БІР ӨЗІ – БІР ТЕАТР

0
74

Сатира сахнасында монолог жанры бойынша жалғыз орындаушыдан тұратын жеке театр құрып, пародия мен монолог жанрының елдегі екінші тынысын ашқан «Әзіл әлемі» әзіл-ысқақ театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал актер Тұрсынбек Қабатов – бүгінгі «Жәшіктегі жұлдыздың» кейіпкері.

АНАСЫН НЕГЕ ӘЖЕСІНІҢ ҚЫЗЫ САНАДЫ?

1979 жылы 10 қазанда Казталов ауданының Ақпәтер ауылындағы (Батыс Қазақстан облысы) көп балалы отбасында дүниеге келген Тұрсынбек Қабатов әжесінің тәрбиесін көріп өседі.

Табиғатынан жуас, қақ-соқта шаруасы жоқ Тұрсынбек Аманғалиұлы балалық шағын былайша еске алады: «Қазіргі балалар бақытты ғой. Біз бұйырғанын киіп, алдымызға қойғанын жеп өскен баламыз. Ата-анамыз таң атқаннан жұмысқа кетіп, кеш келетін. Тіпті, әкемізді айлап көрмейтінбіз. Алты баланың қамымен күн-түн демей жұмыс істейтін. Қазақ әйелдерінің бір мықтылығы – балаға ай-шәй деп дауыс көтерместен «әкеңе айтам» деген бір-ақ ауыз сөзбен тәрбие дәнін еге білген. Біздің тәрбиемен тікелей әжем айналысты. Менің әжем өте жақсы кісі еді. Сол кезде анам мен әжемнің арасындағы нәзік сыйластыққа, бір-біріне деген шексіз құрметіне қарап, анамды әжемнің туған қызы екен деп ойлайтынмын. Әжем де, әкем де, анам да – бір үйдің адамдарындай көрінетін. «Анам басқа елдің қызы, бұл шаңыраққа келін боп түскен» деген ой болмаған. Өйткені, олар ондай көңілге күмән ұялататын нәрсе жасамаған. Анамыз екі сөмкесімен дүкеннен тамақ алып үйге келе жатқанда, бәріміз улап-шулап алдынан шығып күтіп алатынбыз. Сосын мәз-мейрам болып дастархан басында шәй ішетінбіз. Маған таңертеңмен ыстық сүтпен, сары самауырынмен ішілетін шай ұнайтын. Сол үшін де ерте тұрып, әжем мен анамның ортасында «қыстырылып» отырып, шәй ішетінмін. Ол кісілердің әңгімесі таусылмайтын, бір-бірімен құрбылардай сырласатын. Әлі есімде, жазғы демалыста әжемнің бүкіл немерелері келетін. Сонда басы-аяғы 15-16 бала бір үйде тату-тәтті жүретінбіз. Ұл балалардың шаштарын тақырлап алып тастайтын. Қыздардікін өріп қоятын. Әжеміз бір қазан тамақ пісіреді, оны үлкен домалақ үстелде отырып таласып ішіп алатынбыз. Одан кейін қыздар-ұлдар болып екіге бөлініп жата кетеміз. «Әжеміз бізбен жатады, ертегі айтады» деп таласатынымыз да көз алдымда. Сонда әжемнің сөзі ертегімен басталып, аяғы күбірлеген дұғаға ұласатын».

Иә, Тұрсынбек Қабатов қазақтың қарапайым отбасынан осындай қазақы тәрбие алды. Ал, халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қарапайым қағидат қай дәуірде болсын өзгерген емес, өзгеруге де тиісті емес.

ТӨРТ ЖЫЛ ШОПАН БОЛҒАН ТҰРСЫНБЕК САТИРАҒА ҚАЛАЙ КЕЛДІ?

Мектеп бітіргеннен кейін арман қуып Орал қаласына аттанады. Дегенмен, төрт жыл қатарынан жоғары оқу орнына құжат тапсырып, төрт рет оқуға түсе алмайды. Сонда да үмітін үзбей жыл сайын оқуға құжат тапсыруға бел буады. Сөйтіп, бесінші жылы жоғары оқу орнына ақыры түседі. Бірақ, бұл аралықта үйленіп алған болашақ актер оқуды жалғастыруға мұршасы болмайды.

Ауылда босқа жүрмеген Тұрсынбек әкесінің інісіне қой бағуға көмектеседі. Көп ұзамай бір отардың бас шопаны болған болашақ жұлдыз алғашқы пародиялық, әзіл-сықақ нөмірлерін аттың үстінде шығарып, кең даланың төсінде талантын шыңдай бастайды.

«Далада ат үстінде айқайлап өлең айтып, әртүрлі дауыстар саламын. Негізі менің сықақшылық өнерім сол ат үстінде жүргенде ашылса керек. Егер бірден қалаға кетіп қалғанымда, оқуды бітіріп, бір жерге жұмысқа тұрып, өнерге жеңіл-желпі қарап, қадірін білмес те едім. Мен болсам, төрт жыл әбден қиналдым. Қаладан студенттер келгенде жақындай алмаймын. Олар – студент, мен – шопанмын», – деп өткен күннен естелік айтты актер.

2000 жылы Тұрсынбек бағын сынап көруге Орал қаласына қайта келеді. Сол уақытта Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясына жүргізуші қажет болып, байқау жарияланады. Мұны естіген болашақ актер бағын сынап көреді. Байқауда бар өнерін ортаға салып, бірден жұмысқа қабылданады. Арада екі ай өткенде «Дала дарындары» атты байқауда жеңімпаз атанып, одан Астанаға «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестиваліне жолдама алады.

«Мен негізі бұрын ән айтатынмын. Бір шағын күлкілі нөмірлер жасайтынмын, алайда өзімді әзілкеш деп санамайтынмын. Сөйтіп, қатысушылар тізіміне қарасам, 74 әнші, 4 әзілкеш бар екен. Ән айтып, 75-ші орын алғанша, әзілден 5-ші орын алғанды жөн санадым. Осылайша, әзілкештердің қатарына жазылдым. Келесі күні байқау басталуы тиіс еді. Мен түні бойы дайындалдым, пародиямды қайталап, өзіме «Молодец Мырзабаев» деген лақап ат қойдым. Сонымен, мен өнер көрсеттім де, бірінші орынды алдым. Осыдан кейін мені Астанадағы «Шабыт» халықаралық байқауына жіберді. Оған бағдарламаны мен пойызда келе жатып ойластырдым. Бірінші, екінші турлардан өтіп, соңында бас жүлдені қанжығама байладым», – дейді Тұрсынбек Аманғалиұлы.

БАРЛЫҚ АРМАНЫ АСТАНАДА ОРЫНДАЛДЫ

Тұрсынбек Қабатов – Қазақстанның жаңа Елордасы – Астанада жұлдызы жарқырап жанғандардың бірі. Бір сұхбатында: «Барлық армандарым Астанада орындалды», – депті.

Иә, «Шабыттан» бас жүлде иеленіп, жұлдызы жанған Тұрсынбек Қабатов кейіннен Көңілді тапқырлар клубына (КВН) шақырту алады.

«Мен түрлі концерттерге жеке нөмірлеріммен шығып жүрдім. Мені байқаған Бақыт Сыздықова бір күні: «Мен «Жас Отан» жастар партиясынанмын. Біз қазір КТК құрамасын құрудамыз», – деді. Мен: «Орыс тілінде сөйлей алмаймын», – десем, «Қорықпа, саған барлығын түсіндіреміз. Тіпті, ұтатын жерің – акцентің болады. Ең бастысы сенде актерлік қабілет бар. Қаңтар айында Сочиге барамыз. Бізбен біргесіз бе?» – деді. Ал мен үшін Сочи – бұл орындалмайтын арман сияқты болатын. Мен, әрине, келістім. Сочиге келдік, бізді Жоғары лигаға шығарды, сол сәттен бастап менің КВН-дік өмірім басталды», – деп ағынан жарылды Тұрсынбек Қабатов.

Осылайша, Ресейден бір-ақ шыққан Тұрсынбек Қабатов «Казахи» КТК командасы құрамында 2010 жылы Халықаралық КТК одағы жоғарғы лигасында вице-чемпион атанып, «ТМД-ның ең үздік ойыншысы» болды. Бұл туралы кейіпкеріміз былай дейді: «Сахна сыртында әрдайым қызықты жағдайлар болатын. Мен үнемі мәтінді ұмытып қалатынмын да, барлығынан әрнәрсені сұрап жүретінмін. Құмардың, Нұржанның, Яриктің (Ярослав) ұдайы мазасын алатынмын. Оның үстіне қобалжу басым болады. Адам көп, жанкүйерлер ысқырып, қолдап, қазылар алқасы тізіліп отырған кезде мен қалқаның артында тұрып, мәтінімді әрең есіме түсіріп, қолыма жазып алатынмын. Бір күні мен «Я договорИлся» деген сөзді айтуым керек болды. Ал мен әрдайым «Я договАривался» деп қате айтып қоятынмын. Жаттап тұрмын, жүз рет қайталаған шығармын, сахнаға шықтым да, «Здравствуйте ребята, я договАривался» дедім. Бәрібір қате айттым. Сахнада тұрып, дұрыс емес айтқанымды түсіндім де, жігіттерге бұрылып, «дұрыс айттым ба?» деймін ғой. Барлығы ішек-сілесі қата күлді. Бастапқы үш жылда осылай болатын. 2008-2009 жылдары орысша әжептәуір сөйлеп, орысша әзілдер жаза бастадым. Ал 2010 жылы маусымның үздік ойыншысы атандым. Негізі менің осы өнер жолына түсуіме КВН көмектесті».

Бұл аралықта бесінші жылы Оралда жоғары оқу орнына түсіп, бірақ оны тастап кеткен Тұрсынбек Қабатовтың арманы Астанада орындалған еді. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің қабырғасында жүргенде «Аграрка сарбаздары» КТК командасының жетекшісі, Қазақстанның бұрынғы «Астана.kz», қазіргі «Қазақтар» құрама командасының белді ойыншысы болды. 2011 жылдан Астана қаласы әкімдігінің «Әзіл әлемі» әзіл-сықақ театрының директоры.

Мұхтар Әуезов: «Күлкі – өлмес елдің өшпес күші», – дейді. Иә, ешқашан өшпейтін мұндай мықты жанрға (әсіресе, пародия мен монологқа) дәл Тұрсынбектей өзге де сатира әртістері мән берсе, сатира – ұлттық идеологияға, ортақ мүддеге қызмет ететін айбынды қаруға айналатын еді ғой…

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Көрші Ресейде жетпістің желкесіне мінсе де, әлі ат үстінен түспеген Евгений Петросян, Елена Степаненко және олардың артынан ерген Максим Галкин, Елена Воробей сынды жүздеген сатира саңлақтары сахнада бір өзі тұрып, көрерменді ішегі түйілгенше күлдіреді. Өйткені, олар монолог жанрының майталмандары. Негізі, бұл өзі біздің елде кенжелеп қалып қойған өнер түрі ғой. Бұрындары монологпен сахнаға Бауыржан Ибрагимов жиі шығатын. Қазір мүлдем көрінбейді. «Тамашаның» тарланы марқұм Құдайберген Сұлтанбаев та монологты қатырушы еді. Кейін қазақ сахнасында монолог жанры «Шаншардағы» Уәлибек Әбдірайымовтың еншісінде ғана қалғандай көрінетін. «Бір өзі – бір театр» атанған Тұрсынбек Қабатов осы олқылықтың орнын толтырып, жалғыз орындаушыдан құралған театр құрды. Демек, пародия мен монолог жанрына жан бітірген Қабатовтың қағытпалары әлі талай жылдар көрерменнің көңілінен шығатынына сенім мол.

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here