«БАТЬКА» ЕУРООДАҚТЫҢ 28 ЕЛІНЕ НЕГЕ КІРЕ АЛМАЙДЫ?

0
64

Александр Лукашенко корольдер мен монархтарды қоспағанда қазір де Еуропадағы билік басында ең ұзақ отырған президент ретінде белгілі. Александр Григорьевич 1994 жылы президент болып сайланып, сол кезден бері 24 жыл ел басқарып келеді. Алайда, барлық құндылықтар демократияға бейімделген Еуропа үшін бұл өте ұзақ көрсеткіш. Сондықтан да, Беларусь басшысын Батыста «Еуропаның соңғы диктаторы» деп атайды. Жалпы, Азия мен Африка секілді Еуропада диктаторлық режимдер көп болған жоқ. Мәселен, XX-ғасырдағы Еуропадағы ең атақты диктаторларға венгр көсемі Миклош Хартиді, Италия басшысы Бенито Муссолини мен Адольф Гитлерді айтуға болады. Сонымен қатар, ұзақ жылдар Испанияның басшысы болған Франсиско Франко да осы тізімде… Ал, өткен ғасырдың екінші жартысында Еуропада екі атақты диктатордың есімі аталады. Оның біріншісі Николае Чаушеску болды. Румынияны ширек ғасыр билеген ол Еуропаның қақ ортасында тұрып жеке басқа табынушылық саясатын жүргізгені үшін тақтан тайдырылды. Тіпті, соңында ату жазасына кесілді. Екіншісі, 1989-1997 жылдары Югославия президенті болған Слободан Милошевич болатын. Ол Югославияның беске бөлінуі кезіндегі қанды оқиғаға тікелей қатысы бар адам ретінде НАТО әскерімен биліктен кетірілді. Гаагадағы халықаралық соттың трибуналында жауапқа тартылды…

ЕУРОПАНЫҢ 28 ЕЛІНЕ КІРЕ АЛМАЙТЫН БЕЛАРУСЬ БАСШЫСЫ

Бүгінде «Еуропаның соңғы диктаторы» атанған Александр Лукашенко әзірге нық сеніммен Беларусьті басқарып келеді. Лукашенкоға АҚШ пен Еуропаның бірқатар еліне баруға тыйым салынған. Себебі, Лукашенко өз сөзінде еуропалық саясаткерлерді қатты сынайды. Ол кезінде Франция президенті Франсуа Олландты «Көгілдір президент» деп те атаған болатын. Ал, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райсты «Жөнін білмейтін қара әйел» деп атаған.

Алайда, Беларусьте Александр Лукашенконы қолдайтындар да, қарсылар да көп. Қолдаушылар елдегі тәртіп пен тазалыққа және қатал заңдарға риза. Ал, қолдамайтындар Беларусьте сөз бостандығының жоқтығына, адам құқықтары сақталмайтынына шағымданады.

Сонымен қатар, Лукашенко өзінің нақты әрі қатал шешімдерімен көзге түскен адам. Мәселен, ол өткен айда екі министрді жұмыс барысында қызметтен босатты. Тіпті, оның біреуінің қолына іс-сапар барысында кісен салынды. Ал, өткен жылы елдің ішкі істер министрін жиналыс үстінде жұмыстан босатып, залдан қуып шыққан…

Беларусьте Лукашенко қабылдаған бірқатар қызықты заңдар бар. Мәселен:
1) Бұл елде жұмыссыз жүрген жалқау еркек-терге айыппұл салынады. Ол аз мөлшерде емес.
2) Беларусь қалаларындағы құқық қорғау органдарының ғимаратын суретке түсірсеңіз, 10 күнге қамаласыз.
3) Орталық алаңға 3 адамнан артық адам жиналуға болмайды.
4) Президент сөзі үлкен әріптермен жазылу керек. Президент сөзін кішкентай әріппен жазған талай журналистер абақтыға жабылған.
5) Жеке көлігіңмен 10 күннен артық шет елге шығуға болмайды. Ал, сырттан өз көлігімен Беларуське келген адам машинасын шекарада тастап кету керек.
6) Беларусь – Еуропадағы әзірге өлім жазасы рұқсат етілген жалғыз мемлекет.
7) Мұнда баласы жоқ әкелерге де салық салу мәселесі көтеріліп, қазір заң қаралып жатыр.
8) Араққа зәру әрі оған салынып кеткен адамдар мемлекет есебінен тегін емделеді.

Қазір 64 жастағы Александр Лукашенконың бесінші өкілеттігі. Александр Григорьевич президенттікке қырыққа да толмаған кезінде келді. 1994 жылы өткен сайлаудың екінші турында 80 пайыз дауыспен Тәуелсіз Беларусьтің тұңғыш президенті болып сайланды.

1996 жылы елде өткізілген референдумда Конституцияға түзетулер енгізілді. Осыған сәйкес Александр Лукашенконың 5 жылдық президенттік өкілеттігінің мерзімі қайта саналды. Осы түзетулерден кейін президент өзінің құзырын да кеңейтіп алды. 2001 жылғы сайлауда «Батька» бірінші турда жеңіске жетіп, сайлаушылардың 75 пайыз дауысын иеленді. 2004 жылы Беларусьте тағы референдум өтіп, Конституциядағы «Президентікке екіден артық сайлануға болмайды» деген шектеу алынып тасталды. Осылайша, Александр Лукашенко алдындағы кедергілердің бәрін жойып, келесі сайлауда бақ сынап көруге толық мүмкіндік алды.

2006 жылы өткен сайлауда Александр Лукашенко үшінші мәрте 83 пайыз дауыспен президент болып сайланды. 2010 жылғы сайлауда сайлауға қатысқандардың 79 пайыз дауысын алды. Дегенмен, Беларусьте өткен президент сайлаулары мен референдумдарды Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен басқа да халықаралық бақылаушылар мойындаған жоқ. Оны демократиялық қағидаларға қайшы деп тапты. Алайда бұдан ыға қойған «Батька» байқалмайды. Ол бесінші сайлауға да қатысып, жеңіске жетті. Және бұл жолы Александр Лукашенко өткен сайлауларға қарағанда көп дауыс (83%) жинады.

Александр Лукашенко алғаш президент болғанда жоғарыда айтқанымыздай бірқатар референдум өткізіп, мемлекеттік рәміздерді өзгертті, орыс тіліне мемлекеттік мәртебе берді, өзінің елді басқару мерзімін ұзартты. Содан Еуроодақ (ЕО) елдері Александр Григорьевичке қырын қарай бастады. Ал, президенттік билікке 2006 жылы үшінші мерзімге отырғанда ЕО елдерінің кейбір басшылары бұл сайлау қорытындысына күмәнмен қарап, Беларусь басшысы мен оның 35 саясаткеріне қарсы санкция жариялады, яғни олар ЕО елдеріне кіре алмайтын болды.

Александр Лукашенконың 2010 жылы президенттік сайлаудағы кезекті жеңісінен кейін ЕО елдері қайта шүйлікті. Содан 2011 жылдың 31 қаңтарынан бері Германия, Франция, Италия бастаған Еуроодақтың 28 еліне Александр Григорьевич пен оның жақтастарына аяқ аттап басуына рұқсат жоқ.

РЕСЕЙ БЕЛАРУСЬ ЕЛІН АСЫРАП ЖҮР МЕ?

Беларусь бүгінде өзінің алып көршісі Ресеймен ара-қатынасын қай деңгейде ұстайды. Телеарнадан қарасаңыз, бәрі жақсы сияқты. Лукашенко мен Путиннің жоғарғы деңгейдегі жиі кездесулері, қаптаған меморандумдар мен одақтық деңгейдегі келісімдер. Алайда, шын мәнісінде бұл екі ел арасындағы жағдайға байланысты ресейлік сарапшылар көптеген пікірлерін білдірген. Оның соңғысы, күні кеше Ресейдің Беларусьтегі елшісі болып Путиннің ең сенімді серіктерінің бірі Михаил Бабичтің тағайындалғанынан кейін айтылған түрлі әңгімелер. Осы арқылы енді Ресей Беларусь елімен арадағы қатынасты қайта қарамақ ниетте екендігін көрсетіп отыр. Өйткені, соңғы уақыттарда Ресейдің экономикалық саясатын, Украинаға қатысты жағдайларды Александр Лукашенко бірнеше рет сынға алған болатын.

Бұл шын мәнісінде нені көрсетеді? Ресей үшін Беларусь неге керек? Саяси сахнада Беларусь Ресейге НАТО алдында қорған болатын бірден бір мемлекет деген әңгіме бар. Алайда, ресейлік атақты сарапшы Андрей Суздальцев Беларусь елінің Ресей үшін ешқандай қорған бола алмайтындығын айтқан. Саяси сарапшының пікірінше, Ресей мен НАТО арасындағы әскери қимылдар зымырандық кешендер мен реактивті ұшақтар арқылы жүзеге асады. Бұны Ресейдің өз жерінен-ақ ұшыруға болады. Оның үстіне Беларусь жерінде тұрған әскери қондырғылардың көбісі қазір ескірген. Сондықтан да, Ресей үшін Беларусь Еуропа әскері алдында ешқандай қорған бола алмайды. Керісінше, осындай мүмкіндікті мүлт жібермеген Лукашенко империясы бүгінде Ресейді барынша пайдаланып отыр деп есептейді. Оған нақты мысалдар да келтірген.

Мәселен, күні кеше Ресейдің энергетика министрі Александр Новактың Минск пен Мәскеу арасындағы мұнай тасымалы мәселесін қайта қарау керек деген сөзі көп нәрсені аңғартады. Новак Беларусьте Ресейдің мұнай өнімдерін тасымалдау Ресей экономикасына зияны болмаса, пайдасы жоғын айтқан. Ал, сарапшы Суздальцев Беларусьті одақтас етіп, оны арзан өнімдермен қамтамасыз етудің, Лукашенконың көлеңкелі бизнесін қолдаудың қажеті жоқ екендігін айтқан. Ол үшін бүгінде Ресейдің өз Калининграды бар. Ресей сарапшысы экономикалық тұрғыда қазір Ресей Беларусьті асырап келе жатыр деп есептейді. Оның пікірінше, Беларусь елі Ресейге жыл сайын 8 млрд. долларға түсетіндігін айтқан. Бұл Беларусь жалпы ішкі өнімінің 12 пайызын құрайды. Ал, жалпы тәуелсіздік жылдарында Ресей Беларусь еліне 116 млрд. доллар ақша құйған. Және бүгінгі таңда ресми Минск бұл ақшаның бір тиынын да Ресейге қайтарып отырған жоқ дейді сарапшы.

Суздальцевтің сөзінің жаны бар секілді. Беларусь мемлекеті бүгінгі таңда Ресей мұнайын Ресейдің өзінің компанияларынан арзан бағада алып отыр. Ал, көрші Украина болса Ресей мұнайын еуропалық елдердің нарығындағы бағамен алады. Бұл Минск үшін үлкен қолдау екендігі даусыз. Ресейде жұмыс істейтін Беларусь компаниялары салықтан босатылған деген де дерек бар. Алайда, соңғы кезде Ресей газын арзан бағаға алған Беларусь миллионерлері оны Еуропаға екі есе қымбат бағада тасымалдайды деген қауесет тараған.

Ресейлік сарапшы шекарадағы контрабандалық әрекет бойынша да бірқатар фактілерді тіркеген. Мәселен, қазіргі таңда Беларусь жерінен Ресейге күніне 2 000 тонна көкөніс пен жеміс-жидек өнімдері заңсыз өтеді. Бұл да Ресей шекарасындағы төзімсіз жағдай. Осындай әрекеттерден Лукашенко әулетіне жылына 500 млн. доллар пайда түсетінін айтады сарапшы. Алайда, Ресей жасап отырған осындай мүмкіндікке қарамастан Беларусь мемлекеті біздің саясатты қолдап отырған жоқ дейді Суздальцев. Өйткені, Лукашенко Ресей мойындаған Оңтүстік Осетия мен Абхазияны тәуелсіз ел ретінде танудан бас тартты. Қырымды мүлдем мойындамады. Украина әскеріне Беларусь компаниялары керосин жіберіп отырған деген әңгіме бар.

Осының барлығын ескере отырып, Беларусьті Ресейдің одақтасы емес, қатардағы мемлекет ретінде қарау керек деген ұсыныс тастаған. Ал, соңғы кезде Ресейде Беларусь еліне қатысты болып жатқан саяси тағайындаулар да осыны көрсететін секілді. Себебі, жаңа елші Бабичке көптеген маңызды міндеттер жүктеліп отыр. Ол Мәскеу мен Минск арасындағы қарым-қатынасты түбегейлі өзертпесе де, қайта қарауға мүдделі болып отыр. Осындай жағдайдан кейін шын мәнісінде Ресей мен Беларусь арасындағы қатынас осы бауырлас екі елдің халқы арасындағы емес, Ресейдің тек Лукашенко әулетімен ғана жақсы қатынасын көрсететіндей әсер қалдырады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Александр Лукашенко туралы пікір алуан болғанымен, бір анығы, Беларусьте жемқорлық өте төмен, мұнда жұмыссыз жүргендер де аз. Үй-күйсіз жүргендерді де көрмейсің. Елде жол, ауыз су мәселесі оңтайлы шешілген…

Айбол ҚАРАШЕВ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here