«ТАҚ ТАЛАСЫ»: КЕЛЕСІ ПРЕЗИДЕНТ КІМ?

0
121

Еуропа территориясындағы ең үлкен мемлекеттің бірі – Украина республикасы болатын. Алайда, соңғы уақытта Украина жерінде болып жатқан мүдделер қақтығысы салдарынан бұл ел бірқатар жерінен, бірқатар тұрғындарынан да айырылып отыр. Мәселе неде? Қырымның Ресейге заңсыз өтуі мен екі облыстың проблемаға айналуы. Соның салдарынан жер көлемі біршама азайып, халық саны 52 миллион адамнан 48 миллионға дейін қысқарды. «Qazaq» газеті бүгін Украина мәселесіне тоқталады.

РЕСЕЙ VS УКРАИНА: ҰТҚАН КІМ, ҰТЫЛҒАН КІМ?

Украин жерінде соңғы болған түрлі-түсті революция салдары елдің әл-ауқатына да әсер етпей қоймады. Алайда, бұл – саясат. Ал, саясатта әрқашан әділдік бола бермейді. Әйтпесе, Украина 1991 жылы тәуелсіздік алған тұста әлемдегі ең үлкен ядролық мемлекеттің бірі болды. Оның аумағында 1000-нан астам ядролық оқтұмсықтар мен зымырандар орналасқан еді. Тіпті, Украина ядролық қару жөнінен АҚШ пен Ресейден кейінгі үшінші орында тұрды. Алайда, ядролық державалардың «ешқашан Украинаның тәуелсіздігіне қол сұқпаймыз» деген уәделерінен кейін Украина ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан-ды. Бірақ, қазір көріп отырғанымыздай саяси уәде құр сөз жүзінде ғана қалды.

Мәселенің барлығы сол 2013 жылы биліктен Ресейшіл басшы Виктор Януковичтің кетуінен басталды. Өйткені, оған дейін Украинада мұндай проблемалар аз болатын. Ресей Қырымдағы өзінің флотын сауатты басқарып, Қара теңізде НАТО-ға қарсы әскери операцияларын жүргізіп келген. Алайда, Украина халқының дамыған әрі батыс бөлігі Виктор Януковичті қолдамайтындығын білдіріп, алаңға шықты. Өйткені, Украина Еуроинтеграцияға жақындау керек. Бұның астында сыртқы күштердің де бар екендігі даусыз. Әйтпесе, ол кезде жаппай алаңға шығатындай Украина халқы бейшара күйде емес еді.

Сол жылғы төңкеріс салдарынан 2014 жылы Украина билігіне бұрынғы бизнесмен Петр Порошенко келді. Ол Ресейге қарсы екендігін бірден айтты. Тіпті, Қырым мәселесін де көтерді. Алайда, бұл кезде Ресейдің арнайы қызметі Қырымда алдын ала жұмыс жүргізіп, оны біржолата алып қойған болатын. Сөйтіп, олар «Қырым бұрынғы Ресейдің жері, кезінде Кеңестік әділетсіз басшылар арқасында Украинаға сыйға тартылған» деген әңгімеге тоқталды. Ары қарай, (заңсыз) референдум жолымен Қырым Украина иелігінен бұлбұлдай ұшты.

Міне, тапа-тал түсте бір мемлекеттің келесі бір елден оның жерін емін-еркін тартып алуы әлемдік қауымдастықта үлкен әңгіме тудырды. Сол кезден бастап Ресейдің де жағдайы жақсы бола қойған жоқ. Қатарынан 5 жыл жалғасып келе жатқан санкция салдары қазір айтарлықтай ел экономикасына әсер етіп отыр. Бір жағынан Ресейге де шара қалмады. Қырымдағы Қара теңіз флотын жоғалтса, Ресей үшін үлкен әскери шығын болатыны сөзсіз еді.

Украина мәселесі Қырыммен ғана шектеліп қалған жоқ. Ресеймен көрші жатқан Донецк пен Луганск облыстары да бүгінде Украина билігіне бағынбайды. Олар сол кезден бері автономиялық мәртебе сұрап келеді. Алайда, бұл ресми түрде. Шын мәнісінде екі облысты да бүгінде Ресейден шыққандар басқарып отыр. Донецк пен Луганскіге де таластың неден шыққаны белгілі. Бір ғана Донецк облысында көмірдің миллиондаған тонна қоры бар. Ал, марганец рудасы жөнінен Украина бұрын әлемде бірінші орын алатын. Қазір де солай. Мәселен, бір ғана Донецк облысында 700-ден астам зауыт бар екен.

ПРЕЗИДЕНТКЕ ҮМІТКЕРЛЕР: КІМ МЫҚТЫ?

Соңғы сегіз жылда Украинада сайланған президенттерді шын мәнісінде халықтың сайлағанына сену қиын. Өйткені, 2005-2010 жылдары елді басқарған Виктор Ющенконың АҚШ-тың сойылын соғып, сол елдің барлау қызметі дайындаған президент болғанын жақсы білесіздер. Ал, 2010-2014 жылдардағы Виктор Янукович Ресейдің ықпалымен тағайындалған президент болды. Петр Порошенконы да АҚШ билігі мен Еуроодақ қолдап, сол мемлекеттердің айтуымен билікке келді. Ендігі кезек кімде? Себебі, 2019 жылы Украинада президент сайлауы өтеді.

Петр Порошенкодан бұрын сайланған екі аттас президент те Украинаның бағына бұйырмаса керек. Айталық, Виктор Ющенко өз-өзін жарнамалау үшін жүрген басшы болса, Виктор Янукович кезінде әлемдегі ең қымбат президенттің бірі болды. Оның үйі мен тамағын, өзге де шығындарын ұстап тұруы үшін бір жылда 635 миллион гривен кеткенін сол кезде басылымдар жарыса жариялаған еді. Ал, Петр Порошенконың шығыны жөнінде нақты мәлімет жоқ. Алайда, ол билікке келе салып, өзінің бұрынғы бизнес әріптестерінің біразын тұқыртқанын жоққа шығара алмаймыз.

Украинада президент екі кезеңнен әр бес жылға сайланады. Демек, 2019 жылы бұл елде президент сайлауы өтеді. Қазіргі басшы 52 жастағы Петр Порошенко күні кеше тағы да президент сайлауына түсетіндігін жариялады. Бұдан бөлек, Украина президентінің орынтағына үміткер бірнеше адам бар. Олардың ішіндегі ең атақтылары осы елдің бұрынғы премьер-министрі, белді саясаткер, тіпті, сыртқы күштердің ұсынысымен түрмеге де тоғытылған 57 жастағы Юлия Тимошенко мен Украина жерінде айтарлықтай абыройға ие 45 жастағы Олег Ляшко, 60 жастағы Анатолий Гриценко және 59 жастағы Юрий Бойко да бар.

Алайда, бұл кандидаттардың нақты қайсысы президент болатындығы әлі белгісіз. Бір анығы, кезекті сайлау қазіргі президент Петр Порошенко мен Юлия Тимошенконың арасында өрбитіні түсінікті жәйт. Бұл екі басшы да Ресейшіл емес екенін аңғарсақ, алдағы уақытта Ресей мен Украина арасындағы жағдайдың жақсаратынына сену қиын. Шығыстағы екі облыстың да проблемасы жақын күндері шешіле қоймас. Ең бастысы, Украина бүгінде экономикасын біршама жақсартып келеді. Алайда, оның барлығы да Еуропадан алынып жатқан қарыз ақшаның арқасында.

Дегенмен, Украина халқы арасында Юлия Тимошенконы қолдайтындар да жоқ емес. Оның мықты экономист екенін ел жақсы біледі. Ең бастысы, Украина билігіне Тимошенко келетін болса, халықтың әл-ауқаты да жақсаруы мүмкін. Себебі, ол 32 жасында Украинаның 25 пайыз экономикасын қадағалап отырған ірі қаржы институтын құрып, бірнеше жыл басқарған болатын.

Енді сайлауалды сауалнама нәтижелеріне тоқталсақ, әзірге қазіргі президент Порошенконың мысы басым. Ол түсінікті де. Елдің бүкіл БАҚ саласы сол үшін жұмыс істеп тұрғандай. Ел басқарған бес жылда Украина жеткен жетістік туралы жарнамалар, бейнероликтер…

Алайда, халық сауалнамасы әзірге басқаша сөйлеп тұр. Алдын ала жүргізілген сұрау бойынша Украина тұрғындарының басым көпшілігі Порошенкоға президент болмай, мұрагер дайындасын деген пікірде. Елде қазіргі президенттің рейтингі 6 пайызды ғана көрсеткен. Сондықтан, Порошенконың жеңіске жетуі әзірге 50/50 болып тұр.

Ал, келесі бір кандидат – Юлия Тимошенко. «Батькивщина» басшысы өз тарихында үшінші рет президент сайлауына қатыспақшы. Ол өзінің сайлауалды бағдарламасын жариялап та үлгерген. Аты – «Украинаның жаңа беталысы» деп аталады. Алайда, Тимошенконың рейтингі 10-11 пайызды көрсеткен. Осыған қарап сайлауалды сауалнамада Юлияны қолдайтындар саны басым екенін аңғаруға болады. Оның үстіне сауалнамаға қатысқандардың 25 пайызы әлі президентті таңдамағандықтарын айтқан. Бұл – бір. Екіншіден, «Батькивщина» көшбасшысын Игорь Коломойский бастаған олигархтар да қолдауы мүмкін.

Бұрынғы қорғаныс министрі Анатолий Гриценко үшін де президенттік сайлауға түсу жат тірлік емес. Ол Тимошенко сияқты осымен үшінші рет бағын сынап көрмекші. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей оның нәтижесі небары 2-3 пайызды ғана құрайды.

2014 жылғы сайлауда жақсы нәтиже көрсеткен Олег Ляшко да келесі жылы барын салатынын айтып отыр. Әлеуметтік сауалнама оның мүмкіндігі 6 пайыз екенін көрсетеді.

Бойко, Добкин, Рабинович секілді қалған кандидаттардың да мүмкіндігі осыған пара пар. Бұл Украина халқының 75 пайызына жүргізілген сайлауалды сауалнама нәтижесі болатын.

Айта кетейік, 2014 жылғы президент сайлауына барлығы 23 үміткер қатысты. Сайлау нәтижесінде 9,8 миллион халықтың (54,7%) қолдауына ие болған Петр Порошенко жеңіске жетсе, сайлауға қатысқандардың 12,8%-ы Юлия Тимошенконы, 8,3%-ы Олег Ляшконы, 5,5%-ы Анатолий Гриценконы қолдады. Ал, осы саясаткерлердің барлығы да 2019 жылғы сайлауға қатысуға ниет білдіріп отыр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Украина билігіне келген кез келген президент енді аяғын анық басатын болады. Себебі, саясатта ешкімге сенуге болмайтындығын нақ осы Украина тағы да бір көрсеткендей болды.

Айбол ҚАРАШЕВ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here