ӨМІР МЕН ӨЛІМ НЕМЕСЕ САҢЛАҚТАРДЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ

0
301

…Өлім жазасы қашан да ауыр. Әсіресе, оның ағайын-туыстарының көзінше орындалуы өмірлік жазылмас жара болып қалатыны белгілі. Өлім жазасы, әсіресе, соғыс, төңкеріс кезінде әскерилерге көптеп қолданылған. Мұндай қатаң шаралардан билік өкілдері, саясаткерлер, өнер адамдары – ақын, жазушылар, әртіс, философтар да шет қалмаған.

Әр адамның өзіне тән өмір жолы, өзіне тән биігі бар. Оны біреуден аласа, біреуден биік демей, сіңірген еңбегіне орай өз болмысымен бағалау бүгінгінің парызы.

Адамның атына ең нұқсан келетін нәрсе – оның өзін адам екенін көрсете алмауында жатса керек. Өзгелердің оның адамдық әлсіздігіне көзі жеткен кезде барлық құдайшылық кереметтің күні бітеді. Ұшқарылық – жақсы аттың қас дұшпаны. Парасатты адам қарапайым адамнан озық тұратыны сияқты ұшқарылық қатардағы адамға жетпей тұрады. Бар кемшіліктердің ішіндегі ең сенімнен айыратыны жеңілтектік, өйткені, ол байыптылықты болдырмайды. Ұшқалақ адам тиянақты бола алмайды, тіпті бұған есейіп, ақыл тоқтату керек болған кезде де қолы жетпейді. Бұл – кемшіліктердің ішіндегі ең жек көруге лайықтысы. Осы тұрғыдан алғанда әлемдік қалам иелерінің өткен өмір жолдарында, әдеби мұраларында адами тағылым алар ізгі істер көп екенін айтсақ та, олардың кейбірінің өмірлері шым-шытырық қайғыға толы екенін жасырмағанымыз абзал.

Бұл қатарға мемлекеттік қайраткерлерді де, қолында ең құзырлы билігі бар тұлғаларды да қосуға болады. Тақта отырғанда саған бәрі жеңіл болып көрінеді, алайда тағына сыймай, ісіп-күйіп отырған бишікештердің де тығырыққа тірелгенде бір ауыз сөзге зәру болып қалатын кездері де болған. Олардың арасында өзін-өзі қорғай алмағандары да бар. Әлемдік билік тұтқаларын ұстаған қайраткерлердің өмір тарихын зерттеп оқығанымызда олардың бейшара күн кешкендеріне көзімізді жеткіздік. Адам аярлық. «Билік адамды бұзады» деген сөздің содан қалғанына сендік. Аузыңдағы сөзіңді, мезгілсіз жасаған қадамыңды аңдыған замандардың болғанын сездік. Бұл – билеушілердің өмірі. Ал басқа қарапайым ғалым, ақын-жазушылардың өмірі қандай?

Билік – Құдай берген ақындарды да, ел қорғаған батырларды да тұншықтырды. Батыр өледі, даңқы аңызға айналады, ақын өледі, соңында өшпестей сөзі қалады, саясаткерлер өледі, соңында байлығынан өзге дымы қалмайды.

Ақын-жазушылардың біршамасы дәуір жылнамасында қоғамдық өмір заңдылығына бағынбай, еркін өмірді аңсауда жаңылыс басып, темір тордың шынжырына шырматылуын да бүгіп қала алмаймыз. Солақай саясаттың зардабын шеккен ақын-жазушылардың арасында абақтыға «жалған айыппен» отырғандары да бар. Олардың түбі жоқ. Көбісі «түрме әдебиетін» тудырды.
«Абақты алтын берсе, жатпас едім,
Бал берсе, палау берсе, татпас едім.
Кешегі елде жүрген еркін күннің
Минөтін мың ділдәға сатпас едім», – деген Байқадам Қаралдыұлының өлең жолдарындағыдай ешкімнің абақтыға барғысы келмейтіні анық.

Бүгін ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті тар қапастың быламығының дәмін татқан, әлемдік әдебиетте өзіндік орны бар қаламгерлер туралы да сөз қозғайды.

Біз ерте әлемдегі бұрынғы өлім жазаларының орындалуы және өлім жазасына кесілген жанның соңғы сөздері, сондай-ақ заманның тұрақтаған кезінде өмірден түңіліп, өз-өздеріне қол жұмсаған белгілі тұлғалардың және олардың мінез-құлықтары туралы танымдық дүниені оқырманға ұсынып отырмыз.

АВТОР

ДАНЫШПАННЫҢ ЖАЗАСЫ

Өлім жазасына алғашқы кесілген адамның бірі – атақты философ Сократ. Оның өлім жазасына кесілуіне Аристофанның 423 жылы қойылған «Бұлт» комедиясы негіз болған. Қойылымда атақты философ «қисық сөздердің» шебері ретінде бейнеленген. Афина көшелеріне Сократты айыптаған құлақтандыру ілініп, қала тұрғындары таныған құдайларды Сократтың танымай, оның орнына ол өзге құдайларды енгізуді көксейтінін айтып, қатты сынға алған. «Жастарды бұзды, ой-пиғылынан айнытты» деп оны өлім жазасына кесуді талап еткен.

Бұл кезде Сократ 70 жаста екен. Сот ісіне қатысқан философтың жас шәкірті Платон: «Бұдан кейін даналық үшін жазалайтын мұндай қоғамда қалай өмір сүруге болады?!» деп қатты ауырып қалған.

Сократ ресми айып бойынша «Жаңа құдайларды енгізгені және жастарды жаңа рухта бұзғаны үшін» өлім жазасына кесіліп, «мемлекеттік у» ішуге міндеттеледі. Бір қызығы атақты философты соттау ісіне 500 судья қатысып, оның 300-і өлім жазасына, 200-і оған қарсы дауыс беріпті. Өлім жазасы 30 күнге кейін шегерілген. Сократтың достары оған қашып шығуды ұсынған, бірақ оған ол қарсы болған. Атақты философ өлімінен кейін де өмір бар екендігіне, өзінің атақты адамның қатарында болатындығын мақтаныш еткен.

Жаза орындалар соңғы күні Сократ жуынып-шайынып, туған-туыстарымен қоштасқан, олардың өз үйлеріне қайтуларын сұраған. Сот орындаушы арнайы түбекке құйылған уды алып келгенде атақты философ оны қалай қабылдау керектігін сұрап, көп ойланбастан ішіп жіберген. Сәлден соң түрме кереуетіне шалқасынан жатқан бойы екі бүктеліп, досына қарап: «Критон, біз Құдайлық іске ұлы мархабат ету үшін құрбандыққа құс шалуымыз керек», – деп соңғы сөзін айтып, сұлқ ете түскен. Бұл – исламның жер бетіне келмеген кезі болған. Әулие данышпан осы сөзімен-ақ дүние құзырына бір құдіреттің – ислам діні құндылығының келе жатқанын білдіргендей болған.

МОНШАДАҒЫ ӨЛІМ

Келесі бір ақыл-ой безбені, ертедегі Рим ошағының данышпаны – Сенека. Ол – Рим құдіретінің ұлы билеушісі, император Неронның ақылманы әрі досы, ұстазы саналған. Сенека араға жылдар салып, өз әміршісінен өлім бұйрығын алатынын күн ілгері сезген іспетті.

65 жылы Римде Неронға қарсы қастандық жасалып, ол сәтсіздікке ұшырайды. Оған қатысқан мыңдаған адам өлім жазасына кесіледі. Сенеканың бұл қастандыққа қатыстылығы ашылмаса да, ол Нероннан өзін-өзі өлтіруге бұйрық алады.

Өлім мен өмір арбасқан осынау сәтте Сенека өз ұрпағына бар ақылын айтып, «Егер мені бұдан былай естеріңде сақтап жүретін болсаңдар, о дүниеде ол мен үшін үлкен сый болады», – дейді.

Осыдан кейін ол әйелі Паулинді құшағына қысып, «Өлімді бірге тұрып ерлікпен қарсы алайық, ал өмірмен қатаң түрде қоштасайық», – депті. Бірі-бірінсіз өмірдің тұл екенін сезген қос мұңлық жариялы түрде бір-бірінің қос қолының күре тамырларын орып жіберген. Жасының қартаңдығы және тойып тамақ ішпейтіндігі салдарынан Сенеканың тамырларынан қан әрең ағып, жанын қиналтқасын, ол екі аяғының қан тамырларын да кесіп жіберген көрінеді. Жанының ауырғанын сездіргісі келмеген Сенека әйеліне өлімнің басқа түрін ұсынған. Жан тәсілім ете жүріп, өзінің ең данышпандық сөздерін жазып қалдырған. Алайда, Сенека бұдан да өз өлімін көрмегесін, ең жақын достарының бірінен у сұрап ішкен. Әбден қалжыраған данышпанды бұдан соң жылы бассейнге салған, одан соң ыстық моншаға кіргізген. «Қырық жыл соғыс болса да, ажалды өледі» деген осыдан шықса керек. Ұлы данышпанның өлімі ақыры моншада болған. Кейін өзі тіршілігінде өсиет еткеніндей денесі өртелген.

…ОЙЛАҒАНЫ ҮШІН ОТ БАСТЫ

Император Неронның қарғысына ұшыраған тағы бір пенде – сол тұстағы атышулы «Сатирикон» романының авторы Петроний еді.

Ол өмірден барлығын алған адам болды. Күндіз қатты ұйықтаған, түнде жан рахатын тапқан. Ол Рим империясының ең жоғарғы мемлекеттік қызметтерінде болды. Не ішем, не кием демеді. Консулдық қызметі оған елдің өз ішіндегі барлық жүйесінде емін-еркін жүріп тұруына мүмкіншілік жасаған. Алайда, оның императорға қастандық жасаушылармен қатынасы барлығы әшкереленіп, ол өзін-өзі өлімге қиған. Өлер алдында өзінің арнайы мөрін сындырып, император туралы не білетінін бетіне басып ашық хат жазған. Содан кейін сіңірлерін кескен, ара-тұра оны таңып, батылы жеткенде ашып жіберіп отырған, арасында достарымен сөйлесіп, ән тыңдаған.

Жоғарыдағы екі өлімді де сот шешімі шығарған өлім жазасына жатқызуға болады, себебі Рим азаматтарының өзінің адал атына кір келтірмеуі үшін осы жолды таңдауына заңды түрде жол берілген көрінеді. Мұндай өлім аяғын құшқандардың дүние, мал-мүлкі қазынаға тәркіленбей, жанұясының өкімінде қалдырылатын болған.

Рим императорының құдіреті өзге діндердің дамуына, тіпті оны ұстанып, атын атауға да тыйым салған. 303 жылы тыйым салып, оны ұстағандарды жазалау басталған. Мемлекеттік дәстүрлі Рим діні мен императордың данышпандығына ғана құлшылық ету талабы қойылған.

ҚОРҒАНСЫЗ ПАТША

Византия императоры Андроник-І тарихта өте қаһарлы патша ретінде қалған. Ол әр күні әлдекімнің көзін ағызып, дарға асып, басын алмаса, сол күнді босқа өттіге санаған. Сондықтан да ол күн сайын ауыр өлім жазасы мен мүлік тәркілеуді аяусыз жүргізіп отырған. Азаптың ауыр болғаны соншалық, оның ең жақын деген кеңесшілерінің өзі ертеңгі күндерін ойлап, бойларын аулақ салған. Ашу мен ызаға булыққан халықтың неден болса да тайынбайтынын байқаған Ангел кешегі өзін патша етіп көтерген Андроникке қарсы көтеріліс ұйымдастырып, оны қолға түсірген. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген қағида дәл осы тұста іске асқан. Ашынған халық кешегі патшаларына адам баласы төзбегендей қорлық көрсеткен. Алдымен оның қолдарын шапқан, бірнеше күннен кейін екі көзін ойып алған. Қорғансыз патшаны түйеге отырғызып, Константинополь көшелерімен жүргізген. Кейбіреулер ол байғұстың кешегі өздері басын иіп, атымен оразасын ашқан өз патшалары екенін білмеген. Білгендері оған тас атқан, жан-жағынан істік тыққан, тіпті бір әйел үстінен қайнаған ыстық су төгіп жіберген. Жаны тірі патша осының бәріне көніп, бірде-бір дыбыс та шығармаған. Әбден азапталған оны аяғынан екі бағанаға керіп, басын жерге салбыратып жанын алған.

Өлімнің қай-қайсысы да жақсы емес. Алайда, мемлекеттік құрылым барысында мұндай оқиғалар жиі кездесіп отырады. Ертедегі Русьте ең алғашқы жариялы өлім жазасы 1379 жылы 30 тамызда жүргізілген екен. Орналасуына қарай бірнеше княздікке бөлінген ежелгі Русь жері осы жазадан кейін тұтас бір Ресей мемлекетінің іргетасының қалануына әкеліп соққан сыңайлы.

Бұл күні Мәскеу князі Иван Вельминов пен купец Некоматтың дарға асылуы жаңа бір тарихтың басталуына жол ашып берген.

ӨЛІМ АЛДЫНДА ДА СЕЛТ ЕТПЕГЕН

Құдай басқа салмасын, адам төзгісіз айуандықты Шығыс халықтары да аз көрмеген. Алайда, олар терісінен таспа тілсе де, қыңқ етпеген. Мысалы, халифа баскесерлерінің алдында өлімге қарсы тұрған Бабек өз қанымен бетін жуса, Х ғасырда Бағдатта «Мен – құдаймын» деген сөзі үшін дарға асылған Мансұр Халладж өлім алдында да еңкеймеген. Эйн-уль-Куззат үстіне мұнай құйылып өртелгенде тұрған жерінен қозғалмаған, ал Темірдің ұлы Мираншахтың бұйрығымен дарға асылып, содан соң аттың құйрығына байланып қаланы аралатқан Фазлулах Наима өз ұстанымы үшін өліп кетсе де, өзін бақытты санайтынын білдірген.

ӨЗІНЕ-ӨЗІ ҮКІМ ШЫҒАРҒАН АҚЫН

Сондай азапты жағдайда шейіт болған жанның бірі – Шығыстың ұлы ақыны Имадеддин Насими. Міне, оның есімі бес ғасыр болса да, халықтың аузында аңыз болып айтылып келеді. Жалпы, ұлы ақын өз-өзіне үкім шығарған іспетті. Бірде ақынның жаулары оны қаланың басшыларына қарсы қою мақсатында аяқ киімінің ішіне жасырын Құранның «Ясын» сүресін жазып тығып қойыпты. Кейін губернатордың қатысуымен Насимиден әлгілер: «Егер Құран сүресін аяғымен басқан адамды көрсең, оларға қалай қарар едің?» – деп сұрақ қойыпты. Сонда ұлы ақын: «Егер ондай адамды көрсем, оны әбден масқаралап, терісін тірідей сыдыртар едім», – депті. Сол сәтте әлгілер оның аяқ киімінен Құран сүресін тауып алып, терісін тірідей сыдырыпты.

ҚАЙСАР ҚЫЗ

Кейде бір адамның тағдыры бір мемлекеттің тағдырына әсер ететін жағдай да болып қалады. Егер Жанна Д’Арк болмағанда, Францияның тағдыры не болатынын ешкім біліп болар емес. Он жеті жастағы осы қайсар қыз – Францияның ғана емес, Ұлыбританияның, тіпті жалпы Еуропаның тағдырына зор әсер еткен адам. Міне, 500 жыл болды ірі тарихшылар мен философтар, психологтар мен дінтанушылар Жанна Д’Арктың шын мәніндегі кім екендігін оқып зерттеп, тұңғиығына жетпей келеді. Он мың әскерді бастап, айтқанын екі етпеген қайсар қыз өз отында жанып, Францияның гүлденуі мен көркеюі жолында жанын құрбан етті. Оған шығарылған үкімнің өзі де күлкі шақырады. «…Құдайлық іс туралы заңдарды бұзғаны, қасиетті жазбаларды сақтамағаны, кәдуілгі қарапайым киімдерді кимегені, табиғатқа қарсы шараларды қолданғаны, анайы киімдерді, еркектердің үшкілсіз киімін киіп, соларға ұқсайтындығы, шашын дөңгелетіп алатындығы» басты кінә болып тағылады.

1431 жылы 30 мамырда Жанна Д’Аркті жұртшылық көзінше тірідей үйілген ағаш отынның үстіне шығарып, өртеп жібереді.

АРБАҒА ТАҢЫЛЫП, КҮНГЕ ҚАҚТАЛҒАН

Дін үшін болған соғыс қашан да аласапыран болған. Ол үшін өлімнің өзі де қасиетті саналған. Неміс теологы Томас Мюнцер неміс жерінде католик шіркеуінің жұмысын ұйымдастыру жолында азапты өмірдің небір сорақылығын көрген. Діндер қақтығысы – жалпыұлттық қақтығысқа ұласып, нәтижесінде әскери ұрыстарға жалғасып отырған. Сондай қақтығыстардың бірінде Мюнцер христиан дінін уағыздаушылардың қолына түсіп, азап шеккен. Оны арбаға теңеп күнге қақтаған, артынша 12 саптыаяқ (кружка) ыстық су ішкізген. Әбден қалжыраған соң, жаналғыш басын шауып, оны бізге іліп, Мюльгаузен тауына апарып қойған.

«…САҚАЛДЫҢ КІНӘСІ ЖОҚ»

Өте көп ақылдылық та кейде адамға кері әсерін тигізеді. Сол ақылдылық әлдебіреулердің ақымақ ойына түрткі жасап, өзі сормаңдай болып қалатыны да аян. Сондай байғұстың бірі – Томас Мор. Англияның лорд канцлері, қоғам палатасының төрағасы, дипломат, жазушы, бір басына жетерлік байлығы бар осы бір жанның не арманы бар дерсің?!

Англия королі Генрих VIII католик шіркеуінің бар байлығына ие болу мақсатында реформа жасауға бет бұрған. Ал Мор бұл реформаға қарсы шығып, католик және христиан әлемін рухани бірлікке топтастыруды ұсынған. Өз дегені болмағасын Мор өзін барлық мемлекеттік қызметтерден босатуды сұраған. Тыныштықты ханшайым Анна бұзған.

1534 жылы Томас Морға пара алды деген айып тағылып, құпия кеңесте мәселесі қаралған. Алайда, тәжірибелі заңгер Мор бәрін өз орнына қоя білген. 1534 жылы 17 сәуірде Парламенттік тыңдауға байланысты ойдан құрастырылған жаламен Мор түрмеге қамалған. Түрмеге Англияның бас прокуроры өзі келіп жауап алған. Ол прокурорға «Парламент зайырлы мемлекет құру жолында заңдар қабылдауы тиіс, мен өз ойымнан қайтпаймын» деген. Морды сотқа әдемі киіндіріп, бірақ жалаңаяқ жаяу алып келген. Бар мәселе Мордың корольді шіркеудің басшысы және оның (корольдің) екінші некесін заңсыз деп тануы ғана еді. Өз дегенінен қайтпаған Мор бұл әділетсіздікке көнбеген. Содан кейін сот өз үкімін шығарған. Сондағы сот шешімі мына кейіпте хатталған: «Жер астымен өлшемнің күнін көргізіп жүргізу, Лондонның Сити аумағында дарға асып, әбден жанын қинау, өлім алдында құрықтан түсіріп, жыныс мүшелерін кесу, ішек-қарнын ақтарып, ішкі құрылыстарын суырып алып жағу жүргізілсін. Қалған денесін төртке бөліп, оның төрттен бір бөлігі Сити қақпасына бір-бірлеп қағып тасталсын, ал басы Лондон көпіріне ілініп қойылсын». Кейін бұл азапты жаза бас кесумен алмастырылған. Мордың досы ақын Томас Поп бұл шешімді жеткізгенде Мор корольге «рахымшылық» жасағаны үшін алғыс айтуды жеткізген. Әрине, бұл ащы сарказм еді.

Король Морға өлім алдында сөйлеуге рұқсат етпеген. Оның мүдірмес шешендігінен қорыққан. Жаналғыш қасына келгенде оған: «Менің мойным қысқа, сондықтан дәл көздеуге тырыс. Ал, мына сақалдың кінәсі жоқ, ол мемлекетке сатқындық жасаған емес, демек, ол баспен бірге болсын», – деп ишара жасаған. Шабылған бас бізге қағылып, біраз уақыт лондондықтардың зәре-құтын алған. Жалпы, Мордың өлімі Еуропада қарсылыққа тап болып, Англия үкіметі түсіндіру жұмыстарын жүргізуіне мәжбүр болған.

Ермек Жұмахметұлы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі

(ЖАЛҒАСЫ БАР)

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here