысын қоюға қадам жасамапты. Сондықтан негізінен репертуарын классикалық голливудтық картиналар, «Қазақфильмнің» архиві мен заманауи қазақстандық кино (оның ішінде Ақан Сатаевтың режиссерлік және продюсерлік жұмыстары да бар) құрайды.

«Автокинотеатрлар ондаған жылдар бойы қалыптасқан кинопрокат жүйесін қаншалықты алмастыра алады?» деген сауалымызға «Большая восьмерка» компаниясының продюсері Дәуіт Шайхисламов үн қатты. Жалпы продюсер коронавирус жағдайы мен қазақстандық кинематография жайлы ойын былай жеткізген болатын: «Мені басынан бастап автокинотеатрлардың сеанстарына шақырды, бірақ жеке басым бұған қызықпадым. Кез келген кинокартинаны ыңғайлы, салқын залдың қолайлы креслосында отырып көріп, сезіну керек қой. Ал, көлікпен тауға барып, табиғатты тамашалаған жақсы. Кино – бұл өнер, қозғалыс құралының контенті емес».

Дәуіт Шайхисламов киногер ретінде өз картиналарын бірінші кезекте кинотеатрларда көрсеткісі келетінін жасырмады: «Ол жердің өз аурасы болады, фильмді бір өзің көрмейсің, кем дегенде 200-250 көрермен болады. Зал түрлі көрініске, оқиғалар мен диалогтерге түрлі әсер етеді. Сол киноның ішінде жүргендей болады. Ал, онлайн кезінде көрермен өзін-өзі көреді, ең көбі 3-4 адам, сондықтан шығармашылық синтез соңына дейін жетпейді. Кинотеатр – бұл кино және театр, ал театр көрерменді онлайннан баурай ала ма? Жоқ, әрине».

Карантин ашылған соң Дәуіт Шайхисламовтың «Гудбай, мой бай-2» фильмі прокатқа шықпақ. Одан бөлек, «Оскар за Любовь» (сценарийі соңына тақап қалған) және қазақ жігіті мен орыс қызы туралы «Дударай XXI века» деген екі толықметражды жобаны дайындап отырғанға ұқсайды. Жоба авторлары аты аталған екі картинаның да қызықты болатынына уәде беріп отыр. Сценарийдің ұсақ-түйегіне дейін ойластырып жатыр екен. Карантинді қалай ресми түрде алып тастайды, солай толыққанды түсірілім процесіне кіріспек.

Белгілі актриса және продюсер Баян Алагөзова посткарантиндік кезеңге аса жақсы болжамдар жасамады. 

«Бәрінен бұрын мәдениет саласы зардап шекті деп ойлаймын. Әрине, оның ішінде кинематография да бар. Ең сорақысы, бізде қалыптасқан жағдайдан шығуға ешқандай мүмкіндігіміз жоқ. Өйткені, біз бәліш сатпаймыз, дәрі-дәрмек өндірмейміз, адамдармен жұмыс істейміз. Ал, бұл дәл қазіргі кезеңде өте қауіпті. Мемлекет тарапынан басқа салаларға жасалған жеңілдіктер шоу-бизнеске жасалмай келеді. Көптеген өнер адамдары, тіпті, төтенше жағдай және карантин кезінде тағайындалған төлемақыларын ала алмады. Кинематографияда да бәрі қиын, тіпті, кинотеатрлар ашыла ма, ашылмай ма, сараптама жасау қиын. Ашылған күнде де адамдардың бойында психологиялық кедергілердің болатыны түсінікті. Кинотеатрлар ашылғаннан кейін көрермендердің бірден билет сатып алып, залға кіретіні беймәлім. Мен бұл жағдай әлі бір жылдай жалғасады деп ойлаймын. Содан соң ғана кинотеатрларға бұрынғыша еш қорықпай бара аламыз», – дейді Баян Алагөзова.

Кинокөрсетілімнің жаңа алаңына қатысты «Станция судьбы» және «Сиситай» жобаларының продюсері күмәнді ой білдіреді: «Кинокөрсетілімнің балама түрі саналатын ашық аспан астындағы кинотеатр қармағы бар, балығы жоқ жағдайға ұқсайды. Көрермендерге стационарлы кинотеатрларда қабылдап үйренген жайлылық, дыбыс пен картинаның дәл сондай сапасын қамтамасыз ету үшін көп қаржы салу керек. Мен қарсы болғандықтан емес, әлі іштей дайын болмағандықтан жазғы және автокинотеатрларға өз фильмдерімді көрсете алмаймын. Өйткені, бұл жерде табыс анау айтқан көп болмайды. Нақты 90 билет сатылса да, кино өндірісіне кеткен шығынды жаба алмайды. Ал, фильм түсіру, бұл – қымбат тұратын процесс. Егер мұндай алаңдар көбейсе, онда ойланып көретін шығармын. Себебі, жақын арада саладағы жалғыз шешім осы болар».

Қазақстандық актер Жандос Айбасов пен оның серіктестері негізін қалаған «Art Dealers» компаниясы індет пен карантиннен алғашқылардың бірі болып зардап шекті. Олардың дебютті «Жаным, ты не поверишь» туындысы тек бір апта ғана қойылды, аз уақыттың ішінде танымал бола бастады және осы жылдың белгілі хиттерінің біріне айналатыны сөзсіз еді. Алайда, енгізілген карантиндік шектеулер фильмнің прокатта құсша самғаған тағдырын тас-талқан етті. Жандос Айбасов та кинонарықтың дамуына қатты алаңдаулы.

«Қазақстанда коронавирус пен кинематография саласындағы жағдай өте ауыр. Біз жаңа фильмдер түсіре алмаймыз, түсіріліп қойған фильмдерді де айналдыра алмаймыз, өйткені елімізде кинотеатрлар әлі күнге дейін жабық. Жақын арада кинозалдар ашылып, жұмыс істей аламыз деп үміттенемін. Кино саласының қарқыны күрт бәсеңдеген кезеңге тап болдық. Бұл – бір. Екіншіден, автокинотеатр кәдімгі кинотеатрды ешқашан алмастыра алмайды, өйткені   екеуі мүлде бөлек нәрсе. Пандемиялық ахуал тек бізде ғана емес, бүкіл әлемде оңай соғып тұрған жоқ. Карантин басталған кезде мен біздің кинотеатрларымызды қолдауға шақырған болатынмын. Себебі, егер олар банкрот болып жабылып қалса, біз киноларымызды қай жерде көрсетеміз? Біздерге, киногерлерге кинотеатр екінші үйіміз! Мен кинотеатрлардың дәл қазір ашылғанын талап етпеймін. Мемлекет осы бизнесті қандай да бір жолдармен қолдаса екен деймін. Кинотеатрлар бізге керек. Әлі-ақ бұл вирусты жеңеміз, сөйтіп жұмысты жалғастырамыз, сол кезде өз контентінімізді қай жерде көрсетеміз? Міне, басты сауал осы. Отандық кинокөрсетілімге назар аударатын уақыт жетті деп есептеймін», – деді ашығын айтқан актер.

Қазақстандағы киноиндустрияның құлдырауы мен күйзелісті көңіл-күйіне қарамай, «Art dealers» компаниясы «Жаным, ты не поверишь» фильмінің қайталама прокатына дайындалу үстінде. Басқа да «Умри или вспомни» деген сияқты жаңа жобаларды жоспарлап отыр. 

Автокинотеатр жайлы қорытынды сөзді Қазақстан киносыншылары қауымдастығының мүшесі Кәрім Қадырбаев айтты: «Жазғы кинотеатрларды кинопрокаттың дәстүрлі жүйесіне балама ретінде қарастыруға мүлде болмайды. Оның бірнеше себептері бар. Біріншіден, автокинотеатрдың жұмыс уақыты шектеулі, яғни қазір Алматыда жұмыс істеп тұрған  автокинотеатр күн қарайғаннан соң екі-ақ сеанс көрсете алады. Екіншіден, автокинотеатр аудиторияны шектейді. Егер сіз голливудтық немесе жергілікті блокбастердің тұсаукесері қызып тұрған кезде барсаңыз, көрерменнің басым көпшілігі – жасөспірімдер мен студенттер екенін байқайсыз. Олар жас ерекшелігіне қарай не әлеуметтік жағдайына байланысты автокөлікке мінуге жағдайы жетпейді. Өзімнің және таныстарымның жеке тәжірибесінен автомобильшілердің қатарына қосыла алмайтынымды білемін. Сондықтан, автокинотеатр үлкендерге – жабық шекара. Ең бастысы, Қазақстан сияқты елде ең арзан деген киноөнімнің шығындары ақталуы үшін автокинотеатрлардың әрбір көше қиылысында болуы шарт. Одан бөлек, ең маңызды мәселенің бірі – автокинотеатрлар белгілі себептерге байланысты өндірушілерге олардың авторлық құқығын сақтауға ешқандай кепілдік бере алмайды. Кинокөрсетілімнің дәстүрлі жүйесінде құқық иесіне сыйақы тағайындау қарастырылған және көптеген жылдардан бері осылай. Ал, автокинотеатрлардың жұмысын заң тұрғысынан басқару да қиын мәселе».

Пандемияға байланысты билеттер сатылымына тыйым салу еліміздің кинотеатрларын ай сайын 5 млрд теңге шығынға ұшыратып отыр. Мұны «Арман» киножелісінің директоры Бауыржан Шүкеновтен білдік.  

«Бұл сома кинотеатр айналымының соңғы үш жылдық мөлшерімен есептеліп отыр. Кинотеатрдың жылдық орташа табысы шамамен 60 млрд  теңгені құрайды. Біздің есебіміз бойынша, тыйым салынғаннан кейін билет сатылымынан кинотеатрлар ай сайын 5 млрд теңге жоғалтады. Кинотеатрлар маңайында орналасқан фудкорттар, отандық кино өндірушілер есепке алмағанда сондай шығын шығады», – деп түсіндіреді Бауыржан Шүкенов. 

Байқағанымыздай, кинокомпаниялар мен кинотеатр иелері мемлекет тарапынан ашықтық пен айқындық болғанын қалайды.

«Жергілікті билік өкілдері кинотеатрларды нақты қай уақыттан бастап жауып, қай кезде ашатынымызды шамамен алдын ала айтса. Әрине, қазір коронавирустың қалай қарқын алатынын ешкім де болжап айта алмайды. Алайда, бағдарлы уақытты 3-4 апта алдын хабарласа. Себебі, киноиндустрия контенттің есебінен күн көреді. Егер бір айдан кейін кинотеатрларды ашсақ, халыққа не көрсететінімізді біліп отыруымыз қажет. Контент жоспарлауды қажет етеді», – дейді Бауыржан Шүкенов.

Қазақстандық интернет-бизнес қауымдастығының президенті Константин Горожанкин кинотеатрлардың мүддесін қорғайтын азамат ретінде біздің еліміздің де әлемдік тәжірибеге сүйенуі қажеттігін айтады.

«Коронавирус індеті таралған елдерде мәдени мекемелер жабылды. Қалғандарында өнер ошақтарына белгілі бір шектеулер қойылды. Мысалы, 1 мың адамға лайықталған іс-шаралар кейінге шегерілмеді, ал одан жоғары болса өткізілмеді. Мәселен, Ресейде 5 мың адамға дейінгі іс-шаралар өткізілген. Біз де Қазақстанға Қытайдың кино билеттері әрбір сатып алушыға емес, екеуара сатылған кездегі тәжірибесін қолдануды ұсынамыз», – деген Константин Горожанкин Қазақстанның кез келген кинотеатрында шамамен 100 келушіден артық келмейтінін де айтты.

Константин Горожанкиннің сөзіне сүйенсек, кинотеатрлар сауда, ойын-сауық орталықтарының ең бір өтімді жері. Қазақстандық кинотеатрларда жалпы алғанда 5 мыңдай адам жұмыс істейтінін қоса есепке алсақ, жан-жақты шығындар болып жатқаны өкінішті. Одан бөлек, көптеген кинотеатрлар ғимаратын жалға алып отырғаны тағы бар.   

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Біз жоғарыда келтірілген сарапшылардың пікірінен кейін мынадай қорытындыға келдік.

Рас, автокинотеатрлардың өмір сүруге қақысы бар. Алайда, кинопрокат жүйесіне балама ретінде емес, мысалы, контентті өткізетін екінші нарық іспетті. Яғни, прокаттық тағдыры өтелген қазақстандық өнімдер екінші өмірін бастап, аталған алаңдарда қосымша тиын-тебен табуына мүмкіндік берілсе. Одан басқасы бос әңгіме.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ, шолушы

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here