МИЛЛИОНДАҒАН СИЫРЫ БАР ҚАЗАҚСТАНДА СҮТ ПЕН СҮТ ӨНІМДЕРІ НЕГЕ ЖЕТІСПЕЙДІ?

1
666

Статистика агенттігінің мәліметінше, қазір Қазақстанда Зеңгі баба түлігінің саны 7,6 млн басты құрайды, ал жылына 5 миллион тоннаға жуық сүт сауылады. Дегенмен, сүт зауыттарында шикізат жетіспейді. Есесіне, сүт өнімдерінің 70 пайызы сырттан келеді. Тіпті, 2020 жылға дейін бұл сала техникалық регламент талаптарына сәйкестендірілмесе, онда мәселе күрделене түседі. «Qazaq» газеті төменде отандық сүт және сүт өніміне қатысты мәселеге тоқталады.

Сарапшылардың мәлімдеуінше, сүт өнімдерін шығаратын зауыттарға сүттің 30 пайызы ғана кетеді. Бұл сүт көлемі сауда жүйелері арқылы халыққа жететін түрлі сүт өнімдерін өндіру үшін жеткіліксіз.

«Елімізде табиғи сүт аз емес, бірақ оны жинау қиындық туғызады. Өйткені, ірі қаралардың басым бөлігі жекенің қорасында тұр. Демек, сүт көлемін ұлғайту үшін ауылды аймақтарда сүт қабылдайтын бөлімдердің қатарын көбейту қажет. Бұл алдымен шикізат тапшылығын жою үшін және оның сапасын жақсартып, сүт өнімдері өндірісін арттыру, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін маңызды. Себебі, тұрғылықты жерлердің географиялық тұрғыда бір-бірінен алыс орналасқандығынан ондағы жол шығынын есептегенде үй шаруашылықтарынан сүт жинау біраз шығынға әкеледі. Мысалы, Еуропада сүтті қабылдаушы мен оны өткізушінің арасы 50 шақырымдай алшақтықты құраса, бізде сүтті өндіретін орынға дейінгі қашықтық 600 шақырымнан артық болып жатады. Біріншіден, оны бір жерден екінші жерге жеткізу үшін жол шығыны кедергі болса, екіншіден, жаңа сауылған сүтті бұзылмаған күйде дер кезінде жеткізу керектігі тағы бар. Сондықтан кейде шалғайдағы шаруашылықтарға сүт өндіру тиімсіз саналады», – дейді Қазақстан сүт одағының сарапшысы Лидия Михеева.

Қазақстанда өндірілетін сүт өнімдерінің тек 30 пайызы ғана жергілікті сиырдың сүтінен жасалады. Ал осы саладағы зауыттардың жүктемесі шамамен 60 пайызды құрайды. Мәселен, бір ауданның сүт зауытына жеке қосалқы шаруашылықтардан жазда 8 тонна сүт жеткізілсе, қыста бұл көрсеткіш 1 тоннаны ғана құрайды. Яғни, қыс мезгілінде шикізат тапшылығынан сүт зауыттары жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Демек, Лидия Михееваның жоғарыдағы пікірімен толығымен келіспеске болмайды.

Бүгінде нарықтағы отандық сүт пен қышқыл сүт өнімдері (айран) 80 пайызды құраса, ал майдың көлемі 60 пайызды, ірімшік 45 пайызды құрайды. Яғни, қалған өнімдер сырттан келеді.

Рас, елімізде отандық өнімдерді тұтынғысы келетін тұрғындардың қатары көп. Алайда, олардың бағалары сырттан келетін сүт өнімдеріне қарағанда әлдеқайда қымбат екені жасырын емес. Жоғарыда атап өткеніміздей, оған жол қашықтығының алыстығы, сүт қабылдайтын бөлімдердің аздығы басты себеп. Ал, бұл отандық тауар айналымына кері әсер етеді.

Сарапшылар отандық өнімге қатаң бақылаудың жоқтығы сынды тағы бір мәселенің ұшын шығарады. Айталық, 2010 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан, Ресей және Беларусь арасында Кедендік одақ құрылғанын, кейіннен оның құрамына Армения, Қырғызстан кіріп, Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) айнал-ғанын білеміз. 2020 жылдың 1 қаңтарында сол Кедендік одақ шеңберінде техникалық регламент талаптарына сай келмейтін сүт және сүт өнімдерін экспорттау мерзімі аяқталады. Ал, елдегі фермерлік шаруашылықтардан өңдеуге келетін сүттің 90 пайызы микробиологиялық көрсеткіштері мен соматикалық жасушасы бойынша Кеден одағының бұл техникалық регламенттері талаптарына сай келмейді. Ал, қайта өңдеуге келетін шикі өнімнің жалпы көлеміндегі мұндай сүттің үлесі 50 пайызды құрайды.

Әрине, бұл қазақстандық сиыр сүтінің сапасы нашар екенін білдірмесе керек. Керісінше, біздегі сүт құрамындағы ақуыздың үлесі әлем бойынша жоғары деңгейде. Дегенмен, сүттің сапасын сол жеке шаруалардың өздері бұзады. Қандай ыдысқа сауу, қанша уақыт сақтау мен оны дұрыс тасымалдауды білмейді. Сондықтан сүт уақытынан бұрын сүт зауытына жетпей бүлінеді. Осының бәрі өнім сапасына тікелей әсер етеді. Яғни, бір жыл ішінде сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігін талап ету туралы техникалық тәртіпті ретке келтіру керек. Бұл шара аталған саланың қалыпты жұмыс жасауына серпін береді. Әйтпесе, Ресей мен Беларусьтің сүт өнімдерімен бәсекелесе алмаймыз, олардың өнімдері бізде қаптайды.

Бұл аз десеңіз, отандық сүт және сүт өнімдерін көрші елдерге экспорттаудың ауылы алыстайды. Осылайша, Кедендік одақтағы әріптестеріміздің өнімдері отандық өнімдерді нарықтан ығыстырады.

Қазақстан сүт одағының басшысы Владимир Кожевников бұл салада екі басты мәселенің барын айтады. Ол мәселеге сүттің саны мен сапасы жатады. Оның пікірінше, мәселені шешудің екі жолы бар. Бірінші жолы – ірілі-ұсақты сүт фермаларын (зауыттарын) құру, сүт қабылдау бөлімдерін ашу. Екінші жолы – жеке қосалқы шаруашылықтардың басын біріктіріп, сүт кооперативтерін құру. Дегенмен, ел экономикасы үшін бірінші жол тиімді саналады. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, «ұшса құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын» кең байтақ Қазақстанның әр аймағындағы жеке қосалқы шаруашылықтардан арнайы фермаларға сүт тасымалдау оңай емес. Логистикаға қыруар қаржы кетеді. Сондықтан сүт фермалары жекенің қолынан біртіндеп сүт тасығанша, бірден көптеп сырттың сүтін арзан бағаға алғанды жөн санайды. Ал, шаруашылықтар сүттің өзін ауыл-аймақ арасында ғана сатумен шектеледі. Соның салдарынан біздің нарықтағы сүт және сүт өнімдерінің 70 пайызы шетелден, яғни Ресей, Беларусь, Қырғызстаннан келеді. Бір айта кетерлігі, Алатаудың арғы жағындағы қырғыз ағайындар да өзінің сүт және сүт өнімдерін Кедендік одақ талаптарына сәйкестендірмесе, келесі жылдан бастап Қазақстан мен одақтас елдерге өз өнімдерін экспорттай алмайды.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газеті

1 пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here