ӨЗГЕНІҢ ӨМІРІ ҮШІН ӨЗ ӨМІРІН ҚИҒАН БОРТСЕРІК

0
177

1986 жыл. 5 қыркүйек. Сағат 05:00. Карачи әуежайына «Pan American» әуе компаниясының ұшағы қонды. Бұл «PA – 73» әуе рейсінің бағыты Мумбай – Карачи – Франкфурт – Нью-Йорк болды. Алайда 400-дей жолаушы мен экипаж мүшелерінің сапары сәтсіз аяқталды. Өйткені, «Абу Нидаль» террористтік ұйымының төрт мүшесі оларды тұтқынға алды. 17 сағат бойы террористтердің тұтқынында болған «Pan American» әуе компаниясының аға бортсерігі Нирджа Бханот (1963-1986) ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, қылмыскер оғынан қаза тапты. 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті төменде қайсар қыздың әкесі Хариш Бханоттың (журналист 2008 жылы 1 қаңтарда 86 жасында қайтыс болды, – ред.) 1986 жылы 5 қазанда «The Hindustan Times» газетінде (негізі 1924 жылы қаланған Үндістанның ағылшын тілінде күнделікті жарық көретін әйгілі газеті, – ред.) жарық көрген естелігін (қазақ тіліне аударып) жариялап отыр.

«ҮНДІСТАН ХАЛҚЫНЫҢ МАҚТАНЫШЫ»

1986 жылы 5 қыркүйекте Карачи әуежайында (Карачи – Пәкістанның оңтүстігіндегі 15 млн халқы бар портты қала, – ред.) менің қызым, яғни «Pan American» әуе компаниясының (1927-1991 жылдары қызмет атқарған АҚШ тарихындағы ең ірі әуе компаниясы, – ред.) аға бортсерігі Нирджа өзінің туған күніне екі күн қалғанда террористтердің оғынан қаза тапты.

Болмысы бөлек, тірлігі ерек қызым қайтыс боларынан бір жыл бұрын маған «Әке, менімен әлі-ақ мақтанатын боласыз!..» деп хат жазған еді. Қайсар қызым сөзінде тұрды. Менің немесе отбасымның ғана емес, барша Үндістан халқының мақтанышына айналды.

Өмірінің соңғы жылдарында әуе компаниясынан бөлек, модель ретінде де түрлі жарнамаға түсіп жүрді. Айтайын дегенім, екінші қыркүйек – сейсенбі күні Франкфурттан (Германия) оралды. Сәрсенбі күні жұмыстан бір сәтке де тыным таппады. Бейсенбі күні азаннан кешке дейін түсірілімге қатысты. Түсірілімге таңғы сағат тоғызда кеткен қызымыз сол күні кешкі сегізде үйге бір-ақ келді. Ауыр жұмыс күні болса да шаршағанын еш білдіртпеді. Айеш Саянимен (үндістандық режиссер, – ред.) керемет түсірілімнің өткенін тамсана жеткізді. Тамақтанып болғаннан кейін анасынан жарым түнде оятуын өтінді. Анасы өз кезегінде «Pan American» әуе компаниясына қоңырау шалып, жұмыстан сұрануы керектігін баса айтты. Өз жұмысына үнемі зор жауапкершілікпен қарайтын қызымыз бізді тыңдамады.

Рейс түнгі сағат 1:15-те (5 қыркүйек) еді. Әйелім Рама қызымыз Нирджаны оятты. Әдеттегідей қызымыз ванна қабылдады. Жұмысқа заттарын жинап жүргенде қысқаша әңгімелесудің сәті түсті. Екі күннен кейін болатын туған күніне қанша қонақты шақырғанын сұрадық. Жұмыстан жексенбі күні (7 қыркүйек)  таңертең келетінін алға тартқан қызымыз туған күніне ешкімді шақырмайтынын, тек бізбен (отбасымен) атап өтетінін айтты.

Сол түні жүрегіміз бір жамандықты сезгендей болды. Әйеліміз екеуіміз қызымызбен қимай қоштастық.

«ТУҒАН КҮНІНДЕ ТАБЫТЫН АЛДЫҚ»

Карачида «Pan American» ұшағын террористтердің басып алғанын таңертең баспасөз мәслихатынан естідім. Жұмысқа жете бергенімде «Hindustan Lever» газетіндегі әріптесім Ирфан Кхан қоңырау шалып, соңғы жаңалықтарды шұғыл жеткізіп тұратынын айтты.

Кейін белгілі болғанындай, қаруланған төрт террорист ұшаққа кіріп келгенде қызымыз Нирджа экипаж мүшелеріне белгі беріп үлгереді. Кабинадағы рейс капитанына белгі беруге ұмтылғанда террористтің қолына түседі. Дегенмен, Нирджаның орнына ақпаратты басқа бортсерік жеткізеді. Кабинадағы экипаждың үш мүшесі (аға ұшқыш, ұшқыш, бортмеханик) ұшақтан қашып шығады. Сөйтіп, 400-ге жуық жолаушы мен экипаждың 13 мүшесі қаруланған 4 террористпен бетпе-бет қалады.

Капитан (аға ұшқыш) қашып кеткеннен кейін экипаждың аға бортсерігі ретінде капитанның міндеті өзінің мойнына жүктелгенін Нирджа жақсы түсінеді. Істің насырға шаппау жағын қатты ойлайды. Қаласа да, қаламаса да қанішерлермен тілдеседі. Тұла бойын қорқыныш сезімі билегенін ешкімге байқатпайды. Жолаушыларды сабырға шақырады. Террористтерге жолаушыларға ас-су беруге көндіреді. Бортсеріктер қол қусырып отырмайды. Өлім мен өмір арпалысы сәтіндегі осындай мазасыз шақта бортсеріктер жолаушылардың жағдайын жасайды.

Ұшақты тұтқынға алған олар АҚШ азаматтарына өшпенділікпен, қастықпен, ашу-ызамен қарайды. Сондықтан АҚШ азаматы екенін айтқан жолаушыны бірінші атады. Нирджа бастаған бортсеріктерге барлық азаматтардың жеке куәлігін жинауды тапсырады. Алдымен АҚШ азаматтарын ата бастайтынын жақсы түсінген қызымыз өзге әріптестеріне АҚШ азаматтарының құжаттарын жинамауды ыммен түсіндіреді. Содан бортсеріктер АҚШ азаматтарының жеке куәліктерін террористтерге байқатпай еденге тастап жүреді. Ал ұшақта Американың 18 азаматы бар-тын.

Террористтер жергілікті билікке ұшқыштар беру талабын қояды. Алайда Пәкістан билігі бұл талапты орындауға асықпайды. Түрлі сылтау айтады. Арада 17 сағат өтеді. Ұшақтың жанармайы біте бастайды. Жарық бір өшіп, бір жанып тұрады. Бұдан ұшақтағы жағдай одан сайын күрделене түседі. Амалдары таусылған террористтер ұшақ ішіне оқ жаудырады. Сол сәтте Нирджа апаттық жағдайға арналған қосымша есікті ашып үлгереді.

Куәгерлердің айтуынша, Нирджаның орнында басқа адам болғанда қосымша есіктен бірінші өзі шығатын еді. Дегенмен, қызымыз үшін өзгелердің өмірі өз өмірінен артық болады. Атыс-шабыс орын алған сол ұшақтың ішінен сыртқа жолаушылардан кейін ғана ең соңғы болып шығуға шешім қабылдайды. Өкінішке қарай, қызымыздың бұл батыл шешімі өз өміріне қауіп төндіреді. Үш бүлдіршінге бағытталған террористтің оғы қызымызға тиді.

(Редакциядан:  Рейсте  ата-анасыз  үш  бүлдіршін болды. Өзінің қара басын ойлаған жолаушылар атыс-шабыс кезінде үш бүлдіршінді ұшақта тастап сыртқа шығып кетеді. Ал Нирджа қорқып отырып қалған оларды құтқармақ болады. Үшеуін байқап қалған қанішердің бірі оқ атады. Қас-қағым сәтте Нирджа сол бүлдіршіндерді құшақтап үлгереді. Осылайша  үш  бүлдіршінге  бағытталған   оқ  23 жастағы қайсар қызға тиеді. Ол құтқарған үш бүлдіршіннің бірі кейін ұшқыш болады).

Әттең, дәрігерлер оның өмірін арашалап қалғанда   қызымыз   өз   үйіне  –  Бомбейге  (1995 жылдан бері бұл қала Мумбай деп аталады, – ред.) аман-есен оралар еді. Бірақ, біз оның 7 қыркүйектегі (жексенбі күні) туған күнінде әуежайдан қызымыздың табытын алдық.

«СӘУЛЕЛІ ӨМІРІНІҢ ЕКІ АЙЫН ӨКСІКПЕН ӨТКІЗДІ»

Нирджаға дейін екі ұлымыз болды. Сондықтан әйелім екеуіміз қызды армандадық. Біздің бұл арманымыз 1963 жылы 7 қыркүйекте Үндістанның солтүстігіндегі Чандигарх қаласында орындалды.

Мен ол кезде Чандигарх қаласында қызмет атқаратынмын. Қызымыз сол қаладағы мектепке (Sacred Heart School) барды. Қаршадайынан оқуға зерек, білімге құштар, қатарынан озық болып өсті.

1974 жылы отбасымызбен Бомбей қаласына қоныс аудардық. Нирджаның алтыншы сыныпта оқитын кезі. Шотландиялық мектепте білім алды.

Бір анығы, қамшының сабындай қысқа болған 23 жыл өмірінің 22 жыл 10 айын бақытты өткізді. Сәулелі ғұмырының екі айы өкінішке толы болды.

1985 жылы наурыз айында қызымыз тұрмысқа шықты. Күйеуінің артынан Дубайға кетті. Келін болып түскен күннен бастап өмірі тозаққа айналды. Сенесіз бе, күйеуі Галф бір тиын да татырмайтын еді. Бізге қоңырау шалу үшін күйеуінен қарызға ақша алатын. Осылайша екі ай бойы қызымыз өзге елде аш-жалаңаш өмір сүрді. Бес келі салмақ тастап, азып-тозды. Сараң күйеуі кедей отбасының өзі қыздарына жасау беретінін алға тартып, екі айдан кейін қызымызды үйге керексіз болып қалған зат секілді әкеліп тастады. Бірақ, бұған Нирджаның сағы сынған жоқ.

Қызымыз жаңа өмір бастады. «Pan American» әуе компаниясына түйіндеме тастады. Байқауға қатысқан мыңдаған үміткердің арасынан үздік он сегіздің бірі болды. Майамиде (АҚШ) өндірістік тәжірибеден өтті. Осылайша аға бортсерік атанды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қамшының сабындай қысқа ғұмырын өзгелердің бақыты жолында құрбан еткен Нирджа Бханоттың есімі Үндістан мен АҚШ-та ардақталды. Үндістанның «Ашок Чакра» орденімен марапатталды. Ата-анасы «Pan American» әуе компаниясының өтемақысына «Neerja Bhanot Pan Am Trust» деп аталатын қайырымдылық қорын құрды. Қайсар қыздың атындағы қор жыл сайын екі сыйақы (әрқайсысы 1,5 млн рупий) тағайындайды. Оны апаттық жағдайда ерлік көрсеткен экипаж мүшесі мен жұбайынан қорлық көрген әйел алады. Ал, 1990 жылы Нирджа Бханоттың есімі Мумбай қаласындағы бір алаңға берілді. Бұдан бөлек, 2016 жылы Рам Мадхванидің «Neerja» фильмі көрерменге жол тартты.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «QAZAQ» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here