Елін сүйген Елбасы

0
5955

Тарихымызға үңіліп қарасақ, қай кезде болмасын елі үшін туған ерлер аз болмаған. Асыл ерлер ел басына күн туған қиын кезеңде халық қамы үшін тығырықтан шығар жол іздеп шарқ ұрып, дұрыс жол нұсқаған.        

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты да халықтың бағына туған дара тұлға деп айтар едім.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері талай қиын кезеңдерді еңсерді. Әлемдегі ең алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылу үшін Елбасымыз тың шешімдер қабылдап, дара саясаттың нәтижесінде еліміз даму жолына түсті.

Ерке Есіл бойында керемет әсем, ару, келбетіне көз тоймас сұлу бас қаламыз бой түзеді. Бұл қала Елбасының ерен ерлігі, төл туындысы болды. 1999 жылғы 16 шілдеде ЮНЕСКО-ның бас хатшысы Федерико Майор «Әлем қаласы» халықаралық байқауының жеңімпаздары медалімен Астананың (қазіргі Нұр-Сұлтан) марапатталғаны туралы мәлімдеді. Ертегідегідей бас қаламызды, қазақ халқын  әлем таныды! Қазақстан зор жетістіктерге қадам басты. Әйтсе де, елімізде күтпеген жерден  табиғи  апаттар  белең алып, қазіргі таңда індет тарап, келеңсіз жағдайлар орын алуда. Осындай қиын кезеңде Елбасымыз тағы да тың шешімдер қабылдап, халық қасынан табылды. «Nur Otan» партиясы мен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев халыққа дер кезінде көмек қолын ұсынды. Көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар қаржылай қолдауға ие болды. Жуырда Елбасының тапсыруымен «Birgemiz» акциясының төртінші кезеңі жүзеге асты. Еліміздің ауылдық елді мекендеріндегі тағы 80 мыңнан астам мұқтаж отбасы 50 мың теңгеден алды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен «Birgemiz»  қорының біржолғы қаржылық қолдауына 550 мыңнан астам отбасы ие болды. Барлығы 2 миллиондай отандасымыз қаржылай көмек алды.

Індет өршіп тұрған кезеңде тұрмысы төмен 100 мың мұқтаж отбасыға 5 миллионнан астам тегін бетперде таратылды. «Nur Otan» партиясы мен Тұңғыш Президент қорынан 300 мыңдай отбасыға азық-түлік себеті берілді. Бұл игі бастамаға «Jas Otan» жастар қанатының 5 мыңнан аса еріктілері жұмылдырылды.

Нұротандықтар  Түркістан облысындағы су басқан ауыл тұрғындарына мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтті. Осы шілде айында Достық ауылындағы су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындарына арналып салынған үйлер пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арналған үндеуінде: «Біз өткеріп жатқан күрделі кезең – бүкіл адамзаттың басына түскен сын-сынақ. Сырқатпен күрестің ең алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлер адамдарды аман алып қалу үшін барлық күшін жұмсауда. Еліміздің Президенті мен Үкіметі қалыптасқан жағдайды түзету үшін қажетті барлық шараны қабылдауда. Алайда, көп нәрсе өзімізге байланысты. Халқымыз басқа түскен қиындықты өзінің қайрат-жігері, ұйымшылдығы, болашаққа деген ұмтылысы арқылы бүкіл халықаралық қоғамдастықпен бірге лайықты түрде еңсеріп, аман-есен шығарына сенімдімін. Біз тағы да жеңімпаз боламыз. Еліміздің жақсы күндері алда. Біз біргеміз», – деп мәлімдеді.

«Мың  өліп, мың тірілген» қазақ халқының басынан небір ауыр күндер өткені тарихтан белгілі. Сонда да көңілі кең даладай дархан, қайтпас қайсар, төзімді халқымыз Жаратқанның қолдауымен, шыдамдылық пен сабырлылықтың, көрегенділіктің, келешекке деген сенімнің, болашаққа деген ұмтылыстың, табандылықтың арқасында аман қалды. Иә, бүгінде ел басына тағы да ауыр күндер туып отыр. Ақ халатты абзал жандар ауырған жандарға араша болып, адамзат алдында Гиппократ антына адал екендіктерін дәлелдеуде.

Біз қиындықты бірге еңсереміз. Қазіргі таңда ақ пейілді халқым бір-біріне көмек қолын созып, білгенімен бөлісіп, сабырлылық пен ұйымшылдық танытып жатыр. Бірлігі мықты елдің басына бақ қонады. Бағы бар халықтың ырысы мен берекесі  артып, жамандық қашады. Індеттен арылар күн туып, осы ауыр күндер көрген түстей ұмыт болар. Ұрпағымыздың келешегі жарқын, дені сау болсын.  Халқымыз қуаныштан, мамыражай тіршіліктен арылмасын!

Ниетқали Әбдімомынұлы Конкабаев,

№44 жалпы білім беретін мектептің директоры, «Жеміс-жидек» бастауыш партия ұйымы

Жамбыл облысы, Меркі ауданы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here