КІШКЕНТАЙ МОЛДОВАНЫҢ ҮЛКЕН МӘСЕЛЕСІ

0
124

Посткеңестік кеңістікте жер көлемі мен халық саны жөнінен ірі елдер де, шағын елдер де бар. Тоқсаныншы жылдары азаттық алған сол 15 елдің ұлттық құрамы да, орналасу аймағы да әртүрлі. Кейбірі Кеңес Одағының азиялық бөлігінде орналасса, енді бірі Еуропаға жанаса жатыр. Кезінде КСРО-ның құрамында болған бұл елдер 11 сағаттық белдеуге бөлінеді, яғни бір бөлігінде таң атқанда, қиыр шығысында күн батады. Сол кеңестік республикалардың ішінде Еуропаға етене жақын әрі бұрыннан славян халықтарымен бірге өмір сүріп келе жатқан Молдова Республикасының орны ерекше. Қазақстанның ең кішкентай облысы – Солтүстік Қазақстан облысының жері көлемінен үш есе кішкентай бұл мемлекет өзінің шарабымен әлемге әйгілі. Дегенмен, кішкентай Молдованың да үлкен мәселелері бар.

ПРИДНЕСТРОВЬЕ МОЛДОВАНЫҢ БАС АУРУЫНА ҚАЛАЙ АЙНАЛДЫ?

Молдова – Румыния мен Украинаға жапсарлас жатқан мемлекет. Ол посткеңестік кеңістіктегі елдермен салыстырғанда әлдеқайда шағын болғанымен, еуропалық өлшеммен алғанда шағын мемлекеттің біріне жатпайды. Айталық, Молдованың жер көлемі 33 мың шаршы шақырымды құрайды. Мәселен, Молдованың жер көлемі Бельгия, Швейцария, Нидерландымен шамалас болса, Македония, Словения, Черногория, Албания сынды бірқатар еуропалық елдерден үлкен.

Бүгінде Молдовада 3,5 миллион халық тұрады. Алайда, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Приднестровье аймағы бөлініп шықпағанда бұл күндері Молдованың халқы мен жер көлемі қазіргіден де көп болар еді. Өйткені, Кишиневтен іс жүзінде 1990 жылы бөлініп шыққан Приднестровье аймағының жер көлемі – 4,1 мың шаршы шақырым (бұл Молдова жерінің 12 пайызы), ал халқының саны – 500 мың.

Приднестровье Молдова Республикасы – отыз жылдан бері БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің ешқайсысы мойындамаған Еуропаның оңтүстік-шығысындағы шағын мемлекет. Халқының 31 пайызын молдовандар, 30 пайызын орыстар, 28 пайызын украиндар құрайтын ел Украина мен Молдованың қақ ортасында орналасқан. Мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы – 816 шақырым. Оның Молдова Республикасымен шектесетін тұсы – 411 шақырым. Астанасы Тирасполь қаласында 128 мың халық тұрады. Дегенмен, Молдова Конституциясы бойынша Приднестровье – Молдова Республикасы аумағының ажырамас бір бөлігі.

Жалпы, Приднестровье аймағы Молдованың бас ауруына қалай айналды? Енді осы сұраққа қысқаша жауап беріп көрелік.

Кеңес Одағы тарар-тарамас тұста тіл мәселесінің ушығуы Молдованы екіге бөлді. Қазіргі тілмен айтқанда КСРО-ның соңғы президенті Михаил Горбачевтің қайта құру саясаты кеңестік республикалар халқының әлеуметтік белсенділігін оятты. 1988 жылғы КСРО Жазушылар одағының құрылтайында республикаларды құраушы ұлт тіліне мемлекеттік мәртебе беру мәселесі көтерілгеннен кейін Молдовада румын тілі мен молдован тілінің айырмасының жоқтығына байланысты екі елдің бірігуі туралы бастама көтерілді. Осылайша, молдованның зиялы қауымы бастаған көпшілік Румыния мен Молдованың қосылу идеясын жақтады.

1988 жылы Молдова Жазушылар одағының «Нистру» журналында молдован-румын тілдерін бір санап, молдован тіліне мемлекеттік мәртебе беру, латын әліпбиіне көшу туралы бағдарлама жарық көрді. Әрине, бұған кеңестер заманында республиканың өндірісті аймақтары шоғырланған Днестр өзенінің негізінен сол жағалауын мекендеген славяндар (әсіресе, орыстар) қарсылық білдірді. Олардың қарсылығының күшеюіне сол кездегі Молдовада жанданған ұлтшылдардың «Молдова – молдовандар үшін», «Чемодан – вокзал – Ресей» деген сыңайдағы көзқарастардың ашық айтылуы себеп болды. Бұл – бір.

Екіншіден, 1988 жылдың аяғында Молдова халықтық майданы құрылды. «Бір халық – бір тіл» деген олар Румынияға қосылуға үндеді. 1989 жылы тағы да молдован жазушыларының елдегі тіл қолданысына қатысты әзірлеген заң жобасы жарыққа шықты. Онда ата-аналардың балаларын тек молдован тілінде білім беретін мектепте оқытулары көрсетіліп, егер ресми жағдайда молдован тілінен өзге тіл қолданылса, әкімшілік жауапқа тартылу қарастырылды. Үкімет әзірлеген заң жобасында да молдован тіліне мемлекеттік мәртебе берілетіндігі, іс қағаздарының тек қана осы тілде жүргізілетіні жазылды. Сол жылдың тамыз айында тілге қатысты заң жобасына қарсылық білдірген халық алаңға шықты. Ана тіліне мемлекеттік мәртебе сұрағандар алаңға шыққандарға қысым көрсетіп, өліспей-беріспейтіндерін аңғартты. Осылайша, екі ортада қарулы қақтығыс орын алып, соғыс өрті тұтанды. Бұл соғыс өрті 1992 жылы Ресей әскерінің араласуымен өшкендей болды. Дегенмен, Тирасполь Кишиневтің ырқынан шығып кетті.

Кейбір деректер бойынша, 1992 жылдың шілде айында екі жақтан 1,0 мыңдайы қаза тауып, 4,5 мыңдайы түрлі дәрежеде жараланыпты. Қазіргі күні кикілжіңді аймақтағы тыныштықты бітімгершілік әскері қадағалап тұрған жайы бар. Әрине, кикілжің туған аймақтың тыныштығын қарумен, әскермен қадағалау – мәселенің түпкілікті шешімі емес.

Приднестровье Молдова Республикасы өз тәуелсіздігін жариялаған 1992 жылдан бері Мәскеуден экономикалық, саяси және әскери қолдау көріп келеді. Приднестровьеде Ресей Федерациясының 1 200 әскери қызметкері орналасқан. Даулы аймақта 2006 жылы арнайы референдум өткізіліп, халықтың 97 пайызы Ресей Федерациясына қосылуды қолдапты. Тіпті, 2013 жылы Приднестровье аймағының билігі елде Ресейдің федералдық заңдарын мойындау туралы конституциялық заң қабылдады. Аймақ тұрғындары 2017 жылы Ресей Федерациясының құрамына субъект түрінде енуге тағы да үндеу тастады. Қырымдағыдай референдум да өткізбекші болды. Алайда, оған Қырым, Донбас секілді Кремль тарапынан нақты ұсыныс түскен жоқ.

Әрине, Тираспольдің мұндай бағыттағы кез келген шешімдерімен Кишинев келіспейді, бірақ Молдованың көл тартылғанда шалшықтың арасында қалып қойған шортандай қанша туласа да, Мәскеудің қолдауына ие Приднестровье аймағына билік жүргізуге дәрмені қалмай барады. Дегенмен, Кишинев Приднестровьеден ешқашан бас тартпайды. Неге десеңіз, аймақты өзіне қайтарса, елдің экономикасы айтарлықтай жақсарады. Кеңес Одағы ыдырап, бір ел екіге бөлінген тұста Молдованың экономикасына елеулі үлес қосқан металлургия зауыты, су электр стансасы секілді ірі кәсіпорындар Приднестровьенің аумағында қалып қойды.

МОЛДОВАДАН АВТОНОМИЯ АЛҒАН ҒАҒАУЫЗДАРДЫ ТҮРКИЯ НЕГЕ ҚОЛДАЙДЫ?

Кішкентай Молдованың тағы бір үлкен мәселесі бар. Ол – Ғағауызия (Гагаузия) автономиясы.

1994-жылдары Молдова жерінде бүлік болып, ел тоқырау кезеңін бастан кешіріп жатқанда мемлекеттің оңтүстік аймағынан тағы бір автономиялық аудан пайда болды. Бұл небары үш ауданнан құралған әрі ешкімге мойынсұнғысы келмейтін Ғағауызия автономиясы еді. Жалпы, түркі тілдерінің оғыз тобына жататын ғағауыз халқының ортақ мемлекеті жоқ. Олар осы Молдова және Румыния жерін мекендейді. Ал, жалпы ертеректе ғағауыз халқы бұл аймаққа Балқан түбегінен қоныс аударыпты.

Шағын ғана аймақ бүгінде Молдованың саяси өмірінде Приднестровье аймағы секілді үлкен орын алмаса да, территориялық тұрғыда ол кәдімгідей әсер етеді.

Бір айта кетерлігі, ғағауыздарға Молдова үкіметі 2000-жылдардың басында жеке автономиялық аймақ ретіндегі мәртебе берді. Алайда, Молдованың 2001-2009 жылдардағы президенті Владимир Воронин ғағауыздарды автономия мәртебесінен айыру мәселесін талай көтерді. Президент кейбір көрші елдер, әсіресе, түркі тілдес халықтары тарапынан қолдау таппады. Тіпті, Түркия мен Ресейдің жақсы достық қатынасы арқасында бұл бастама Кремль тарапынан да қолдау тапқан жоқ. Нәтижесінде, Воронин ғағауыздарға тиіспеу жөнінде шешім қабылдады.

Жалпы, ғағауыздарға жиі материалдық қолдау көрсетіп келе жатқан жалғыз ел – Түркия Республикасы. Мәселен, ғағауыздармен бауырлас саналатын түріктер берген ақшаға автономияның жолдары жөнделіп, мектеп, аурухана, үйлер салынды. Халықтың әлеуметтік жағдайының артуына да себепкер болды. Бұл бір жағынан Молдова үкіметіне де тиімді болғаны жасырын емес. Себебі, Ғағауызия Түркиядан қайтарымсыз ақша алу арқылы Молдованың оңтүстік өлкесін дамытып жатыр.

Ғағауызия – мемлекет ішіндегі мемлекет. Автономия небары 4 аудан мен 32 ауылдан тұрады. Халық саны – 135 мың. Халқының 82 пайызын ғағауыздар, 5 пайызын болгарлар, тек 4,8 пайызын ғана молдовандар құрайды. Негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады.

ЖЕТКЕН ЖЕТІСТІК ЖӘНЕ ЖІБЕРГЕН КЕМШІЛІК

Бүгінгі Молдова Кеңес Одағынан 1991 жылдың тамыз айында бөлініп шықты. Оған дейін Молдова жерінің басым көпшілігі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Румыния жерінен тартып алынған аймақта орналасқан еді. Жалпы, Молдова өзге елдердегідей облысқа бөлінбейді, тек 32 ауданнан тұрады.

Молдова – президент басқаруындағы унитарлық мемлекет. Елдің парламенті бір ғана палатадан тұрады.

1991 жылдан бері Молдованы 8 президент басқарды. Бұдан посткеңестік кеңістіктегі демократиялық құндылықтар сақталған санаулы елдердің бірі екендігін байқаймыз. Молдованы басқарған президенттер арасында ең ұзақ отырғаны жоғарыда сөз болған Владимир Воронин болды. Владимир Николаевич елдің тізгінін 8 жыл бойы ұстады. Дегенмен, оның өзін ақыр аяғында халық көшеге шығып, тақтан тайдырды.

Қазіргі уақытта елді 2016 жылы президент болып сайланған 43 жастағы Игорь Додон басқарады. Көпшілікті «Жаңадан сайланған Додон үкіметі қандай елдің ықпалына жығылады?» деген сұрақтың толғандырғаны рас. Бұл тұрғыда Додон екі жақты саясат ұстанып келеді. Ол билікке келе салған бетте Молдова Еуроодақпен достық жағдайдағы ел болып қалса, Ресейді стратегиялық әріптес санайды. Олай болмасқа тағы болмайтын еді. Додон егер бір жақты саясат ұстанса, елге қиын болғалы тұр. Себебі, бұған дейін Молдованы басқарған бірқатар президенттер Ресеймен уақытша ара-қатынасты бұзғаны үшін орыстар байланысты үзіп тастап, Молдовадан Ресейге баратын шарап өнімдерін талай рет кіргізбей қойған-ды. Нәтижесінде, Молдованың онсыз да әлсіз экономикасы шығынға ұшырады. Осыдан кейін Молдова Ресейге шын мәнісінде тәуелді екендігін мойындады.

Игорь Николаевич Молдованы біртіндеп Еуроодақтың ықпалынан шығару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мәселен, бұрын Молдова президентінің әкімшілік ғимаратында елдің мемлекеттік туымен бірге Еуроодақтың жалауы да желбіреп тұратын. Додонның келуімен ол алынып тасталды. Елде бұрын молдован тілімен қатар румын тілі де бірге қолданылатын. Қазір тек молдован тілі ғана қалды. Осы секілді жасалып жатқан жұмыстар жетерлік.

Жалпы, Додонның екі жыл президенттігі ішінде Приднестровье тарихи аймағын елге қайтару жөнінде нақты жұмыстар жүргізіле бастады. Тіпті, Додон Ресейдің делдал болуымен әлемдік қауымдастық мойындамаған Приднестровье Молдова Республикасының президенті Вадим Красносельскиймен кездесті. Бұл біртұтас және көрші ел басшыларының араға 8 жыл салып алғаш рет кездесуі болды. Сонымен қатар, осы жылы Додон Мәскеуге барды. Молдова басшысын Владимир Путин қабылдады. Бұл да екі ел тарихындағы 9 жыл үзілістен кейінгі жоғарғы деңгейдегі кездесу еді.

Қазіргі таңда Додон посткеңестік өзге де елдер секілді бейтарап саясат ұстанатынын ашық айтты. Алайда, Молдованың президентіне қарағанда парламенті де қатты жұмыс істеп жатқан сияқты. Мәселен, Молдова парламенті бірнеше мәрте Додонды биліктен аластатып, оны қайта сайлады. Тіпті, өткен айда Додон ұсынған бірқатар Конституцияға өзгерістерді қабылдамай тастады. Бұл шын мәнісінде осы елдің саяси жүйесі соңғы 30 жылда Ресейге қарағанда Еуропалық деңгейде дамығандығын көрсетеді.

Еуропалықтар Молдова туралы сөз болғанда алдымен шарапты еске түсіреді екен. Мұнда шығыс Еуропаның өзге де елдері секілді шарап өндірісі мықты дамыған. Кішкентай ғана Молдованың бүкіл Ресейдің Еуропалық бөлігін шарап өнімдерімен қамтып отырғандығы сондықтан. Қазір Молдованың 8 ірі компаниясы Ресейге алкогольдік өнімдерді сатылымға шығарады.

Ертеректе Молдова жерінде зубр жануарлары көптеп мекен еткен. Сондықтан да, бұл жануар елдің елтаңбасында бейнеленген. Қазір де зубрларды Молдова қорықтарынан жиі кездестіруге болады.

Елдің ұлттық тамағы ретінде жүгеріден жасалған ботқаны айтады. Бұл тамақсыз Кишинев қаласының асханаларын елестету мүмкін емес. Ал, грек жаңғағын өсіру жөнінен осы кішкентай ғана мемлекеттің әлемде үздік бес мемлекеттің қатарына кіретіндігін бірі біліп, бірі білмес.

Молдова жерінде әлемдегі ең үлкен үңгірлер желісі орналасқан. Бұл да бүгінгі таңда зерттеуді қажет ететін және спелеолог ғалымдарды қызықтыратын орындардың бірі болып отыр.

Елдегі жүзім алқаптарының көптігі қуантады. Кеңес Одағы кезінің өзінде Молдова бүкіл одақты жүзіммен қамтамасыз ететін. Қазір де ел халқының басым көпшілігі осы іспен айналысады. Жүзім алқаптары ел территориясының 25 пайызын алып жатыр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Осындай тамаша табиғаты бар шағын ел неліктен тату-тәтті өмір сүрмейді?» деген сұрақ жиі туындайды. Бұл елдің қазір Днестр өзенінің екі бетінде бір-біріне қарама-қарсы өмір сүріп жатқаны өкінішті, әрине. Днестрдің батысын Молдова халқы мекендесе, шығысында Приднестровье халқы қоныстанған. Екеуінің де негізгі халқы – молдовандар. Бірақ, олар саясаттың құрбанына айналды. Сондықтан бір ұлт екі жүйемен өмір сүруге мәжбүр. Мұндай тәртіп бұрын коммунистік және социалистік лагерь болып бөлінсе, кейінгі жылдары мемлекет ішіндегі мемлекет болып көрініс табуда.

Айбол ҚАРАШЕВ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here