КӨП ҚОҚЫСТАН ШЫҒАТЫН КӨП АҚШАНЫҢ «ИІСІ»

0
481

Бүгінгі таңда өркениет жолына бет алған әлем елдері қоқысқа қарсы күрестің түрлі амалдарын қарастырып жатыр. Бірқатар батыс Еуропа елдері полиэтиленді құтыларды шығарудан бас тартса, енді бірі қоқысты түрлі заманауи жолдармен өңдеуге бет алған. Алғашқылары жер бетін басып бара жатқан полиэтиленді бұйымдардан қол үзіп, біржарамды пакет, шөлмек, стақан және тағы да басқа тұрмысқа қажетті бұйымдарды қағаздан жасауға көшті. Ал кейінгілері қоқысты қайта өңдеп, одан барынша пайдалы зат шығаруға, электр энергиясын алуға арналған озық үлгідегі зауыттарды іске қоса бастады. Сондай елдердің қатарында Сингапур мен Мексика да бар. 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті төменде қос елдің қоқыстармен қалай тиімді күресіп жатқандығына тоқталады.

ҚОҚЫС МӘСЕЛЕСІН ШЕШКЕН ЕУРОПАЛЫҚ ЕЛДЕР

Жергілікті тұрғындардың өмір сүру деңгейін әрқашан қала маңындағы қоқыс үйінділерінен анықтауға болады. Экономикалық өсу теориясына сәйкес, адам көбірек табыс табуға ұмтылады. Және табысының өсуімен азық-түлік пен тұрмыстық заттарды көбірек тұтынады. Тұрмысы түзелгеннен кейін тұтынушы қымбатырақ тауарлар сатып ала бастайды. Яғни, қоқыстың құрамы да өзгереді: бастапқыда ол тағам қалдықтары, кейін қаптама. Оның әлемдегі ең ірі екі өндірушілері – Монако мен Сингапур. Аталған елдердің әрбір тұрғыны тәулігіне 3 келіден артық қоқыс шығарады. Бұл – экономикалық дамудың көрсеткіші. Мәселен, Монако мен Сингапур – әлемдегі ең бай елдердің бірі. Дамыған, бірақ көлемі шағын Данияның бір тұрғыны 2,2 келі, 325 миллионнан астам халқы бар АҚШ сияқты ірі елдің әр тұрғыны 2 келі қоқыс тастайды. Ал, дамушы немесе дамымай артта қалған елдерде бұл көрсеткіш төмен.

Егер осы көлемді тұрғындар санына көбейтсек, әрбір ел үшін үйінді зор болып шығады. Айталық, жыл сайын АҚШ – 230 млн, Ресей – 65 млн, Жапония – 50 млн тонна тұрмыстық қатты қалдықтар (ТҚҚ) шығарады. Демек, ХХІ ғасырда қоқыс әлемдік мәселеге айналды.

Рас, әр ел бұл мәселені өзінше шешуде. Дамыған елдерде қоқыс мәселесі жүйелі жолға қойылған. Еуростаттың деректеріне сенсек, Германия өзінің тұрмыстық қатты қалдықтарының жартысын  қайта өңдейді, үшінші бөлігін өртеп, одан электр энергиясын алады. Ал, Швеция мен Швейцария қоқыстың барлығын жағып жіберуге тырысады. Нәтижесінде күлдерін отынға (брикет) айналдырады.

МЕХИКОНЫҢ БАС АУРУЫНА АЙНАЛҒАН ҚОҚЫС ПОЛИГОНЫ

Мехико – қос Америка құрлығындағы (Латын Америка мен Солтүстік Америка) ең ірі қала. Мексика астанасында 9 миллион, ал онымен іргелес жатқан елді мекендерде 21 миллион халық тұрады. Біз бұл мәліметтерді арнайы келтіріп отырмыз, өйткені халық көп жерде тазалық мәселесі алдан шығатыны жасырын емес.

БҰҰ-ның таратқан мәліметіне сүйенсек, бір Мехико тұрғыны күніне 1,2 келі қоқыс тастайды. Яғни, қаладан күніне 12,5 мың тонна қоқыс шығарылады. Бұл қоқыстардың қайда тасталатыны үлкен мәселе. Демек, алып қоқыстарды тастайтын алып орын керек. Алдағы уақытта қала халқының саны артатынын ескерсек, мәселе күрделене түседі.

1985 жылы қалалық билік бұл мәселені шешкендей болды. Полигонның жанынан қоқыс қалдықтарын тастайтын арнайы алаң бөлінді. Тазалық компаниялары қала қоқыстарын осы жерге ғана тастауға міндеттелді. Ал бұл полигон Bordo Poniente (Батыс жақ) атауына ие болды.

Аз уақытта алып шаһардың алып қоқыстары полигонға сыймайтын жағдайға жетті. Ал полигонға сыймаған қоқыс сыртқа шықты. Өртенген қоқыс онсыз да ауасы лас қаланы көк түтінге орады. Айлап жауатын жаңбыр, ылғалды субтропикалық климат жағдайды одан да бетер ушықтыра түсті.

Содан жергілікті билік 1992 жылдары Bordo Poniente полигонын жабуға ниет етеді. Бірақ, полигон жабылса, қала қоқыстарының қайда тасталатыны белгісіз еді. Сондықтан бұл мәселеде өзінің қауқарсыздығын мойындаған қала билігі полигон мәселесін қозғамай, «жабулы қазан» күйінде қалдырды.

Қоқысты қанша көмсе де, оның иісі шығатыны белгілі. Қоқыс мәселесі алғаш көтерілген 25 жылдан кейін Bordo Poniente аумағы 370 гектарға артып, қоқыс көлемі 70 миллион тонна болды. Таудай болған қоқыстардың биіктігі 17 метрге жетті.

2009 жылы Мексика билігі Bordo Poniente-ні жабуға мәжбүр болды. Алайда мәселе өткір күйінде қалды. Қараусыз қалған полигонға жұмыссыздар ағылды. Жерді қазып, қоқыс қалдықтарын сыртқа шығарып, қолдануға болатын киімдер мен заттарды кәдеге жаратты. Электр жабдықтары мен электр тоқ сымдарын өртеп, одан шыққан түсті металдарды сатты. Жағдай осылай болғаннан кейін Мексика үкіметі 2010 жылы Bordo Poniente полигонындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуге тендер жариялады. Конкурсты BMLMX энергетикалық компаниясы жеңіп алды. Құны – 2 млрд доллар. Елдің бұл қыруар қаржысы бірер жылда толығымен өтелді.

Үкіметпен отырған келісімшарт бойынша аталған компанияның мақсаты тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеп, инновациялық технологияларды қолдана отырып, содан қосымша энергия көзін өндіріп, жылу шығару қалдықтардан биогаз алу, сол арқылы табиғи ресурстарды үнемдеу болып табылады. Мысалы, биогаз жылу электр орталығына түседі. Электр қуатын Мехико билігі қаланы жарықтандыруға төмен бағада сатып алады. Осылайша ел билігі ұзақ жылдан бері Мехиконың бас ауруына айналған қоқыс мәселесін оңтайлы шешті.

СИНГАПУР ҚОҚЫСПЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСЕДІ?

Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ұлттық агенттіктің деректері бойынша, Сингапур 2015 жылы 7 миллион тонна қоқыс өндірген. Бұл сан ұдайы өсуде. Ал, 5 миллионнан астам халқы бар Сингапур өзендері қалдықтардан, таулары қоқыстардан құралған Мумбаи, Джакарта, Бангкок және Манила сияқты қалаларға айналғысы келмейді. Сондықтан да, ел үкіметі бұл мәселені мықтап қолға алды.

2000 жылы қала маңындағы ТҚҚ полигондары толып кетті. Қоқыс адамдарды көлге ығыстырды. Сонда олар керісінше істеуді ұйғарды. Бұл жұмыстарға елдің 1959-2004 жылдардағы премьер-министрі Ли Куан Ю (1923-2015) бағыт беріп отырды.

2001 жылы қоқысты қайта өңдеуді ынталандыру бойынша бағдарлама іске қосылды. Бұдан бөлек, қоқыстарды жағып жіберу бағдарламасы да қатар жүзеге асырылды. Қазір қоқыс жағатын төрт электр станцияларында елдің барлық электр энергиясының 3 пайызы өндіріледі.

Бүгінде Сингапур қоқыстың 60 пайызын қайта өңдейді, 38 пайызын жағып жібереді, ал қалған 2 пайызын арнайы полигондарға жібереді. Бірақ, жер көлемі Қарағанды қаласынан сәл ғана көп ел үшін сол екі пайыз қоқыстың өзі аз емес еді.

Рас, оңтүстік-шығыс Азияның көптеген елдері қоқысты теңізге тастайды. Ал, Сингапур бұлай жасаудан бірден бас тартты. Өйткені, Азиядан Еуропаға жылына 50 мың кеме қатынайтын сингапурлық бұғаз онсыз да лас су айдыны болатын. Енді қайтпек керек? Сингапур үкіметі бұл мәселенің де шешімін тапты.

1990 жылдарға дейін Семакау шағын аралында балықшылар ауылы болған. Барлық тұрғындарын қалаға қоныс аудартқан Сингапур билігі ауылдың жерін өз меншігіне алып, шағын аралда заманауи қоқыс үйіндісін жасауды шешті. Осылайша қоқыс полигонына айналған аралда 1999 жылы мелиорациялық жұмыстар басталды. Шағын аралдың көлемін ұлғайтып, жасанды арал жасау мақсат болды. Алдымен тасты көтерме тұрғызды, болашақ үлкен аралдың көлемі бойынша ағаш дуал тұрғызылды. Күлдер (қоқыстар) арнайы пластик ұяшықтарға тасталды. Ол күлдер тығыз мембранамен жабылды. Ұяшықтың үстіне өсімдіктер отырғызу үшін топырақ төгілді. 60 миллион текше метрден аса қоқыс төгілген аралдың ауданы 350 гектарға дейін өсті. Сингапур билігі бұл жобаны жүзеге асыруға 400 миллион доллар жұмсады. Дегенмен, қыруар қаржы желге ұшқан жоқ. Билік «бір оқпен екі қоянды ата» білді. Біріншіден, қоқыс мәселесін жүйелі жолға қойды. Екіншіден, қоқыстың үстіне жасалған «жасанды арал» экологиялық жұмаққа айналды. Бір кездері балықшылардың, кейін қоқыс полигонына айналған Семакау аралы 2010 жылдан бері туристер қабылдайды. Тіпті, өзінің маржан тәлімбағы да бар.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақстанға өзінің территориясын кеңейту үшін Сингапурдағыдай «жасанды аралдар» жасаудың қажеттілігі жоқ. Біздің елімізде жер көп, ал бұл босаңсытады екен. Бөтелкелер мен пакеттер дала ландшафтысының элементтеріне айналғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені, біз өзіміздің басты байлығымызға тұтынушылық тұрғыдан қараймыз. Нәтижесінде қазір елімізде 4 мың полигон бар. Оларға заңды және заңсыз 43 миллиард тонна өндіріс пен тұтыну қалдықтары жиналған. Осындай зор көлемдегі қоқыстарды өңдейтін зауыттар жетіспейді. Соның салдарынан  қайта өңдеуге қалдықтардың тек 5 пайызы ғана кетеді.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here