Қазақтың ою-өрнегін дәріптеген ұлттық бренд

0
7261

Әлемдік деңгейде ұлттық брендке айналған атаулар/тауарлар бар. Мысалы, «Mercedes» дегенде бірден есіңізге Германия түседі. «Hollywood» – АҚШ, «Bollywood» – Үндістан, «Toyota» – Жапония, «Samsung» – Оңтүстік Корея, тіпті алысқа бармай-ақ «Daewoo Nexia» дегенде алдымен көршіміз Өзбекстан ойымызға оралады. Демек, мемлекеттің атын әлемге әйгілейтін тауарлық брендтің болғанына әр мемлекет мүдделі.

Өкінішке қарай, елімізді әлем жұртшылығына кеңінен танытатын, ұлттық брендіміз болатын дүниелер бізде бар болғанымен, тәуелсіздік алған осы 28 жылдың ішінде біз оларды халықаралық деңгейге шығарып, дұрыс насихаттай алмадық.

Әрбір тарихи дәуір өзіндік бет-бейнесі мен мұрасын ала келеді. Қазақтың да басқа халықтардай ата-бабадан қалған ұлттық нақыштағы бұйымдары жетерлік. Ал, хас шеберлердің қолынан шыққан бұл қазақы дүниелеріміз көздің жауын алатыны жасырын емес. Дегенмен, бүгінде ұлттық бұйымдарымыз әлемге танылмақ түгілі өзіміздің ұрпақ мұрасына айнала алмай отырғаны шындық. Өйткені, сырт елдердің дүниесі баса-көктей еніп, қазақтың ұлттық нақыштағы бұйымдары тасада қалып келеді.

Рас, ұлттық бұйымдар сатылатын дүкендер жоқ, болса да саусақпен санарлықтай аз. Тіпті, бар болған күннің өзінде бағасы қымбат, қарапайым халыққа қолжетімді емес әрі үлкен қалаларда ғана орналасқан. Оның өзінде жекелеген жерлерде ғана саудаға шығарылады. Бұл ұлттық бұйымдарды жасайтын он саусағынан өнер тамған шеберлердің аздығынан емес, әрине. Бар гәп – істің көзін таба білмеуімізде, яғни бұл салаға кәсіпкерлер көптеп келіп, бұған бизнес ретінде қараулары керек. Оның үстіне мемлекеттік тұрғыдан да оң көзқарас болмай, бұл мәселе шешілмейді. Дегенмен, осы олқылықтың орнын толтыруға атсалысып жүрген жекелеген азаматтардың еңбегін жоққа шығаруға тағы болмайды.

Қазақ халқы ертеден тері илеп, былғарыдан тұрмысқа қажетті заттар дайындаумен айналысқаны белгілі. Бүгінде ұлттық нақышта ою-өрнек басылған белдік, әмиян, сөмке, аяқ-киім, күнделік, жылулық, ұялы телефон қаптарын дайындаумен айналысатын «Mukajan» компаниясының Қазақстанның төрт қаласында (Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Жаңаөзен) өз дүкендері бар. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін ұлттық бренд болуға лайықты тауарларды жарыққа/нарыққа шығарып жүрген Алмас Мұқажанның «Mukajan» компаниясына тоқталады.

ЖҮРЕГІ ОЮДАН ЖАРАТЫЛҒАН КӘСІПКЕР

Әр отбасында ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын жақсы дәстүр болады. «Ат тұяғын тай басар» дегендей, «Кәсіп пен нәсіптің» бүгінгі кейіпкері Алмас Мұқажанның бойындағы өнер де қанмен берілді. Атасы Мұқажан мен әкесі Аманның жолын абыроймен жалғап келеді.

«Атам былғары мен теріден түрлі тұрмысқа қажет бұйымдар жасайтын шебер болды. Атамның қолөнер шеберлігі кейіннен әкеме дарыса керек. Әкем Аман – зергер. Күміс пен алтыннан түрлі алқа, жүзік, сырға және тағы басқа әйел затына қажетті бұйымдар жасайды. Алматы маңындағы шеберлер тұратын ауылда өмірге келдім. Бала кезімнен осындай шеберлікті көріп өстім. Мұндағы азаматтар қамшы өреді, ер-тоқым жасайды, киіз үйдің түр-түрін тігеді», – деп әңгімесін  бастады  Алмас Мұқажан.

Иә, зергерлік – атадан балаға мирасқа берілетін киелі өнер. Өйткені, бұйымның қалай жасалғанын көзбен көрмейінше, оны сезіну де мүмкін емес. Алмас Мұқажан да атасынан әкесіне, әкесінен өзіне дарыған өнерді жастайынан дамытып, бүгінгі күні өзінің табар табысына, дөңгелетер кәсібіне айналдырды.

«Алтыншы сыныптан кейін оқуымды Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының мектеп-интернатында жалғастырдым. Кейіннен колледжде – көркем сурет, ал академияда дизайн мамандығы бойынша білім алдым. Әкемнен зергерліктің қыр-сырын үйреніп алғандықтан, дизайн саласын  меңгергім  келді.  Колледжде оқып жүргенімде қазақтың ою-өрнегі сәнде болмаған еді. Ес білгелі көргенім қазақы сипаттағы түрлі ою-өрнектермен әшекейленген бұйымдар болғандықтан, бұл жағдай жаныма  қатты батты. Оның үстіне менің түсінігімдегі көркемдік, әсемдік ұғымы сөзсіз оюмен  байланысты еді. Әу баста, оюмен өрнектелген кез келген туынды сән әлемінің төрінен теуіп тұрып орын алатынын дәлелдегім келсе керек», – деп ағынан жарылды мамандық таңдауда қателеспеген ұлтжанды кәсіпкер.

Ұлттық нақыштағы бұйымдарды нарыққа шығару, оған тұтынушылардың сұранысын арттыру оңай шаруа еместігін, өзінің жүрегі оюдан жаратылғанын, кез келген кәсібінің көркіне әр беретін ұлттық ою-өрнектер екенін жасырмай айтқан Алмас Аманұлы алдынан қандай қиындықтар кездессе де, бұл кәсіптен ешқашан бас тартпайтынын алға тартты. Өйткені, ұлттық бұйымдарды халыққа ұсынудың ебін тауып, мұндай дүниелер әрдайым сән әлемінің төрінде тұруға хақы бар екенін дәлелдегісі келеді. Бәлкім, «Тектіден тексіз тумайды» деген осы шығар.

«MUKAJAN»: КЕШЕ, БҮГІН, ЕРТЕҢ

Атасының құрметіне орай компаниясына «Mukajan» деген атау берген кәсіпкерден бизнесінің алғаш қалай басталғанын сұрадық.

«Студенттік кезімдегі кез келген авторлық жұмысыма қазақылықтың қолтаңбасын қолданып жүрдім. Ұялы телефондарға арнап оюмен өрнектелген қапшық жасау ойым әріптес достарым тарапынан қолдау таппады. Ал, анам да кәсіпкерлікпен айналысады. Ол кісінің «Сенің бизнес жоспарыңның болашағын тек өзің көре аласың» деген сөзінен кейін «оюмен өрнектелген бұйымдардың болашағын көріп тұрсам, кәсібімді сонымен байланыстырғаным дұрыс болар» деп нақты жоспар құрып, бұл кәсіпті жүзеге асыруға кірістім. Бастапқыда, әкемнің шеберханасында жасалған бұйымдарды сыртқа сатып, қаражат тауып жүрдім. Содан анам «Кәсіппен айналысуыңа барлық жағдай жасалған. Шеберхана да бар. Ал, сатуға дайын бұйымдар әкеңнің еңбегімен жасалады. Сенікі тек сату, бұл кәсіп емес» деді. Ойлана келе жеңілдің үстімен жүрген кәсіпкер екенімді түсіндім. Сөйтіп, сыртта бөлек жұмыс жасап, кәсіп бастауға қаражат жинауға көштім. Екі жыл көлемінде фотограф болдым. «Мұқажан-студио» деген атпен суретке түсіріп жүрдім. Екі жылда біраз қаражат жинап, бұл кәсібімді бастап кеттім. Сөйтіп, бұл бизнестің «инвесторы» – «Мұқажан-студия» болды», – деп естеліктерімен бөлісіп, өткен күнге шегініс жасады Алмас Мұқажан.

Осыдан сегіз жыл бұрын Алматы қаласында табиғи былғарыдан жасалған ою-өрнекті заттар шығаратын/сататын алғашқы «Mukajan» кәсіпорны/дүкені ашылса, бүгінде бұл дүкендер желісі «оңтүстік астанадан» бөлек Нұр-Сұлтан, Ақтау, Жаңаөзен қалаларында да бар. Бұл дүкендерде «Mukajan» компаниясының ою-өрнек басылған, таза былғарыдан жасалған ұлттық нақыштағы белдік, әмиян, сөмке, аяқ-киім, жылулық, күнделік, ұялы телефон қаптары және күміс пен табиғи тастардан жасалған әшекей бұйымдар сатылады. Алдағы уақытта «Mukajan» компаниясы басқа да тауар түрлерін сатылымға шығарады. Бір қарағанда, бұлар күнделікті қолданыстағы қарапайым бұйым көрінгенімен, біле білген адамға әр заттың астарында тұнған тарихы бар қазақтың ою-өрнектері бейнеленген.

Қазақ халқының ұмытылып бара жатқан ою-өрнегін жаңғыртып, жаңаша леппен насихаттауды мақсат еткен кәсіпкердің әр күні қарбаласқа толы екенін ішіміз сезеді.

«MUKAJAN» САННАН БҰРЫН САПАҒА МӘН БЕРЕДІ

Бүгінде «Mukajan»-ның ұлттық оюмен көмкерілген өнімдеріне тек өзіміздің Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де сұраныс аса жоғары. Дегенмен, кәсіпкер саннан бұрын сапаға баса назар аударатынын айтты.

«Біз санға емес, сапаға жұмыс істейміз. Сұраныс көп екен деп, қаптатып өнім шығара бергіміз келмейді. Баппен, байыппен тұтынушыларға сапалы дүние ұсынғым келеді. Бұл мақсатымнан еш уақытта тайған емеспін», – деп түсіндірді кәсіпкер.

Алмас Аманұлының пікірінше, әлемдік брендке сай болу үшін сапа мен сұраныс өте жоғары деңгейде болуы қажет. Осы қажеттіліктерді толықтырып, сапа мен сұранысты арттырып келе жатқан компания әлемдік стандартқа сай дүние-лер жасауға барын салып келеді.

«Біздің компания сегіз жыл бұрын кәсіп ретінде басталғанымен, соңғы үш жылда бренд ретінде қалыптасып, тұтынушылардың үлкен сұранысына ие болды. Осыдан кейін үлкен бизнеспен айналысып жүрген аға-көкелерімізден «бұл кәсіпті бірлесе дамытайық» деген ұсыныстар түсе бастады. Әу баста тек өзім бастағаннан кейін, барлық қиыншылығын өзім бастан өткергеннен кейін бұл кәсіпке қиянат жасағым келмейді. Оның үстіне, ұлттық нақыштағы бұйымдардың нәзіктігін сол кәсіпкер түсінсе жақсы. Тек қомақты қаражатты көздейтіндер мұндай дүниелердің қадірін жіті түсіне бермейді. Сол себепті көп пайда таппасам да, байыппен өзім айналыса бергенім дұрыс та шығар. Бұл – бір. Екіншіден, Қазақстанда сапалы былғары табу қиын. Сондықтан көршілес Қытай елінен былғары жеткізуге тура келеді. Егер елімізде сапасы жоғары былғары дайындайтын зауыт болса, еш ойланбастан отандық өнімді тұтынар едік», – деген кәсіпкер бір мәселенің ұшын шығарды.

Расында да, ұлттық бұйымдарымыз қазіргі күні әлемнің азуын айға білеген елдерінің өзін таң-тамаша қалдырып отырғаны белгілі. Ол АҚШ, Батыс Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азияның жетекші елдерінде өтіп жүрген бүкіләлемдік көрмелер кезінде де байқалады. Сол кезде жер-жаһанның сарапшы мамандарының қазақтың бай мәдениеті мен дәстүріне ауыздарының суы құрып жүргендерін көз көріп, құлақ естиді. Алайда, өзгеге таңсық болған ата дәстүріміздің айғағы боларлық ұлттық нақыштағы бұйымдар қолға түсе бермейді. Өйткені, дүкен сөрелерінде олар қасқалдақтың қанынан да қат болғанымен бірен-саран. Сондай дүкендердің бірі – «Mukajan»-ның нарықта алар орны ерек.

«Бүгінде елімізде тері мен былғары өнімдерін өндіру өркендеп келеді. Бұл – қуантарлық жағдай. Елім деп елжіреген әрбір азамат мемлекеттің әр салада өскенін қалайды. Біздің компания осы бағытта жұмыс жасайды. Тері және былғары өнімдерін өндіруші кәсіпорындар бар. Ал, біздің өнімнің ерекшелігі – дизайнер ретінде барлық шыққан өнімдердің үлгісін өзім сызамын, өзім жасаймын. Себебі, қазақтың даласында өскен ұл болғаннан кейін әрбір оюдың орны мен үшін ерекше. Оны сезіну, сезінген дүниеңді өнімге айналдыру – нағыз ләззат аларлық жұмыс. Тұтынушыларымыздан «сіздердің өнімнен қазақилықтың иісі аңқып тұрады» дейтін сөзді есту – біз үшін үлкен мәртебе», – деді сөз соңында нарықтың талабына бейімделе білген кәсіпкер.

Міне, біз Алмас Мұқажан басқаратын компанияның қызметімен танысқанда марқайып қалдық. Неге десеңіз, заманауи үлгіні сақтай отырып, ұлттық нақышта жасалған үстіміздегі киімнен, қолымыздағы әмияннан, күнделікті қолданатын тұрмыстық заттардан ұлттың иісі аңқып тұрса, бұл ең алдымен ұлтқа деген ұлы сезімді, құрметті, отансүйгіштік қасиетті, қазақи келбетті байқатады ғой. Сондықтан да, «Mukajan»-ның бастамасын құптамасқа болмайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жаһандануға адамзат өміріне тек қана саяси-экономикалық өзгерістер әкелетін кұбылыс деп қарауға болмайды. Бұл – әлеуметтік қатынастар жүйесін тұтас өзгертумен қатар, ұлттардың рухани әлеміне, ұлттық құндылықтарына кері әсері бар үрдіс. Жаһандану шығыс елдеріне ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, ғаламдық қаты-настарға бейімделу дейтін үлкен мәселе тауып берді.

Рас, Қазақстан халқына жаһанданудың кері әсері материалдық мәдениетте көрініп тұр. Біздің қазіргі үстіміздегі киіміміз бен тұтынатын заттарымыз, яғни күнделікті өмірдегі материалдық мәдениетіміздің барлығы да Батыс стандарттарына сәйкестендірілген. Бұдан, әрине, біз енді құтыла алмаспыз. Десек те, мемлекет алдында күштілермен есептесу, сонымен бірге өз ұлттық болмысын, бет-бейнесін, күнделікті тұтынатын заттарда ұлттық нақышын сақтап қалу міндеті тұр. Бұл алдымен жаһанданудың апанында жұтылып кетпеу үшін қажет. Бір ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газетінің бұл тақырыпты жиі көтеруінің мәнісі де осында жатыр.

ӘЛИЯ ІҢКӘРБЕК, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

РЕДАКЦИЯДАН: «Mukajan» компаниясының өнімдеріне қатысты сұрақтарыңыз болса, +7 (747) 555 10 19 телефон нөміріне қоңырау шалыңыздар!

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here