Асхат Алметов: «Басты мақсатым – аудан халқының полицияға артқан сенімін ақтау»

0
4879

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында «Полиция – халыққа жақын болуы керек» және «Учаскелік полицейдің мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеріп, оған нәтижелі жұмыс істеу үшін мүмкіндік беру керек. Ол азаматтарға таныс, қолжетімді және беделді болуы керек. Азаматтардың құқығын белсенді түрде қорғауы тиіс» деп бүгінгі полицияның қоғамдағы қызметін айқындап көрсеткен болатын. Осы тұрғыда біз «Шалғайдағы аймақтарда полицияның жұмысы қалай өрбуде, халықпен байланыс қалай, учаскелік инспекторлардың рөлі қандай?» деген сұрақтарға жауап алу мақсатында Жамбыл облысы Полиция департаментінің Сарысу аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Асхат Алметовпен ашық әңгімелескен едік.

– Асхат Аманқұлұлы, ауданда қылмыс деңгейі қандай? Бұрынғы жылдармен салыстырғанда қай деңгейде?

Өткен жылмен салыстырғанда ауданда қылмыс деңгейі едәуір төмендеп, криминогендік ахуал тұрақтанған деп айтуға болады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде құқық бұзушылықтар саны азайып, аудан аумағында орын алған қылмыстар 38,3%-ға, яғни 248-ден 153-ке төмендеп отыр. Бұл көрсеткішті жылдан жылға жақсарта беру мақсатында жүйелі жұмыстарды жалғастырудамыз.

– Құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша қандай шаралар қолданылып, жұмыстар атқарылуда?

Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында орын алған қылмыстарға талдау жасалынып, қазіргі таңда құқық бұзушылық көп орын алатын жерлерге полицияның кешенді күштері күшейтіліп, патрульдеу жұмыстары жүргізілуде. Халық көп шоғырланатын сауда орындары, автобекет, орталық базар, кафелер мен азық-түлік дүкендерінің маңына және қараңғы мезгілде мөлтек аудандардың ішіне патрульдер күшейтілді, учаскелік инспекторлардың әкімшілік аймақтарын күніне бірнеше мәрте аралап жүруі тапсырылып, қатаң қадағалауыма алынды.

Аудандағы мекеме, кәсіпкерлік нысан және жеке тұлғаларға қылмыстың алдын алу мақсатында бейнебақылау камераларын қою, терезелерге темір тор орнату, кәсіпкерлерге өз иелігіндегі нысанға «күзет дабылын» орнату туралы ұсыныстар да берілді. Сонымен қатар, алкогольдік ішімдік ішу, тыныштықты бұзу және жол ережелерін сақтамау деректерін анықтау бойынша профилактикалық рейдтер ұйымдастырылып отыр.

Мал ұрлығына тосқауыл қойылды ма?

– Өңіріміз мал шаруашылығымен ерекшеленетін болғандықтан, мал ұрлығы бүгінде ең маңызды мәселелердің біріне айналды. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында арнайы топтар құрылып, осы бағытта күшейтілген іс-шаралар атқарылуда. Полиция департаменті бастығының нұсқауымен «Қашар», «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шаралары жүргізілуде.

Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, сырғалау және таңба салу бойынша шараларды ұйымдастыру тұрғысында Сарысу ауданы әкімдігінің ветеринариялық бөлімімен бірлесіп іс-шаралар жоспары жасалынып, жұмыстар атқарылуда.

Малды заңсыз тасымалдау деректерін анықтау мақсатында АПБ қызметкерлерімен Сарысу ауданынан Тараз, Шымкент қалалары бағытына қатынайтын «Жаңатас-Тараз», «Жаңатас-Шымкент» және «Жаңатас-Саудакент» тас жолдарына әр аптаның сенбі және жексенбі күндері жылжымалы посттар қойылып, қатаң тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Осы секілді бірқатар жұмыстардың нәтижесінде мал ұрлығы 23,3%-ға азайып отыр. Ал, мал ұрлығы қылмысының ашылу пайызы 2019 жылмен салыстырғанда 10%-ға жоғарылады.

– Жол-көлік оқиғаларының алдын алуда қандай жұмыстар атқарылуда? Әсіресе, түнгі уақытта жылдамдықты асыратын, мас күйде рульге отыратын жүргізушілерге тыйым салу бойынша қандай іс-шаралар жүргізілуде?

– Осы мақсатта түнгі патрульдер санын көбейттік, күнделікті Жаңатас қаласының орталық алаңында орынбасарларымның және патрульдік, учаскелік полицейлердің, өзге де мүдделі қызметкерлердің қатысуымен түнгі гарнизондық жиынды өзім өткіземін. Онда жеке құрам дайындығын тексеріп, нақты тапсырмалар беріп, әкімшілік аймақтар бойынша құқықтық тәртіпті қадағалауға жіберемін. Өзім де күнделікті рейдтік жұмыстарға қатысып, түнімен ауылдарды аралаймын.

Өткен 2020 жылы Жаңатас қаласында түнгі мезгілде автокөліктер жарысын ұйымдастырған және автокөлікпен айналып, дрифт жасаған 6 жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 606-бабы бойынша (Жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан) әкімшілік хаттама толтырылып, он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынды. Сарысу ауданы бойынша 2020 жылы жол ережелерін бұзған азаматтарға барлығы 1 855 әкімшілік  хаттама толтырылды. 200 автокөлік айып тұрағына қойылды. ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік масаң күйде басқаруы, сол сияқты масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша 47 жүргізуші жауапкершілікке тартылып, он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқықтарынан айырылды.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жол-көлік оқиғалары 52 пайызға төмендеді, жарақат алғандар саны 2019 жылы 52 адам болса, былтыр 15 адам, яғни 71,1 пайызға азайды. Қаза болғандар саны 2 адам, 2019 жылы 5 адам болған.

– Асхат Аманқұлұлы, қарамағыңызда үлгі тұтарлық мақтаулы қызметкерлер бар ма, олар кімдер?

Сарысу аудандық полиция бөлімінде ауыз толтырып айтарлық, қандай мақтауға да лайық қызметкерлер жетерлік. Қайсы қызметкер болмасын, күн-түн демей, халықтың тыныштығы үшін уақытпен санаспай еңбек етуде. Ауа райының ыстық, суығына қарамай, жіберген жерде алға қойылған міндетті мінсіз атқарып келетін қызметкерлерімнің жұмысын жоғары бағалаймын.

Нақты жетістіктерге тоқталатын болсақ, аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Руслан Мұсаев 2020 жылы облысымыздың ең үздік учаскелік инспекторы атанып, Қазақстандағы үздік 17 учаскелік полицейдің қатарына кірді. Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, бекітілген әкімшілік учаскеде қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмысқа қарсы күрес бойынша жұмыстағы жоғары жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың қолынан марапат алып келді. Осындай қызметкерлер тәрбиелеп, халыққа адал қызмет жасап, олардың батасын алуды бақ деп білемін, сондықтан осы тұрғыда аянбай тер төгу керектігін әрбір полиция қызметкері мақсат тұтса, өңіріміз өркендей түсері анық.

– Алдағы жоспарларыңыз жайлы бізбен бөліссеңіз?

– Ең бастысы, қоғамға әрдайым ашықтығымды, халықпен етене байланыста еркін форматта жұмыс жасауды алға қойғанымды жеткізгім келеді. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Полиция басты назарды жұмыстың тиімділігін арттыруға, қоғаммен тығыз байланыс орнатуға және халықтың сенімін ақтауға аударуы тиіс», – деп айтқандай, киелі Сарысу жеріне басшылық қызметке келгендегі ең басты мақсатым – аудан халқының полицияға артқан сенімін ақтау. 

Бәрімізге белгілі, ішкі істер органдарының қызметі – жергілікті атқарушы органдармен, жастар ұйымдарымен бірлескен түрде жұмыс атқарғанда нәтижелі болмақ. Ал, сіздер – журналистер қауымы мен қоғамның белсенді азаматтары әрдайым халықтың өзекті мәселелерін жеткізіп отыратын билік пен халық арасындағы алтын көпір секілдісіздер.

Бүгінде Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Жанат Қуанышұлы Сүлейменов облыс тұрғындарының, елдің игілігі үшін үлкен жұмыстар атқаруда. Мен осы үрдісті жалғастырамын және өңірдің қылмыстық ахуалын жақсартуға нәтижелі қызмет атқару жолында жүйелі, жоспарға бағытталған жұмыстар жасаудамын. Аудан әкімдігі, прокуратура өзге де мекемелермен бірлесіп бекітілген жоспарларға сәйкес атқарылған жұмыстардың нәтижесі алдағы уақытта жемісін көрсете жатар деген сенімдеміз.

– Асхат Аманқұлұлы, ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Сұхбаттасқан: Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here