Қытайда жылына 30 мыңнан 70 мыңға дейін бала ұрланады

0
5060

Қытайда адам ұрлау мәселесі күн тәртібінде тұр. Жыл сайын бұл елде жоғалып кеткен сәби саны 30 мыңнан 70 мыңға дейін баратын болса, олардың 1%-ы ғана ата-анасымен аман-есен қауышады.

Рас, баланы баурап алу оңай. Өмірді өзіндей көретін жас бала «тәтті беремін» не «ойыншық әперемін» десе де көлденең көк аттының қолынан ұстап кете беруі мүмкін. Ал, қытайлық бала ұрлаушылар – өз ісінің хас шебері. Олар қулықтың сан түрін біледі. Тіпті, әке-шешесінің назарын аударып, көз алдында баласын алып қаша жөнелетіндері де жиі кездеседі. «Ұрланған бала неғұрлым жас болса, оны сату да соғұрлым оңайырақ. Ондай балаларды құлдыққа сатса, өзінің ұрланғанын ұмытып, тап болған ортасына «тастай батады» екен» деп жазады мәселенің байыбына барған lenta.ru.

Қарақшылар баланы қалай ұрлайды? Қолды болғандарды қайда апарады? Олардың одан кейінгі күйі не болады? Жаға ұстатар жағдайдың мән-жайына жеткіңіз келсе, ғасыр тарихты «Qazaq» газетіне зер салыңыз.

Мао Инь алғаш рет 32 жылдан кейін биологиялық ата-анасымен қауышты

ОТЫЗ ЕКІ ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ ҚАУЫШУ

Қытайда бала ұрлығы белең алғанына ондаған жыл өткен. Мұндай жағдай елде жиі орын алатын көрінеді.

1988 жылдың 17 қазанында Мао Инь есімді балақай із-түссіз жоғалып кеткен. Оқиға әкесі Мао Чжэнцзинмен бірге Сиань қаласынан қайтып келе жатқан жолда орын алған. Шөл қысқан әкелі-балалы су сұрау үшін «Цзиньлинь» қонақ үйіне ат басын тірейді. Әкесі Иньге қайнап тұрған суды суытып бермек ниетпен айнала бергенде, ұлы жоқ болып кетеді. Қасқағым сәтте баласын қағып әкеткенін түсінген әке дереу іске кіріседі.

Баланың ата-анасы барлық провинцияларға хабар таратып, іздеу топтары мен тәртіп сақшыларын аяғына тік тұрғызды. Сәбиін іздеп сарсаңға түскен Иньнің анасы қызметін тастап, бірыңғай ұлын күтуге бел буған. «Мендегі үміт қана маған өмір сыйлап келеді. Мен ұлыммен міндетті түрде қауышатыныма сенемін» деді ол тілшілерге берген сұхбатында. Ол осы жолда түрлі телебағдарламаларға барып, жақсы хабардан қылаң беретін белгілерді де тапқанымен, нәтиже бола қоймады. Тек 2007 жылы елдегі ең танымал «Баобэй хуэйцзя» деп аталатын жоғалған адамдарды іздеу тобына қосылғаннан кейін іздеу оң нәтиже бере бастады. 2020 жылдың сәуір айында полиция қызметкерлеріне 32 жыл бұрын жоғалған Ли мен Маоның ұлы болуы мүмкін деп танылған жас жігіт туралы хабар келіп түсті. Ол Сианьнан мыңдаған шақырым жерде орналасқан Сычуан провинциясында Гу Нинин есімімен өмір сүріп келген. 34 жастағы азаматқа жасалған ДНК сараптамасы оның Мао Чжэнцзин мен Ли Цзинчжидің осыдан 32 жыл бұрын жоғалған ұлы екендігін анықтап берді.

Полиция қызметкерлерінің мәлімдеуінше, 1980-ші жылдардың соңында Мао Иньді сәби иісін аңсаған бір отбасы 6000 юаньға (қазіргі есеппен 840 доллар) сатып алған. Асырап алушыларға қатысты іс әлі жабылмаған, сондықтан билік бұл жайды жария етпеуді жөн санап отыр. Ал, Мао Инь өзінің өткен өмірі туралы білмейді, дегенмен ол туған ата-анасымен қалуға шешім шығарған.

Дәл осыған ұқсас жағдай өткен қазан айында орын алған. Шэньси провинциясында тұратын 70 жастағы ерлі-зайыптылар кезінде ұрланған ұлдарымен араға 38 жыл салып қайта қауышқан. Бұл жағдай 1982 жылы болған еді. Ауылдағы өз үйінде ұйықтап жатқан жерінен қарақшыларға қолды болған бала ДНК мәліметтерін базада салыстыру нәтижесінде табылған. Бұл күнде қырық жастағы ер азаматтың отбасылы, әйелі және екі баласы бар екендігі белгілі болды.

Бұл – тақырыпқа тұздық әрі елдегі жағдайдың бірді-екілі көрінісі ғана. Алайда, сәбиін жоғалтқан отбасылардың барлығына бірдей араға ондаған жылдар салып баласымен қауышу бақыты бұйыра бермейді.

Аспан асты елінде жылына 30 мыңнан 70 мыңға дейін бала ұрланады

«БІР ОТБАСЫНА – БІР БАЛА» САЯСАТЫНЫҢ САЛҚЫНЫ

Адам ұрлығы, әсіресе, 1980-ші жылдары жиілеген. Бұндай оқиғаның көпшілігі ауылдық жерлерде орын алатын. Себебі, мұндай аймақтарда ата-аналарға жоғалған баласына іздеу салып, тәртіп сақшыларына шағымдану қиындық туғызады. «Тағдыр салды, мен көндіммен» іс жабылады деп ойлаған қылмыстық топ «шабуылды» шағын ауылдарға жасауы содан. Ұрланған балалар сәби қажет еткен отбасыларға сатылып қана қоймайды, кейбірі құлдыққа немесе қайыр сұрауға, ең ақыры жезөкшелікке жегіледі.

«Аспан асты елінде» ақша үшін ұрланған нәрестелердің нақты саны туралы ресми ақпарат жоқ. Бұл көрсеткіш шамамен жылына шаққанда 30-70 мың деп көрсетеді статистикаға шолу жасаған ресейлік портал.

2007 жылдан бастап «Баобэй хуэйцзя» порталында балаларына іздеу салған отбасылардан 50 мыңға жуық хабарлама жарияланған. Соған қарағанда ең көп сәби жоғалу (жылына 2 мыңдай) 1990-шы жылдары болған. Одан кейін бұл көрсеткіш төмендеген. Дегенмен, «төмендеген көрсеткіш» те көңіл қуантпайды. Соңғы онжылдықта адам іздеуге арналған бұл сайт жыл сайын 500-дей хабарламаны халыққа ұсынып отырған.

Lenta.ru порталының мәліметінше, бала ұрлануы жиілейтін ең қауіпті мезгіл – жаз айлары. Мамыражай мезгілде бала атаулы ойынның қызығына кіріп, үй көрмейтіндігі айтпаса да белгілі. Дәл осы уақытта ұрылар іске кірісіп, қараусыз қалған кішкентайларды қағып әкетеді. Адам ұрлаушылардың негізгі құрбандары – төрт жасқа дейінгі ұл балалар болып шықты.

Қытайдағы көп отбасы қыздан гөрі жанұяға мұрагер болатын ер баланың дүниеге келуін күтетін. 1970 жылдан 2015 жылға дейін созылған «бір отбасына – бір бала» саясаты пайда болғанға дейін әйелдер ұл бала туылмайынша дүниеге сәби әкелуді жалғастыратын. Бір отбасында бір баладан артық сәбидің болмауын қадағалайтын заң енгеннен бастап елдегі жағдай түрліше құбылған. Ақырында, дүниеге ер бала әкеле алмағандар ондай «олжаны» сатып алуға көшкен. Бұндай шешім шығарғандар шамамен 120 мың юань ақшасын (18 мың доллар) шығындайды. Ал, бір отбасы сәби сатып алса, оның жария болуынан тіпті қауіптенбейді. Себебі, қытайлық менталитет солай. Олар өздеріне қатыссыз іске бас сұқпайды. Сондықтан көршісі кенеттен екі жасар бала «тауып алса», бұл туралы тәртіп сақшыларына шағымданушылар өте аз, тіпті мүлде кездеспейді. Соған қарағанда, бала сату не сатып алу қытайлықтар үшін «жаңалық» емес.

Фупин перзентханасында акушер болған Чжан Шуся 2011-2013 жылдары жеті шақалақты сатқаны үшін 2014 жылы өлім жазасына кесілді. Дәрігер жаңа босанған аналарға перзенттерінің айықпас дертке шалдыққанын айтып, оларды сәбилерінен бас тартуларына үгіттеген. Содан дені сау сәбилерді, нақты айтқанда, қыздарды 3,5 мың, ұлдарды 8,5 мың юаньға сатып келген…

ЕҢ КӨП БАЛА ЖОҒАЛҒАН КЕЗЕҢ

«Ең көп бала жоғалуы орын алған» деп көрсеткен өткен ғасырдың соңғы жылдарында ұрлықты ұйымдастыру аса қиынға соқпаған. Неге? Себебі, ол кезде көше толы камера жоқ, интернет жоқ, ата-аналарға ауқымды іздеуді ұйымдастыру өте қиын болды. Бірақ, одан бері ел дамып, жаңару сатыларынан өтті. Билік бұл мәселені назарда ұстап, жағдайды жақсартуға тырысуда. Қазірде Қытайдағы әр үйде дерлік интернет желісі бар, осы мәселе бойынша жұмыс жасайтын арнайы форумдар мен сайттар жұмысы да жолға қойылған. Балаларды іздеу жұмыстарына жұмылдыру үшін бұрынғы полиция қызметкерлерінен құрылған ерікті топ ұйымдастырылған. Алайда, бұның барлығы жағдайды бірқалыпта ұстап тұруға ұдайы көмектесе бермейді.

Баласын жоғалтқан ата-аналардың айтуынша, тәртіп сақшылары тез іске көшпейді. Бейнебақылауға түскен жазбаларды дереу ашып, қарауға рұқсат берілмейді. Себебі, адам бір тәулік бойы із-түссіз кетсе ғана, «жоғалған» санатына тіркеледі. Бір күннен кейін бейнежазбаны қарау пайдасыз, себебі бұл уақытта қылмыскер ізін суытып үлгереді.

Осындай оқиғаның бірі 2007 жылы балабақшаның сыртқы бақылау камерасына түсіп қалған. Сунь Хайянның Сунь Чжо есімді баласын белгісіз біреу балабақша ауласында ойыншықтармен алдап өзіне айналдырып, одан соң алып қаша жөнелген. Чжоның ата-анасына бастапқыда іздеуді өздері жүргізуіне тура келген. Тиісті орган тәулік өткен соң іске кіріскенімен үш күннен кейін көмектесуден бас тартқан.

Амалы таусылған бұл отбасы баласын тауып берген адамға 100 мың юань (шамамен 13 мың доллар) сыйақы беретінін жариялаған. «2007 жылдары бұл өте көп ақша еді. Бірақ, бұл жеткіліксіз болды. Нәтижесінде біз сыйға ұсынылатын қаржыны екі есеге арттырдық» дейді Сунь Хайян тілшілерге берген сұхбатында. Бірақ, бұның бәрі еш нәтиже бермеген.

Бұндай оқиғалар ауылдық жерлерде ғана қайталанады деген сөз емес. 2018 жылы Пекиндегі сауда орталықтарының бірінде 11 айлық сәбиді ұрламақ болған қылмыскерлердің жымысқы пиғылдары жүзеге аспады. Абырой болғанда сауда орталығында демалып жүрген тұрғындар көмек көрсетіп, баланы да, ананы да аман алып қалған. Айтпақшы бұндай қылмыскерлер іске жалғыз кіріспейді. Олар топ болып әрекет етеді. Бірі ата-анасының көңілін ауласа, екіншісі баланы ала қашады. Әлеуметтік желіде тарап жүрген бейнежазбалардан қылмыстық топтың баласын құтқармақ болған ата-аналарды жабылып соққыға жығып жатқанын көруге болады.

ШЕШУШІ ШАРАЛАР

Елдегі адам ұрлығы бір ғана қылмыстық топтың жасайтын әрекеті емес. Оның басында және арғы түкпірінде бір-бірімен үздіксіз жалғасып, әрекет етіп отырған ірі қылмыстық топ болуы мүмкін деп жазады lenta.ru ақпарат айдыны. Өйткені, ұрланған бала қолдан-қолға, провинциядан-провинцияға өтіп, іздеу жұмыстарына кедергі келтіреді. Бұл әрекеттің астарында үлкен ұйымдастырушы топ тұрмаса, «жалғыздың үні шықпасы» анық.

Егер қылмыскерлер қолға түссе, Қытай үкіметі оларға аяушылық танытпайды. Ондай қылмыстың үкімі – ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы. Осындай оқиға елде 2018 жылы орын алды. 2000 жылдары Гуандун провинциясында бақандай тоғыз ұл баланы ұрлаған қылмыскерлердің екеуі өлім жазасына кесіліп, үшеуі үш жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Өткен онжылдықтарға қарағанда елдегі бала ұрлығы азайған. Бұл көңіл қуантарлық жағдай. «Ұрлықтың түбі – қорлық» екендігін насихаттау мақсатында болар, елде бұл тақырып турасында мақалалар жиі жазылып, деректі және көркем фильмдер түсірілуде. Тіпті, 2014 жылы өмірден алынған шынайы оқиғаға негізделіп түсірілген атақты фильмі Халықаралық Торонто кинофестивалінде көпшілік назарына ұсынылған.

Елдегі жағдайдың бұрынғымен салыстырғанда бәсеңдеуі Қытай билігінің мәселеге білек түре кіріскенін көрсетеді. 2009 жылы Қытайда адам саудасына қарсы іс ұйымдастыратын ұлттық полиция ұйымы құрылды. 2014 жылдан бастап Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі тәртіп сақшыларына адам ұрлау туралы дерек тіркелгеннен кейін 24 сағат өтуін күтпей, іске кірісуді тапсырды.

Айтпақшы 2016 жылдан бастап ҚХР басшылығы «бір отбасыға бір ғана бала» саясатын жеңілдетіп, әр отбасыға екі бала дүниеге әкелу рұқсатын беруі де адам ұрлығының азаюына ықпал еткен болуы мүмкін. Сондай-ақ, елде Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің бақылауымен төтенше жағдайларды жоюдың мемлекеттік жүйесі құрылды. Және туыстықты тез анықтауға мүмкіндік беретін ДНК үлгілері туралы мәліметтер базасы бар. Базаға табылған балалардың ақпараттарын полиция қызметкерлері енгізіп отырады. Ал, ата-аналар сол жерден сәйкестікті анықтап, өз балаларын тауып ала алады. Егер бала туралы ақпарат жарияланғаннан бір жыл ішінде оның биологиялық ата-анасы табылмаса, ондай балалар асырап алғысы келетін отбасыларға беріледі. Кейіннен өз ата-анасы табылса өзге отбасының асырап алу әрекеті тоқтатылып, бала туған әке-шешесіне қайтарылады.

Сонымен қатар, 2015 жылдан бастап заңсыз бала ұрлаушылар мен сатушылар ғана емес, оны сатып алғандар да жауапкершілікке тартылатын болды. Дәл осы жылы Қытай Жоғарғы халық соты бала ұрлау қылмысының едәуір азайғанын және ата-аналардың да өз еркімен балаларын сатуға баратынын баяндаған. Бұндай әрекет баласын асырауға шамасы келмейтін тұлғалар тарапынан орын алады деп түсіндірілген. Дегенмен, қытайлық отбасылардың әл-ауқаты жылдан-жылға өсіп келе жатқаны белгілі. Сондай-ақ, Қытай билігінің басым бағыттарының бірі – кедейлікпен күресу және ауылдық жерлерді дамыту екенін атап өткен жөн. 

Елдегі оқиғаға үкіметтің тікелей әрекет еткендігі, соған сай бала ұрлау қылмысының азайғандығы, отбасын жоспарлау саясатының жұмсарғандығы – биліктің бейжай еместігінің көрінісі. Атқарылған іс нәтижелі болса елдегі бұндай «қараңғы сауда» түбегейлі тоқтауы да мүмкін. Бірақ, талай ата-ананың көкейінде өшпес өкініш қалатыны, мыңдаған сәбидің туған ата-анасын ешқашан кездестірмейтіндігі еріксіз «бір кем дүние» дегізеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларға назар салсаңыз, бойыңызды үрей билері сөзсіз. Тіпті, арнайы түсірілген фантастикалық әрі қорқынышты фильм көріп отырғандайсыз. Бірақ, ол Бейжің көшелерінде бейнебақылауға түсіп қалған кадрлар. Бұл бір ғана Қытайда орын алып жатқан жағдай емес. Өйткені, адам баласын әмиян ұрлағандай-ақ ұрлап кете береді. Адамның құндылығы қайда, әлде жүректер тасқа айналған ба?! Сіз өміріңізде арам пиғылмен бірінің төлін бірі ұрлап бара жатқан айуанды көрдіңіз бе?! Осы тұста Оралхан Бөкейдің «…Адамзаттың бүкіл жаратылыс атаулыдан озықтығы немесе сорлылығы да осыдан шығар-ау. …Біз саналылығымызды мақтан тұтамыз, ал сол саналылықтан азап шегетінімізді бағамдай бермейміз» дегені ойға оралады.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here