ТУМА ТАЛАНТ ИЕСІ

0
234

Кешегі Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай сынды асыл тұяқ сал-серілердің көзіндей болып, киелі өнерді қадірлеп келе жатқан бүгінгі «Жәшіктегі жұлдыздың» кейіпкері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Серпер» Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты, «Жас тұлпар» сыйлығының иегері, әнші, композитор, актер Нұрлан Әлімжан.

«БАЛДЫРҒАНДЫ» ОҚЫП ӨСКЕН БАЛА

Сегіз қырлы, бір сырлы Нұрлан Әлімжан 1984 жылдың көктемінде көрікті Көкше жерінде дүниеге келеді.

«Менің балалық шағым ата-анамның арқасында керемет өтті. Әке-шешем отырғызып алып ертеден кешке дейін ақыл айтқан жоқ. Олар сөзбен емес іспен дәлелдеді. Әлі есімде, 1986-87 жылдары әкемнің Алматы шаһарында дүркіреп тұрған кезі. Жазушылар одағының мүшесі, «Жұлдыз» журналында қызмет атқарады. Ол кезде ақын-жазушылардың қаламақысы да жоғары болған. Анам 12-ші ауруханада жақсы жұмыс істейді. Әне-міне пәтер аламыз деген кезде ауылдағы әжем ауырып, ата-анам бір-ақ күнде бәрін тастап, ару қала Алматыдан Ақмола облысы Еңбекшілер ауданындағы жүзден аса түтіні бар шағын Кеңащы деген ауылға көшіп келді. Менің балалығымның бал шағы осы жерде өтті. Кішігірім үйде тұрдық. Ауыр дертке шалдыққан әжемді анам асты-үстіне түсіп қарады, бірақ жарты жылдан кейін әжем көз жұмды. Одан кейін әкем мен анам қарашаңырақта қалып, Тақан атамның бабын жасап, батасын алды. Әкем дәл осы ауылда көптеген шығармаларын жазды. Спортпен айналысады, «Әке, не істеп жатырсыз?» деп айналсоқтап қасында жүрем, «Балам, бұл былай» деп түрлі жаттығу түрлерін көрсетіп, мені спортқа үйретті. Дастархан басында үнемі өнегелі әңгімелер, шешендік сөздер, қазақтың жыр-дастандарын айтып отырады. «Әке, мұны қайдан оқыдыңыз?» деймін. «Ол мына кітапта, соны оқи қойшы, балам» деп бағыттап жібереді. Сондай еліктеушіліктен адамның болмысы, сөз өнері мен мәдениеті қалыптасады екен. Одан кейін көзімді ашқалы біздің үйден қонақ үзілмейтін. Бірі кетіп жатса, бірі кеп жатады. Ғафу Қайырбеков, Әзілхан Нұршайықов, Тұрсынбек Кәкішев, Сәкен Жүнісов, Ерік Асқар сынды атақты ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері қонақ боп келетін. Сол кісілердің әр сөзін құлағыма құйып өстім. Қазір ойлап қарасам, соның бәрін ата-анам мен үшін істеген екен. Жақсының шарапаты жұқсын деген екен ғой. Одан бөлек, «Балдырған» журналын сүйіп оқитынмын. Әр нөмірін асыға күтіп, үзбей қарайтынмын. Сол журналдың бір нөміріне қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының батыры Тоқтар Әубәкіров туралы шығарды. Батыр ағамызды көрген бойда мен де осындай ғарышкер болам деп армандадым. Асқақ арманым аспан әлеміне аралатпаса да, қасиетті өнер әлеміне есік ашты», – дейді балалық шағына саяхат жасаған Нұрлан Әлімжан.

ӨНЕР ЖОЛЫ – АУЫР ЖОЛ

Бала кезден өнерге бейім бола бастаған Нұрлан Әлімжан мектеп қабырғасында жүріп «Әнші балапан», «Жігіт сұлтаны» сынды байқауларда бақ сынап, бағы жана бастайды.
«Көкшетау қаласына алғаш көшіп келген жылы композиторлық қабілетім ашылып, 8-сыныпта «Сен менің жұлдызымсың» деген ең алғашқы әнімді шығардым. Ал актерлық өнерім 9-сыныпқа келгенде оянды. Сонда бірінші рет театр актерларының ойынын көрдім. Әкемнің «Құдалық» спектаклін тамашалай отырып, сахнадағы әртістердің талантына тәнті болдым. Сол күннен бастап мен де мықты актер болам деп шештім», – деп ой бөлісті Нұрлан Баянғалиұлы.

Осылайша атаның қанымен, ананың сүтімен дарыған қасиет тасқындап келіп, арманшыл ұлдың өнерін өрге домалатты. Ол 2001 жылы Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының актерлық факультетіне оқуға түседі. Алғашында замандас-құрдастарының «өнерін» қабылдай алмайды. Кейіннен өзі де осы ортаға бейімделе бастайды. 2003 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында Төлегеннің рөлін алып шығады.

Нұрлан Әлімжанның ең алғаш түскен фильмі – «Күнә». Бұл фильмінде Әзімбайдың рөлін сомдайды. Ол осы күнге дейін «Бақсы», «Ағайындылар», «Жау жүрек мың бала», «Ақсарбас», «Балалық шағымның аспаны», «Елбасы жолы», «Тығырықтан жол тапқан» атты қысқа және толық метражды кинофильмдерге түсіп, актерлік қырымен халыққа кеңінен танылды.

ӘННІҢ ДЕ ЕСТІСІ БАР, ЕСЕРІ БАР…

Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін әлдебір әуезді ән естісе, елти тыңдап, елең ете қалады. Ән қанатына мінген адамның ауыр мұңнан арылып, асқақ арманның жетегінде жүретіндігі жасырын емес. Ән – халықтың қазынасы. Бұл жолда да өнерпаздың айы оңынан туды. Тереңнен тамыр тартқан ұлттық мәдениеттің асыл мәйегін, сөз бен сазын талғаммен үйлестіріп келеді.

«Жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көп емес» демекші, бүгінде жас композитордың қорында жүрегінен шыққан жүзге тарта әні бар. «Ақ құсым», «Бағыңды бағала», «Өткінші жауын», «Сағындым ата-әжемді», «Балапаным», «Ол сен емес» сынды тыңдарманның жүрегінен орын алған әндердің әуені де, сөзі де көңілге қонымды. Әсем әнін әр жүрекке ұялатып, тыңдарманның алпыс екі тамырын иітіп, ұлттың ұрпағын рухани жағынан тәрбиелей білсе, онда әншінің ұтқаны.

Ал әнді халықтың асыл мұрасы деп түйсінген Нұрлан Әлімжанның қай әнін тыңдап көрсеңіз де, кемшіл тұсын таппайсыз. Өйткені, ол халық алдындағы жауапкершілікті сезіне білетін өнер иесі. Және де ол әншілік өнерге қызығушылық танытып, жолдан қосылған әуесқой жандардың қатарынан емес. Оған әншілік жолдаманы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Ла-Скала» сахнасында ән шырқаған тұңғыш қазақ – Амангелді Сембин берген. Нұрлан Әлімжанның осы ұлағатты ұстаздан вокал бойынша дәріс алып, алдынан өткендігін оның тыңдарманмен байланыс орнатуынан, дауысты қай жерде қалай құбылту керектігінен және әннің сөзі мен әуеніне баса назар аударатын биік талғампаздығынан аңғаруға болады.

«Мен ең алдымен өлеңді ұнатамын. Сөзі көңілге қонымды болса, одан кейін музыка туады. Кейде бірінші ән келуі мүмкін. Ондай кезде әкеме тыңдатып, сол кісіге сөзін жаздырып аламын. Бақыт Беделхан, Қайрат Ағыберген сынды айтулы ақындармен шығармашылық байланыстамын», – дейді әнші.

Қай кезде де тыңдарманын ән арқылы тәрбиелеу қағидасын берік ұстанған өнер иесі алғашында жастықтың жалынымен махаббат тақырыбындағы әндерді жарыққа шығарып орындаса, толыса келе ән қоржынын Отан, туған жер, отбасы туралы тыңдарманға ой салатын әндермен толықтырды. Бұрындары тек өз туындыларын ғана шырқаса, бүгінде Төлеген Мұхамеджанов, Ескендір Хасанғалиев, Ұлықпан Жолдасов секілді алдыңғы толқын ағаларымен шығармашылық байланыс орнатқан.

«ҚАЗАҚ БОЛЫП ТУҒАНЫМА МАҚТАНАМЫН»

Жастайынан өнерді жақсы көрген Арқаның арманы биік ұлы сұлулыққа құштар болады. «Әке – балаға сыншы» дейді халқымыз. Текті ұлының туа біткен талантын байқаған көреген әке де баласының бетін қақпай, белін буады. Оған өнердің бұралаңы көп, ауыр жол екендігін ескертіп, өлшеусіз еңбек еткенде ғана халық елгезегінен елеп алатындығын айтып, таңдауды баласының өзіне жасатады.

«Мен қашанда қазақ болып туғанымды мақтан етемін! Тәуелсіз елдің, кең байтақ жердің нағыз бақытты ұрпақтарымыз! Ата-бабамыз осы күнді аңсап кетті… Әкем үнемі «Алланы ұмытпа! Сабырлы бол! Есірме!» деп отырады. Бұл сөздердің мағынасын кейіннен түсіндім. Бейбіт күнде жеткен жетістіктерімнің, бағындырған белестерімнің бәрі – әке-шешемнің арқасы деп білем. Менің ата-анам – барым, байлығым, қазынам! Сол қадірлі жандардың көңілін тауып, разылығын алу – менің перзенттік парызым!» – дейді ағынан жарылып.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бүгінде көптің ықыласына бөленіп жүрген Нұрлан Әлімжан «…Қиялы көп болғанмен, зияны жоқ, Қазақтың мен де ақ көңіл баласымын» деп кезінде сенім артып, қолдау білдірген әкесі Баянғали Әлімжанның осы өлең жолдарын бойтұмарындай көреді.

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ, «QAZAQ» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here