Рымғали Нұрғали: «Қоғабайдың қаламгерлігі мен баспагерлігі»

0
5482

Оқырман назарына ұсынылып отырған бұл эссе-балладаны Рымғали Нұрғали (1940-2010) 2009 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдығына арнап жазған еді. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) 1958-1963 жылдар аралығында оқыған студент жастардың өмірі қамтылған эссе-баллада сол жылы Қоғабай Сәрсекеевтің «Gauhar» баспасынан «Жетпістің жетеуі» атымен кітапша болып жарық көрді. Ал, Мәткерім Әкімжанов: «Өткен алтын ғасырдағы біз оқыған кезең біздің ғана емес, бүкіл қазақ әдебиеті мен өнерінің өрлеу дәуірі болды. Сондықтан академик Рымғали Нұрғалидің бұл кітабы бүтін бір дәуірдің жүгін көтеріп тұр. Мұндағы сөз болатын қалып, қисынның бәрі өзіміз ортасында болған студенттік жылдарды боямасыз суреттейді. Бұл кітаптың құндылығы да осында. Бір сөзбен, бұл шағын қалта кітабын – сағыныш кітабы деу орынды. Өтіпті-ау, жылдар – махаббатқа толы мол жылдар…» – деп, кітапшаның алғысөзін жазған-ды. Өкінішке қарай, бүгінде кітапша авторы Рымғали Нұрғали да, оның алғысөзін жазған Мәткерім Әкімжанов та, сол жетпістің жетеуінің алтауы – Құрманбай Толыбаев та, Нұриден Мұфтахов та, Қарауылбек Қазиев те, Әлдихан Қалдыбаев та, Қоғабай Сәрсекеев те, Есенбай Дүйсенбаев та арамызда жоқ. Дегенмен, әрқайсысының артында өнегелі ісі мен өшпес ізі қалды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті Қоғабай Сәрсекеевтің туғанына 80 жыл, өмірден өткеніне 5 жыл толуына орай осыдан 10 жыл бұрын жарық көрген кітапшадағы қаламгер туралы бөлімін оқырман  назарына ұсынады.

РЕДАКЦИЯ

Курстас досымыз Қоғабай Сәрсекеев жетпістің желкесіне шыққан мерейтойына дастархан жаятынын айтып, сол қуанышқа қатысуға шақырып жазған хатын алғаннан кейін қазіргі ішіміздегі үлкеніміз, белгілі баспагер, атақты аудармашы Мәткәрім Әкімжанов, көрнекті публицист-жазушы Болат Бодаубаев және мен мерейтой иесіне сыйлық іздеп, Астана дүкендері мен базарларын олай аралап, былай аралап, көпке дейін лайықты ештеңе таба алмай дал болдық: өрнектелген, оюланған, алтын-күміс жіппен әдіптелген талай шапанды жаратпадық; самғап ұшып кетейін деп тұрған бүркіт ұнамады; жер тарпып кісінеген арғымақты алмадық. Елеусіздеу дүкеннің күңгірттеу бұрышында тістері ақсиып, тас арасынан енді шығып, жеміне атылайын деп, атылайын деп жиырыла ұмтыла бастаған қиғаш көз, шұп-шұбар барысты шалып қалған Мәткәрім: «Міне, табылды. Нағыз сувенир осы. Қоғашқа ұқсай ма, қалай?» деп күліп жіберді де, бізден келісім сұрамастан, кассаға барып, ақшасын төлей бастады. Жол билетін алдық.

Тұңғыш атом бомбасы сыналғанына алпыс жыл толуына орай полигон құрбандарына арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысу үшін Семейге барған күннің ертеңіне аяқ астынан қан қысымым қатты көтеріліп, ауруханадан бір-ақ шығып, Қоғабайдың тойына бара алмадым. Ұзақ күн сарылып төсекте жатқан адамның жолдасы уайым мен қайғы, мұң мен ой, өткен-күткен күндер елесі.

Дос қуанышын телефонмен құттықтауға ғана шама келді. Содан кейін жарты ғасырдан артық қатар, бірге сүрген өмір, соның әртүрлі мезеттері еске түсе бастаған.

Сүтке тойған қозыдай томпиған, қап-қара қайратты шашын қысқа қырықтырып, тікірейте тараған, бүйрек бет, орта бойлы, қалың қабақты, қағылез бала өзгемізден бөлекшелеу еді. Ауылдан енді келген біздердің үсті-басымыз алқам-салқам, олпы-солпы, жүріс-тұрысымыз бошалаң, ол тіпті жинақы, тап-тұйнақтай, үстіне кигені ескі-құсқы емес, бойына шап-шақ, дүкеннен бүгін сатып алғандай дүниелер, білегінде ешқайсымызда  жоқ қымбат сағат.  Байдың  ұлы  шығар  деп  ойлағанбыз.  Кейін  білдік,  әкесі Сәтен соғыста өлген, жетім-жесір әйелдердің қолында өскен тесік-өкпе бала екен ғой. Асханада, той-томалақта, былайғы жүріс-тұрыста қолы ашық, оңды-солды шашып жүреді. Бұл ақшаны қайдан алады десек, ол бізге ұқсап түнге қарай бұрқыратып ұйқы соқпай, бір мекемеде әрі күзетші, әрі от жағушы болып істеп, сол жерде түнімен сабақ оқиды екен ғой. Бір атпалдай азаматтың еңбекақысын алған, оған стипендиясын қосыңыз. Баспасөзде жиі көрініп, қаламақы таба бастады. Жоғарғы курстардың бірінде болса керек, біздер де галстук байлауды үйреніп, венгрдің бе, поляктың ба сырт киімін, чехтың туфлиін киюге жарап қалғанбыз. Қоғабай бұл кезде тіпті ұзап кеткен.

Бір күні лекцияға жарқырап келді. Үстінде тіпті профессорлардың өзінде жоқ костюм-шалбар. Қай дүкеннен алғанын сұрасақ үндемейді, жымиып күле береді. Қандай материалдан тігілгенін білгіміз келгенде айтқанын түсінгеміз жоқ, каверкот деді ме, бостон деді ме, әйтеуір біз білмейтін бір мата. Тіпті, қыр соңынан қалмай сұрақтың астында қалдырғаннан кейін шындыққа көзіміз жеткендей болдық: мұндай киім осы қалада классик Ғабит Мүсіреповте ғана бар екен, тапсырмамен екі-ақ данасы тігілген, шебері жебірей Мейэр.

Университет бітірген соң, дәм-тұз бұйырып, бір жылдан астам Арқа жақта республикалық жастар газетінің тілшісі болып жүргенде, бұрынғы Ақмолада үшінші курста облыстық басылымда Қоғабай тәжірибеден өткен кезде жатқан үйде мен де тұрдым. Төрт бөлмелі, қара қопсылы, жақсы салынған кең үй. Адресі Авдеев көшесі, 38. Қазір Шоқан Уәлиханов көшесі, ол үй қазір де бар, бұзылған жоқ.

Алпыс төрттің жазғытұрымы еді. Пионер газетінің қызметкері Қоғабай сапарлап келе қалды. Үй иесі бойы ұзын, тарамыс денелі Саттар ағай базарда ет сатады, әйелі толық келген, алтын тістері жарқыраған салтанатты бәйбіше Әмина да сауда жасайды; екеуінің де арғы тегі бай-бағлан болғандығы үй-тұрмыстарынан, ішкен-жегендерінен, аралас-құраластарынан көрініп тұрады, қолдары ашық, жомарт. Қоғабай келгенде туған інілерін көргендей қуанып, бір қойды сойып тастады. Анау да олардың іші-бауырына кіріп, елпілдеп тұр.

Үйден шықпай, бір күн – бір түн әңгіме соқтық. Студент күндер, бірге оқығандар, ертең кім боламыз, қалай жүріп, қалай тұрамыз, алда не күтіп тұр, соның бәрін шалып, ақыры аяқ астынан Торғайға тарттық та кеттік. Мен тілшімін. Қайда барам, қайдан жазам, не жазам – бәрібір.

Қалай келіскенін білмеймін, Қостанайда бір облыстық мекеме басшысына кіріп, Қоғабай жеңіл машина сұрап алды. Торғайға дейін жер қашық, жол жаман, шаршап шалдығып, түн ортасында әрең жеттік. Тура өз ауылыма келгендей болсам да, білмегенсіп, ондайды көрмегендей, үй-үйдің арасында қабырға іспеттес қаланған қарайғанды көрсетіп: «Was ist das?» – дедім немісшелеп. Қоғабай ойланбастан «Was ist қи» деп салды.

Өзі атын айтатын Мәрзия деген шешесі, үлкен екі әжесі бар екен, мен кейін дұрыстап күтпеді деген дау шығарады деп, Қоғабай ескертіп қойды ма, қонақжайлық дәстүрге жығылды ма, білмеймін, түн ортасында қойға бата сұрап, бір малды жайратты да салды. Апталап араладық: шежіре, әңгіме тұнып тұрған аңыз секілді Торғайдың қаласы, адыр-адыр шағылдар, арқырап аққан өзендер, шалқыған көлдер, ол кезде әлі таусыла қоймаған, бастарында қолдан тоқыған торғайы түбіт тақиялы қариялар, кимешекті аналар мол еді. Барлығы да шежіре, барлығы да дана, барлығы да мейірман. Арғы заман, Алаш дәуірі, 16-жыл барлығы ұмытылмаған. Тау-тас, ескі көз, кәрі құлақ бәрі сөйлеп тұр. «Ақаң, Жақаңдарды көп сұрайды екен. Байқасын. Жаман бала емес сияқты. Көктей орылып кетпесін» деп маған жандары ашыған жарықтықтар-ай десейші. Қариялар әулие ғой, біледі екен, орылып кетпесек те, маңдайға жазғанын көрдік қой.

Ерте түртінген, тіпті мектепте жүріп, өлең, мақала, күнделік жазған Қоғабайдың алғашқы әңгімелер жинағы ерте шықты. Ол кезде Жазушылар Одағында кеңесші болып істейтін маған келіп көрімдік алғаны, астындағы буфетке барып, өзімізше жуғанымыз әлі есте. «Кілт» кітабында бала кезде көргендер, ауыл суреттері, алғашқы сүйіспеншілік әдемі суреттелген болатын. Одан кейін шыққан «Қараша қаздар» жинағында өскен, толыса бастаған байсалды прозашының қолтаңбасы көрінген.

Ұзақ жылдар баспасөзде басшылық қызметте болып, өзгелердің жазған-сызғанын түзетіп, өз қағаздарына қарауға мұршасы болмай шаршаңқыраған Қоғабай бір күні жұрттың бәрін таңқалдырып, республикалық газеттегі үлкен мансабын өз еркімен тастап, үйіне кетіп қалды. Ол кезде қазіргі Абылай хан көшесінде, Райымбек көшесінен төмен, вокзалға таяу жерде, шағындау үш бөлмелі үйде тұратын. Араласып тұрамыз, барып жүрем. Жазуды, өз жазуын сағынып қалған екен. Күн демей, түн демей столға отырды. Торғай даласында XIX ғасырдың сексенінші жылдарында басталған оқиғаларды көрсетуден басталатын тарихи роман жаза бастады. Бас кейіпкері халық батыры – әйгілі Амангелді.

Бір күні «Жазушы» баспасына барсам, проза редакциясының меңгерушісі Амантай Байтанаев, редакторлар Мағзұм Сүндетов, Рамазан Тоқтаров, Қабдеш Жұмаділов, Жайсаңбек Молдағалиев, Тұтқабай Иманбеков, «Жалынның» редакторы Қуанышбай Құрманғалиев бәрі әбігер, алдағы жылдың тақырыптық жоспарын жасап жатыр екен. Жоғары жақ революцияны айтатын, коммунист бейнесін көрсететін кесек туынды керек деген қатал нұсқау берген сияқты. Ондай қолжазба таба алмай, не істеуді білмей қиналып отырған үстерінен түстім. Басыма аяқ астынан бір ой келді де, Қоғабай Сәрсекеев болып баспа директорының атына тездетіп өтініш жаздым. «Қазақ даласындағы 16-жылды, революцияны, Амангелді Имановты бейнелейтін «Қызыл жалау» атты роман жазып бітірдім. Сол қолжазбаны алдағы жылдың жоспарына енгізуді сұраймын» дедім. Аннотациясы қоса тіркелді. Талай қолжазбалар жылдар бойы кезек күтіп,  Баспасөз комитетінде ұсталып, немесе Жазушылар Одағында тоқталып, немесе Орталық партия комитетінде кері қайтарылып, ұзақ шырғалаңға түсіп, жазудан гөрі шығаруға көп күш кетсе, Құдай оңғарып, саясаттың қышыған жерінен тиетін ат қойылған роман-ның жоспарға енуі де, жариялануы да оңай әрі сәтті болды. Кітап Ғабит Мүсіреповтің қолдап жазған алғысөзімен «Жалын» баспасынан шықты да, еңбектің бірден бағы жанды. Сәкен Жүнісов қолдады. Оқырман жылы қабылдады.

Кейін, уақыт өзгеріп, өз қолы өз аузына еркін  жеткен, не айтам десе мүмкіндігі туған кезеңде автор шығарманы қиындықсыз жариялау үшін саясатты бұлдаған «Қызыл жалауды» өзгертіп, «Ақырзаман» деген атпен қайта бастырды.

Газетте, баспада, кітап саудасында ұзақ жылдар істеп, аққаптал болған, баспаханадағы темір-терсек, қағаз, бояу исі бір күн мұрнына бармаса, ішкені ас болмай, ұйқысы келмейтін кәнігі баспагер Қоғабай бұрынғы құрылымдар қаусап, жаңа қатынастар орнай бастаған тоқсаныншы жылдар басында өзгемізге ұқсап, өкіметке жалтақтап, алақан жайып отырып қалмай, батыл бір қадамдарға басты, жиған-тергенін түгел салып жүріп, алқам-салқам, тоз-тозы шыққан, ешкім қарауды қойған, ескі бір баспахананы сатып алғанда, «шатасқан шығар» деп мұрнымызды шүйіргенбіз. Аз уақыттан кейін баспахана жүріп берді, түрлі жарнамалық, әр түрлі сусындардың этикеттері басылған өнімге сұраныс мол болды. Табыс көбейді. Кітап шығару бизнесі өрге басты. Кітап бастыру ісіндегі бизнестің көзін тапты. «Сақ» баспа корпорациясының президенті Қоғабай енді бізге шекесінен қарайды.

Жазған-сызғандарын жинақтап алдымен қалың екі том етіп шығарған автор, араға көп уақыт салмай «Төрттаған» деген жалпы атпен төрт томдық шығармалар жинағын бастырды. Таяуда мес кітап – «Қазақиясы» шықты. Мерейтойында тұсаукесер өтті.

Редактор Қоғабайдың үлкен олжасы, ерлікке парапар еңбегі – Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ» газетін өз қаржысына қайтадан шығара бастауы деп білу керек. Тұңғыш ұлттық газет идеяларын қайта жаңғырту, бүгінгі күндегі қазақ проблемасының шиеленістерін байсалды жазу өз алдына, қаламгер Алаш тақырыбына білек сыбана кірісіп, тарихи деректі, материалдары тың бірнеше еңбек тудырды, олар академик Салық Зиманов сынды ақылмандардың жақсы ықыласына бөленді.

Жаймашуақ, жібек мінезді Қоғабайдың бір қитықса, иіле кетпейтіні де бар, газет тиражына атсалыспадыңдар, мақала жазбайсыңдар деп шалқайса керек, белгілі қайраткер-қаламгер Хасан Оралтай, ақын Есенбай Дүйсенбайұлы және мені «Қазақ» газетінің алқа мүшелігінен ескертпестен бір-ақ күнде шығарып тастады.

Жалпы, Қоғабай кез келген адамның тілін оп-оңай тауып кете береді. Студент кезінде әйгілі профессор Темірғали Нұртазинмен дәлізде қолтықтасып алып, әңгіме соғып жүргенін көріп таңқалсақ, кейін генерал Сағадат Нұрмағамбетов, батырлар Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Бошай Кітапбаев, ғалымдар Өмірзақ Сұлтанғазин, Манаш Қозыбаевтармен араласқаны әдеттегі жағдай секілді көрінетін. Жазушылардан басы Ғабит болып, жерлестері Қайнекей, Сырбай, Ғафуларды айтпағанда, Тахауи, Сәкен Жүнісов бастаған серілердің, кейінгі буын інілері Оралхан, Жарасқан, Кеңшіліктердің оның дастарханынан дәм татпағаны жоқ шығар.

Рымғали НҰРҒАЛИ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here