Сиви Махмудидің «Саламат» тобында шыңдалған Әділхан Макин «Славян базарында» топты жарды

0
6325

8-17 шілде күндері Витебскіде (Беларусь) өткен, 16 елдің «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықты әншілері қатысқан Халықаралық «Славян базары» фестивалінде қазақстандық жас әнші Әділхан Макин топты жарды.

Байқауда Әділхан Макин мүмкін болған 180 ұпайдың 178-ін алып, Бас жүлде иегері ретінде 20 мың АҚШ долларын қанжығасына байлады. Осылайша, Қызылжардың тумасы Ресей мен Грузияның Халық әртісі Тамара Гвердцители бастаған қазылар алқасы мен алты мыңнан астам көрерменнің, оның сыртында тікелей эфирді тамашалаған мыңдаған фестиваль жанкүйерлерінің таңдайын қақтырып, ыстық ықыласына бөленді. Ал, Грузиядан келген Георгий Путкарадзе 171 ұпаймен бірінші орынды және 15 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай сыйлықты иеленсе, екінші орынға Израиль әншісі Илай мен Беларусь әншісі Ваня Здонюк, үшінші орынға Ресей әншісі Иван Дятлов (168 ұпай) пен Украина әншісі Дмитрий Бабак жайғасты.

Айта кетейік, осыдан 4 жыл бұрын Халықаралық «Славян базары» фестивалінде бүгінде әлемге әйгілі болған ұлт мақтанышы Димаш Құдайберген тұңғыш рет Гран-приді жеңіп алса, 2017 жылы Ернар  Садырбай (Әміре) І-ші жүлдеге ие болған еді.

ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ ТУМАСЫ, «САЛАМАТ» ТОБЫНЫҢ ӘНШІСІ… ӘДІЛХАН МАКИН ТУРАЛЫ ДЕРЕКТЕР

Әділхан Макин 1994 жылы 5 қазанда Петропавл қаласында дүниеге келген. Бала кезінен ән айтып, түрлі байқауларға қатысқан. Айталық, Республикалық «Жас қанат» жас әншілер байқауының финалисі (2012), Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің ІІ-ші орын (2013), Халықаралық «TU ONDA» жастар байқауының Гран-при (Испания, 2018), «Сарандев» поп-рок орындаушылар байқауының І-ші орын (Болгария, 2019) иегері. Сондай-ақ, «Қазақстан дауысы», «X-Factor» байқауларында да бағын сынап көрген. Бүгінде Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 4-курс студенті.

Әділхан Макиннің кәсіби әнші болып қалыптасуына әнші, актриса әрі продюсер Сиви Махмудидің де қосқан үлесі зор. Мәселен, Сиви Махмуди жетекшілік ететін «SiviMworld» продюсерлік орталығында елдің талантты ұл-қыздарынан құралған бірнеше жоба болса, сол жобалардың ішінен 2015 жылы құрылған «Саламат» тобын ерекше атауға болады. Бұл топтың құрамында күні кеше «Славян базарында» топты жарған Әділхан Макин де болды. 2016 жылы Алматыдағы Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында аталған топтың жеке шығармашылық кеші өтті. Аз уақыттың ішінде 20-дан астам ән, екі бейнебаян және бір ән жинақ шығарды. «Саламат» тобының әншілері Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Қайрат Нұртас, Төреғали Төрәлі, Гүлнұр Оразымбетова, Фарида Жолдасова, «Азия» тобы сынды белгілі өнерпаздармен бірге ән шырқады. Сол шығармашылық кеште «Саламат» тобына КСРО Халық әртісі, КСРО және ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының, «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының иегері, қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова ақ батасын берсе, топтың ең алғашқы ән жинағының тұсауын дүйім жұрттың алдында ҚР Халық әртісі Мақпал Жүнісова кесті. Осы шараның бәрі топ жетекшісі Сиви Махмудидің қажырлы еңбегінің арқасында жүзеге асты. Ал, төккен тер, еткен еңбек бүгінде ақталды. Топта жүріп әбден ысылған, тәжірибе жинақтаған Әділхан Макин түрлі байқауларда «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанып жүр.

Қали ҚАМБАРОВ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here