САЙЫПҚЫРАНДАР САЙЫСЫ

0
226

Іле ауданының орталығы – Өтеген батыр кентінде (Алматы облысы) 23-24 қараша күндері джиу-джитсудан жасөспірімдер арасында Халықаралық турнир өтті.

Жыл сайын қоңыр күзде ұйымдастырылатын додаға биыл еліміздің әр облысынан, Алматы, Талдықорған қаласынан және Қырғызстанның Бішкек қаласы мен Ош облысынан да спортшылар қатысты. Турнирге 5-17 жас аралығындағы 300-ден аса спортшы қатысып, өз шеберліктерін паш етті. Бұл «International Sagadat batyr jiu-jitsu kids cup-2018» турнирін Халық қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов есімімен аталатын «Sagadat batyr» клубының басшысы, білікті бапкер Нұрсұлтан Орынбасаров ұйымдастырды.

Іле аудандық әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясының Іле аудандық филиалының қолдауымен өткен дүбірлі додада джиу-джитсу спортының ерен үлгісін көрсетіп, талантымен дараланған «Qazaqstan Top Team» клубының спортшылары жалпыкомандалық есепте топ жарды. Ал, екінші орын «KDS» клубына бұйырса, үздік үштіктен «Roller» клубының жас өрендері көрінді.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Іле аудандық мәслихатының хатшысы Роза Әбілова және Алматы облыстық мәслихатының депутаты, Іле аудандық кәсіпкерлер ассоциациясының төрайымы Жанна Телпекбаева, «Нұр Отан» партиясы Іле аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Тұрымбетов құттықтау сөздерін айтып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

– «Нұр Отан» партиясының Іле аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Сапарұлы ауданымызда спорт түрлерінің қарқынды дамуына әрқашан да қолдау көрсетіп, демеп жүреді. Біздің «Sagadat batyr» клубындағы спортшылардың алаңсыз дайындалуы үшін арнайы орын тауып беріп, түрлі сайыстарға қатысуға демеушілерді тартып, үнемі қолдап жүреді, – дейді Нұрсұлтан Орынбасаров.

«International Sagadat batyr jiu-jitsu kids cup-2018» турниріне джиу-джитсудан әлем чемпионы Жібек Құлымбетова ер балалар арасында күш сынасты. Сынасып қана қойған жоқ, 32 келі салмақ дәрежесінде турнирдің жеңімпазы атанды.

Нұрсұлтан Орынбасаров осымен үшінші мәрте ұйымдастырылған халықаралық жарыстың жыл сайын көкжиегі кеңейіп, қатысушылардың саны артып келе жатқанын мақтанышпен айтты.

– Қазақтың батыр ұлы, Тәуелсіз Қазақстанның армиясын құрып, қолбасшылық еткен Армия генералы, Халық қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов атамыздың айбыны мен батырлығын өскелең ұрпақтың жадында жаңғырту мақсатында жүзеге асқан шараға қатысқан барлық спортшылар мен бапкерлерге алғыс айтамын, – дейді Нұрсұлтан Орынбасаров.

Айта кетейік, «Sagadat batyr» спорт клубының жас өрендері республикалық және халықаралық турнирлердің жүлдегері атанып, спорт шеберлігіне үміткер дәрежесін алды.

Қ. РАХМЕТ, Өтеген батыр кенті, Іле ауданы, Алматы облысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here