Алаштың үш арысына асыл жар болған Фатима

0
8511

«Алаштың айымы» дегенде ауыз толтырып айтатын бірден-бір есім – Фатима Ғабитова. Қазақтың заңғар үш алыбының аяулы жары болған. Елімізде  білім жүйесінің негізін қалаған белгілі ағартушы-педагог Біләл Сүлеевке, ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының ірі тұлғасы Ілияс Жансүгіровке, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовке рухани дос, жан серік бола білген қиын да күрделі тағдыр иесі. Ол 16 жасында (1919 жылы) Біләл Сүлеевке тұрмысқа шығып, ал 1932 жылы Ілияс Жансүгіровпен тұрмыс құрған.

«Ерім – ақылды, батыл, өз халқын сүйетін, қазақ халқының белді, белгілі ағартушысы еді, – дейді Фатима Ғабитова естелік жазбасында. – Ерімді ешбір жазықсыз, «ұлтшыл-ау» деген оймен Совет Одағы жоқ қылды. Екі ұлыммен еңіреп мен қалдым. Екінші ерге шықтым… Екінші ерім ешбір жазықсыз еді, НКВД оны да жоқ қылды. Бұл ерім де теңдесі жоқ асқан шебер ақын еді. Мен бес баламен қалдым… Ілияс кеткеннен бастап-ақ Мұхтар біздің өмір-тағдырымыз туралы өзіне тән үлкен адамдық жанашырлықпен ойланды…»

Үш рет тұрмыс құруының себеп-салдарын естелігінде бүкпесіз айтады. Ол осынау тағдырды қалап алған жоқ. ХХ ғасырдың бірінші жартысында өткен тоталитарлық режимнің қаталдығы мен рахымсыздығы өмірін астаң-кестең еткенін өз жазбалары осылайша дәлелдей түседі. Аумалы-төкпелі, қайғылы оқиғаларға толы уақыт жалғыз Фатима Ғабитованың емес, «қазағым» деген ұлтжандылардың бәрінің шаңырағын шайқалтты. «Өсек атты оққа байлау» арқылы қазақтың қаймақтарын «аулады». Отбасын қаңғыртып, балаларын тірі жетім етті.  Ең сорақысы, «халық жауы» деп айыптап, қазағым дегендерді – қазаққа «жау» етті. Бұдан өткен сорақылық болмас!

Алаштықтардың алды атылып, соңы айдауда жүріп азаптанса, соңындағы отбасы «өсек-өрмекші торында» жан алысып жүрді емес пе?! Міне, Фатима Ғабитованың рухының мықтылығы – осының бәрін көрді, бәріне төзді. Өміріндегі осынау «ақтаңдақтар» оның тұлғасын биіктетпесе төмендеткен жоқ. Қолдан жасалған зұлматтың зардабынан рухының асқақтығы аман алып шықты. Алып шығып қана қоймастан үш бірдей арысынан сүйген перзенттерін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай жетілдірді. Перзенттері арқылы абзал азаматтардың есімдерін өшірген жоқ.  Бұл жөнінде Фатима Ғабитованың өз балаларының естелік сөздерін келтірелік.

Қазіргі қазақ әдебиетінің жауһарына айналған «Абай жолы» романының авторы Мұхтар Әуезовтен сүйген ұлы Мұрат ағамыз: «Анамның тағдырын түсіну үшін кең жүректілік, асқан саналылық пен сауаттылық керек. Мұны кез келген пендемін дегендер жасай алмайды. Кезінде «Фатима Ғабитованы үш алыптың сүйгені қалай?..» деген сықылды жеңіл сөздер де айтылған. Мәселе анамның сұлулығында емес. Анам шынында да сол сұлулығын адамгершілік қасиеттерімен тең ұстап, кір шалдырмастан байланыстыра білген. Осындай парасаттылығын сол үш алып танып, қадірлеген. Тағдыр талқысы, қолдан жасалынған зұлмат құрығынан құтыла алмаған үш бірдей арысқа асыл жар болған анамыздың биік болмысын әкемізден кем көрген емеспіз», – дейді.

Ал Ілияс Жансүгіровтен туған қызы Ильфа анасының алмастай өткір сөздің адамы екендігін былай келтіреді: «Анамның 1957 жылғы Қазақстан Жазушылар одағындағы  партия жиналысында айтқан мына сөзі есімнен кетпейді. Ол сөзі үш адамды – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлинді ақтауға арналған еді. Сәнді киінген, маңғаз, асқақ келбетімен шыға келгенде, бәрі тына қалды. Оттай жанған қара көзінің әсерінен у-шу болған зал лезде басылды. Оның сөзі өзіне дейін сөйлегендердің сөзінен ерекше болды. Хрущев пен қазақстандық үкіметке атүсті алғысын айтқан соң қолын залға созып, бірінші қатарда отырғандарды нұсқап, бірінен соң бірінің айыбын айта бастады: «Сен Ілиястың үстінен арыз жазғансың!», «Сен оның еңбектерін иемденіп алғансың!», «Ал, сен Ілиястың отбасын қуып шығарып, пәтеріне кіргенсің!». Бұл бір құлақ естіп, көз көрмеген, ғаламат нәрсе болды. Мен оның сөзінің жарым-жартысын да ұқпай, қатты масаттанып отырдым».

Зиялы қауым жиылған үлкен залдың қақ төрінде тұрып жылдар бойы жүрегін жаралаған ақиқатты – үш арысына қиянат жасағандармен қалай бетпе-бет келгендігін қызы нақты келтірген. Осы көріністен-ақ Фатима Ғабитованың жүрегі қуатты, отты адам екендігін көреміз. «Мың өліп, мың тірілуінің» сырын ол былайша еске алады: «Мен өз өмірімде сансыз жапа шеккен жанмын. Бірақ ешбір қайғы-қасірет осы күнге шейін, қандай ауыр болса да, мені әлсірете алмап еді. Қайта қайғы көрген сайын сол қайғыны жеңу үшін бар күшімді салып, күресіп бақтым».

Фатима Ғабитова күнделік қана жүргізбеген. Ол Біләлдің, Ілиястың, Мұхтардың өзіне, өзінің оларға жазған хаттарын, ең негізгісі олардың аса бай мұраларын өртеп жойылуға бұйырылып, тәркіленуге түскенде жасырып, сақтап, күні бүгінге жеткізіп, сөйтіп мемлекеттік мұрағатқа табыс еткен бірден-бір жинақтаушы. Сондай-ақ қазақ фольклорын жетік білген. Уақыт өте келе ол қазақ әдебиеті мен мәдениетінің үлкен жанашыры, зерттеушісі және жинақтаушысы болды. Айталық, 1965 жылы жарық көрген «Үш ғасыр жырлайды» атты қазақ әдебиетінің үш ғасырлық кезеңінің көрнекті өкілдерінің шығармаларының жинағында Шал ақын (барлығы 13 өлең),  Асан қайғы, Доспамбет жыраулардың жазбаларын жазып алып, сақтап, заман түзелгенде мұрағатқа өткізген. Осы еңбектердің соңында  «Жинақтап тапсырушы Фатима Ғабитова» деп жазылған. Және  бұл өлеңдер кейін «Бес ғасыр жырлайды» жинағына да Фатима Ғабитова  дайындаған үлгіде енгізілген. Осыдан оның ана, оқытушы ғана емес, әдебиет зерттеушісі екендігін де аңғарамыз. Ал ақындығы көңіл-күйіне орай жазылған әр жылдардағы өлеңдерінен көрінсе, ғалымдығына  «Қазақтың ұлы ақыны», «Ескі мұраларды жинау және өңдеу», тағы басқа да зерттеу мақалалары куә бола алады.

Фатима Ғабитованың тағдырлы ғұмырындағы қиындық атаулыға төтеп беруінің тағы бір сыры оның сауаттылығы дер едік. Мұсылман мектебінен сауат ашқан ол қазақ, татар және орыстармен араласып өскен. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін туып-өскен өңірі Талдықорған аймағындағы  Қапал  өңіріне тұтқынға түскен немістер келіп қоныстанып, солардың ішінде Ида Карловна Кайзер есімді өте білімді әйелмен танысып, сол  әйелден неміс тілін үйренген. Еуропаның әдебиеті мен мәдениетіне көз ашуына осы әйелдің үлесі мол болған. Аса зерделі жан өзінің қабілетін өзі ұштап, білімін жетілдіріп отырған.

Қайсар жанның тағы бір қыры – көргенін саф қалпында шеберлікпен қара сөзбен де, өлеңмен де жеткізе білуінде.  Өлеңдерінде «әшекейлеуге» бармайды. Бірақ ол өмірдің ащы шындығын айта білген. Тура жолмен жүріп, ащы шындықты айту екінің бірінің қолынан келмейді. Мәселен:

Қаншама қуғын-cүргін көрсетсе де,

Арналған тағдырыма болдым ырза.

Тек тілеймін ұрпағым өзімдей боп –

Зарламауын жазықсыз тартып жаза, – деген бір шумаққа бүкіл қасіретті күндерін сыйғызып, нақты жеткізе білген, оқырманға да түсінікті, бірақ астарында сұмдық зіл жатыр…

Фатима Ғабитованың күнделігін зерделеп оқыған жан ғана оның жан қайғысын, бүкіл болмысын таниды. Күнделікті сыр сандық еткенін, сырлы сандықтың ішінде мезгіл салған жара мен қоғам түсірген аяусыз жайттарға куә боласың, еріксіз егілесің…

Тәлкекті тағдыры қанша сынға алса да, қанша електен өткізсе де адамгершілік асқақтығына кір шалдырмастан перзенттеріне тура жолды көрсетті. Екі ұл, бір қызының әкесі Біләл Сүлеевке, екі қыз, бір ұлының әкесі Ілияс Жансүгіровке, бір ұлының әкесі Мұхтар Әуезовке деген құрмет пен сыйластығын өле-өлгенше сақтады. Олардың адами болмыстарын балаларының санасына сіңіре білді. Бірінен-бірін төмендетіп ара жіктерін айырмады. Керісінше Алашы үшін жанын қиған арда азаматтарын кейінгі ұрпаққа үлгі етті. Алаштық азаматтардың Фатима Ғабитованың не үшін қадірлегенін осыдан-ақ түсінеміз. Алаш идеясына келгенде оның Ілиясты да, Мұхтарды да «осы идеяға берік болып, таймаңдар» деп «қайрап» қоятын тұстары күнделігінде кеңірек айтылады. Демек, Фатима Ғабитова Алаш азаматтары үшін ұлттық мәселеде күрделі әңгімелерді де қозғай білген. Шынында да ХХ ғасырдың басында Алаш азаматтары ұлт болып қалыптасып қана қоймады. Олар жеке басын емес бір-бірінің отбасына да, олардың балаларына да қамқорлық танытуды ұмытпаған. Сөзімізге жан кіргізу үшін тағы да күнделікті парақтайық: «Ілияс кеткен күннен бастап-ақ Мұхтар біздің өмір-тағдырымыз туралы өзіне тән үлкен адамдық жанашырлықпен ойланды. Семейде айдауда жүргенімізде іздеп келді (1939 ж.). Қара жамылып қайғыда отырған маған қанат беріп: «Сен бағалы адамсың, сені тек жарың үшін ғана құрметтеп іздеп келгенім жоқ, өзіңнің қара басыңды да бағалап келіп отырмын», – деген сөздерді айтып, жұбатып аттанды».

Күнделіктің тұла бойы тұнып тұрған тағдыр… тағдырлар жайында. Ойлантады. Ой салады. Жүрегіңді сыздатып, жан дүниеңді аласапыран күйге түсіреді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Иә, Фатима Ғабитованың күнделігін оқып көрсеңіз, жүрегі бар тірі адамдарды селт еткізетін, бір сәтке болса да марғаулықтан арылтатын, адам болып өмір сүрудің мәні ат басындай алтында, байлықта емес, тыныштықты ұйытуға үлес қосу мен ұлтты сүйетін ұрпақ тәрбиелеуде екендігін ұқтырады. Мына жарық дүниедегі бес күн тіршіліктің тірегі де, оны сақтап, жалғастырып тұрған жүрегі де – ұлтты сүю, ұрпаққа адами тәрбие беру. Отбасына, Отанға деген махаббаттың құнының салмақтылығын  осынау күнделік жазбаларынан айқын аңғарамыз…

Қызжібек БӘКІР, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here