Әлия Жүсіпова: «Өзге елде тыныш өмір сүруіме де болар еді»

0
71447

Байрақты бәсекелерде орыс, украин, беларусь қыздарымен иық тірестіре сынға түсе алатын Әлия Жүсіпованың бүгінгі ізбасарлары болмаса да, отандық көркем гимнастиканың аяқ алысы жаман емес. Дегенмен, біздің қыздарымыз Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында неге медальдардан әлі де үміттене алмайды? Әлия Жүсіпова жеке өмірі жайлы неге тіс жармайды? Осы және өзге де сұрақтарға көркем гимнастикадан ҚР Ұлттық құрамасының бас бапкері, атақты спортшы 34 жастағы Әлия Жүсіпова жауап беріп, көркем өнердің бүгінгі хал-ахуалы мен отбасы туралы сыр шертеді.

«ЕТКЕН ЕҢБЕК ПЕН ТӨГІЛГЕН МАҢДАЙ ТЕРДІҢ АҚТАЛҒАНЫ ЖАҚСЫ»

Былтыр Астанада өткен көркем гимнастикадан жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы он екі медальды қанжығасына байлады. Алты алтын, екі күміс, төрт қола медаль. Бұл құрлықтық бәсекенің жұлдызы болған Сабина Әшірбаева Берлинде өткен Әлем кубогында тамаша нәтиже көрсетті. Менің сол шәкіртім доппен жаттығу жасаудан күміс медаль иеленді. Бұл шындығында да үлкен жетістік еді. Өйткені, алты жыл бойы Қазақстаннан Азия чемпионы шыққан жоқ. Әлем кубогындағы шәкіртім Сабинаның жүлдесі де көптеген жылдардан бергі алғашқы медаль.

Қалай дегенмен Астанада өнер көрсету бізге қиынға соқты. Азия құрлығындағы біздің басты бәсекелестеріміз Жапония, Қытай мен Оңтүстік Корея спортшылары бүгінде Мәскеуде жаттығатын болған. Олардың қыздарын көркем гимнастиканың «жілігін шағып, майын ішкен» ресейлік майталман мамандар дайындайды. Яғни, Астанадағы құрлық біріншілігіне олардың барлығы өз тәлімгерлерін ала келді. Біздің қыздарға мұндай күшті бәсекелестікте мемлекеттің үмітін ақтап, жүлделерімен қуанту үшін бойындағы бар күш-жігерін салуларына тура келді. Мұның біздің қолымыздан келгеніне қуанамын. Бұл еткен еңбек пен төгілген маңдай тердің жемісі. Ешқандай да кездейсоқтық емес.

Мен өз шәкірттерім Сабина Әшірбаева, Алина Әділхановамен Ресей астанасына жиі барып тұрамын. Бірақ, Ресейде шәкірттерімді өзім жаттықтырамын. Бұл – бір. Екіншіден, біздің басты дайындығымыз бәрібір Шымкентте өтеді. Ол қалада Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен көркем гимнастика бойынша спорт кешені ашылған еді. Арнайы спорт кешенінде тамаша жағдай жасалған: жаттығу алаңы, жарыс алаңы, қонақүй, асхана – барлығы бар. Өте қолайлы.

Иә, қазір біреуге сенетін заман емес. Отандық көркем гимнастиканың дамуына ешқандай кедергі жоқ. Бізде керектің барлығы бар. Қаржы бөлінеді. Оқу-жаттығу мен жарыстарға жібереді. Менің бас бапкер ретінде қызмет атқарған жеті жыл ішінде Мәскеудегі оқу-жаттығуға қаржы сұрап барғанымда ешкім бетімді қайтарған емес. Қазақстанның гимнаст қыздарына барлық жағдай жасалған.

«БІР САБИНАМЕН ШЕКТЕЛУГЕ БОЛМАЙДЫ»

Көптеген мемлекеттерде қыздар жаттығуды өз есебінен жасайды. Бапкерге қаржыны өз қалтасынан төлейді, өздері ай сайын көк тиын да алмайды. Қазақстан гимнастшылары толықтай мемлекеттің қамқорлығында. Шындығында, олардың қазіргі өмірлері жақсы. Менің кезімде жағдай төмен болатын. Маған сегіз жыл Мәскеуде жаттығуға тура келді. Есесіне өте жақсы әрі мықты мектептен өттім. Мен енді өз тәжірибемді Қазақстанмен бөлісуді міндетім деп санаймын. Менің басқа мемлекеттерде тыныш қызмет атқаруыма да болар еді. Мысалы: Жапония, Ресей, Италияда. Олар мені әлі де шақыруда. Мен ол жаққа екі аптаға ұшып барып, қалған уақытты үйімде өткізер едім. Оның үстіне ол жақта жалақы жоғары. Тіпті, қиналмайсың да. Өйткені, олардың құрамаларына жауап бермейсің. Жауапкершілік аз. Бірақ, мен өз елімді таңдадым, себебі Қазақстанның көркем гимнастикасын дамытқым келеді. Ал, бұған біздің мүмкіншілігіміз зор.

Өкінішке қарай, бізде тек қана бір база бар. Бұған қосып-алар басқа сөзім жоқ. Өйткені, инфрақұрылым жайындағы сұраққа мен жауап беруге тиісті емеспін. Менің алдымда мүлде басқа мақсат – Қазақстан ұлттық құрамасының әлемдік бәсекеде сәтті өнер көрсетуі тұр. «Шәкірт ұстаздан озса, ол ұстаздың ұлылығы» дейді ғой. Сондықтан да, шәкірттерім мен алмаған асуды алса, мен бағындырмаған белесті бағындырса, бір мақсатымның орындалғаны болар еді. Бұл Қазақстан көркем гимнастикасының жарқын болашағы үшін маңызды.

Мен ұлттық құраманың тізгінін 2011 жылдың қарашасында ұстадым. Бірақ, ол кезде ұлттық құрамада мақтанарлықтай гимнастшылардан ешкім болған жоқ. Жасы келгендер спорттық мансабын аяқтап жатты. Осылайша, біз қиын жағдайға тап болдық. 1997-1998 жылғы қыздардың қатайғандарын күтуге тура келді. Олар Сабина Әшірбаева, Әлия Асымова, Виктория Горбунова және Екатерина Скорикова. Біз қыздарды қолға алғаннан кейін 2014 жылы Азия ойындарына апардық. Нәтижесінде біздің жас құрама сол Инчхонда (Оңтүстік Корея) қола жүлдені жеңіп алды. Бұл ел үшін үлкен жетістік еді. Оның үстіне қыздар баға жетпес тәжірибе алды.

Әлбетте, елімізде талантты қыздар аз емес. Дегенмен, бұл спорт түріне байланысты 10-14 жас аралығындағы қыздардың барлығы тамаша өнер көрсетеді. Ел біріншілігінде сынға түскен барлығының болашағы зор деп ойлайсың. Кейін олардың көбі ересектерге арналған бағдарламаға өткенде абдырап қалады. Бірінің салмағы артса, екіншісі жарақаттанады. Қорытындысында олардың басым бөлігі 20 жасқа жетпей-ақ көркем гимнастикамен қоштасып жатады.

Менің 26 жасқа дейін өнер көрсеткенімді, байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғағанымды, үздік бестіктен түспегенімді білесіздер. Сабина қазір 20 жаста. Ол әлі де көркем гимнастикада көп нәрсеге қол жеткізгісі келеді. Бұл, әрине, қуантады. Қыздар бұл спорт түрінде ұзағырақ қалуы керек. Байқасаңыздар, қазір жарыстарда әр түрлі жастағы гимнастшыларды көруге болады.

Біз ақырындап еңсемізді тіктеп, етек-жеңімізді жинап, аяғымызға нық тұрып келе жатырмыз. Тіпті, Қазақстанның Әлем кубогында көптен күткен алғашқы медалі де пайда болды. Бұл көп нәрсені аңғартады. Менің ойымша, Әлем кубогында соңғы рет жүлдені мен алған шығармын. Одан бері қаншама уақыт өтті. Міне, енді сол жетістікке Сабина Әшірбаева қол жеткізді. Әрине, бір Сабина Әшірбаевамен шектелуге болмайды. Өйткені, қос олимпиадада (2004, 2008) үздік бестіктен көрініп, байрақты бәсекеде ел намысын қолдан бермей жүрген Әлия Жүсіпова (өзін айтып отыр, – ред.) үлкен спорттан кеткенде, оның ізімен жүретін ізбасары болған жоқ. Орны ойсырап қалды. Әлемдік жарыстарда жүлдені, үздік бестікті айтпағанда, тіпті ақтық сынға (финалға) шығудың өзі арманға айналды. Сондықтан да, көркем гимнастикадағы қыздардың қабілеттері мен біліктіліктерін жетілдіріп, қызығушылықтары мен құштарлықтарын арттырсақ, одан мемлекеттің ұтары көп болады. Бұл спорт түрінің елде әрі қарай дамуын қадағалау керек. Өйткені, Қазақстан көркем гимнастикасы мектебінің қаланған негізі, өзінің жақсы дәстүрі бар.

«ЖҰБАЙЫММЕН ЕКІ ЖЫЛ БҰРЫН АЖЫРАСТЫМ»

1998 жылы Мәскеу қаласында бірінші рет әлемдік жасөспірімдер Олимпиадасы ұйымдастырылды. Осы додадағы өнерімді Ирина Винердің өзі тамашалап, тегімді есінде сақтап қалыпты. Жарыс аяқталған соң, оған барып «Сізбен суретке түсуге бола ма?» деп сұрадым. Ол болса «Әрине, Жүсіпова, болады», – деп жауап қатты. Финалда секірмекпен бесінші орынды иелендім, бұл Қазақстан үшін өте жоғары көрсеткіш болатын. Ирина Винер мені 2000 жылы Ресей астанасында өткен Гран-приде тағы көріпті. Бапкерлеріммен сөйлесіп, Мәскеуде дайындалуды ұсыныпты. Ресейде жаттықсам да өз елімнің атынан өнер көрсете беретін болып келістік.

Ирина Винердің мектебінде спорттық ережені бұзу мүмкін емес еді. 16 жасымда мынандай екі жол тұрды: ең жоғары деңгейде жаттығуды жалғастыру немесе жәй өзің үшін күніне бір рет қана спорт залына келу. Мен спортта үлкен жетістіктерге жету үшін бірінші жолды таңдадым.

Менің ең алғаш қатысқан Олимпиадам 2004 жылы Афины қаласында өткен жазғы ойындар еді. Қазақстанның көркем гимнастикасын бірінші рет осындай аренаға алып шықтым. Бұл ойындарға қатысуыма септігін тигізген екі адамды ерекше атап өткім келеді, олар – бапкерім Екатерина Панченко және осы спорттың қайраткері Ирина Винер. Грек жерінде өткен айтулы сында төртінші орынға табан тіредім, ал 2008 жылы өткен Бейжіңдегі Олимпиадада 5-ші сатыға жайғастым.

Болашақ жарыммен 2007 жылы таныстым. Маған Нұржан есімді жас жігіт хабарласып, Шымкенттегі бір университетте оқығанымызды айтты. Оның өмірде үлкен жетістіктерге ұмтылғыштығы ұнады. Нұржан жарыстарда жүрсем де, гүл мен жеміс жіберіп тұрды. Ол Астанада ІІД-де жұмыс жасайтын еді, кейін Шымкентке ауысып келді. 2009 жылдың 12 желтоқсанында оңтүстікте тойымыз өтті. Тұңғышымыз 2012 жылдың біз үйленген күні дүниеге келді.

Жеке өмірім жайында айтып, күйеуім туралы әңгіме еш уақытта қозғаған емеспін. Өйткені, ол жеке өзіме тиесілі. Бірақ, алдағы уақытта қозғамау үшін нүкте қойғым келіп отыр. Екі жыл бұрын күйеуім екеуміз ресми түрде ажырасып кеткенбіз. Ол Рио Олимпиадасы қарсаңында болған еді. Дегенмен, менің отбасылық мәселем спортқа еш кесірін тигізген емес. Оның үстіне өз-өзімді тастауға болмайтын еді. Артымда екі балам және Қазақстанның бүкіл гимнастикасы тұрды. Әр оқушы менің көмегіме мұқтаж еді. Сол себептен өзімді қолға алуыма тура келді. Қазір оның басқа отбасы, баласы бар.

Әңгімелескен: Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

ӘЛИЯ ЖҮСІПОВА – КӨРКЕМ ГИМНАСТИКАДАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ СПОРТ ШЕБЕРІ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖӘНЕ АЗИЯНЫҢ АБСОЛЮТТІ ЧЕМПИОНЫ, ӘЛЕМ БІРІНШІЛІКТЕРІНІҢ, ӘЛЕМ КУБОГЫ КЕЗЕҢДЕРІНІҢ БІРНЕШЕ ЖҮЛДЕГЕРІ, ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ, «ҚҰРМЕТ» ОРДЕНІ МЕН «ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН» МЕДАЛІНІҢ ИЕГЕРІ, 2004 ЖЫЛЫ АФИНЫ ОЛИМПИАДАСЫНДА ТӨРТІНШІ, 2008 ЖЫЛЫ БЕЙЖІҢ ОЛИМПИАДАСЫНДА БЕСІНШІ ОРЫН АЛҒАН ҰЛТ МАҚТАНЫШЫ.

ҚАЗІР КӨРКЕМ ГИМНАСТИКАДАН ҚР ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ.

2009 ЖЫЛЫ ШАҢЫРАҚ КӨТЕРГЕН КЕЗДЕ ӘЛИЯ ЖҮСІПОВА МЕН ОНЫҢ КҮЙЕУІ НҰРЖАН ӘЛТАЕВ ҚР ПРЕЗИДЕНТІ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАБЫЛДАУЫНДА БОЛҒАН ЕДІ. МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЖАС ЖҰПҚА КӨЛІКТІҢ КІЛТІН СЫЙҒА ТАРТҚАН-ДЫ.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here