«ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – АСТАНАНЫ КӨШІРУДЕН ДЕ МАҢЫЗДЫ ШАРУА»

1
278

Осыдан төрт жыл бұрын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деген болатын. Ал былтыр жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Мемлекет басшысы: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Яғни, 2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз», – деді. Сөйтіп, Мемлекет басшысы 2017 жылғы 26 қазанда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл, шын мәнінде, халқымыздың ғасырлар бойғы арман-мұраты жүзеге асқан тарихи күн болды. Бүгінде бұл мәселе қоғамда талқы тақырыбына айналды. «Qazaq» газетінің тілшісі Әлия Іңкәрбек филология ғылымдарының кандидаты Нұрсәуле Мақсұтқызымен латын әліпбиіне көшудің негізгі тетіктері жайында әңгіме өрбіткен еді.

«ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНІҢ 70%-Ы ЛАТЫН ӘЛІПБИІН ҚОЛДАНАДЫ»

– Нұрсәуле Мақсұтқызы, қазақ баспасөзін қадағалап жүрген оқырмандарға Сіздің есіміңіз бейтаныс деп айта алмаймыз. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының ағылшын және орыс тілдеріндегі аудармаларын сынға алған зерттеулеріңізден, баспа мен баспасөзге, басқа да тіл мәдениетіне қатысты еңбектеріңізден Сізді өзге тілді меңгерген өз тілінің жанашыры ретінде білеміз. Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру жөніндегі Елбасының Жарлығынан соң Өзіңіз тәрізді мамандар қызу іске кірісіп кеткен сыңайлы. Осы шараның бел ортасында жүрген ғалымдардың бірі ретінде халықтың алдында қандай жауапкершілік сезінесіз?

– Тамыз айында Астанадан «Тіл-Қазына» орталығының Ербол Тілешов бастаған мамандары Сүлейман Демирел университетіне келіп, бірінші этаптың нәтижесін сынамадан өткізді. Жұмыс барысында кей әріптестеріміз пікір қосып жатты, сонда Арғынбаев Арман есімді жас маманның айтқан сөзі сөзбе-сөз есімде қалып қойды: «Мына жұмысқа ертең халық не алғыс айтады, не лағынет айтады» деді. Жауапкершілік дегеніміз осы.

– Расында бүтін бір халықтың болашағы осы жауапты кезеңге байланысты ғой.

– Шындығына келгенде, бұл бүтіндей бір қазақ халқының болашағы ғана емес, бұл жерде түркі тілдес халықтардың алдындағы жауапкершілік және ғаламдық латын қаріпті қолданатын өзге де халықтар алдындағы жауапкершілік мәселелері тағы бар. Себебі, латынға көшудің мақсаты не? Мақсаты – көпке қосылу. Қараңыз, әлемде қанша халық латын қарпін қолданады? Елдердің 70 пайызы латын әліпбиінде жазады, бүкіл әлем ағылшын тілінде хабар алмасады. Осы көпшілікке жақындайық деп отырмыз. Түркілер бір-бірімізді оқи алатын боламыз дейміз, бір-бірімізге а-дан басқа әрпіміз сәйкес келмесе, қалай оқимыз? Сондықтан, латын деген осы екен деп, өзіңше бет алды кете беруге болмайды, қарайлап, «бұл көпшілікке» жарасымды, түсінікті түрде келіп қосылуымыз керек. Мәселен, su мен sý дегеннің қайсысы су деп оқылады?

– Біріншісі су деп оқылады екен.

– Иә, біріншісі су деп оқылады. Subaru, Audi деген автокөлік маркалары тәрізді халықаралық брэнд логоларда бір басқа, біздің сөздерімізде бір басқа болып тұрмау керек. Бірігу деген сол алдымен халықаралық қолданыстағы дайын таңбаларды орын-орнына жұмсап, содан кейін сәйкес келмейтін таңбаларды өзгелермен санаса сәйкестендіруге тырысуымыз керек. Ол латын жазуы – үлкен көш, латынға көшкенде, сол көштің соңынан еруіміз керек.

– Сонда ғана басқалардың да, бауырластарымыздың да бізді оқи алу мүмкіндігі туады дейсіз ғой?

– Егер өзіміздің мақсат-мүддемізге қарай амал жасасақ, өздігінен солай болып шығуға тиіс. Мақсатың жамағатпен намаз оқу болса, қолыңа қармақ алып көлге кетпейсің ғой, сол сияқты. Амал мақсатқа қарай жасалу керек. Сонда шетте жүрген қандастарымыз бен латын жазуындағы түркі жұртшылығымен араларымызда тамырымызға қан жүгіріп, шын мәніндегі рухани жаңғыру басталады деуге болады.

«ТАРИХ ЕНГІЗГЕН ОРЫС ӘРІПТЕРІНІҢ БАРЛЫҒЫН ӘЛІПБИДЕН АЛЫП ТАСТАУ МҮМКІН ЕМЕС»

– Біздің латынға көшу мақсатымыздың ішінде орыстанудан құтылып, ағылшын тілді әлемге бет бұрсақ, сөйтіп, ғаламдық айналымға енсек деген ниетіміз де бар ғой.

– Дұрыс айтасыз. Бірақ, кезінде тарих енгізген орыс әріптерінің барлығын әліпбиден алып тастау мүмкін емес, барлық тілде тарихпен келген не болмаса қажеттіліктен енген кірме дыбыстар болады.

Ағылшын тіліне бет бұру дегенге келгенде, екі нәрсенің аражігін айырып алуымыз керек. Әліпбидің аты латын болғанмен, латын әрпімен жазылған нәрсенің барлығын қазір бүкіл әлем ағылшын тіліндегіше оқуға биімделген тілдің статусына орай. Соған қарамастан, біз ағылшын тілінде жазу деген не және латын қарпінде жазу деген не деген түсініктерді бір-бірінен ажырата білуіміз керек. Екеуі екі нәрсе. Бұл phonetics, physics деп жазамыз деген сөз емес, fonetіka, fіzіka деп жазамыз. Біз ағылшын тіліне көшіп жатқан жоқпыз, латын қарпіне көшіп жатырмыз. Ағылшынның, ғаламның деуге де болады, нөмірі бірінші телеарнасы BBC World News бүгінгі күні латын қарпіндегі тілдердің есімдерін сол қалпында, яғни түпнұсқа тілі латын қарпінде қалай жазса, солай беріп отыр. Euro News де солай.

– Сонда біздің де есімдеріміз өзіміздің жазуымыз бойынша берілетін болады ма?

– Иә, бірақ бұл есімдер ағылшын тілінде де солай жазылады деген сөз емес, ономастикалық атауларды ағылшын тілінде жазу жөнінде бөлек ереже болу керек. Ал мынау үлкен телеарналардың проблема туындамау үшін жасап отырған өз ұстанымы. Дегенмен де, бұдан шығатын қорытынды, батыста оқылатын әліпби жасауға барлық мүмкіндікті сарқа пайдалануымыз қажет.

Өзімнің жақын туыстарымның бірі менің осы латынмен айналысып жүргенімді көргенде: «Бізді енді ағылшындар да оқи алады ғой, иә, оқи алады, бірақ түсінбейді ғой, иә? Орыстар сияқты, оқи алады, бірақ түсінбейді, солай ма?» деп сұрады. Осы сұрақ өте жөн сұрақ болды ғой деп ойлаймын және әліпбиімізді осы сұрақтың үдесінен шығатындай, қолға жеңіл, көзге қуаныш, көңілге тоқ етіп жасап алуымыз керек. Мүмкіндік қайта-қайта беріле бермейді. Осы сәт тарихтағы ең шешуші мүмкіндік.

– Латынша жазуға көшу қандай жақсы болғанмен, әлі де болса, қоғамда кирилл жазуына деген қимастық сезім бар сияқты. Сіздің өзіңізде ондай сезім жоқ па?

– Қимастық сезім дегеніңіз табиғи құбылыс қой, адамның табиғатына тек үйреншікті нәрсе қолайлы. Түбірімен жаңа нәрсені қабылдауда қобалжу да болады. Менде екеуі де бар. Қимайтын себебім, осы күнге дейін кез келген тілдің мәтінін оп-оңай транскрипциялап жазып ала беретін қазақ тілінің жазуы кетіп бара жатыр. Жасыратыны жоқ, қаншама ғылым кандидаттары мен докторларымыз кезінде кандидаттық минимум дегенді тапсырды. Ағылшын тіліндегі мәтінді қазақша жазып алып, мен өз мамандығым ағылшын болған соң немісше тапсырдым, мәтіндерін қазақша әріптермен жазып дайындалып. Осы күнге дейін қаншама қазақ қазақша жазып алып сүре жаттап жүр, арапша оқи алмаған жағдайда. Міне, осындай басқа тілдермен салыстырғанда кәдімгі фонетикалық транскрипция қызметін атқарып келген тілдің қабілеті он әріп бірден түсіп қалған жағдайда мүмкін болмай қалады. Ал қобалжитын себебім, латын әліпбиіне көшу сол ағылшын тілінің бүгінгі күнгі еш ақылға сыймайтын ғаламат проблемасын өзімен бірге ала келетіндей көрінеді.

– Ойыңызды ашып түсіндірсеңіз?

– Кісі өзінің тілінде көріп тұрғанын оқи алмаса, естіп тұрғанын жаза алмаса, ол тіл бір «кемтар» тіл емей немене? Ағылшындардың бүгінгі жазу жүйесі – толып жатқан оқу ережесі, толып жатқан ережеден ауытқулар, толып жатқан әліпбиде кездеспейтін «оғаш» таңбалардың жиынтығы, балаға оқыту тұрмақ, үлкен адам да меңгеріп шегіне жетіп болмайтын тура мағынасындағы кәдімгі ауыртпалық. Өз ғалымдарының зерттеулері мұны «a national tragedy» деп атап, бұл проблема латынның 26 әрпіне көшуден бастау алды деп көрсетеді. Сол латын әліпбиіне көшкеннен бастап бүгінгі күнге дейін өзге латын қаріпті тілдердегі сөздерді сол қалпында қабылдап алу үдерісі тоқтаусыз жалғасып келеді.

– Тілдің ғаламдық экспансиясы бұл үдерісті одан бетер үдете түскен болар.

– Иә, дәл солай. Ағылшын тіліне аудару жұмыстары барысында тілге өзге тілдердің есімдерімен қоса мәдени ұғымдары да арна-арнасымен ағылып келіп жатыр. Өзгелердің атауларын түпнұсқа тіліндегі нұсқасына жақын сақтау тенденциясы тілдің әліпбиінде жоқ, мүлдем табиғатына жат таңбаларды толтырып жіберді. Біздің латынға көшуіміз де сондай қауіп-қатерді ала келуі әбден мүмкін. Кирилл қарпінде отырғанда орысшаның емін-еркін араласып жүргендігі тәрізді, енді латын қаріпті тілдердің барлығынан келетін сөздерге «шекара» айқара ашылады деген сөз. Латын қарпінде отырғанына 90 жыл болған түрік тілінің тәжірибесінен де осы мәселеде алатын тағылым бар.

«ӘЛІПБИ ДҰРЫС БОЛСА, ҚАУІП-ҚАТЕР ТӨНБЕЙДІ»

– Сіз айтып отырған қауіп-қатердің алдын алу үшін не істеуге болады?

– Әліпби дұрыс болу керек. Әліпби дұрыс болса, қауіп-қатер төнбейді. Кезінде Реформатский тілдегі фонема санына әріп саны жақын келетін әліпбиді «рациональный алфавит» деп атаған болатын. Тек қана төл дыбыстармен шектелеміз деу – бір ғасыр кері шегіну деген сөз, ол мүмкін емес нәрсе. Сөйлеп жүрген сөзіңде бар нәрсенің жазуыңда жоқ болуы үлкен қиындыққа, қарама-қайшылықтарға соқтырады. Сондықтан, төл дыбыстар мен кірме дыбыстарды рет-ретімен жан-жақтағы тәжірибелерден тағылым ала отырып, ұтымды, оңтайлы сипатта таңбалап алуымыз керек.

– Сонда Сіздің ойыңызша, әліпбиде қанша әріп болу керек?

– Ғалымдардың ортасында әліпбидегі әріп санының аз болуы үнемділікті қамтамасыз етеді деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Бұл пікірдің қате екенін көп тілдердің тәжірибесі дәлелдеп отыр. Ю-ды алып тастап, iý деп жазайық, ц-ны алып тастап, ts деп жазайық дегенде не ұтамыз? Расында, әліпбиде әріп саны аз болғанымен, тілде өмір сүріп отырған басқа фонемалардың орнын толтыру үшін бәрібір басқа амалдар міндетті түрде жасалады. Ол амалдар қосар әріптерден, басқа тілдердің әріптерінен, әліпбиде жоқ басқа да жасанды таңбалардан құралады да, ол айтылым мен жазылымның ортасындағы алшақтықты тудырады. Сондықтан әріп саны жеткілікті болу керек, мәселен біздің жағдайымызда 35-тен кем емес.

– Ағылшын тілі де осының мысалы дейсіз ғой?

– Иә, жаңа атап өткеніміздей, ағылшын тілінің жазу-сызуының «a national tragedy» деп аталып отыруының бірден-бір себебін ғалымдар бірауыздан сол әліпбидегі әріп санының тапшылығынан, яғни 26 әріптің 44 дыбысты таңбалауға шамасы келмейтіндігінен деп біледі.

– Түрік тілінің тәжірибесін де қозғап өттіңіз…

– Рақмет, жақсы есіме салдыңыз. Түріктер латынды 1928 жылы осыдан 90 жыл бұрын қабылдапты. Бір ғасырға жуық уақыт ішінде олардың жазуына ағылшынның w әрпі, ch диграфы, т.б. таңбалар «зорлықпен» еніп алған, енді соңғы жылдары түрік ғалымдары «әліпбиге 5 әріп қоспасақ болмайды» деген мәселе көтеруге мәжбүр болып отыр. Бұл жөнінде қараңыздар, ғаламторда мағлұмат көп. Шынар Әуелбекова деген әріптесімнің осы жөнінде жазылған мақаласын оқыдым жуырда. Тоқетері, әліпбиде әріп саны жеткіліксіз болды ма, ол «тапшылықтың» орнын бәрібір басқа нәрселер толтырады, міндетті түрде толтырады. Оның барлығы тек қана жазуды қиындатады. Ал қиын жазу сөзсіз адамды тілден бездірудің ең басты себептерінен саналады.

– Жазуы қандай қиын болса да, ағылшын тілі әлемдегі бірінші алпауыт тіл болып отыр ғой.

– Ағылшын тілін алпауыт етіп отырған экономиканың мәселесі екені түсінікті болар. Бірақ, қанша қиын болса да, сөздері қысқа. Танымал лингвист Дэвид Кристал бүгінгі күні әлемдегі тілдердің тең жартысы жойылып кету үдерісін бастан кешіріп отырғандығын айтады. Мына тілдерге қауіп төніп тұр деп жеке-жеке атамайды. Бірақ, сипатын береді: сөйлеу барысында өз тілінде баламасы бола тұра үлкен тілдегі сөздерді қолдану қауіп төніп тұрған тілдердің ең басты сипаттарының бірінен екен. Енді қауіп төніп тұрған тілдерді қалай сақтап қалуға болады дегенге келгенде, алпауыт тілмен қоса тілді электронды технологияның тілі етіп қолданысқа шығарып қою керек екен де, бірақ тілде жазу өте жеңіл жазылу керек, сол жеңіл жазумен ақпарат алу мүмкіндігі жүріп тұру керек екен.

– Ендеше жазу реформасын пайдаланып, жазуды мейлінше жеңілдету қажет дейсіз ғой.

– Иә, солай. Бұл тілді сақтап қалудың басты тетігі болмақ.

– Әзірге қолдағы әліпбимен Зерендіде бір топ ғалым емле-ережелердің жобасын жасап, Қапшағайда қорытындыладыңыздар, жаңа әліпбимен жұмыс барысында туындап отырған негізгі қиындықтарды атап өтсеңіз…

– Расында, емле-ереже жасау барысында талас-талқы өте көп. Мен тек әліпбиге қатысты тұсын айтайын. Әліпбиге сырттан қараған бөлек те, онымен жұмыс бір бөлек әңгіме. Нақты жұмысқа келгенде <y> дыбысын ý таңбасы арқылы берудің тиімсіздігі байқалды, жалпы латын қаріпті әліпбилерді ашып қарағанда мұндай таңба кездесе қоймайды. <ы> дыбысын у таңбасы арқылы берудің тиімсіз екені байқалды. Бұған <қ> дыбысының q таңбасы арқылы берілуін қосып, «Қызыңыздың тыңғылықты жұмысы қызығушылығымызды оятып, ыстық ықыласымызға бөленді» деген сөйлемді қағазға жазып көрдік. Бұл 3 дыбыстың да тіліміздегі қолданыс жиілігі жоғары болғандықтан, аяқтары төмен салбырап, сөздердің жазылу тұрпатын сүйкімсіз көрсетіп тұр.

«ДИГРАФТАРДЫҢ БІРТАҢБАЛЫ ГРАФЕМАЛАРМЕН АУЫСТЫРЫЛҒАНЫ ЖӨН БОЛАР ЕДІ»

– Егер аз-кем түзетулер орын алып жатса, диграфтар төңірегінде жүрген талас-талқы да бір шешімін табар ма еді?

– Диграфтардың біртаңбалы графемалармен ауыстырылғаны жөн болар еді, аглютинативті тілдердің табиғаты қосар таңбаларды мүлдем көтермейді, флективті тілдердің, яғни сөздері қысқа-қысқа келетін тілдердің бұл жөніндегі тәжірибесі бізге мүлдем жүрмейді деп, бірнеше жыл бұрын осы латын әліпбиі туралы сөз қозғала бастағанда-ақ айтқанбыз, Астананың төрінде өткен жиында. Оған құлақ түрген ешкім болмаған тәрізді. Қазақ тілі жалғалмалы болғандықтан, сөздері мейлінше шұбалаңқы келеді. Сондықтан, біз сол шұбалаңқылықты одан бетер созудың емес, керісінше ұтымды таңбалаудың жолдарын іздеуіміз керек.

– Сh, sh орнына өзіңіз не ұсынған болар едіңіз?

– Сh, sh – түрік тіліндегі ç, таңбаларымен берілгенін қалар едім.

– Және бір талас-талқының с әріпі жөнінде болып жатқанынан хабарымыз бар.

– Дұрыс айтасыз, білуімізше, латын қаріпті әліпбилер ABC деп басталады. Концепцияны талқылау барысында оны ғылымдарымыз кірме сөздердегі ц орнына жұмсау туралы пікірлер айтты, бір пікірлерде ц-ны ts деп таңбалай беру ұсынылды. Кірме сөздерде ғана кездеседі деп ц-ны әліпбиден шығарып тастап, дәл сондай статустағы ч-ны енгізіп қойғанымызда ешқандай уәж жоқ, қолданыс жиілігі тұрғысынан ц көбірек кезігеді. Осы тұрғыда Астанада шілде айында өткен конференцияда «с таңбасын ц әрпінің орнына әліпбиге енгізіп, 33 әріптен құралған әліпбимен өтсек жақсы болады» деген профессор Зейнеп Базарбаева апайымыздың ұсынысын толығымен қолдаған болар едім. Сондай-ақ, роман-герман тілдерінен енген сөздердің емлесін жасаған кезімізде Microsoft, Coca Cola, Canon деген тәрізді брэнд логоларды сол қалпында жазамыз деген ереже жасадық, ол үшін әліпбиде С болу керек. CD дегенді SD деп жаза беруге болмайды ғой, екеуі екі түрлі мағынадағы заттар ғой.

– Акутты таңбалар жөнінде ғалымдардың ойы бір жерден шығып отыр ма, әлде мұнда да әрқалай пікірлер бар ма?

– Ғалымдар басқа сұрақтардан асып акут таңбасына дейін жете алмай жатыр-ау деймін. Негізі акут (´) өзіндік мағынасы бар таңба, бұл әсіресе ағылшын тіліне café, cliché деген тәрізді француздан енген сөздерде соңғы е-ні «эй» деп оқу үшін қолданылады. Бұл – бір. Екіншіден, акут (´) американдықтар тәрізді сол қолмен жазатындарға қолайлы, жазудың барлығын тек техника жазбайды, қолмен де жазамыз ғой. Қараңыз, акутты (´) жазу үшін қол көтеріліп барып жұмыс істеп келеді, жазу үзіледі. Бұл оңқайларға тиімсіз, оң қолмен жазатындарға гравис немесе вария деп аталатын осы акуттың кері бағыттағы (`) таңбасы қолайлы, қолды көтермей жазып кете бересіз. Ал егер ең ұнамдысын айтсам, мұндай үстеме белгілер әлемнің латын қаріпті жетекші тілдерінде, түркілерде кеңінен таралған диакритикалық таңбалардан әр дыбысқа жеке дара берілгені дұрыс, бұл жазудағы диференциалдық ұстаным, яғни таңбаларды бір-бірінен тез ажырату тұрғысынан да ұтымды.

– Нұрсәуле Мақсұтқызы, Өзіңізбен аса бір маңызды мәселені мүмкіндігінше егжей-тегжейлі талқылап өттік қой деп ойлаймын.

– Әрине, бір сұхбат барысында тақырыпты түгелдей қамту мүмкін емес. Егер қазіргі үдеріс кезінде, әліпбиді, емле-ережені сынамадан өткізу тұсында туған нәтижелер ғалымдар тарапынан ғылыми негізделіп ұсынылып жатса, оған ел де, Елбасы да тек қуана-қуана қолдау көрсетеді деп сенемін. Себебі, тәуелсіз ел тарихында мұндай жоғарғы маңызға ие оқиға әлі болған жоқ. Бұл астананы Астанаға көшіруден де маңызды, себебі әрбір азамат Астанаға соқпаса да кең даланың бір жерінде өмір сүре береді, ал әліпбиге соқпай ешкім өмір сүре алмайды. Сондықтан, Мәңгілік елдің әліпбиін де ғұмырлы ету жолында дәл осы бүгінгі үдеріс үстінде қандай шешімге барсақ та жарасады деп ойлаймын, тек соңғы нәтиже қайырлы болғай.

– Нұрсәуле Мақсұтқызы, терең мазмұнды сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Әлия ІҢКӘРБЕК, «Qazaq» газеті

1 пікір

  1. Amoxil Cheap Generico Cialis Roma [url=http://cial20mgprice.com]buy generic cialis[/url] Zentel Capillariasis No Physician Approval Cialis Euroclinix Buy Kamagra Online [url=http://ciali20mg.com]generic cialis canada[/url] Propecia Forehead Since Prezzo Levitra 10 Mg 20mg Priligy Pt Where To Buy Acticin [url=http://buycialonline.com]cialis no prescription[/url] Cialis Compresse Prezzo Brand Amoxil Online [url=http://bmpha.com]levitra ou cialis generique[/url] Viagra Plus Cialis Natural Viagra Pharmacy Online No Rx Canadian Pharmecies [url=http://bpdrug.com]priligy tratamiento[/url] Prix Viagra Et Cialis Generico Kamagra Gelatina Orale Amoxicillin Nausea Cats [url=http://gnplls.com]donde comprar levitra generico en espana[/url] Buy Generic Hydrochlorothiazide Congestive Heart Failure Overnight Shipping

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here