ӘКЕ ЖОЛЫ

0
80

«Дүние – үлкен көл, замана – соққан жел», – дейді данышпан Абай. Күйкі тірліктің қызығы мен шыжығын күйттеп жүргенде тоқтауы жоқ күндер, қуанышы мен қайғысы аралас апта-айлар, осылайша жылыстап жылдар сырғып жатады. Әрбір істің, жақсы мен жаманның парқын ажыратып, асыл мен жасықтың бағасын беретін түптің түбінде осы уақыт қой. Ал, жасымыз алпыстан асқанда өткен күндерді сарғайған сағынышпен жиі есімізге алатын болдық.

Адамның алпысты алқымдап, зейнеткерлікке шығып, қолы босаған соң алды-артын ойлап, өткен-кеткенді ой елегінен өткізіп, өз әулетінің бар-жоғын мүмкіндігінше түгендеп, ата-бабасының, әке-шешесінің қандай адамдар болғанын, олардың жас ұрпаққа өнеге болар асыл қасиеттері мен атқарған қызметтерін жастарға жеткізе білу де парызы саналады.

Менің ата-бабамның туып-өскен жері – Шиелі өңірі. Осы өңірден пойызбен өтіп бара жатқанда қорым көрінеді. Бұл – жеті әулие жатқан Оқшы Ата қорымы. Соның ішінде Есабыз әулиенің де кесенесі бар.

Бүгінгі күні рухани жаңғыру, өткенге жаңаша көзқараспен қарау, жіберілген кемшіліктерді түзету, ақиқат пен әділеттілікті қалпына келтіру бағытында елімізде көптеген игі істердің қолға алынғаны қуантады. Соның бір айғағы – таяуда Есабыз әулие мешіті жаңадан салынып, ас берілді. Мешіттің қазіргі формасы өте әсем, ақ мәрмәрмен (мрамор) әрленген, алыстан менмұндалап тұр. Сол жай маған біраз ой салды. Өйткені, алпысыншы жылдары құлауға шақ қалған Есабыз әулиенің кесенесін жөндеген азаматтардың, соның ішінде әкем Бекқожа Сүйіндіковтің еңбегін ескерусіз қалдыруға болмас.

Бекқожа Сүйіндіков 1926 жылы Шиелі ауданында орта шаруа отбасында дүниеге келген. Сыр бойына белгілі Аман әжі (қажы) Меңлібайұлының кіші баласы Сүйіндік молданың кенжесі. Сүйіндік атам қызыл қырғын, ашаршылық басталған кезде түйелерімен Өзбекстан, Тәжікстанның таулы аймақтарына өтіп күн көріп жүріпті. Дегенмен, елден жырақ жүруге болмайтынын түсініп, елге қайта оралады. Түйелерін Ащықұдық колхозына өткізіп, колхозшы болады.

Атамның екі ұлы – Нұрмахан, Бекмағамбет көкелерім, үлкен қызы Нұркүл апамның күйеуі – Әбу жездеміз сұрапыл соғысқа аттанып, олар хабар-ошарсыз кетті. Ал, Досмахан көкеміз «Милиция ұстап алса, түсіріп тастайды» деп, Орынбор мен Шиелінің екі ортасында пойыздың үстінде жүріп суық тиіп қайтыс болады. Ол кісі Орынборда оқыған еді. Атамның жанында кіші балалары Есқожа мен Бекқожа қалады.

Өзім үйдің үлкені болғандықтан әкемді «аға», анамды «жеңеше» деп өстім. Өмірінің соңына дейін анам мені «Ақтөре» деумен болды.

Әкем еңбек жолын 1943 жылы Тартоғайдағы Қызылорда темір жол депосының қосалқы шаруашылығында (подхоз) сексеуіл дайындаушы болып бастады. Соғыс кезінде көмір тапшылығы орын алып, сексеуілді паровозға пайдаланса керек. Паровоздардың үздіксіз жүріп-тұруына өзінше үлес қосқан әкем сол жылдардағы тылдағы еңбегі үшін де Ұлы Жеңістің бірнеше мерекелік медальдарымен марапатталған.

«Ұлы Отан соғысы» аталған Екінші дүниежүзілік соғыс жеңіспен аяқталып, халық есін жия бастағаннан кейін әкем 1948-52 жылдары Шымкенттегі ауылшаруашылық техикумында оқып, оны үздік бітіріп, Мәскеудегі Тимирязев академиясына (қазіргі К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті) жолдама алады. Бірақ, үлкен ұлдарынан айырылған атам оны Мәскеуге жібермей қойыпты. Сонымен, әкем 1952 жылы таңдап алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Шиелі ауданындағы озат тәжірибені насихаттау жөніндегі үш агрономның бірі болады. Олар – Алтынбеков Әнес, Тәжіков Мұстафа және менің әкем Сүйіндіков Бекқожа. Әкемнің айтуынша, олар елдің игілігі үшін күні-түні аттан түспей жұмыс істеген. Сондай бір қиын-қыстау уақытта әкемнің атқарған қызметтері екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың «Өмір жолдары» және атақты агроном Әнес Алтынбековтің «Нан қадірі» естелік кітаптарында толығырақ жазылған.

1954 жылы әкеміз анамыз Әбішова Ұлтаймен отау құрады. Ташкент ауыл шаруашылық институтына сырттай оқуға түсіп, оны 1960 жылы бітіреді. Бір сөзбен айтқанда, әкем – Шиелі ауданында мол өнім алудың ғылыми агротехникасын енгізушілердің бірі. Сол жылдары ауданда Бәйгеқұм МТС (Машинно-тракторная станция) құрылып, әкемді бас агроном қызметіне бекітеді.

1956 жылы сол МТС тарап, әкем Ащықұдық, Талаптан сияқты кішкентай шаруашылықтардың басы біріктіріліп құрылған «Қазақстанның ХХХ жылдығы» колхозының бас агрономы болып тағайындалады. Бұл менің ес біле бастаған кезім болатын.

1960 жылы Шиелі ауданында тәлімбақтар (питомник) құрылып, әкем бас агроном қызметіне бекітіледі. Біз сонда көшіп бардық. Жаңа іске әдеттегідей құлшына кіріскен әкем іскерлік танытады. Молдовамен іскерлік қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасып, іссапарға (командировка) барып келгені есімде қалыпты. Ол жақтан келген мамандар біздің үйде екі-үш айлап жатты.

Рас, сол жылдары кадр мәселесін аупартком шешетін-ді. 1961 жылы ауданда озат тәжірибе тарату мақсатында үлгілі ірілендірілген «Сырдария» совхозы құрылды. Совхозға әкемді бас агроном қызметіне тағайындады. Біз совхоздың орталығы – Жөлек ауылына көшіп келдік. Мен 1962 жылы №152 Жөлек орта мектебіне 1-сыныпқа бардым. Бірақ, көп ұзамай жеміс ағаштарын өсіретін тәлімбақ «Жеміс-жидек» совхозы болып құрылып, әкемді директорлыққа бекітті. Мен баяндайын деп отырған оқиға осы кезде орын алып еді. Яғни, әкемнің Есабыз әулиенің мазарын салуға қатысып, артынан қуғын-сүргінге ұшырағаны жайында айтсам артық болмас.

1963 жылы маусым айында КПСС Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Ильичев Пленумда атеистік насихат мәселесін күшейту жөнінде баяндама жасайды. Соны желеу еткен жергілікті шолақ белсенділердің бір-екеуі Оқшы Атадағы Есабыз әулие мазарын қалпына келтіруді сұмдық қылмыс ретінде көрсетіп, Шиелі аупарткомның 1-хатшысы Б.Сопбековке арыз-шағым жазып, шара қолдануды сұрайды. Мәселе бюрода қаралады. «Жеміс-жидек» совхозының директоры Б.Сүйіндіков мазардың құрылысына 250 кг цемент, 250 кг әк бөліп, 2 текше метр тақтайды тегін берді. «Беларусь» тракторын тіркемесімен құрылыс материалдарын тасуға пайдаланды. Совхоздың 2 жүк машинасымен мазардың фундаменті үшін 80 км қашықтықтан үш күн бойы тас тасып, олардың еңбекақысы мемлекет есебінен төленді» деген айып тағылады. Бұл мәселе жазушы-ғалым Өтеген Әбдіраманның «Есабыз әулие» (Алматы, 2005 ж.) кітабында толықтай қамтылған. Бұл айыпқа Сүйіндік атамның молда екені қосылады. «Ленин жолы» газетіне «Шиелі шортандары» деген фельетон жазған журналист Мырқы Исаев әкемді қаралауды әрі қарай жалғастырады (Ленин жолы, №196, 2 қазан, 1963 ж.).

Сөйтіп, әкем қуғынға ұшырайды, партиядан шығарылады, директорлықтан босатылады. Дегенмен, әкем жазықсыз жазаланғанын ашық айтып, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің атына шағым (апелляция) түсіреді. Сол кездегі екінші хатшы Титовтің алдына барып, партия құрамына қайта қабылданады. Басынан аяғына дейін жала мен бәленің жалғандығы әшкереленіп, осылайша әділеттілік орын алады.

Әрине, бұл жағдай әкеме оңай тимегені түсінікті. Алайда, азаматтық ұстанымы жоғары әкемді қиындықтар еш мойыта қоймады. Керісінше, бізді, ұл-қыздарын Отан алдындағы, әулет алдындағы борышты әрқашан басты мақсат етіп қоюды үйретті.

Сонымен, 1963 жылы әкем қайтадан «Сырдария» совхозына бас агроном болып тағайындалып, біз екінші рет қайтадан сонда қоныс аудардық.

Әкем Шиелі ауданының тумасы ретінде өз туған жерінің патриоты болды. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» қағидасымен өмір сүрді. 1964 жылы Жаңақорған аупарткомының 1-хатшысы Бәкіров Шәймерден ағамыз Сунақ-Ата совхозына директорлық қызметке шақырғанда әкем: «Мен басқа ауданда еңбек ете алмаймын, еліме пайдам тисін, еңбегімнің игілігін туған елім көрсін» – деп, бұл ұсыныстан бас тартқан еді.

Әкем «Сырдария» совхозында бас агроном болып жүргенде шөлейтті аймақтардағы шаруашылықта жоңышқаның көлемін ұлғайтып қана қоймай, одан жоғары өнім алып, Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің марапаттауларына ие болды.

Барлық тәжірибесін ортаға салып, жастарға білгенін үйретуден жалықпаған әкем өмірін озат агротехника әдістерін таратуға, аудан өңірінде өсірілетін дақылдардың тиімді түрлерін насихаттауға арнады. Аудандық «Өскен өңір» газетіне көптеген мақалалар жазып, газеттің штаттан тыс тілшісі болды.

Әрине, әкемнің еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Тың игерудің 20 және 30 жылдығына арналған мерекелік медальдарымен, «Ерен еңбегі үшін. В.И.Лениннің 100 жылдығына» медалімен (1970 ж.) марапатталды.

Әкем 1973 жылы ауданда тұқымдық күріш өсіретін «Авангард» совхозына агроном-селекционер болып ауысып, осы совхоздан зейнеткерлікке шықты.

«Жеміс-жидек» совхозында директорлық қызмет атқарғанда жеміс ағаштарының көшетін Қызылорда облысына бейімдеп, оның жас өскіндерімен бүкіл облыс шаруашылықтарының сұранысын орындап отырды.

«Авангард» совхозында күріш селекциясымен айналысып, Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының «Қарауылтөбе» тәжірибе станциясынан «Элита» атты күріш тұқымын алып келіп, Шиелі ауданы шаруашылықтарын І, ІІ репродукция бойынша қамтамасыз етті. Соның арқасында аудан шаруашылықтары күріштің өнімділігін 50 центнерге дейін жеткізіп, күріштен мол өнім алды.

Облыстық құзырлы органдардың ұсынысымен атқарған қызметтері мен сіңірген еңбектері үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл Құрмет грамотасы тек қана Республика, облыс деңгейіндегі қызмет атқарған кісілерге берілетін.

Әкем зейнетке шығып қол қусырып отырмай, «Авангард» совхозындағы бақшаны күтімге алып, оны Шиелі ауданындағы үлгілі бақшаға айналдырды. Тұрғындарды жеміс өнімдерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, ауданға келген құрметті қонақтарды күтетін орынға айналдырды.

Әкемнің өзіне келетін болсақ, өз ісінің маманы ғана емес, замандастарының арасында беделді, барынша шыншыл, қара қылды қақ жарған әділ, досқа деген кәміл сенімнен айнымайтын жаны жомарт, көпшіл, қарапайым адам еді. Жұмысқа бар ынтасымен берілгені соншалық денсаулығына зиян келтіріп алды. Жаз айларының ыстығында «Ан-2» ұшағына өзі мініп, ұшқыштарға гербицидті қай жерге төгу керектігін көрсетемін деп көзіне зақым келтіріп алды. У (гербицид) термен көзіне тиген. 2006 жылы 80 жасында өмірден өтті. Егер әкем 60-жылдардағы кеңестік саясаттың қаһарына ұшырамағанда өзімен үзеңгілес И.Әбдікәрімов, Ғ.Мұхамеджанов, С.Шаухаманов, А.Дәулетов, т.б. облысқа танымал кісілердің қатарында болар еді…

Өз өмірін мақсатшылдыққа құрып, абыройлы еңбек еткен, тағдыр тәлкегіне мойымаған, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген әкемнің азаматтық өмір жолы осындай. Оның қызмет бабындағы талабы мен кеңесін, ағалық мінезін көріп өскен інілері мен балалары аудан, облыс экономикасына өз үлесін қосты, қосып та жүр. Інілері Ердәулет – Аванград совхозында бас инженер, Мағзұм – бас есепшінің орынбасары, Айтжан – Қызылорда қалалық Жер бөлімін, Мұхамеджан – аудан әкімінің орынбасары, облыстың Жер басқармасын, Алпамыс – аудандық электр жүйелерін басқарады.

Анамыз 11 құрсақ көтеріп, оның 8-ін кәмелетке жеткізіп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған батыр ана. «Авангард» совхозында аспазшы қызметінен зейнеткерлікке шықты. Бүкіл өмірін асыл жары мен ұл-қыздарының тәрбиесіне арнаған аяулы анамыз биыл көктемде 84 жасында қайтыс болды.

Өзім болсам әкеге арман болған Мәскеуде 1977 жылы МИСИ-ді инженер-электромеханик мамандығы бойынша бітіріп, облыста біраз қызмет атқарып, 1993 жылы Алматыға қоныс аудардым. 25 жыл электрстан-циясында абыройлы еңбек атқарып, «Құрметті энергетик» (2015 ж.), «Қазақстанның ардагер энергетигі» (2018 ж.) атанып, зейнеткерлікке шықтым.

Бүгінде жапырағын жайған бәйтеректің тамыры тереңге тартып, Сүйіндіковтер әулеті деп аталатын ұлы көш өмір атты теңіздің толқынында өз сапарын жалғастыруда. Жалғастыра да бермек…

Ғафуржан СҮЙІНДІКОВ,
Қазақстанның ардагер энергетигі

РЕДАКЦИЯДАН: Ер-азаматтың басындағы бақыт туралы Қарауыл Қанай шешен: «Ер басында бақыт бесеу: астыңдағы атың жүрдек болса, жалғанның пырағы. Алған әйелің жақсы болса, үйің мен қонағыңның тұрағы. Балаң жақсы болса, екі көздің шырағы. Әкең – асқар тау, шешең – аққан бұлақ. Міне, бес бақыт осы», – деген екен. Шешеннің санамалап берген осынау бес бақыты Бекқожа Сүйіндіковтің бір басында болғанын ұрпақтары осылайша шүкіршілікпен айтады. Ал, кезінде Шиелінің ауыл шаруашылығын дамытуға бір кісідей үлес қосқан Бекқожа Сүйіндіковтің қазақ даласына келген өзгерістердің бел ортасында жүргенін, қылышынан қан тамған қызыл империяның түкірігі жерге түспеген заманда өз басын бәйгеге тігіп, Есабыз әулиенің мазарын қалпына келтіруге үлес қосқанын, соның салдарынан қуғынға ұшырағанын көз көргендер айтып жүр. Ендеше, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шиелі ауданындағы бір көшеге Бекқожа Сүйіндіковтің есімі берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here