Тарихымыздың жоғалған беттерін түгендейміз – Заңғар Кәрімхан

1
10597

Әлихан Бөкейхан түрмеде отырған Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына жазған хатында «Алда әлі күнді көретін ұрпақ келеді. Сол ұрпақ сендерді үлкен ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады. Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер!..» деп, оларды жігерлендіріп, ақ пен қараны айыратын ұрпақтың келетініне сендіреді. Қазақтың азаттығы үшін күрескен зиялылар жазықсыз түрмеге қамалып, «халық жауы» атанып жатса да, елдің аспанынан бұлт арылар күннің келеріне өзі де кәміл сенді.

2017 жылы Заңғар Кәрімхан, Ұшқын Сәйдірахманұлы, Елдос Тоқтарбай бастаған алашшыл жастар сол ұлт көсемінің бүркеншік атымен қоғамдық қор құрды. Осы алты жылдан бері «Qyr balasy» қоғамдық қоры тарихтың шаңына көміліп, қызыл империя саясатының құрбаны болған алашордашылардың еңбектерін қайта жаңғыртуда қыруар жұмыс атқарып келеді.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Алаш арыстарының еңбегін ұрпаққа жеткізу жолында тер төгіп жүрген ғалымдардың бірі, «Qyr balasy» қоғамдық қорының құрылтайшысы, алаштанушы Заңғар Кәрімханмен ашық әңгімелескен едік.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ
АЗАТТЫҒЫ ЖОЛЫНДА
ШАҺИД КЕТКЕН
МЫҢДАҒАН АЛАШ
АРЫСЫНЫҢ КІТАБЫН ЖАРЫҚҚА
ШЫҒАРАМЫЗ»

– Заңғар Тілеуғазыұлы, күні кеше Қостанай қаласында өткен «Алаш ардақтысы Сейдәзім Қадырбай: тұлғасы, мұрасы, қайраткерлігі» атты халықаралық конференция аясында жаңа кітаптар мен деректі фильмді көпшілік назарына ұсындыңыздар. Әңгімені осыдан бастасақ

– Дәл солай, 26 мамыр күні Қостанай қаласында Алаш қайраткері, заңгер, публицист Сейдәзім Қадырбайдың құрметіне «Алаш ардақтысы Сейдәзім Қадырбай: тұлғасы, мұрасы, қайраткерлігі» атты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырып, оған еліміздің әр аймағынан, шетелден ғалымдарды шақырдық. Түркияның Памуккале университетінің профессоры, ахметтанушы Нергиз Бірай, Анкара Қажы Байрам Уәли университетінің профессоры, Еуразия зерттеулер орталығының басшысы Нажие Ата Йылдыз, Түркиядағы қазақтың ғалым қызы Гүлжанат Ержиласун және Айгүл Ісімақова, Сұлтан Хан Аққұлы, Алмасбек Әбсадық, Алмас Жұмағали, Асқар Сабдин, Алма Сайлауқызы секілді бірқатар мықты мамандар ғылыми баяндама жасады.

Осы жиын барысында Сейдәзім Қадырбайдың «Ақы заңы» атты шығармалар жинағы, балаларға арналған «Алаш заңгері» кітапшасы, әлемнің 30-дан астам еліне тарайтын «Kardeş kalemler» деген түрік журналының Алаш қайраткеріне қатысты арнайы саны, сонымен қатар жуырда өткен тарихи-танымдық экспедиция бойынша түсірілген «Ұлт рухының алдаспаны» атты деректі фильм таныстырылды.

29 мамыр күні Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Ұмытылмас күн» атты іс-шара ұйымдастырылған соң, 30-31 мамыр күндері Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында боламыз деген ниетіміз бар. Онда Алаш қайраткері, мұғалім, журналист Мұстақым Малдыбайұлының Сарықияқ деген жердегі зиратына арнайы белгі орнатып, оның құрметіне ғылыми конференция өткізбекпіз. Қарқаралы ауданы әкімдігімен бірлесе ұйымдастыруға құлшынып, білек сыбана кіріскен ел азаматтары – ағайынды Алтынбек, Нұрбек Құмырзақұлы деген бауырларымыз.

Әрине, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, өзге де жобаларымыз өте көп. Бұйыртса, Қазақстанның азаттығы жолында шаһид кеткен мыңдаған Алаш арысының кітабын жарыққа шығарамыз, оларды ұлықтаймыз, есімдерін әлемге жаямыз деген ұлы жоспарымыз бар. Мақсатымыз – алыс-жақын шетел архивтеріндегі қазақ халқына тиесілі құжаттарды, әдеби-мәдени мұралар мен жәдігерлерді, шежірелерді елімізге қайтару, тарихымыздың жоғалған, жыртылған беттерін түгендеу.

«СЕЙІТБАТТАЛ
МҰСТАФАҰЛЫ ТУРАЛЫ
КІТАП ШЫҒАРУҒА
«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ ТҮРТКІ БОЛДЫ» 

– «Алаш кітапханасы» сериясымен жарыққа шыққан кітаптардың арасында Өзіңіздің құрастыруыңызбен оқырманға жол тартқан Сейітбаттал Мұстафаұлының «Имам Ғазали» кітабы да бар. Бұл еңбектің жарық көруіне «Қазақ» газетінің де септігі тигенін кітаптан оқыдық. Осы туралы толығырақ айтсаңыз

– Иә, бұл тақырыпқа келуімізге газеттің түрткі болғаны рас. Сонау алмағайып заманда қазақ даласына шамшырақтай жарық сәуле түсірген «Қазақ» газетінің бүгінгі жалғасы – марқұм қаламгер ағамыз Қоғабай Сәрсекеев өмірге қайта әкелген газетке Алаш тақырыбында жазған дүниелерімізді жіберіп тұратын едік. Сондай күндердің бірінде бас редактор Жасұлан Мәуленұлы жеке айдар ашып, оны тұрақты жүргізіп отыруымызды өтінген болатын. Әр апта сайын Алаш кезеңінің айтулы оқиғалары мен таудай тұлғалары хақында газетке үзбей жазып тұрдық. Енді бірде Жасұлан бауырымыз: «Біздің редакцияның электронды поштасына Нәдия есімді үлкен апамыздан хат келіп түсті, жалпы мазмұнымен танысып шықтым, Сіздің айдарыңызға келіп тұр. Бұл ерекше дүниені жіберейін, қарап, өңдеп, жаңа бір еңбек жазып, алдағы сандардың біріне даярласаңыз», – деген ұсыныс айтты. Бұл кезде біз «Қазақстан тарихы» порталында қызметте едік, сол жұмысымыздың арасында Алаш арысының қызы Нәдия апамыздан келіп жеткен хатты ашып оқып, әбден танысып алдық. Өзінің жастық шағынан бастап, өткенін еске ала отырып, қылшылдаған жігіт ағасы кезінде әкеткен әкесін сағынған жанның жүрек лүпілі бар екен. Он үш жасында үйіне төтеннен келген жазалаушы орган адамдарының қатігез тірлігі, аяусыз әрекеті оның жадында ғұмырлық таңба болып қалыпты. Қасиетті шаңырақты шайқатып, ортасын ойрандап, астаң-кестеңін шығарған сурет есінен бір шықпапты. Екі беттен аспайтын сырға толы жазбадан апаның ішкі толқынысынан бастап, жан сезім сыры, асқар әкені аңсау, сағынышы қамтылып, ары қарай Алаш ардақтысының өмірі мен қызметіне ұластырған мақаламызға «Әке аманатына адалдық» деген атау қойып, газетке жарияладық. Үш жақты жұмыс берілген редактор тапсырмасы, оған негіз болған Нәдия апаның хаты және орындаушы тарап – біздің шаруамыз осымен аяқталғандай көрінген.

Осы жерде ұмытуға болмайтын бір жайтты айта  кетейін. Алаштың үні  «Қазақ» газетіне жаздыруды парыз деп білетін ұстазымыз Дихан аға Қамзабекұлының мақаламызды оқып шығып, жылы лебіз білдіргені кеше ғана сияқты еді. Содан кейін жасы кіші болса да, бас болып жүрген Елдос Тоқтарбай бауырымыз да бұл тақырыпты індете зерттеу үшін өзінің қанаттас досы Әлібек Байболға: «1937 жылы Сейітбаттал Мұстафаұлы атты Алаш үшін жанын қиған азамат туралы жазшы», – деп достық пейілмен тапсырғанын талай айтып жүрді. Қазіргі әдеби процесте есімі аталып жүрген әдебиетші-драматург Әлібек жақсы идеяға келісіп, бастапқыда жауапкершілік жүгін сезінгендіктен де қорқақтағанымен, білек сыбанып іске кірісіп кетеді. Ол Елдос Тоқтарбай берген Нәдия апаның телефон нөміріне хабарласып, үйіне де барады, артынша зерттеу объектісіне қатысты алуан  түрлі  материалдарды қолына түсіреді. Соның қапталында осы тақырыппен таныс тарихшы ғалым, алаштанушы Светлана Смағұловадан ақыл-кеңес сұрап, барынша бай материалдар жинай алды.

Бұдан кейін Әлібек Байбол Алаш ағартушысының мұрасын жинақтап, кітап шығаруды ойластырады. Сейітбаттал Мұстафаұлының тұлғасына қатысты жазылған материалдарды іздеу барысында бізге де хабарласып, мақаламызды сұрап алады. Алайда, бұл шаруа ұзаққа  созылып кетеді. 2018 жылдың күзінде тәп-тәуір ынтамен, ниетпен басталған жұмыс тым ұзаққа созылады. Ең өкініштісі, Алаштың асыл азаматы Сейітбаттал Мұстафаұлының жалғыз қызы Нәдия апамыз 2021 жылы 98 жасқа қараған шағында дүниеден өтіп кетеді. Орны толмас қаза, зор қайғы. Мұны да біз кеш естідік. Әкесінен қаршадай кезінде айырылып, одан кейінгі қуғын мен азаптарда бір көрсем деп зарыққан Нәдия апаның «Көзімнің тірісінде ардақты әкемнің шығармашылық мұрасы жарық көрсе, өз көзіммен көріп, қолыммен сипап ұстасам» деген арманнан туған үміті бар еді. Амал не, сынаптай сырғыған уақытта енжарлық пен жайбасарлық бойын билеген жас жазушы игі істі соңына дейін жеткізе алмады. Аманат еді, сол аманат уақытында орындалмай қалды. Қандай өкінішті!

Нәдия апаның дүниеден өткенін естіген бетте Елдосты қозғап, Әлібекті қайта-қайта мазалап, екі бөлімге бөліп жинақтап қойдым деген кітап жобасын қалай да болса алдырып, іліп әкетіп, жалғастыруға тура келді. Бұдан кейін тыныш қана қалу мүмкін емес еді. Міне, бұл кітап осылай оқырманға жол тартты.

«АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНА
ҚАТЫСҚАН ҮШ МЫҢҒА ЖУЫҚ
ҚАЙРАТКЕРДІҢ ЕСІМІ
БЕЛГІЛІ БОЛҒАНЫМЕН, ОЛАРДЫҢ
ШЫҒАРМАЛАРЫ ҚАЛЫҢ
ОҚЫРМАНҒА ӘЛІ ЖЕТПЕГЕН»

– Заңғар Тілеуғазыұлы, ұлт көсемінің бүркеншік атымен қор құруға не түрткі болды? Бұл кімнің идеясы?

– «Qyr balasy» қоғамдық қорын құру туралы идея алаштанушы Елдос Тоқтарбайдың ойға алған жоспары еді. Пандемия басталған уақыттан бері қордың жұмыстарын атқарып келеміз. Артынан қоғамдық қорды заңды түрде тіркеп, зерттеу жұмыстарын бастадық. «Qyr balasy» қоғамдық қорының негізгі мақсаты – Алаш зиялыларының тарих түбінде қалып кеткен, бүгінгі көпшілік біле бермейтін, шығармалары қуғынға ұшыраған, жеке жинақ болып жарияланбаған еңбектерін қайта шығару, Тәуелсіз елдің ұрпақтарына таныстыру. Қордың көтеріп отырған мәселелері осындай ауқымды.

Алаш көсемі, ұлтымыздың өткен ғасырдағы саяси лидері болған Әлихан Бөкейханның «Қыр баласы» бүркеншік атын негізге алдық. Әдеби лақап есімін арнайы қойдық. Кезінде Әлихан атамыз «Қыр баласы» атанып, осы есіммен көптеген мақалалар жазған болатын. Содан «Qyr balasy» жобасы аясында «Алаш кітапханасы» деген серия жасақтадық. Осылайша, алаштану ғылымында бұрын жеке кітап болып жарыққа шықпаған ұлы тұлғалардың еңбектерін шығара бастадық. Төл тарихымызды тереңнен тартып түгендеу, тарихи ақтаңдақтарды ақтап алу, олардың есімдерін жаңғырту жолында атқарылар жұмыстар көп. Соларды шамамыз келгенше қолға алмақпыз. Мысалы, Алаш қозғалысына қатысқан үш мыңға жуық қайраткер бар. Олардың есімдері белгілі болғанымен, шығармалары қалың оқырманға жетпеген. Кітап болып басылмаған. Қолжазба күйінде шаң басып жатып қалған. Сол еңбектерді жинақтап, жарыққа шығара беретін боламыз. Қор осы бағытта жұмыстар атқарып келеді. Біз өзімізді Алаш кезеңін зерттеген 1988-1989 жылғы «Әділет» ағарту қоғамының аға буын өкілдерінің ізін жалғаған бүгінгі ізбасарымыз деп есептейміз.

Қорға демеушілік жасаған азаматтарды да айтып өтсеңіз

– Өкінішке қарай, елімізде Алаш тұлғаларын зерттеу жоғары дәрежеде қолға алынып жатқан жоқ. Бұл шындығында, Үкіметтің, оған қарасты мемлекеттік органдардың, тиісті мекемелердің атқаруы қажет аса маңызды шаруасы еді. Алайда, немқұрайлы көзқарас мұндай сауапты істің жоғары деңгейде шешілуіне көп кедергісін тигізіп келеді. Қазіргі кезде де Үкіметтің қолдауы ауадай қажет екені даусыз. Өйткені, Алаш тұлғалары өздеріне лайықты биік тұғырларынан көрінуі керек.

Демеушілерге келсек, мысалы, бірінші кітабымыз – Ғазымбек Бірімжанның шығармалар жинағы Алаш қайраткері Торғайдың тумасы болғандықтан, Қостанай облыстық Мәдениет басқармасының қолдауымен жарық көрді. Ол үшін басқарма басшысы Ерлан Болатұлына алғыс айтамыз.

Ал, ел руханияты, білім мен мәдениет жолында басқа да бүгінгі күннің атымтай жомарт азаматтары да жоқ емес. Қалған кітаптардың көбі «Ел құрылыс» компаниясының қаржыландыруымен жарыққа шықса, кейбір кітабымыз Ерлан Әшім, Аманбек Аханұлы, Жалғас Алтынбек деген жекелеген кәсіпкер мырзалардың қолдауымен жарияланып отыр.

Балалар әдебиеті контентіне байланысты «Құлыншақ» атты мегажобамыздың әлқиссасы Алматы облысы әкімдігінің қаржыландыруымен жарық көргенін білесіздер. Басқа аймақтар бойынша да алдағы уақытта сүйіншілейтін жаңалықтарымыз боп қалады.

Ғылым саласында еңбек етіп жүргендерді ынталандыру қажет. Оның өзінде Алаш тақырыбын, репрессия мен ашаршылық тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдар мен зерттеушілерді. Бұл туралы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын. Біздің командамыз қазір толығымен осы Алаштың мүддесі үшін, ұлт мұраты үшін жұмыс істеп келеді. Осы тұста айта кетейін, 1913 жылы «Қазақ» газетінде роман бәйгесі жарияланған болатын. Онда алғашқы роман жанрындағы шығармалар сарапқа салынды. Осы байқауға қазақтың белгілі меценат азаматтары қолдау көрсеткен. Сол жылы алғашқы романдар ауқатты азаматтардың демеушілігімен жарық көрген. Олар: Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романдары. Сондықтан бұл дәстүрдің қазір де жалғасқаны керек.

«БІЗДІҢ ҚОРДЫҢ
МҮМКІНДІГІ ДЕ, ҒЫЛЫМИ
ӘЛЕУЕТІ ДЕ МОЛ»

«Qyr balasy» қоғамдық қорының алдағы жоспары қандай? Жоғарыда команда деп қалдыңыз, осы қордың құрамын, институт ұжымын таныстырсаңыз

– Бұйыртса, алдағы уақытта 7-8 кітап дайындап, шығарып қойдық. Жоғарыда айтқанымдай, дүйсенбі күні Алматыдағы Ұлттық кітапханада Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне байланысты «Ұмытылмас күн» атты дөңгелек үстел аясында осы жаңа кітаптарымызды таныстырдық. «Ол қандай кітаптар»  десеңіз, айтайық, қазақ әдебиетінің классигі Жүсіпбек Аймауытұлының «Дәмелі» атты аудармаларының тұңғыш жинағы, әйгілі заңгер, мемлекет қайраткері Сейдәзім Қадырбайдың «Ақы заңы» атты шығармалар жинағы, Алаш қайраткері, мұғалім Мұстақым Малдыбайұлының «Иман һәм намаз…» шығармалар жинағы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының Библиографиялық көрсеткіш еңбегі, Ахаң дәйексөздерінен құралған «Ұлтты оятқан ұлы сөз» афоризмдер жинағы, түркиялық алаштанушы ғалымдармен бірлесіп жазған «Mıllet mektebının yüreğı Ahmat Baytursunoğlu» монографиямыз, алаштанушы Елдос Тоқтарбайдың «Алаш сөзі» кітабы бар. Біздің шығарып жатқан кітаптарымыздың ерекшелігі – оқырмандар, анығында тыңдармандар дегенім дұрыс шығар, QR арқылы Ютуб арнасында сақталған бейнелекцияларды тыңдап, қарап, тамашалай алады.

«Qyr balasy» қоғамдық қорында 200-ге жуық азамат жұмыс істейді. Республикамыздың түкпір-түкпірінде зерттеушілеріміз бар. Әлихан Бөкейхан атындағы Алаш ғылыми-зерттеу институты да біздің қордың жанынан құрылған, оның директоры – Ұшқын Сәйдірахманұлы. Барлық кітаптың дизайнері болған талантты суретшілер Алмас Сырғабаев, Назерке Есжанова сынды аға-қарындастарымыздың да еңбегі зор. Қостанай мен Арқалықта, Семей мен Қарағандыда, Атырау мен Оралда ізімізді басып келе жатқан бірқатар жас зерттеушілеріміз бар. Бүгінгі таңда оларды осы ғылымға баулып жүрміз.

Біз шығарған кітаптарды республикамыздың барлық өңіріне жіберіп отырамыз. Жасыратын несі бар, олардың басым бөлігі сатылымға түседі, аздаған данасы кітапханаларға, институттарға таратылады. Себебі, біз келесі жобаларға қаржы табуымыз керек қой. Мұндай үлкен, ауқымды әрі маңызды жобаны Үкімет қаржыландырып, бізді бір орталыққа жинап, қаржылық мәселесін шешіп, жұмысқа қажетті жабдықтармен қамтамасыз етсе деген зор үмітіміз барын жасырмаймыз.

Рас, біз қор жұмысының алға басуы үшін аянып қалмаймыз. Алда атқарар қыруар жұмыстар жетіп артылады. Алаш қайраткерлерінен бастап, қатардағы мұғалімге, ауыл молдасына, ел батырына дейін, тіпті совет билігінің астында жүрсе де, Алаш идеясына ниеттес, мүдделес адамдарды қамтимыз деген ойдамыз. Жыл аяғына дейін қазақтың біртуар азаматтары Нәзір Төреқұлов, Ғабдолғазиз Мұсағалиұлы, Байбатыр Ержанұлы, Кәрім Тоқтабайұлы, Мағжан Жұмабай, Жұмахан Күдеріұлы, Отыншы Әлжанұлы, Берікбол Малдыбайұлы, Ахмет Мамытұлы сияқты қайраткерлердің кітаптарын шығаруды нақты мақсат етіп отырмыз. Алаш ардақтыларының тұңғыш шығармалар жинағын құрастырып шығаруда институттың мүмкіндігі де, ғылыми әлеуеті де толық жетеді.

– Заңғар Тілеуғазыұлы, алаштанушы жас ғалымдардан кімдерді ерекше атар едіңіз?

– Сексенінші жылдардың аяғында арыстарымыздың ақталып шығуына байланысты тарихымызды жаңашылдықпен зерттеу, зерделеу деген мақсат-мұрат тұрды. Тәуелсіздік алған жылдары ғалымдарымыздың барлығы осы іске атсалысты. Солардың көшін Кеңес Нұрпейісов, Мәмбет Қойгелді, Тұрсын Жұртбай, Дихан Қамзабекұлы, Сұлтанхан Жүсіп, Айгүл Ісімақова, Сағымбай Жұмағұл, Қайырбек Кемеңгерлер бастап тұр. Алаш заманының үлкен тұлғаларын зерттеп-дәріптеген зерттеушілерді әрдайым мақтан тұтамыз, ол кісілердің еңбектерін бағалаймыз және құрметпен қараймыз. Ал, кейінгі жас толқыннан Елдос Тоқтарбай, Ұшқын Сәйдірахманұлы, Қарлығаш Әубәкірова, Еркін Рахметуллин, Алма Сайлауқызы, Абай Мырзағали, Әлібек Байбол, Данияр Ихсан, Ақжол Қадылбекұлы, Ерден Нұрахмет, Әйгерім Нұржанқызы, Ертай Біләл, Әйгерім Бағланқызы, Сұлтан Мұратұлы, Әсел Құсайынова, Рамазан Құлет, Нұрсұлтан Сабыржан, т.б. есімдерін ерекше атауға болады. Оған қоса ғылымға құлшынысы бар жастарға демеу беріп, қолдау көрсетіп келеміз.

– Заңғар Тілеуғазыұлы, ашық әңгімеңізге алғыс білдіреміз!

Сұхбаттасқан Индира БІРЖАНСАЛ

1 пікір

  1. Алаш арыстарына құрмет көрсетіп жүрген «Қыр баласы» қоғамдық қорына алғыс айтамыз!!! Индира Біржансал ханымға сұхбат үшін алғыс)))

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here