ПОЭЗИЯ ПАДИШАСЫ

0
62

Биыл өзіндік қолтаңбасымен, өр мінезімен қазақ поэзиясына құбылыс әкелген ақын, ҚР Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың туғанына – 80 жыл. Қазақ поэзиясының жынысқа бөлінбейтінін дәлелдеп, «жанын жырмен жалғап, өзін соған арнаған» ақын жалқы болса да халықтың махаббатына ие болып, даңқты ғұмыр кешті. «Qazaq» газеті көзі тірісінде талантымен талайларды таң қалдырып, аңызға айналған поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың өмірі мен өнерінен сыр шертеді.

Анасын жырмен жұбатқан қыз

Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 25 желтоқсанда Қазақстанның табиғи қазба байлығымен қатар тарихи мұрасы да мол аймақта дүниеге келді. Қазіргі Атырау облысындағы Исатай ауданының Манаш ауылында Иманғалиевтер отбасында өмірге келген кенже қызына әкесі Оңғарсын молдаға астындағы атын беріп, азан шақыртып «бірегей» деген мағынаны білдіретін Фариза есімін қояды.
Фаризаның ата-анасы көзі ашық, көкірегі ояу кісілер болған. Әкесі – Оңғарсын елге қадірлі азамат, ал он бала тапқан анасы – Қалима арабша хат танып, қазақ ауыз әдебиетін жақсы білген. Бала күнінде анасының Мұхаммед пайғамбар туралы әңгімелерін естіп өскен Фариза көпке дейін Мұхаммед пайғамбарды ауылдас адам немесе туысқан ағаларының бірі деп ойлап келген. Өмірде көп қиындық көріп, жақындарынан айырылған анасы туралы көзі тірісінде ақын қыз былай депті: «Кішкентай болсам да анамды жылатпайтын амал іздедім. Үйде кітап көп болатын. Мектепке бармай жатып әріп танып, кітап оқитын болдым. «Қобыланды батыр» жырын зуылдатып үйді басыма көтеріп дауыстап оқимын. Сонда анам көз жасын тыйып, маған қарап тыңдап қалатын. Анамның жыламағанына қарап іштей қуанатын едім. Кітапқа жақын болғаным содан-ау…».
Жастайынан жыр жаттап өскен Фариза мектеп қабырғасында жүрген сәтінен бастап өз жанынан өлең жаза бастайды. 5-ші сыныпта оқып жүрген шағында 5-6 ұл-қыз болып үйге қайтып келе жатады. Сол кезде ақынның құрбысы Ләззат өзіне тиіспек болған Хайролла есімді ұрыншақ баланы қатты итеріп жіберіп, жерге құлатады. Осы сәтте:
Жылтың-жылтың бала,
Хайролланы қара.
Ләззаттан жеңіліп,
Құлап қалды жаңа, – деп бір шумақты суырып салады. Сонда қасындағылар «Өлеңді өзің шығардың ба?» деп сұрайды. Осы оқиғадан кейін сыныптастарының жақындары Фаризаның анасына «Сенің кішкентайың өлең шығарады екен ғой» дейді. Мұны білген анасы қатты қуанып, ертең үлкен ақын болатынына сенеді. Ал, су инженері болуды армандаған Фариза анасының сөзінен кейін болашақта ақын болармын деген оймен қиялына қанат бітіреді. Мектепте өзін әр қырынан таныта бастаған Фариза Оңғарсынова есепке жүйріктігі мен орыс тілін жетік меңгергенімен қоса, домбыраның да құлағында ойнайды.

Қазақтың алғашқы тілші қыздарының бірі

Фариза Оңғарсынова поэзия мен прозада ғана емес, қазақ баспасөзінің тарихында да қыздардың көшін алға тартқан алғашқы тілші қыздардың бірі. Ақын қыз 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын бітіріп, мектепте мұғалім болып еңбек жолын бас-тайды. Кейін облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің редакциясына әдеби қызметкер болып орналасады. 1967 жылы «Бұлбұл» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көреді.
«Фариза Оңғарсынова поэзияда да, прозада да тұяғы мұқалмаған хас дүлділ… Поэзиясы – шың. Прозасы – сол шыңды тіреп тұрған шоқылар…» деп бағалаған Шерхан Мұртаза Жайықта қалам тербеп жүрген Фаризаны «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне жұмысқа шақырады. 1968-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болып жұмыс істеген Фариза Оңғарсынова бір сұхбатында былай дейді: «Өз басым менің «әдебиет» деп аталатын азабы көп ауылға келуіме әкемнің қаны, анамның сүті арқылы Жаратылыс берген қасиет, одан кейін Шерхан аға себеп болды деп ойлаймын. Алматыға келуіме бірінші Шерхан аға көп қамқорлық жасады. Ол кісі өлеңдерімді оқып, бірер жазғандарымды көріп «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа шақырды. «Лениншіл жас» деген ол кезде адамның қолы жетпейтін керемет қасиетті газет болып есептелетін. Шерхан ағаның мені табындыратын бір қасиеті – ол ешқашан «сені адам еткен, қатарға қосқан мен едім ғой» деген ниетін міндет етіп сездірген емес. Бұл – азаматтық ұлы қасиет».
«Лениншіл жаста» өткір мәселелерді көтеріп, шындықты жаза білген журналистті басында «мұның қолынан тілшілік келер ме» деп менсінбегендер бертін келе «Ойпырым-ай, Фариза, сен ұйықтамай жазатын шығарсың осы!» деп таңданады. Қаламының қарымымен танылған Фаризаны 1970 жылы сол кездегі «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің бас редакторы қызметіне елу жыл ел ағасы болған Дінмұхаммед Қонаев Атыраудан арнайы алдыртады. Әдебиет пен мәдениеттің ошағына айналған Алматыға келген ақын қыз Алатаудың баурайында басшылық ете жүріп шабытын шарықтата түседі. Қатарынан жарық көрген «Мазасыз шақ» (1972 жыл), «Асау толқын» (1973 жыл) кітаптары соның дәлелі. 1978 жылдан бастап бұрын жабылып қалған басылым «Пионер» («Ақжелкен») журналы қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынованың басшылығымен оқырмандарға қайта жол тартты. Бұл – ақынның қалам ұстаған жастарға жасаған қамқорлығы.

Ұлтының қамын ойлаған қайраткер

2000-2004 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде де Фариза Оңғарсынова түйіткілді мәселелердің түйінін шешуге күш салып, саяси жұмысқа білек сыбана кірісті. Оның ең бағалы еңбегі – «Баланың құқықтары туралы» Заң жобасын дайындап ұсынуы еді. Қазақ тілінде әзірленген бұл жоба парламентаризм тарихында қабылданған екі заңның бірі болды.
«Бұл заңның бастапқы нұсқасы шынымен-ақ апайдың өз қолымен қазақ тілінде жазылып, қалай орыс тіліне аударылып, ұсынылғаны көз алдымда. Оған біреу сеніп, біреу сенбес. Бірақ, ақиқат осы! Фариза апайдың төңірегін ылғи да өмірден түңіле жаздаған, тапшылық тартқан адамдар қоршап жүретін. Солардың бәріне қолынан келгенінше жақсылық жасауға тырысатын. Біреуіне баспана, біреуіне жұмыс сұрап, ақ шашты басын иіп кеңселерді жағалайтын. Дегенмен, ешуақытта біреудің несібесін басқа біреуге алып беруге барған жоқ», – дейді Парламент қабырғасында бірге жұмыс істеген қоғам қайраткері Мырзакелді Кемел.
Мәжіліс мінберінен Фариза ақын үнемі қазақтың тілі мен ділін, қоғамның рухани өмірін сөз етіп, елдің дамуына өзіндік үлесін қосты.

Мұқағали мен Фариза арасында сезім болды ма?

Бір ғасырда ғұмыр кешіп, бүтін бір ұлт поэзиясын өрге оздырған Мұқағали мен Фариза сынды бірегейлер соңынан кезінде сыпсың сөздің ергені де рас.
«Әлгіндей өсектің шығуына ең алдымен ағаның маған арнаған өлеңі себеп болды-ау деймін. Солардың кейбіреулері айтып жүргеніндей, мен — Мұқағалиға, я болмаса, ол – маған ғашық болған емес. Менің жазығым – Мұқаңның шын ақын екенін танып, басымды игенім. Ағаның жазығы — тағдыры қызық мен секілді жалғызбасты ақын қыздың поэзиясынан үміт күтіп, бағалағаны…» деп отты жырларымен «Махамбет в юбке» атанған Фариза Оңғарсынова өзінің естеліктерінде жұрт ойлағандай Мұқағали Мақатаев екеуінің арасында махаббат болмағанын айтады.
«Кейбіреулер Мұқағалидың маған деген тілеулестігін, сезімін қызғанып, халықтың арасына басқа пікір тарату мақсатында ойдан оқиғалар шығарған кездер де болды. Аға мен қарындастың, ақын мен ақынның бір-біріне деген шынайы ықыласына сүйсініп қызығудың орнына, қызғаныштың қызыл итін үргізуге тырысқандар өздерінің қара ниеттерінің жазасын Алла тағаладан алды да», – депті ақын бір сұхбатында.
«Жұрт маған неге жауықты?»
Деп өзің босқа кішірме.
Талантты болу қауіпті
Талантсыздардың ішінде, – деп толғаған Фаризаны морт сынған мұзарт ақын жалғанда тапқан жалғыз жанашыры, рухани серігі көріп мұң шағады. Мұқағали Мақатаев қайтыс боларының алдында «Фаризаға» атты өлең жазып, оны пошта арқылы жібертеді. Бұл кезде ақын қыз Баку қаласында жүреді. Сол жақта жүргенінде Мұқағали ақын дүние салады.
«Ұлы ақынның соңғы дидарын көре алмай, соңғы сапарына аттандырып сала алмай, сандалақтап Алматыға оралдым», – деген еді өзегін өртеген өкініштен арыла алмаған ақын.
Заманымыздың көрнекті екі ақыны – Мұқағали Мақатаев пен Фариза Оңғарсынованың шындығы осы.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Өлең ұқпайтын жандар да, Құдіретін жырдың сезсін бір» деп жырлаған ақын артына өшпес мұра қалдырып кете барды… Қара өлеңнің құдіретін сезінетін қазақ жұрты барда Фаризаның есімі ешқашан ұмытылмайды. Қалам иесінің өзі кетсе де, соңында саф алтындай сөзі қалды. Ақынның сезімге суарылған өлеңдері адамзаттың жүрегінде өмір сүретіні анық.

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here