Патшалық Ресей мен КСРО-дан «мұраға» қалған қарыздар

0
4707

Француздар Мәскеуден Патшалық Ресей кезеңіндегі қарыздарын қайтарып алуды көздейді. Мемлекеттік деңгейде бұл мәселе шешілген болса да, қарызды қайтару парыз екенін алға тартқан 400 мыңнан астам рантьенің ұрпақтары (рантье – құнды қағаздар, банктік салым арқылы пайда табатын топ) бүгінде бұл іске шындап кірісті.

КӨНЕРГЕН МҰРА

1918 жылдың қаңтар айында Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің (БОАК) төрағасы Яков Свердлов Патшалық Ресей мен Уақытша үкімет қарыздарының жойылғаны жайында декретке қол қойды. Осы құжаттың негізінде 60 миллиард рубль көлеміндегі мемлекеттің ішкі және сыртқы қарызы жойылды. Зардап шеккендердің ішінде Қазан төңкерісіне дейін Ресейді несиемен қаржыландырған шетелдіктермен қатар жекелеген инвесторлар да болды. Осылайша бұл декрет ХІХ ғасырдың екінші жартысында патшалық облигацияларға 15 миллиард алтын франк салым жасаған француздарды тақырға отырғызды.

Мәскеу қаржы биржасының жетекшісі, тарих ғылымының кандидаты Юрий Голицынның айтуынша, бұрын Венесуэла, Грекия, Түркия қарызды қайтарудан бас тартып көрген, бірақ несие беруші мемлекеттер сыртқы күштердің әсерімен ол райларынан қайтара білген. Ал Азамат соғысынан кейін құрылған Кеңестік Ресей Патшалық Ресейдің қарызын мойнына алған жоқ.

Бүгінгі күні Францияда рантьенің жүз мыңдаған ұрпақтары өмір сүреді. Олардың қолдарында өтелмеген патшалық құнды қағаздар бар. Қағаздардың құндылығы 10-30 миллиард еуроға бағаланған. Мұрагерлердің талаптарымен Халықаралық федеративтік ассоциация (AFIPER) айналысады.

Негізінен халықаралық деңгейде бұл мәселе шешілген болып есептеледі. Айталық, 1997 жылы ресми Мәскеу мен Париж Патшалық Ресейдің 400 миллион доллар көлеміндегі қарызын қайтару бойынша келісімге қол қойды. Келісімнің аясында 50 миллион доллар көлеміндегі соңғы транш 2000 жылдың 1 тамызында Францияға аударылды. Өтемақы ретінде бұл қаржының үштен екі бөлігі ескі құнды қағаздардың иелеріне, үштен бірі төңкеріске дейінгі Ресейде жылжымайтын мүлікке иелік еткен рантье ұрпақтарына берілді. Алайда рантье ұрпақтары Ресей Федерациясы тарапынан бөлінген бұл өтемақының сомасымен келіспейді.

ЕЛИСЕЙ САРАЙЫНЫҢ АСТЫНДАҒЫ АЛТЫН МИНА

Әрине, Франциядағы рантье ұрпақтарының уәждерімен келіспеске болмайды. Өйткені, Ресей Федерациясы өтеген сол 400 миллион долларды қолында облигациясы бар 400 мың французға бөлсек, өтемақы мардымсыз болып шығады.  Шамамен  рантьенің  әр  ұрпағына 1 000 доллардан келеді.

Рас, рантье ұрпақтарының бұдан да көп өтемақы алулары заңды. Бірақ, олар өтемақыны Мәскеуден емес, Парижден талап еткендері орынды болады. Неге десеңіз, Ресей мен Франция арасындағы 1945 жылғы 9 мамырға дейінгі мүлік жөніндегі талаптар мен екіжақты қарызды реттеу бойынша үкіметаралық келісімде тек қана қаржылай қайтарым қарастырылмаған. Аталған құжатқа сәйкес, Ресей Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін француздардың қолында қалған 47,5 тонна алтынды қудаламайтын болды.

Тарихқа сәл шегініс жасасақ, Брест-Литовск бейбіт келісіміне сәйкес, 1918 жылдың күзінде Кеңестік Ресейден Берлинге 93,5 тонна алтын жөнелтіледі. Оның үлкен көлемі соғыста жеңілген Германияның контрибуциясы (жеңген елдің жеңілген елден бітім шарты бойынша алатын салығы, – ред.) есебінде Францияда қалады. Осылайша бір ғасыр бұрын Париж бұрынғы одақтас ел алтынының жартысын иемденеді.

Егерде Франция үкіметі өтемақы мәселесін ағылшындардай ұлттық қорда сақталған алтынды ақшаға айналдыру тұрғысынан шешкенде, Патшалық Ресейде қарызы қалған рантье ұрпақтары Ресей Федерациясынан алған 1 000 доллардан әлдеқайда көбірек өтемақы алар еді.

АРДЫҢ ІСІ

Ресей Федерациясының Патшалық Ресейден мұраға қалған қарызы бойынша бұл халықаралық деңгейдегі жалғыз ісі емес. 1986 жылы Михаил Горбачев (КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы) Маргарет Тэтчермен (Ұлыбританияның 71-ші Премьер-министрі) Ресейдің төңкеріске дейінгі қарыз мәселесін шешу бойынша келісімге қол қойды.

Ұлыбритания Ресей империясының облигациялары бар өзінің азаматтарына ағылшын банктерінің бірінде сақтаулы тұрған 5,5 тонна  патша алтындарынан төлем жасауға міндеттелді.

Бұдан бөлек, 1993 жылы Мәскеу КСРО-ның 100 миллион доллар көлеміндегі қарызын өз мойнына алды. Ең үлкен қарыз (шамамен 45 миллиард доллар)  Париж кредиторлар клубына тиесілі еді. Бұл бейресми одаққа әлемнің ең бай мемлекеттері кіреді (Германия, Франция, АҚШ және Жапония). 2017 жылы Ресей Федерациясы Патшалық Ресей мен КСРО-дан мұраға қалған қыруар қарыздардың бәрінен толықтай құтылды.

ФРАНЦУЗ САБАҒЫ

Жоғарыда атап өткеніміздей, Ресей Федерациясы Патшалық Ресей мен КСРО-дан мұраға қалған берешек қарыздарын толық көлемде өтеді. Дегенмен, AFIPER (Халықаралық федеративтік ассоциация) Мәскеуден 1917 жылға дейінгі қарыздарды толықтай өндіріп алуға барын салуда. Бірақ, жасаған қадамдарының барлығы сәтсіз шығуда. Мысалы, 2010 жылдың 10 ақпанында AFIPER басшысы Эрик Санита Мәскеуден үстіне қосылған пайызымен 100 миллиард еуро көлеміндегі қаржыны өндіріп алу ниетін ашық айтты. Ол сот арқылы Париждің орталығындағы Ресейдің мәдени орталық салу үшін сатып алған жерін тәркілеуді ұсынды.

Сарапшылардың ойынша, «Ресей Федерациясынан аталарымыздың ақшасын еселеп қайтарып аламыз» деген ұстанымдағы рантье ұрпақтарының үміт отын жағып жүрген AFIPER бұл жолы да ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмайды. Өйткені, Ресей Федерациясының құқығы 1917 жылы қол қойылған мемлекетаралық келісіммен қорғалған. Аталған келісімге сәйкес, екі тарап та бір-біріне қарызды өндіру талаптарын қоймауға міндеттелген. Демек, 2015 жылдың қарашасында Париж қаласының соты Ресей Федерациясына қатысты AFIPER талабын орындаудан заң шеңберінде бас тартты.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бюджет «тесіктерін» бітеу әрі экономиканы көтеру үшін Қазақстан да өзге елдерден қарыз алады. Ал, қарыздың қайтарымы болатынын ескерсек, келешекте сол қайтарым ел экономикасына үлкен соққы болмауы үшін Патшалық Ресей мен КСРО-дан мұраға қалған сыртқы қарызды толықтай өтеген солтүстіктегі көршіміздей сыртқы қарызды қайтарудың жолын қазірден бастап қарастыру қажет. Бұл ең алдымен ұрпақтың жарқын болашағы үшін керек. Өйткені, «Алмақтың да салмағы бар» дейтін қазақ үшін қарызды қайтару әр уақытта парыз саналады.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here