Ермахан Ыбрайымов: Сиднейден кейінгі жаңа рекордтар

0
5332

2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы, он баланың әкесі Ермахан Ыбрайымовпен эксклюзивті сұхбат.

«ЕКІНШІ ФИЛЬМГЕ ДЕ ТҮСІП ҮЛГЕРДІМ»

– Ермахан Сағиұлы, Сидней Олимпиадасында көк туымызды желбіреткеніңізге он сегіз жыл болыпты. 2007 жылдан бері Олимпиадалық дайындық орталығының директоры қызметін атқарып келесіз. Тіпті, соңғы кездері кино саласында актер ретінде бой көрсетіп жүрсіз…

– Иә, киноға түсіп жүргенім рас. Мен түскен алғашқы фильм «Побег из аула» болса, ал екіншісі былтыр көрермен назарына ұсынылған «Мальчишник в Алматы» фильмі. Негізі киноға түсуге маған ұсыныс тастаған Нұртас Адамбай болатын. Екінші фильмде сомдайтын кейіпкерім менің табиғатыма өте жақын. Себебі, ол Майк Тайсон секілді боксшы болды. Тіпті, Тайсонның бетіндегі суретті де менің бетіме айнытпай салып берді.

– «Кейіпкерімді дұрыс сомдай аламын ба?» деген қорқыныш болды ма? Не дегенмен, түсірілім алаңы ринг емес қой…

– Мен бала кезімнен ештеңеден қорықпайтын-мын (күлді). Үш-төрт жасар кезім болса керек, менен бірер жас үлкен балалар: «Ермахан, батыр болсаң, велосипедпен аттың астынан өтші» деді. Баламын ғой, сөзге келместен аттың астынан өте бергенімде, артқы аяғымен теуіп жіберді. Бетімдегі тыртық сол кезден қалған «естелік» қой (күлді).

– Кинодан бөлек түрлі бағдарламаларда, шоуларда жиі қонақта болып тұрасыз. Ал, бұл туралы не айтасыз?

– Мен «Қарапайым бол, сонда адамдар сенімен достасуға ұмтылады!» деген ұстаныммен өмір сүремін. Сол үшін де болар, мені барлық жерде жылы жүзбен қарсы алады. Егер шақырған бағдарламалардың барлығына бара берсем, менің негізгі жұмысыма кім баскөз болады? Менің басты жұмысым – Олимпиадалық дайындық орталығында. Қазір біздің бокс жоғары деңгейде және оған менің тамшыдай болсын қосқан үлесім бар болғанына қатты қуанамын.

«МЕН БОКСТАН УАҚЫТЫНДА КЕТТІМ»

– Ермахан Сағиұлы, қарапайым спортшыдан шенеунікке айналу да Сіз үшін оңай болды ма?

– Мен ең алғаш рингке шыққанымда бар болғаны он жаста болатынмын. Кейін жасөспірімдер құрамасында жаттыға бастадым, әрі қарай жастар құрамасында, осылай сатылап көтеріле бердім. Уақыт өте тәжірибем де жинақтала бастады. Нөлден бастадым да, Олимп шыңын бағындырғанша тоқтамадым. Кейін Ұлттық құраманың бас бапкері болып тағайындалдым. Бірақ, «Білетінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз» демекші, спортшыларды жаттықтырып жүріп те, біраз нәрсе үйрендім. 2007 жылы мені Олимпиадалық дайындау орталығының басшысы лауазымына тағайындады. Маған ешқандай қиыншылық туғызбайды, себебі, қазіргі таңда мен сүйікті ісіммен айналысып жүрмін.

– Менің ойымша, спорттағы мансабыңызды ерте аяқтап қойған секілдісіз. Оның қандай да бір себебі бар ма?

– Керісінше, мен бокстан дәл уақытында кеттім. Олимпиада чемпионы атанғанымда 28 жаста едім. Спорттық дене-бітімді әрқашан бір қалыпта ұстау қиын. Кейінгі буын інілер де өкшелеп келе жатқандықтан, кету керек екенін түсіндім. Білесіз бе, бокста қарсыласың сені бар күшімен ұрады. Ең бірінші бұл менің ата-анама ауыр тиді. Олар рингке шығуды доғаруымды құлағыма құйып отырды.

Мен жұдырықтасып жатқанымда анам теледидарға мүлдем қарамайды екен. Менің кезегім келіп рингке шығып келе жатқанымда, барлығы теледидар алдына жиналса, анам ас бөлмесіне барып жеті шелпек пісіріп жүріп, менің жағдайымды білу үшін дамылсыз теледидар тұрған бөлмеге келе беретін көрінеді. Сол кезде мен үшін жүрегі қатты ауыратын еді. Ата-анамның сөзін жерге тастамадым. Сидней Олимпиадасынан кейін бокстан кетуімнің тағы да бір себебі сол болды.

«БІЗДІҢ БОКСШЫЛАР ДОПИНГТЕН ТАЗА»

– Ермахан Сағиұлы, қазір спортшылар арасында «допинг дауы» өршіп тұр. Бұл даудан боксшылар аулақ па?

– Біз, боксшылар допингтен аулақпыз. Серік Қонақбаев, Абдусалам Нұрмахановтардың заманынан бері біз мектебіміздің дәрежесін жоғары ұстап келеміз.

Спортшыда ең бастысы – патриоттық сезім, қайтпас қайсарлық пен шыдамдылық болса жетіп жатыр. Біздің боксшылар күнде таңертең әнұранды міндетті түрде орындайды. Ал жарысқа аттанарда Елбасының және халықтың алдында елге жеңіспен оралатынына уәде береді. Осының өзі спортшыларды қалай жігерлендіретінін білсеңіз ғой. Оның үстіне біздің дәрігерлер Халықаралық допингке қарсы агенттікпен тығыз байланыс орнатқан. Спортшылардың тыйым салынған дәрілерді пайдаланбауы қатаң қадағаланады. Сонымен қатар, басқа елге жарысқа барғанда ішіп-жейтін тағамдарына, суларына абай болуларын да ескертіп отырамыз. Себебі, мыңдаған адам жүрген жерде бәрі де мүмкін ғой.

– Ал Сіздің рингке қайта шығып, жұдырықтасу ойыңызда жоқ па? Біраз ақша да тауып қалар едіңіз…

– Қазіргі тіршілігіме де Аллаға шүкір, ешқандай таршылық көріп жатқан жоқпыз. Ауыл шаруашылық жұмысымыз туған жерімде – Жамбыл облысында. Шаруашылықпен көбінесе бауырларым айналысады. Кіші бауырым Әлмаханның қолында – мал шаруашылығы, үлкен бауырым Қалмаханның қолында – жер шаруашылығы бар. Біз бидай өсіреміз, үлкен бау-бақшаларымыз бар. Өнімдердің кейбірін сатсақ, біразын өзіміздің кафеде пайдаланамыз. Айта кететіні, біз барлық тағамдарды қоспасыз – халал дайындаймыз. Ал өзім Жамбылға жолым түсе қалса, он сотық жердің шөбін жұлып, тазалаймын, алма ағаштарын да ретке келтіріп қоямын. Сол жақта бауырларыммен бірге әкем Сағи да тұрады. Ал анам 2013 жылы дүниеден қайтқан еді.

«ЖҰБАЙЫМ АНА РЕТІНДЕ АЛТЫН АЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ»

– Ермахан Сағиұлы, Қазақстаннан тағы да Ыбраймов тегімен чемпион шыға ма? Қателеспесем, алты ұл, екі қызыңыз бар ғой. Ішінде Сіздің жолыңызды қуғандары бар ма?

– Қателесесіз, менің сегіз ұл, екі қыз, яғни он балам бар (күлді)! Ең кішкентайым былтыр дүниеге келді. Менің жарым Айжан: «Сен спортшы ретінде алтын алсаң, мен ана ретінде алтын алғым келеді!» – дейді. Он баламның әрқайсысының қызығушылығы әртүрлі. Ең үлкен ұлым Тойбек 21 жаста, режиссер болғысы келеді. Екінші ұлым Мейірбек 19 жаста, ол аспаздықтың оқуын оқып жатқан жайы бар. Үшінші ұлым Қайырбек 17 жаста, инженер-геолог мамандығы бойынша білім алып жүр. Қызым Сымбат волейболмен, ұлым Аманбек баскетболмен әуестенеді. Ал жеті жастағы Айсұлтаным бокспен айналысқысы келеді.

– Айсұлтанды Өзіңіз жаттықтыратын боларсыз…

– Әрине, өзім жаттықтыратын боламын. Ал чемпион бола ма, жоқ па – ол маңызды емес. Ең бастысы жақсы адам бола алса, мен үшін одан артық ештеңе жоқ!

– Ашық сұхбатыңызға алғыс білдіреміз!

Сұхбаттасқан: Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here