ШӘМШІНІҢ ТОРҒАЙҒА САПАРЫ

0
319

Таяуда мен «Алматы ақшамы» газетінен аса көрнекті сазгер, ән әлемінің әйгілі майталманы, қазіргі қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың ескерткішін жасауға конкурс жарияланғанын және ол ескерткіштің Алматыда орнатылатынын оқығанда ерекше бір қуаныш сезіміне бөлендім. Жадым жаңғырып, ұлы сазгердің осыдан 47 жыл бұрын Торғайға келген күндері көз алдыма елестеді. Оған осы мақаладағы сурет куә. Ол 1972 жылы Амангелді ауданы жұртшылығымен кездесу сәтінде түсірілген сурет еді.

Жалпы, Шәмші Қалдаяқов көзі тірісінде Торғай даласына екі рет ат басын тіреді. Біздің әңгіме еткелі отырғанымыз соның алғашқысы. 1972 жылғы мамыр айының орта тұсы. Арқалық облыстың бас қаласы болып, еліміздің түкпір-түкпірінен жас кадрлардың жаңа жерге ағылып келіп жатқан кезі. Осының алдында ғана Қостанайдан Арқалыққа ауысып, облыстық комсомол комитетінің үгіт-насихат бөлімінде жұмыс істеп жүргенмін. Бір күні бірінші хатшымыз Бекболат Бірбаев шақырып алып: «Сен осы Шәмшіні танисың ба?» – деп сұрақ қойды.

Солдан оңға қарай бірінші қатарда аудан комсомол ұйымының бірінші хатшысы Жұмағали Өмірбеков, ақын Мұхтар Шаханов, сазгер Шәмші Қалдаяқов және бір адамнан кейін тұрған осы жолдардың авторы Серік Шайман. Торғай. 1972 жыл

Танымаймын деуге дәтім бармады. Ол кезде жиырмадан енді асқан біздер Шәмшіге сырттай табынып, әнін айтқанымыз болмаса, өзін жүзбе-жүз тани бермейтінбіз. Алматыда оқып жүргенде атақты адамдармен қоян-қолтық араласатынын айтып бөсе беретін бір курстасымның: «Әне, анау Шәмші Қалдаяқов» – деп, киіктің асығындай ғана кішкентай мұртты бір кісіні көрсеткені бар-ды. Бастығымның мына сауалынан кейін көз алдыма сарт етіп сол бейне елестей кетті.
– Тануға тиіспін, – дедім екі ұштылау жауап беріп.
– Ендеше дайындал, – деді хатшы. – Ертең Мұхтар Шаханов екеуі келеді. Жаныңа мынау Зәурешті қосып отырмын. Менің машинаммен барып, әуежайдан қарсы аласыңдар.
Бірібаевтің Зәуреш деп отырғаны қалалық комсомол комитетінің екінші хатшысы. Ол өзі Қорған жақтың (Ресей) қызы. Қостанай педагогикалық институтын бітіріп, Арқалыққа жақында ғана жолдамамен келген. Көрікті қыз. Содан да болар оны комсомол қағып алып, қолақпандай қызметті ұстата салған-ды. Қазақшасы нөлге жуық еді, Шәмшіні танымақ түгіл, атын да естімеген бейбақ қой. Бастық менен «емтихан» алып жатқанда ләм деп аузын ашқан жоқ. Соған қарағанда ол әңгіме кім жайлы болып отырғанынан да бейхабар сияқты көрінді.
Ертеңінде айтқан уақыттан сәл бұрын әуежай басына келдік. Сұлулық шіркін неге жаман болсын?! Менің жанымдағы тал шыбықтай бұралған Зәурешке өткен-кеткен көзін сүзіп-ақ қарайды. Бірлі-жарым танитын жігіттер жымың-жымың етіп, біздің бұл жүрісімізден әлдебір астар іздегендей сыңайда. Ал, мен болсам Шәмшіні танымай қалып, масқара болмауды ойлап, жаным мұрнымның ұшына келіп, енді секіріп кеткелі тұр. Бір кезде біз күткен ұшақ та жерге қонды.
Сол кезде Арқалыққа қонақ келгіш еді. Әрісі Мәскеуден, берісі Алматыдан ғарышкерлерің де, шенеуніктерің де, әртістерің мен ақын-жазушыларың да ағылып келіп жататын. Сұрастырып білсең, бәрін де шақыртқан Өзекең болып шығады. Кәдімгі обкомның идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков. Ол кісінің беделінің кереметтігі сондай, жұрт бірінші хатшының емес, Жәнібековтің есімін естісе тік тұратын-ды.
Шәмші мен Мұхтарды да шақыртқан сол кісі болып шықты. Оған енді бұл екеуінің бірі – ақын, бірі – сазгер ретіндегі өз беделін, Торғай елінің қонақжайлығын қосыңыз. Сонда қонақ күту кәдесі қай жерден соғатынын өзіңіз де бағамдай беріңіз. Қысқасы, шала бүліндік қой. Алайда, халықтың Шәкеңе көрсеткен құрметі шын көңілден шыққан риясыз құрмет еді.
Сонымен, жолаушылар ұшақтан түсіп жатыр. Иығына оқа таққан қас-қа бас, жуан қарын әскери шенеунік, күн жанып тұрса да қара костюм киіп, қолақпандай галстукке қылғынып қалған өзіміздің партия функционерлері, екі иінінен ентіге демалып, ықылық атқан сов-хоз директорлары… Бірде-бірі менің қиялымдағы адамға ұқсамайды. Дегенмен, сөйтіп аңтарылып тұрғанымызда ашаңдау келген, орта бойлы, әдемі қара мұрты бар, қалқан құлақтау, басына қалпақ киген бір кісі ұшақтан шығып, баспалдаққа аяқ сала бастады. «Дәуде болса Шәмшіміз осы болар» деп ойладым. Жанындағысы да жұпынылау, ол да қалпақ киген жігіт екен. «Бұл Мұхтар Шаханов шығар» деп жобаладық Зәуреш екеуіміз.
– Жүгір, тез жет, ағаңа иіліп тағзым жаса, мына гүлді ұсын, – дедім мен Зәурешке.
Ол заманда Арқалыққа гүл қайдан келсін?! Әуежайға келе жатқанда қала сыртына шығып, Зәуреш екеуіміз бір букет боларлық дала қызғалдағын теріп алған болатынбыз. Соны өзімше марапаттап, судыр қағазға орап ұстап жүрміз. Обалы нешік, Зәуреш лып етіп, ағасының аяғы жерге тиісімен гүлін ұсынып, сәлемдесу ишарасын жасады. Мен де қосарласып, Шәкеңнің қолын алып, осылай обкомның бірінші хатшысы жібергенін, машина күтіп тұрғанын айтып, қауқалақтап жатырмын.
– Сен бала тұра тұр, – деді маған Шәкең.
Сөйтті де Зәурешке қарап:
– Қарағым, рахмет! Есімің кім өзі? – деп жауабын күтпестен қызды айқара құшып, бетінен құшырлана шөп еткізіп сүйіп алды. Шәкеңнің шетен мұрты онсыз да алаулап тұрған ақ бетіне тигенде Зәурештің бүкіл қаны басына шауып, жүзі бұрынғыдан да бал-бұл жанып бара жатқандай көрінді. Қызды жіберместей қылып қолтықтап алған Шәкең енді тізгінді біржола өз қолына алып:
– Ал бала, баста машинаңа, – деді маған.
Машинаға отырысымыз да қызық болды. Мен ізет білдіріп, Шәкеңе алдыңғы орынды ұсынып жатсам, ол кісі қызды ортаға алып, Мұхтар екеуі артқы орынға жайғасты.
Жол бойы жастық жайлы, сұлулық туралы біраз әңгіме айтылды. Бәрін айтып жатқан Шәкең. Мұхтар үндемейтін кісі екен. Ауық-ауық терезеден далаға қарап, өзімен-өзі сүлесоқ отыр. Бірақ, жай отырмаған сияқты. Іштей бір терең сезім қайнап, буырқанып жатқандай. Сіздерге өтірік, маған шын сол жолы ол «Арқалықтың ақ таңы» өлеңін жол бойында-ақ жазып тастап, сапардан қайтқанша Шәкең оған ән шығарып, бұл өлең бүкіл Торғай даласына тарап үлгерді. Оның қайырмасы былай басталатын-ды:

  • Қара көзіңнен мөлдір,
  • Торғай даласын көрдім.
  • Сен дала боп ендің,
  • Өр тағдырыма.

Тәуекелмен айтсам да қателеспеспін, бұл ән Зәурешке арналды-ау деп ойлаймын мен әлі күнге дейін. Сол күні қалада бірнеше ресми кездесулер болды да, кешкісін Бекболат Бірбаев Шәмші мен Мұхтарды өз үйіне шақырып, келістіріп қонақасы берді. Бұл отырысқа обком хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің өзі қатынасты. Дастарханы мол, қолы берекелі Бекең үйіндегі Кәмила жеңгеміздің дәмді тамағын сүйсіне жей отырып, Өзекең Шәмші мен Мұхтардың алдағы сапарлары туралы әңгіме қозғады.
Ұйғарым бойынша қонақтар Аманкелді, Жанкелді аудандарын аралап, халықпен кездеспек. Мен оларға жолсерік болып баратын болдым.
– Бұл жігіт осы жердің тумасы, елді, жерді жақсы біледі, ендігі жолдарыңның сәтті болуы осыған байланысты, – деп маған қарап жымиып қойды Өзекең.
Сөйтіп, біз келесі күні аудандарды аралауға жүріп кеттік. Аманкелдіде аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Төкен Елтебаев, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Жұмағали Өмірбеков, Жанкелді аудандық партия комитетінің хатшысы Қайырбек Алматов, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Марат Қасымов сияқты азаматтар Шәмші мен Мұхтарға тікесінен тік тұрып қызмет етті. Шәмшіні көреміз деп алыстағы жайлауда жатқан малшылар салт атпен, ат арбамен аудан орталығындағы кездесулерге келді. Елдің бәрі Шәкеңді сөйлеткенді қызық көреді, оның өмірбаянын біліп, шығармашылық жолымен танысқысы келеді. «Осындай құдіретті ән шығарған кісінің үні де ғажап шығар, ән айтпауы мүмкін емес» деп ойлайтын қарапайым халық талай жерде оның ән салып беруін де өтінді. Сондай сәтте Шәкең:
– Аяулы халқым-ай, ықыластарыңызға рахмет! Бірақ, мен әнші емес, композитормын ғой. Менің жүрегім ғана әнші, дауыс құрғыр жоқ, – деп құтылатын.
Ал енді әңгіме өмірбаян жайына келгенде Шәкең:
– Жігіттер, менде о жағы жұпынылау, Қапланбектің мал дәрігерлік-зоотехникалық, Сахалиннің әскери, Ташкеннің музыкалық училищелерінде оқыдым. Алматыдағы консерваторияға түсуін түскенмін, бірақ әлі бітіргенім жоқ, – деп жұртты күлдіртетін. Қателеспесем, Шәкең соны бітірмей-ақ дүниеден өтті-ау деймін…
Ол кезде Шәмші туралы ел арасында анекдотқа бергісіз талай әңгімелердің айтылып жататын шағы. Десе дегендей, өзінің кейбір іс-әрекеттері де соған лайық екен.
Бір бас қосуда Шәкеңе:
– Осы сіз Димаш Ахметовичпен кездесті деген сөз бар, сол рас па? – деген сауал қойылды. Шәкең мырс етіп, бір жымиып алып:
– Рас қарақтарым, ол ағаларың арнайы адам жіберіп, мені кездесуге өзі шақырды ғой. Рахмет онысына, – деп ары қарай сыр ашпай тоқтап қалды. Кейін бір отырыста біз бұл сауалды Шәкеңе қайта қойдық.
– Ей, шырақтарым-ау, «Бөрі арығын білдірмес, сыртқы жүнін қампайтар» дегендей ғой менікі. Былайғы жұрт мені төрт құбыласы түгел деп ойлайды. Өзім де кісіден сұраншақтығым жоқ адаммын. Әйтпесе, Димекеңнен кінә жоқ, бәрін сұрады. Сондай үлкен адам ілтипат жасағанға есім шығып кеткен болар. «Менде бәрі бар, бәрі жетеді», – деп азар да безер болдым ғой. Мына сорды қарасаңшы, әлі күнге дейін өзіме тиесілі баспанам жоқ, пәтер жалдап тұрамын, – деген еді.
Таланттар тағдыры тірісінде неге тайқы болады екен, әлде олар ертең қалатын дүниеге, тұрмыстың ұсақ-түйегіне мән бермей ме?! Сонда Шәмші Қалдаяқовтың атағының жер жарып тұрғандығын былай қойғанда, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты еді ғой. Бір пәтер мәселесін шешу деген немене тәйірі?! Ешкімге ештеңе айтпай, еш жерге бармай әнін жазып жүре берген де сабаз. Қайран ұлылар-ай!
Сол жолы қазақы тұрмыстың қаймағы бұзылмаған Аманкелді, Жанкелді аудандарынан Шәмші мен Мұхтар керемет рухтанып, мерейі өсіп, халықтың өздеріне деген шынайы сүйіспеншілігінің куәгері болып қайтты. Соның өшпес белгісіндей болып ел аузында олардың әні қалды. Ол ән – «Арқалықтың ақ таңы» еді.

Серік ШАЙМАН, «Qazaq» газетінің Қостанайдағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here