ӘМИНА ӨМІРЗАҚОВА – 100: ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ АНАСЫ

0
43

Әмина Өмірзақова туралы сөз болғанда бірден көз алдымызға «Тақиялы періште» фильміндегі Тайлақтың анасы келеді. Көрерменнің көзайымына айналған көркем туындыда қазақ әйелінің болмысын бейнелеген актриса риясыз күлкісімен күллі әлемді көмкеріп тұрғандай… Иә, қазақ киносының алғашқы қарлығаштарының бірі, театр өнерінің шыңын бағындырған тума талант иесі Әмина Өмірзақованың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. «Qazaq» газеті бүгін боямасыз болмысымен ұлттық кинематографияның дара келбетіне айналған Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр майталманы Әмина Ерқожақызының өнермен өрілген өміріне тоқталады.

ШЫҒЫСТАН ШЫҚҚАН ШЫНАР

Топырағы киелі Шығыстан талай таланттар шыққаны белгілі. Сондай дара тұлғалардың жалғасындай болған Әмина Өмірзақова 1919 жылы 8 наурызда Шығыс Қазақстан облысындағы Абай ауданының Қарауыл ауылында дүниеге келеді. Ата-анасы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың анасындай болсын деген ниетпен нәрестеге Әмина есімін береді.
Әмина Өмірзақова өмірге келгеннен кейін көп ұзамай асқар таудай әкесі Ерқожа дүниеден өтіп, бар ауыртпалық үлкен бауыры Қаптағайдың мойнына түседі.
«Бізді ағам Қаптағай өсірді. Ол бізді ауылдан көшіріп, Семейге алып келді. Сонда мектепке бардым. Алғаш сахнадағы қойылымды осы мектепте көрдім. Оның маған ерекше әсер еткені сондай өзім де сахнада ойнап жүргендей болдым. Мектепте оқып жүргенімде хорға қатысушы едім. Анам марқұмның дауысы ән салғанда Күләштікінен айнымайтын. Ағам былғары зауытында жұмыс істеп жүргенде, оны кәсіподақтық жұмысымен Алматыға жіберді. Қаптағай ағам өзімен бірге бізді де ала кетті. Алматыда да халықтың жағдайы мәз емес екен. Сабақтан кейін дос қызым екеуміз базарға шығып балық сататын едік. Тапқан ақшама азын-аулақ тамақ алып келетінмін. Ағам бізді ашаршылықтан аман алып қалу үшін қалтасына бидай толтырып әкелетін. Оның осы қамқорлығын мен ешқашан да ұмытпаймын», – деген еді көзі тірісінде Әмина Ерқожақызы.

ӨНЕРДЕГІ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Тағдырдың тауқыметі де, ашаршылықтың ауыр зардабы да Әминаның өнерге деген құштарлығын мұқалтқан жоқ. 1932 жылы Бикеш деген құрбысы екеуі радиодан «Хор айтуға қыздарды алады екен» деген хабарды естіп, дауыстарын тыңдатуға барады. Сөйтіп, музыкант Борис Ерзакович талантты қыздарды хорға қабылдайды.
«Бізді ұстаздарымыздың «тәрбиелі қыз-дар» деп әрдайым мақтайтыны әлі күнге есімде. «Өнер» деген киелі дүниені осында жүріп ұғына бастағанмын. Бізге ән салғызды, өлең оқытты. Содан бізді Ленинградқа алып барды. Іштеріндегі ең кішкентайы мені меңзеген қабылдаушылардың бірі Василий Меркурьев сыртымнан «Что за детский сад?» деген көрінеді. Оны кейін естідім. Алғашқы сабағымыз басталған күні ұстазымыз шақырып: «Әмина, біз сенің қабілетіңді көруіміз керек, сол үшін саған тапсырма: Сен бір жақтан келсең, сенің үйің өртеніп жатыр, ішінде кішкентай інің қалып қойыпты. Сол кезде не істейтініңді көрсетуің керек», – деп мені сыртқа шығарып жіберді. Не істерімді білмей біраз ойланып тұрдым да, оның үстіне апамды қатты сағынғаным тағы бар, ішке жанұшыра айғайлап «Апа, өрт, апа-а-а, өрт!» деп кіріп, ананы да лақтырып, мынаны да құлатып, жылай бастадым. Ентігімді баса алмай тұрған мені ұстазым жұбатып, риза болды», – деген екен бір естелігінде актриса.
Иә, әлемге әйгілі Әмина Өмірзақованың өнер жолындағы алғашқы қадамы осылай басталған еді…

КАЛИНИННІҢ ҚАБЫЛДАУЫНДА НЕГЕ БОЛДЫ?

Сол жылдардағы Кеңес үкіметінің солақай саясатының кесірінен елдің бетке ұстар шамшырақтары мен қатардағы қарапайым азаматтарына «халық жауы» деген жала жабылды. Бұл «құрыққа» Әминаның үлкен ағасы да ілігеді.
1938 жылы соңғы курста оқып жүрген Әминаға ауылдағы анасынан хабар келеді. Елге барып мән-жайды білген ол үйіндегі сатылатын бар затын өткізіп, адвокат жалдап, Мәскеуге аттанады. Бауыры үшін ел асып келген батыр қыз Калининнің қабылдауына жазылады.
«Калининнің қабылдауын күтіп адвокат екеуіміз отырмыз. Бір кезде бізге де кезек келді. Хатшы қыз «Қазақстаннан бір қыз келіп отыр! Кішкентай қыз!» деп қояды. Сосын «Жалғыз өзі кірсін» деді. Адвокатымды кіргізбеді. Аяқ-қолым дірілдеп, өзімді ұстай алмадым. Кабинетіне кіргенімде ол кісі мені орнынан тұрып қарсы алды. Жүгіріп барып оны құшақтап, өксігімді баса алмай, айтатын сөзімді айта алмай жыладым. Бірер минуттан соң ол менің жасымды өзінің қол орамалымен сүртіп жұбатты. Бар жайды айтып бердім, үндемей тыңдады. Сосын «Әмина, мен саған қолымнан келгенше көмектесемін» деп жұбатып, арқамнан қағып шығарып салды. Елге жеткенше қуанышым қойныма сыймай, үйге кіре сала: «Ағайым оралады, оны босатады», – деген сөзден басқа ештеңе айтпаппын. Анам мен жеңгем жылап: «Әмина, айналайын, дұрыстап мән-жайды айтшы», – дейді. Барлық болған жайды айтып бердім. Олар маған сенер-сенбесін білмей таңырқай қарайды. Алғырлығым ба, әлде шын сенгендігім бе, әлде Алланың жазған тағдыры солай болды ма, ағайым бір күні үйге оралды», – деген Әмина Өмірзақова зұлматты жылдардың жаңғырығы ешқашан жадынан өшпегенін айтқан-ды.

ЖОЛДАСЫ ЖАҚСЫ ҚАНДАЙ-ДЫ…

1938 жылы Ленинградтағы мемлекеттік сахна өнері техникумының қазақ студиясын бітірген Әмина Өмірзақова сол жылы Шымкент облыстық драма театрына жұмысқа орналасады. Осы жерде болашақ жары Кәмәси Өмірзақовпен танысып, оған тұрмысқа шығады. Екі жарты, бір бүтін болған жас жұбайлар арман жетегінде Алматыға көшіп келеді. Алатаудың баурайында Әмина тұңғышын дүниеге әкеліп, ана атанады.
1941 жылы «Қазақфильм» студиясына монтаждаушы болып жұмысқа орналасқан Әмина Өмірзақова осы кезде «Ақ раушан» және «Алып туралы аңыз» киноларында екінші дәрежелі рөлдерді сәтті сомдайды. 1949 жылы Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы болып жұмысқа тұрып, театр сахнасында тұңғыш рет Мұхтар Әуезовтің «Түнгі сарын» спектакліндегі Мөржанды ойнайды.
Кішкентайынан қиындықты көп көрген Әмина Өмірзақова енді гүлдей жайқала берген шағында майданнан жаралы келген жұбайы қаза тауып, үш баланың ауыртпалығы бір өзінің мойнына түседі. «Өзім үшін емес, балаларым үшін қайтадан сілкінуім қажет» деп бекінген актриса тағдыр сынына қарамастан бақытын саxна биігінен іздеп, кісілік келбетіне кір жұқтырмай күн кешеді.
«Жолдасымның бойындағы дарыны көл-көсір дариядай, бірақ онысын көп шаша бермейтін бітімі бөлек жан еді. Оның әйел-балаға деген қамқорлығы ерекше-тұғын. Менің білетінім тек кино мен театр, радио жұмыстары болатын. Үйдегі барлық ауыртпалықты күйеуім көтерді. Содан да мен еркін жүріп-тұрдым, еркін жұмыс істедім. Әйелін алақанына салып аялаған екі адам болса, соның бірі менің жолдасым болды. Өзінің алып бара жатқан түрі де, асып кеткен білімі де болған жоқ. Бірақ адамшылығы керемет еді», – деп жұбайы туралы сыр бөліскен екен бір сұхбатында актриса.
Амал нешік, ажалға қарсы тұрар амал бар ма?! Әмина Ерқожақызы 2006 жылы 87 жасында өмірден өтті.
Рас, елдің еркесі, сахнаның саңлағы өмір жолында да, өнер жолында да артына өшпес із қалдырды. Ол Отанға қызмет ете жүріп, отбасын да ойлады. Жарынан ерте айырылса да жігері жаншылып, салы суға кеткен жоқ. Жанұясының жағдайын жасады. Екі ұл, бір қызын ел қатарына қосты. Өмірінің соңына дейін «Тақиялы періштедегі» Тана кейіпкеріндей өзі де өмірде бақытты ғұмыр кешті.

ӨНЕРМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

Әмина Ерқожақызы қазақ театры сахнасында 68 жыл бойы қызмет етіп, 150-дей образды сомдады. Кино саласына сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. «Амангелді», «Алыптың әні», «Ақ раушан» қазақ көрерменіне кеңінен таныс. Дегенмен, оны танымал еткен 1945 жылғы «Абай өлеңдері» фильміндегі Ажардың рөлі. Осы рөл арқылы ол қазақ кинематографиясының элитасы қатарына кірді. 1945-1963 жылдар аралығында «Жамбыл», «Қыз жігіт», «Қанатты сый», «Әрі қалжың, әрі шын» фильмдерінде шеберлік танытты. Ал, «Ана туралы жыр», «Тақиялы періште», «Жұлдызыңды сақта», «Мама Роза», «Шаңырақ» картиналарында қазақ анасының бейнесін нанымды сомдады.
Көзін ашқалы қиыншылықпен бетпе-бет келіп, бой бермей күрескен актрисаның кинодағы әр рөлі – жеке тағдырымен астасып жатты. Ол кинода ойнаған жоқ, өмір сүрді. Содан да болар Әмина Өмірзақованың кинодағы барлық рөлі шынайы шықты.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Мені халыққа танытқан кино. Сондықтан мен кино десе жанымды беремін. Ал кинода жасаған бейнелерім өмірлік тарих болып қалатынына үміттенемін», – деген екен Әмина Өмірзақова өзінің соңғы сұхбатында. Иә, есімі қазақ өнерінің тарихында алтын әріппен жазылған сахна саңлағы Әмина Өмірзақованың туғанына биыл 100 жыл толады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ел тарихында тұңғыш рет театр және кино әртісінің мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін болады. Қазақ анасының кіршіксіз бейнесін сомдап, ұлттың анасына айналған актрисаға деген құрмет осылай болса керек.

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here