«Сарра» – қазақ руханиятының орасан зор табысы

0
6192

Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған «Сарра» драматургиялық шығармалар жинағының авторы Роза Мұқанова – қазақ әдебиетінің дамуына, көркемдік сапасының көтерілуіне айрықша үлес қосқан, шағын және орта көлемдегі жанрдың көкжиегін кеңейткен, мазмұны мен түрін, сипатын, поэтикасын жаңа леппен байытқан ірі суреткер. Ақиқатында,  Роза Мұқанова – Тәуелсіз қазақ әдебиетінің ең танымал, аса жарқын өкілдерінің бірегейі.

Әдебиет саласындағы ең жоғары сыйлық аламанына түскен «Сарра» кітабы хақында пікір білдіруге міндеттіміз. Жазушы-драматург шығармашылығын бір кісідей жақсы білетін әдебиетші әрі оқырманы болғандықтан. Сөз жоқ, «Сарра» драматургиялық шығармалар жинағы – қазақ руханиятының орасан зор табысы. Ойымызды қуаттай түсейік, дәлелмен-дәйекпен кесімді пікір білдірейік.

Суреткер Роза Қажығалымқызы қос қанатты құс сияқты көркем әдебиет әлемінде еркін самғап, қанатын түу биіктерге, заңғар көктерге батыл сермеген талант. Проза, драматургия салаларына нық қадам басып, алғашқы шығармасымен-ақ әдеби ортаны елең еткізген, театр саласына құбылыс болып келген-ді.

Қаламгердің тақырып таңдау ерекшелігі де қызық. Оның кез келген шығармасының қазіргі қоғамға, біздің замандастың болмысына, ешкімге айта алмайтын жеке адамның өзіне ғана тән ішкі сыры мен мұңына арналғандығын атамай өте алмаймыз. Осы ретте, тек Роза Мұқанованың ғана қаламына тән өзгешелік – оның басқа ешбір жазушыға еліктемей, жан-жағына жалтақтамай, керісінше, өзі көрген, көңіліне түйген, өзіне етене таныс замандас бейнесін, қоғам тіршілігін әр қырынан, түрлі ракурста суреттеп, соны өзінің бүкіл шығармашылығының өзегіне, күретамырына тақырып етіп алғандығы. Мәселен, еліміз Тәуелсіздігін жариялап, кеңестік билік үстемдік құрған кезеңде жоғалтқан, жадынан өшірген ұлттық құндылықтарын іздеп, тауып, қайтадан қолданысқа енгізіп жатқанда, жазушы да еңсесі түскен елінің басын тік көтеруіне қолынан келгенше хал-қадари қызмет еткен. Ата-бабамыз ұстанған асыл дінімізді дәріптейтін Рағбузидың «Қисса-сүл-әнбийя-и» кітабын алғаш рет қазақ тіліне тәржімалап, мұсылмандыққа ден қойған исі алаш баласының кәдесіне жарайтын зор істі тындырған болатын. Мұны айтып отырғанымыз сол – осы қасиетті діни әдебиеттегі оқиғалар мен аңыз-қиссалар жазушының көзқарасына, дүниетанымына зор ықпал еткен.

Жастайынан жаны нәзік, сезімге тез берілгіш қалам иесі әрбір эпизодтан, әр риуаяттан тақырып тауып, шығармашылық зертханасын ұлттық танымға, ұлттық құндылыққа негіздеген. Ұзақ уақытқа созылған шығармашылық барлау ақырында жүрек сөзі боп ақ қағазға төгілген. Соның нәтижесі, жемісі – елордамыздағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының сахнасынан көрерменге жол тартқан «Сарра» драмасы.

«Сарра» драмасына хазіреті Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар мен жұбайы хазіреті Сарраның тағдыры арқау болған. Тарих парақтарына зер салсақ, Сарраның бала сүйетін мүмкіндігі болмаған, еріне сәби сыйлай алмай қаншама жыл үмітпен таң атырған бейбақ еді. Бірақ ол ақылды еді. Парасат-пайымы бөлек кісі. Ақылды әйел кәнизәгі Ажарды күйеуімен қосып, перзент сүйдірген. Бүгінгі күнде де ұрпақ сүю – өзекті әрі күрделі мәселе. Қаншама жас отбасы бір сәбиге зар болып жүр. Ал мына туынды өз көрерменін ойландырып, толғандыратын дүние. 2016 жылы аталмыш спектакльдің премьерасы өткенде алғашқылардың бірі болып көрген едік. Шынымызды айтсақ, екі-үш аптадай шығарманың шырмауынан шыға алмай, толғаныс үстінде жүрдік. Бұл, әрине, қаламгердің көрерменін сендіре білген, иландыра білген қасиеті.

Жазушының «Сарқаншық», «Өзің», «Тұл», «Шерменде», «Дүние кезек», «Құдірет-Кие», «Муза», «Қаралы төбе», «Аида», «Сормаңдай» секілді классикалық әңгімелері – қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған сүбелі туындылар. Егер де біздің қазіргі жас режиссерлер бір кездегі атақты жаңашыл режиссер Болат Атабаев сияқты тақырып іздеп, автордың әңгімелеріне назар аударса, «Қатын патша У», «Құдірет-Кие», «Соқыр көзден шыққан жас», «Кешір мені» шығармаларының театр сахнасына сұранып тұрғанын байқар еді. Айтайық дегеніміз – жазушы Роза Мұқанованың әрбір әңгімесінде қайнаған өмір, шынайы да боямасыз тіршілік суреттері, ширақ динамика бар. Бәлкім, автор қолына қаламын алып, ой көрігіндегі тәтті сөздерін қағазға түсіргенде, кейіпкерлеріне айналып, олардың болмысын ашуы үшін өзі рөлге еніп отыруы да мүмкін. Әбден мүмкін. Өйткені, оның жазғандарын оқып отырып, өзіңнің сол кейіпкер тұлғасына қалай айналып кеткеніңді білмей де қаласың. Меніңше, Роза Мұқанова әңгіме я пьеса жазар алдында оны жанрға жіктеп, атын танып, түрін түстемесе керек-ті. Оның әңгімелерінің театр сахнасына тез бейімделетіні де сондықтан. Режиссерлер үшін Роза Мұқанованың шығармашылық әлемі – жаһұты мен түрлі-түсті бағалы тасы мол қымбат қазына аралы. Мұқанованың сырлы сөзден соққан әлеміне үңілген кез келген режиссердің жолы да болады, аты да шығады. Себебі, Роза Мұқанова өзін ғана емес, айналасындағыларды да жарылқайтын қолы ашық, қарымы кең қаламгер.

Жазушы-драматургтың шығармашылық поэтикасы өте бай. Көркемдік стилінде өзіне тән өрнектер қалыптасқан. Оның бейнелеу құралдарында өзіндік сонылық бар. Әңгімелеріндегі қиыннан қиыстырып тапқан теңеулері, өзгеше метафоралары суреткердің баяндау машығына көрік беріп, туындының өн бойын ажарландырып тұрады. Мысалы, «Үкінің жүніндей нәзік, екі құлағың мен жоныңнан төсіңе қарай құлаған үлпілдек ұп-ұсақ бұйра жүндерің де өзіңе ғана, өз сұлулығыңа ғана тән» («Сарқаншық»); «Төрт түлігің сай адамдай алшаңдап басып, шолақ шалбарыңды шолтаңдатып, көңіліңнің жүйріктігіне өзің ілесе алмай мәз болып ұшып келесің, құдай-ай…» («Өзің»); «Тас үйдің бұрышында илектеніп жатқан шапанның үстіне отырды. Арқасын сүйеп, көзін жұмды. Ұйқының әсері ме, сары тікендей қадалып, көзін аштырмайды. Миы бүлкілдеп, ұйқыны қаламайды» («Композитор») деген сықылды балаулар автордың өз тапқаны. Сосын, осы мысалға алынған тіркестердің бәрі қазақтың ұлттық танымына сай жасалған образдар.

Біз осы күнге дейін еліміздің маңдайалды театрларының сахнасынан драматург Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», «Қаралы сұлу», «Сарра», «Ешкім де кінәлі емес» спектакльдерін көріп, сәтті шыққанына қуанған көрермен қатарынанбыз. Автордың спектакльдерін бір емес, әлденеше рет көргендіктен, оның драматургтық ерекшелігіне тәнті болғанбыз. Анық байқағанымыз – драматург қолжазбасын (пьеса) оқыған режиссер бірден шығарманың табиғатын түсіне алатындығы. Мысалы, «Шатыр астындағы Мен», «Мысықтар патшалығы», «Сарра», «Фариза» сияқты пьесаларды журналдан оқып, режиссурасын ойша елестеткенбіз. Спектакльді көргенде оқырман ойы, қиялы бізді алдамады. Асылында, драматургия – өте қиын әрі нәзік сала. Осындай қиын жанрға екінің бірі қалам тарта алмайды. Құдай Тағала берген туабітті дарыны мен талантына сенген талапты қаламгер Мұқанова 1996 жылдан бері драматургия саласының тәжірибелі де шебер өкіліне айналды.

Роза Мұқанованың драматургиясы мінезге де, тілге де бай. Кейіпкерлері алуан тағдырлы. Адам көңілінің қалтарыс-бұлтарысында жасырылған я көзге көрінбейтін ішкі мінез сырларын, характерін ашып, тарқата жазғанда автор тынысының кеңдігіне, эрудиті мен интеллектісіне сүйсініп, таң қаласың. Автордың драматургиялық шығармалары алыс-жақын шет елдің театрларына жол тартып, сахналана бастады. Бұл – тек жазушының ғана емес, жас мемлекетіміздің де мерейі. Болашақта Роза Мұқанованың драматургиялық шығармаларын әлемдік тілдерге аударып, өркениет ошағы болған Еуропаның сахналарына шығарса, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің жаңа парағы ашылары анық. Бұл орайда айтарымыз – жазушы-драматург Роза Мұқанова әлем әдебиетінің қазіргі сөз шеберлерімен тең дәрежеде иық тірестіре алатын тұлға. Оның шығармашылығындағы ізгілік мәселесі, Тәңірі Иені тануға жетелейтін философиялық ойлар, тіршілік тауқыметін тартып, психологиялық күйзеліске ұшыраған жеке адамның сезімі мен жан арпалысы сияқты штрихтар – бүгінгі әлем халқына ортақ, оқырман талғамына сай келетін элементтер.

Бір сөзбен тұжырымдап айтқанда, жазушы Роза Мұқанованың екпіні бөлек, соқпақ өрнегі, стилі өзгеше. Өмір мен тіршілік жырын шертуге, адам жанына үңілуде оның үні сазды, әсерлі, суреткерлік бояуы анық әрі қанық. Қаламгер Мұқанованың прозадағы, драматургиядағы дара қолтаңбасы, сөз өнері өрнегі – жеке шығармашылық жетістіктен әлдеқайда биіктеп, ұлттық игілікке көтеріліп, халықтық қазынаға айналған мирас. Асылында, суреткер Роза Мұқанова  әлемдік әдеби аренаға танылуы тиіс үлкен масштабтағы жазушы-драматург.

Шын көркемөнер мемлекеттік деңгейде әділ де шынайы бағалануға тұрар болса, онда сөзсіз жазушы-драматург Роза Мұқанованың жүрегінен шыққан, ой қазанында піскен, оқырман ықыласына бөленген «Сарра» драмалық шығармалар жинағы лайықты дер едік. Және пікірімізді нығыздап айтсақ, бұл кітаптың көркемдігіне оқырман райында, әдебиетші-зерттеуші дәргейінде бәс тігіп, кепілдік береміз.

Елдос ТОҚТАРБАЙ, жазушы-зерттеуші, ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here