«Алаш» бағдарламасы: Қиянат пен ақиқат

0
32161

1917 жылғы қараша айында «Қазақ» газетінде «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы жарияланды. Жобаны жазушылар Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдес Ғұмаров, Есенғали Тұрмұхамедов, Ғабдулхамид Жүндібаев және Ғазымбек Бірімжанов деп көрсетілген. Бұдан көріп отырғанымыздай XX ғасырдың бас кезінде қазақ халқы ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы әрі идеялық басшылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтың аты-жөндері бірінші тұр.

«Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы азаттық қозғалысы жетекшілерінің жиырма жылдай уақыт бойы аса күшті Ресей самодержавиелік мемлекетіне қарсы теңдесі жоқ жанқиярлық күресінің қорытынды жемісі болды. Ұдайы саяси қуғын-сүргінге ұшырағанына, түрмеге жабылып, жазаға тартылғандарына қарамай, олар өздерінің туған халқына шексіз берілгендігін көрсетті және оны іс жүзінде дәлелдеді. Олар қатыгез отаршылдық пен полицейлік езгі жағдайында туған халқының мүддесін қорғады, оның өмір сүру құқығын ғана емес, дербес саяси даму құқығын да ғылыми дәйектілікпен айқындап, партия бағдарламасының жобасын түзді. Тап осы мақсатпен олар қазақ халқының тарихын түбегейлі зерттеп, дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы елдердің мемлекеттік құрылысының тәжірибесін пайдалана білді. Сонымен қатар, олар қазақтың әдеп-ғұрып заңдарына барынша сын тұрғысынан қарады, оның өміршең қағидаларын қоғам мақсатына қабылдауды ұсынды. Олар халыққа тың, прогресшіл мемлекеттік-құқықтық идеялар ұсынды. «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасында ұсынылған қағидалар қазақ халқын шын мәніндегі қайта өрлеу мен прогресс жолына алып шыға алатын еді. Әттең, өкінішке қарай, тарих талқысы басқаша болды.
«Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы осы уақытқа дейін өзіне дүниежүзілік ғылыми жұртшылық назарын аударып келетінін айтсақ, артық айтқандық бола қоймас. Бұл ретте Алашорда материалдарының Америка Құрама Штаттарында басылып шыққаны дәлел бола алады. Бұл құжатты алғаш орыс тіліне аударғандар большевиктер еді. Бірақ, олар тарихи ақиқатты қалпына келтірудің орнына бағдарлама жобасын барынша бұрмалап, Алашорда қозғалысын реакциялық және халықтың мүддесіне қарсы сипатта көрсетуге тырысып бақты. Алайда, бұл қиянатшыл аударманың объективті бағасы күні бүгінге дейін берілмей келеді.
«Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы орыс тіліне кеңестік кезеңде аударылып, жария етілді (Алаш-Орда. Сборник документов. Составитель Н.Мартыненко. А.- А., 1929). Өкінішке қарай, аударманың осы нұсқасы Алаш тарихын зерттеуде орын алған көптеген қиянатшыл пікірлерге негіз болып келді. Мәселе аударма сапасының сәтсіздігінде ғана емес, оның мазмұнын қасақана, әдейі бұрмалағандықта еді.
Басынан бастайық. Түпнұсқада былай деп жазылған: «Алаш» партиясының бағдарламасының жобасы». Дұрыс аудармасы «Проект программы партии «Алаш» болуы керек еді. Алайда, аудармада «жобасы» (проект) деген сөз алынып тасталған. Аталмыш жобаны жариялай отырып, оның авторлары қазақ қауымының пікірін білгісі келгені сөзсіз. «Алаш» партиясының негізін қалаушылар өздерінің нағыз демократтар екендігін таныта білді. Шындықты бұрмалаушылардың арам ойы, шамасы, «партия бағдарламасын жасағандар және қабылдағандар «ұлтшылдар» тобы болды, олар – феодалдық тәртіпті, ұлттық ұсақ буржуазия мүдделерін жан-тәнімен қорғаушылар, халықтың бұл бағдарламаға үш қайнаса сорпасы қосылмайды-мыс» дегенді айтқысы келгенінде болуы тиіс. Басқаша айтқанда, шындықты бұрмалаушылар бұл бағдарламаны авантюристердің ат төбеліндей тобы ғана жасаған деп көрсетуді көздеді. Тап осы жағдайға тарихи әдебиетте алғаш рет назар аударған ғалым, профессор К.Нұрпейісов (Нұрпейісов К. Алаш және Алашорда тарихының зерттелуі хақында. «Қазақ тарихы» журналы. 1994, №1, 12-б.) болды.
Қазақстандық және шетелдік Алаш тарихын зерттеушілер күні бүгінге дейін осы бұрмаланған аударманы пайдаланып келеді. Мысалы, Орта Азияны зерттеу қоғамы (Окс-форд, Огайо) 1985 жылы «1917-1920 жылдардағы мұсылман саяси партияларының бағдарламалық құжаттарын» жариялады. Осы жинақта біз сөз етіп отырған құжат С.Диманштейннің «Революция и национальный вопрос» («Революция және ұлт мәселесі») деген кітабынан көшіріліп басылған. Оның мәтіні Н.Мартыненко жариялаған мәтінмен бірдей.
Осылай «Алаш» партиясы бағдарламасы жобасының мәтіні түгелдей дерлік бұрмалан-ды. Мұның өзі – Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушылардың экономикалық, саяси құқықтық және әлеуметтік көзқарастарының демократиялық сипаты, прогресшіл маңызы жөніндегі шындыққа сай деректерді халықтан жасыру үшін қасақана жасалған қиянат.
Бағдарлама жобасында он тарау бар, олардың әрқайсысына тақырыпша қойылған. Алайда, аудармада атаулары берілмеген, бұл да жобаның құндылығы мен маңызын кемітеді.
Бірінші тарау «Мемлекет қалпы» деп аталады. Тараудың мазмұнын негізге ала отырып, атауын «Форма государства» деп аударуға болады. Бұл тарауда басқару нысаны мен құрылымы туралы мәселе қарастырылады. Ресей демократиялық республика болуға тиіс деп жарияланады. Демократияның мәні мемлекетте өкімет билігінің халық қолында болуы деп түсіндіріледі. Құрылыс нысаны жөнінен Ресей федерациялық республика болуға тиіс. «Алаш» бағдарламасының жобасы жарияланған кезде Кеңес өкіметі Ресейдің мемлекеттік құрылысын анықтайтын ресми құжатты әлі қабылдамаған еді. Тек 1918 жылғы 16 қаңтарда ғана Кеңестердің Бүкілресейлік III съезі «Еңбекші және қаналған халықтар құқықтарының декларациясын» қабылдады, онда «Кеңестік Ресей республикасы ерікті ұлттардың еркін одағы негізінде кеңестік ұлт республикасының федерациясы ретінде құрылады» делінген. Кеңестердің Бүкілресейлік III съезінің қарарында Кеңес өкіметінің ұлт саясаты жекелеген ұлыстарды өз шегінде езгіге салып, күшпен ұстап келген бұрынғы Ресей империясын «Ресейдің кеңестік республикаларының федерациялық негіздерінде еркін біріккен туысқандық одағына» айналдыруға жәрдемдеседі деп атап көрсетілген.
Сөйтіп, «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы жарияланғаннан кейін екі ай өткен соң Кеңес өкіметі Ресейдің федерациялық құрылысы туралы идеяны жариялады. Бұл Алаштың негізін салушылар Ресейдің саяси дамуының болашағын дұрыс белгілегендігін көрсетеді. Ол былай тұрсын, бағдарлама жобасында федерациялық құрылыстың қағидалары кеңес мемлекеті федерациялық құрылысының қағидаларына сөзбе-сөз дерлік сәйкес келетін идеялары жарияланған. Орыс тіліне аударған кезде бағдарлама жобасының қағидасы, міне, осы жерде бұрмаланған. Қазақ тіліндегі түпнұсқада былай деп жазылған: «Федерация мағынасы – құрдас мемлекеттер бірлесуі». Бұл сөйлемді «Значение федерации – объединение равных государств» деп аудару керек еді. Ал орыс тілінде жарияланған аудармада ол былай делінген: «Федерация – союз мелких государств».
«Құрдас» деген қазақ сөзінің бұл контексте «равный» дегеннен басқа мәні жоқ. Орысша-қазақша сөздікте «сверстный» деген сөз «құрдас, теңдес» деп аударылған (Орысша-қазақша сөздік. А., 1981, 2-т., 307-б. ). Ал «мелкий» – қазақша «ұсақ, уақ» (бұл да сонда, 1-т., 407-б.).
Көріп отырғанымыздай, федерацияның саяси мағынасы бұрмаланған. Егер әңгіме көпұлтты елдегі тең мемлекеттердің одағы жайында болып отырса, бұл – «Алаш» партиясы ұсынған белгілі бір ұлт саясатының көрінісі. Ал егер әңгіме «ұсақ мемлекеттердің» одағы жайында болып отырса, бұл арада ұлт саясатының «иесі» де жоқ. Ресейде, Қазақстанда тұратын әртүрлі халықтардың «Алаш» партиясы қолдап келген саяси теңдігі идеясы осылай қасақана бұрмаланды.
Одан әрі Жобада былай деп жазылған: «Федеративтік республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді». Бұл қағида былай аударылған: «Каждое отдельное государство в федеративной республике автономно и управляется само собой на одинаковых правах и интересах». Ал, шынына келгенде, дұрыс аудармасы: «В федеративной республике каждое государство будет самостоятельным, но будут совместно сотрудничать. Каждое из них самоуправляется». Аудармашылары «Әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді» деген тіркесті алып тастап, сол арқылы федерация қағидасын негізгі мағынасынан айырған.
Бұдан арғы мәтін аудармашылардың мемлекеттік құрылыс мәселелерін мүлдем білмейтіндігін аңғартатындай етіп аударылған. Жобада былай деп жазылған: «Үкімет басында Учредительное собрание мен Г.Дума қалауынша кесімді жылға сайланатын президент болу. Президент халықты министрлер арқылы бағу, ол министрлер Учредительное собрание мен Г.Дума алдында жауапты болу». Бұл мәтін былайша аударылған: «Во главе правительства стоит Учредительное собрание, в промежутках президент, избираемый Учредительным собранием и Государственной Думой на известный срок. Президент управляет через Совет министров, ответственен перед учредительным собранием и Государственной Думой». Аударма сауатсыз жасалған. Шынына келгенде, қазақша мәтіні түсінікті болуы үшін былайша аудару керек: «Во главе правительства будет президент, избираемый по желанию Учредительного собрания и Государственной Думы на определенный срок. Президент будет управлять народом с помощью министров, эти министры будет ответственными перед Учредительным собранием и Государственной Думой».
Сонымен, «Алаш» партиясы бағдарламасы жобасының бүкіл дүниежүзіне тараған орысша аудармасында жоба авторлары заң жағынан мүлде сауатсыз етіп көрсетілген, өйткені мұндай аудармадан бір нәрсе түсіну мүмкін емес. Бәлкім белгілі бір әлеуметтік тапсырысты орындай отырып, аудармашылар сондай мақсат көздеген де болар. Шынына келгенде, жоба авторлары мемлекеттің жоғарғы органдарын құрудың ресми, теориялық жағынан әбден сауатты тұжырымдамасын ұсынған еді. Біріншіден, жоғары өкілді органның екі палаталы құрылымы – Құрылтай жиналысы мен Мемлекеттік дума ұсынылды. Екіншіден, Парламентарлық республикасы ұсынылды, өйткені президентті екі палата сайлауға тиіс болды. Үшіншіден, палаталар алдында президент емес, қайта министрлер жауап беруге тиіс еді. Егер парламент алдында президент те жауапты болса, онда жоғары өкілді органның абсолютті билігі орнар еді. Ол кезде мұндай теория да, мұндай практика да болған жоқ. Жоба авторлары Қазақстандағы мемлекеттік құрылыс үшін билікті бөлісу қағидасын енгізуді ұсынды.
Бағдарлама жобасының авторлары демократиялық сайлау жүйесін ұсынды. Депутаттар сайлауы жасырын дауыс беру жолымен жалпыға бірдей, тең, төте өткізілуге тиіс болды. Қазақша мәтінін келтірейік: «Депутаттар тегіс, тең, төте һәм құпия сайлаумен болады». Аудармашылар «тегіс» – «всеобщее» деген сөзді, біздің ойымызша, қасақана алып тастаған. Мәселе мынада: большевиктер сайлау жүйесінің негізіне таптық қағиданы алып, сайлаудың жалпыға бірдей сипатын қабылдамады. Сайлауға еңбекшілердің өкілдері ғана қатысуға тиіс болды. Мұндай көзқарас бірінші кеңестік конституцияда – 1918 жылғы РКСФР Конституциясының өзінде-ақ баянды етілді. Онда сайлау құқығынан айырылған адамдардың үлкен тобы – жалдама еңбекті қолданатын, еңбексіз тапқан табыспен тіршілік ететін адамдар, жекеше саудагерлер, коммерциялық делдалдар, дін қызметшілері және басқалар тізіп келтірілді. Кеңестік конституциялардың бәрінде де сайлаудың жалпыға бірдей сипаты қабылданбады. Әрине, «Алаш» партиясының негізін қалаушылардың дәйекті демократ болғанын большевиктер халыққа әдейі жеткізгісі келмеген еді.
Бірінші тараудың қорытынды бөлігінде былай деп жазылған: «Законды жалғыз ғана Г.Дума шығару һәм Г.Дума үкімет үстінен қарап, ісін тексеру, запрос (сұрау) жасау құқы да Г.Думада болу. Мемлекет салығы Г.Думасыз салынбау». Бұл бөлігі де «ықшамдалып» аударылған. Жоба авторлары Мемлекеттік думаға сауал салу құқығын берген. Бұл заң шығарушы органның үкімет қызметіне бақылау жасауына мүмкіндік беретін демократиялық элемент болатын. Кеңес мемлекетінде заң шығарушы орган бірден-ақ формальды құрылымға айналып, бүкіл өкімет билігі толығымен атқарушы органдардың қолына шоғырландырылды. Нақ сондықтан бұл өте демократиялық институт – коммунисттерге ұнамаған сауал салу институты «Алаш» бағдарламасынан да жойылуға тиіс болды.
«Мемлекет салығы Г.Думасыз салынбау» деген соңғы сөйлем де аударылмай қалған. Бұл сөйлем де әдейі аударылмаған болса керек, өйткені Кеңес өкіметі тұсында салықтарды негізінен атқарушы органдар, оның үстіне жоғары органдар ғана емес, жергілікті органдар да белгілеп келді, мұның өзі, әрине, заңсыздық пен озбырлыққа әкеп соқты.
«Алаш» партиясы бағдарламасы жобасының екінші тарауы «Жергілікті бостандық» деп аталады. Бірінші бөлігін дәйексөзге келтірейік, өйткені ол да дұрыс аударылмаған. «Қазақ жүрген облыстардың бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Россия Республикасының федерациялық бір ағзасы болу. Реті келсе, қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен әзірге бірлесе болу». Бұл абзац былай аударылған: «Автономия киргиз слагается из областей и входит в Российскую федерацию наравне с другими народностями». Шынына келгенде, қазақша мәтіні былайша аударылады: «Области, населенные казахами, объединятся в целое, будут самоуправляться и станут одним из членов Федерации Российской Республики. Казахская автономия, если удастся, будет пока вместе с дружественными народами».
Сонымен, түпнұсқа мен орысша аудармасының арасындағы елеулі айырма неден? Біріншіден, түпнұсқада автономия қазақтар мекендейтін облыстардан құрылады деп тура атап көрсетілген. Ал аудармада «қазақтар мекендейтін» деген сөздер жоқ, сондықтан бүкіл мәтін мағынасын жоғалтады. Өйткені, «Алаш» бағдарламасының жобасында автономияның ұлттық қағида негізінде құрылатыны айқын да анық айтылған. Бұл идея да біздің бұрын жазғанымыздай, кеңес өкіметі орнатылғаннан кейін жүзеге асырылды. Екіншіден, «Алаш» партиясының негізін қалаушылар нағыз реалистер әрі интерна- ционалистер ретінде қазақтар мекендейтін облыстарда тұратын барлық ұлттар үшін автономия құру туралы мәселені бірінші орынға қойған еді. Демек, халықтың көпұлтты құрамы оларды титтей де қорқытқан жоқ. Орысша аудармасы Жоба идеясын бұрмалағаны сонша, оқырманға таза ұлтшылдық автономияны талап ету, яғни қазақтарға ғана арналған автономия туралы ой салады. Орысша аудармасын қазақ автономиясы Ресей Федерациясына Ресейде тең жағдайда тұратын басқада да ұлыстар сияқты кіреді деп бір мағынада ғана түсінуге болады. Оқырманнан Жоба авторларының тек қазақтарға ғана емес, Қазақстанда тұратын басқа ұлыстарға да арналған автономия туралы идеясы бүгіліп қалған.
Бұл бөлімде адал және адамдардың мүдделері үшін жұмыс істей алатын мемлекеттік қызметкерлерді іріктеп алу қағидасы ұсынылды. Осыны негізге ала отырып, земство басқармаларында, милицияда жұмыс істеуге лайықты адамдарды халықтың өзі атауға тиіс. Бұл – өзінің құндылығы мен көкейтестілігін ешқашан жоғалтпайтын идея.
Бұл тарауда «Алаш» партиясының негізін салушылардың жоғары адамгершілік мақсаттарын дәлелдейтін ерекше маңызды қағида бар. Бұл мынадай қағида: «Алаш» партиясы әділдікке жақ, нашарларға жолдас, жәбірлерге жау болады». Орыс тіліне ол былай аударылған: «Бедных партия называет и считает товарищами; мироедов – врагами». Бұл аудармада «Алаш» партиясы әділдікке жақ» деген өте маңызды қағида тастап кетілген. Аудармашы «Алаш» партиясының осы маңызды қағидасын әдейі аудармаған. «Ұсақ буржуазиялық, феодалдық партия», ал кенеттен әділеттілікті жақтайды! Адамдарды ыңғайсыз жағдайда қалдырмау үшін алып тастау керек! Сөйтіп алып тастаған. Тіпті партияның «… жәбірлерге жау болады» деген сөздері де қате аударылған – «партия считает мироедов – врагами» деп санайды.
«Жәбірлер» деген сөздің мәнін анықтауға тырысып көрейк. «Жәбір» араб сөзі және «біреуге жасалған қиянат, жала, қорлық-зорлық» дегенді білдіреді (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. А., 1979, 4-том, 34-б.). Орыс тіліне «зло, обида, насилие, оскорбление, унижение достоинства другого» деп аударылады. Мұндай әрекет жасаған адамдар «жәбірлеушілер» деп аталады. Азаматтар, мемлекеттік қызметшілер, түрлі әлеуметтік топтардан шыққан адамдар сондай болуы мүмкін.
«Жәбірлер» деген сөзді «мироеды» деп аударып, аудармашылар бұл ұғымның әлеуметтік мағынасын бұрмалаған. «Мироед» – байлар мен кедей шаруалар арасындағы қатынасты білдіретін таза әлеуметтік-экономикалық құбылыс. «Алаш» бағдарламасында айтылғаны әсте де олар емес. Онда «жәбірлер» деп адамдардың құқықтарын, бостандығын бұзатындар айтылған. Басқаша айтқанда, «Алаш» партиясы әлеуметтік-әділеттілік саясатын жүргізгісі келді.
Бағдарлама жобасының үшінші тарауы «Негізгі құқық» деп аталады. Айтпақшы, бірінші рет айналымға енгізілген «негізгі құқық» ұғымы қазақ тіліне бірден емес, бөлшектеп енді. Кеңестік конституцияларда «основные права» деген тіркес «негізгі праволар» деп аударылды. Тек 1993 жылғы Қазақстан Республикасы Конституциясында ғана ол «Алаш» партиясының негізін қалаушылар тұңғыш рет айналымға енгізгендей аталды. Бұл олардың сіңірген ұлы еңбегі болатын.
Әуелі бұл тарауды аударған кезде де бұрмалауға жол берілгенін атап өткен жөн. Жоба тарауының бірінші сөйлемінде былай делінген: «Россия республикасында дінге, қанға қарамай, еркек-әйел демей адам баласы тең болу. Жиылыс жасауға, қауым ашуға, жария сөйлеуге, газет шығаруға, кітап бастыруға – еркіншілік». Бұл екі сөйлем бір сөйлемге біріктіріліп, былайша берілген: «В Российской Федерации существует равноправие, неприкосновенность вечности и свобода слова, печати и союзов». Мұндай аудармада қазақ халқы үшін өте елеулі, ерекше маңызды кейбір құқықтық идеялар жойылып кеткен. Бұрмаланбаған аудармасы мынадай: «В Российской республике люди будут равными, независимо от религии, происхождения и пола». Бұл ең демократияшыл, ізгілікті идеялар Ресейдің бірде-бір заңында жарияланған емес. Тіпті, адамның осы аса маңызды құқықтары туралы алғашқы кеңестік заңдарда да айтылған жоқ. Кеңес конституциясында жалпы демократиялық құқықтар мен бостандықтардың орнына таптық қағида баянды етілді, ол бойынша еңбекшілер санатына есептелмеген адамдар барлық құқықтары мен бостандықтарынан айырылды. Тарихи тұрғыдан алғанда өз уақытынан идеялық жағынан озып кеткен «Алаш» партия-сы қайраткерлерінің айтқаны дұрыс болып шықты. 1995 жылғы Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабында былай делінген:
«1. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең.
2. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды».
Бағдарлама жобасындағы мына тіркестің мағынасы бұрмаланған: «Үкімет қызметшілері иесінен рұқсатсыз ешкім табалдырығын аттамаушылық». Ол былай аударылған: «Служащие никуда не могут отлучиться без разрешения хозяина». Мұның қасақана бұрмалау екені сөзсіз. Аталған тіркесті оқып шыққан оқырман алаштардың крепостниктік тәртіп орнатқысы келген деген ойға салынады. Ал шынына келгенде ол былай деп аударылады: «Государственные служащие без разрешения хозяина не должны входить в чье-либо жилище». Бұл демократиялық қағида Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана халықаралық-құқықтық актілерде баянды етілді. Әділдік үшін айта кеткен жөн, тұрғын үйге қол сұғылмауын кеңестік конституция да мойындады. Бірақ, бұл таза формальды мойындау болатын. Еш кінәсіз, тек жекеленген азаматтар қуылып, үйлерінен көшіріліп қана қойған жоқ, тұтас әлеуметтік топтар, халықтар үйлерінен, туған жерлерінен көшірілді.
Жобадағы келесі сөйлем мүлдем алынып тасталған: «Законсыз жолмен ешкімді үкімет адамдары ұстамаушылық». Аудармасы мынадай: «Государственные служащие никого не должны задерживать без законных оснований». Бұл сөйлемнің неліктен тасталып кеткені түсінікті. Кеңестік құқық қорғау органдары ешқандай да кеңестік заңдармен санаспай, жүгенсіздік жасады. Бұл жағдайда «Алаш» бағдарламасы жобасының аталған қағидасын аудару, әрине, қауіпті болар еді.
Жобаның іс жүргізу-құқылық мәселелерге арналған қағидалары жеке адам құқықтарының ерекше маңызды құқықтық кепілі болып табылады. Бұл – кінәсіздік презумпциясы. Ол мынадай түрде көрсетілген: «Сот сұрамай, билік айтылмай тұтқын қылмаушылық» – «Без судебного рассмотрения и вынесения решения не лишать свободы». Демек, адамды бас бостандығынан айыру үшін сот тергеуін жүргізіп, айыптау үкімін шығару қажет. Жобаның бұл қағидасында, біріншіден, кінәсіздік презумпциясы, екіншіден, айыпталушының қылмыс жасағаны жөніндегі іс сотта қаралуы керек деп пайымдалады, үшіншіден, адамды сот үкімінің негізінде ғана жазалауға болады. Мұндай құқықтық қағидалар ең демократиялық, құқықтық мемлекетте ғана заң жүзінде баянды етілуі мүмкін. Мұндай қағидаларды қазір Қазақстан Республикасының Конституциясы танығанын айтқан жөн.
«3. Заңды қолданған кезде судья төмендегі принциптерді басшылыққа алуға тиіс:
1) Адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасаған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі».
Мұның өзі бейне бір «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасынан алынған сияқты әсер қалдырады. Ал жоғарыда айтылған қағиданың большевиктік аудармасы былай жасалған: «Суд без обвинения и допроса не может арестовать и осудить». Бұл арада, жұмсартып айтқанда, заң жағынан мүлдем сауатсыздық аңғарылады. Ол былай тұрсын, жобадағы ізгілікті терең ой түсіндірілмеген, керісінше бұрмаланған. Біріншіден, сот айыптамайды. Сот тергеу органдары ұсынған айыптаулар жөніндегі істерді қарайды. Егер сот айыптаса, бұл сот емес, инквизиция болар еді. Осыған байланысты тергеу органдары ұсынған айыптауларды бір қалыпқа салып шығарған кеңес соттары қызметінің инквизициялық сипаты еске түседі. Сондықтан сот қызметінде айыптауға бейімдік орнығып алды. Көрініп отырғанындай, аудармашыны сол кезде-ақ сот қызметінің айыптауға бейімділігі билеп алған. Екіншіден, жоба авторлары тәуелсіз соттың айыптау үкімін ғана шығарып қоймай, адамды ақтай алатынын жақсы түсінген. Аудармашы мәтіннен басты қағидалардың бірін: «адам айыптау үкімінің негізінде бас бостандығынан айырылуы мүмкін» деген қағиданы шығарып тастаған.
III тарауда адам құқықтарының кепілдігін баянды ететін тағы екі маңызды қағида бар. Бұл – жергілікті жерде судья болса, 24 сағат ішінде, ал егер судья болмаса, бір апта ішінде айыпкерге қылмыс жасағаны жайлы соттың қамауға алу туралы санкциясы ұсынылуға тиіс екендігі жөніндегі іс жүргізу қағидасы. Бұл қағида тергеу органдарының озбырлығына қарсы бағытталған.
III тараудың соңғы бөлігі хат алысу құпиясына арналған. «Кісі хатын ашқанға – айып, оқығанға – жаза болу» («За вскрытие чужого письма – штраф, за чтение – наказание»). Жоба авторлары патша цензурасының құлқын жақсы білетін, одан өздері де зардап шеккен еді. Мұның үстіне олар жеке өмірге ешкімнің тиіспеуіне ерекше мән берді.
Сөйтіп, III тараудың аудармасы түгелдей бұрмаланды. Бұл түсінікті де. Үшінші тараудың «Негізгі құқықтар» деп атаулы тегін емес. Оған талдау жасаудың көрсетіп отырғанындай, онда адамның қазіргі демократиялық елдердің Конституцияларында баянды етілген құқықтары мен бостандықтарының негізгі идеялары келтірілген. Біздің ойымызша, «Алаш» партиясы бағдарламасы жобасының осы тарауының теңдесі жоқ маңызы да, міне, осында.
Төртінші тарау «Дін ісі» деп аталады. Орыс тілінде келтірілген мәтінде аса маңызды мынадай бір қағида аударылмаған: «Дін ісі мемлекет ісінен айырулы болу. Дін біткенге тең хұқық». Мұның дұрыс аудармасы мынадай болуға тиіс: «Религиозное дело должно быть отделено от государственного дела. Всем сущетвующим религиям равные права». Аудармада «Дін біткенге тең хұқық» деген басты ереже түсіп қалған. Аударма авторына алашордашылардың басқа діндерді қабылдамайтынын, тек исламды насихаттайтынын дәлелдеу керек болған. Сондықтан басқа бір сөйлем теріс, екіұшты аударылған. Бағдарламаның жобасында былай делінген: «Дін жаюға ерік. Кіріп-шығу жағына бостандық». Мұның дұрыс аудармасы: «Свобода религии. Свобода вхождения и выхода» (в религию, – М.Қ.). Сөйлем былай аударылған: «Все должны быть свободны и равны». Көрініп отырғанындай, бұлайша аударғанда діни нанымдардың еріктілігі мен еркіндігі жөніндегі басты ереже түсіп қалған. Ережеде дін туралы бір ауыз сөз жоқ.
Содан соң IV тараудың қорытынды бөлігінде былай делінген: «Муфтилік қазақта өз алдында болу. Неке, талақ, жаназа, балаға ат қою сияқты істер моллада болу, жесір дауы сотта қаралу». Сөйлемнің соңғы жағы (спор о вдове будет рассматриваться судом) әдейі аударылмаған болса керек. Өйткені, әңгіме жесірлер құқығының сот арқылы қорғалуы туралы болып отыр ғой. Мұның өзі әйелдерді басыбайлы күңдікте ұстап келген ежелгі ескі әдет-ғұрыптарға қарсы бағытталған елеулі түрдегі прогресшіл қадам еді.
«Алаш» партиясының дінге көзқарасын жинақты құрастырушы «өлтіре» сынға алған. Аудармаға түсіндірмеде дінді мемлекеттен бөлу мәселесінде Алашорда бағдарламасы тіпті буржуазиялық реформаның талаптарына да жете алмады деп көрсетілді. Бағдарламада шіркеуді мемлекеттен бөлу танылады және сонымен бірге неке қиюды, тууды, өлуді, ажырасуды тіркеу сияқты мемлекеттік міндеттерді атқару молдаларда қалдырылған дейді. Алайда, «Алаш» қайраткерлерінің шын мәніндегі көзқарастары мен мұндай пайымдаудың үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
Қазақ азаттық қозғалысы қайраткерлерінің қазақ әйелдерін күңдікке түсірген әдет-ғұрыпты біліп қана қоймай, оған қарсы шыққаны да мәлім. Сондықтан да 1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынборда өткен I Бүкілқазақ съезі әйел мәселесі жөнінде былай деп қаулы қабылдады: 1) күйеуге шығу құқығы әйелдердің өздеріне байланысты, 2) қалыңмал жойылсын, 3) молдалардың 16 жасқа толмаған қыздар мен 18 жасқа толмаған жасөспірімдердің некесін қиюына тыйым салынады, 4) неке қию кезінде молдалар екі жақтың: қалыңдық жағының да, күйеу жағының да келісімін алуға тиіс (Алаш-Орда. Сб. Документов, с. 49-50).
Жоғарыда айтылғандардан «Алаш» бағдарламасында неке қию мен ажырасу молдаларға жай беріле салмағаны көрінеді. Онда бұл мәселелер қазақ салтының, сондай-ақ мұндай істерді сол салт негізінде шешкен билер сотының ықпалынан құтқарған. Мәселенің бұлайша қойылуы, сөз жоқ, прогресшілдік болатын.
Біздің жоғарыда атап өткеніміздей, «жесір дауы сотта қаралу» деген тіркес орыс тіліне аударылмай, қалдырылып кеткен. Және жай қалдырыла салмаған. Мәселе мынада: қазақтарда әмеңгерлік ғұрып (левират) болған, ол бойынша жесірдің өз тағдырын шешуіне құқығы болмайтын. Ол қайтыс болған күйеуінің туысына тиюге міндетті еді. «Алашорда» партиясы әмеңгерлікке қарсы шықты. I Бүкілқазақ съезінің шешімінде былай деп жазылған: «Жесір әйел күйеуге өз еркімен тиюі тиіс, бірақ тіпті де туыстық байланыс (әмеңгерлік) бойынша емес» (Алаш-Орда. Сб. Документов. А., 1992, с. 92). Нақ осының өзі арқылы жесірді ежелгі, кертартпа ғұрып шырмауынан азат ету белгіленді.
Бесінші тарау «Билік һәм сот» деп аталады. Сырттай қарағанда, біртүрлі көрінеді. Бұл құбылыстар бір түсінік сияқты. Шынына келгенде, олардың елеулі айырмашылықтары бар. Билер институты қазақ қоғамында сот міндетін атқарып келді. Патша үкіметі кезінде сот жүйесінің дағдылы құқық нормалары негізінде істердің белгілі бір категориясын қарайтын төменгі буыны деп танып, оны сақтап қалған еді (Материалы по истории политического строя Казахстана. Т. 1. А., 1960, с. 359, 394). «Алаштың» негізін салушылар билердің терең халықтық тамырларын, билер сотының жалпы игі ықпалы мен маңызын біліп, оларды жаңа жағдайларда пайдаланғысы келді. Кеңес өкіметі бастапқыда билер соттарын таныды, ол «халық соттары» деп аталады. РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1919 жылғы 10 шілдедегі «Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет туралы» декретінде «қырғыздар арасындағы істерді дағдылы құқық бойынша істің мәнін халық соты шешеді» деп атап өтілген (Кенжалиев З., Даулетова С. Казахское обычное право в условиях Советской власти (1917-1937 гг.). А., 1993, с. 36). Айтпақшы, бұл үрдіс 1925 жылға дейін созылды деуге болады.
Қазіргі Қазақстанда билер соты идеясы қайтадан өз жақтастарын тауып отыр. Кейбір жерлерде ол қазірдің өзінде, әрине, жаңа тарихи жағдайларды ескере отырып жүзеге асырылуда.
Аудармашының «билік» сөзін «судимость» деп аударғанын атап өту керек. Бір жағынан, бұл мағынасыздық, ал екінші жағынан, Бағдарлама жобасы авторларының терең құқылық идеяларын жай ғана түсінбегендік (бәлкім, қасақана бұрмалау болар). Бұған оқырманның өзі көз жеткізе алады: «Әр жұрттың билік пен соты тұрмыс ыңғайына қарай болу». Дұрыс аудармасы мынадай болады: «У каждого народа правосудие и суд учреждаются сообразно условиям жизни». Орыс тіліне: «Судимость и суд каждого народа должны быть сообразно обычаю» деп аударылыпты. Сөйтіп, аудармашы авторлардың идеясын өрескел бұрмалаған. Біріншіден, бұл арада әңгіме соттылық жайында емес, қайта сот әділдігі жайында болып отыр. Екіншіден, түпнұсқада «ғұрып туралы» («об обычаях») ешнәрсе айтылмаған. Соттар істі әрбір халықтың тұрмыс жағдайларына қарай қарауға тиіс, ал тұрмыс жағдайлары Заңдарда ескеріледі, ол жөнінде қарастырылып отырған тарауда айқын айтылған: «Қырдағы ауыл, облыс ішіндегі билік пен сот жұрт ұйғарған ереже жолымен атқарылу». Аудармасы қайран қалдырады: «Суд же в степи должен происходить по всем обычаям и нравам народа». Көрініп отырғанындай, аудармашы Бағдарлама жобасында жоқ «обычай» деген сөзге жармасып, одан айырылмайды. «Неліктен?» деген сұрақ туады. Аудармашы қазақ халқының тарихын білмейді деуге де болады. Қазақ билері түрлі жиындарда сот істерін шешу кезінде басшылыққа алынған арнаулы ережелер жасаған. Бұл ережелерден дағдылы құқық нормалары ескерілген, бірақ олар бұл нормалардың жинағы болған емес. Мысалы, Абай Құнанбаевтың белсене қатысуымен жасалған ереже белгілі болған. Аудармашы мұны білмеді делік. Бірақ, қазақ тілін біле тұра бұрмалаушылыққа жол берген. Мәселен, «қырдағы ауыл, болыс ішінде» деген сөздерді «в степи», ал «ауыл, болыс ішінде» деген сөздерді аудармай тастап кеткен. Ал осы үш сөзде белгілі бір мағына бар. Далада Семей, Орал, Өскемен және т.б. сияқты ірі қалалар да болды. Бағдарлама жобасының авторлары ауыл және болыс туралы жазып отыр. Мәселе мынада: нормативтік құжат ретінде Ереже билердің болыстық съездерінде жасалып, болыс (болыстар) шегінде қолданылған. Мұның өзі Ереже болыстан жоғары әкімшілік бөліністе қолданылмаған деген сөз.
Ал «Ереженің» «әдет-ғұрып, салт» деп аударылғаны неліктен? Алашордашылар феодалдық-рулық тәртіптердің қорғаушылары деп саналады. Ал қазақтардың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі коммунистердің пікірі бойынша, нақ осы тәртіптерді қорғап, заңдастырады. Демек, бұлайша бұрмалау «Алаш» партиясының ескілік сарқыншақтарын қорғаушы күш ретінде көрсету мақсатындағы коммунистердің көктен сұрағанын жерден тауып беріп отыр.
Тарауда сот жүйесінің негізгі қағидалары берілген:
1. Сот ісін жүргізу жергілікті халық тілінде жүзеге асырылуға тиіс. Сондықтан билер мен судьялар бұл тілді білуге тиіс. Халық аралас тұратын жерлерде сот тергеуі мен сот шешімі сол жерде көпшілік болып табылатын тілде жүргізілуі тиіс.
2. Судьялар мен билерге ешкімнің тиісуіне болмайды. Оларды тергеу жүргізбей босатуға болмайды.
3. Сот әділдігі мен сот алдында барлық адамдар тең.
4. Билер мен судьялар Құдайдан кейінгі ең құдіретті адамдар болғандықтан жұрттың бәрі олардың шешімін орындауға тиіс.
Алашордашылар қабылдаған осынау ежелгі қағиданың мағынасы қандай терең десеңізші!
Одан әрі Бағдарлама жобасында былай деп жазылған: «Зор жазалы қылмыстар присяжный сотпен қаралу». Орыс тілінен оның бұлай аударылғаны дұрыс: «Преступления, за которые предусматривается суровое наказание, будут рассматриваться судом присяжных». Большевик аудармашы былай деп аударған: «Суд рассматривающий… должен быть обязательно с участием присяжных заседателей» (Оксфордта басып шығарылған нұсқасында былай деп жазылған: «Суд рассматривающий (пропуск) должен быть…». Яғни, Оксфордтағы баспагерлер бұл жерде сөз қалып қойғанын жіті байқаған («Программные документы мусульманских политических партий 1917-1920 гг.». Оксфорд, 1985, с. 51). Қалай дегенде де бұл жерде қасақана, әдейі бұрмалаушылық орын алған сияқты). Бұл аударма сот ісін жүргізудің құқылық идеясының бүкіл тереңдігін бере алмайды. Алашорданың негізін қалаушылар мынадай демократиялық идея ұсынды: күрделі емес істерді билер жеке-дара қарауға тиіс, ал күрделі істерді, дұрысырақ айтқанда, қатаң жаза қолдану қаупі төнетін қылмысты присяжныйлар соты қарауға тиіс. Нақ осы идея Қазақстанда 80 жылдан соң іске асырыла бастады.
VI тарау «Ел қорғау» деп аталады. Әскер Уақытша үкімет тұсындағыға қарағанда басқа негіздерде ұйымдастырылуға тиіс. Әскери міндеттілерді жергілікті жерлерде оқыту және қызмет еткізуді енгізу ұсынылады. Әскери бөлімдер әскери түрлері бойынша бөлінуге тиіс. Қазақтар қызметті атты милиция түрінде атқаруға тиіс болды. Мұндай әкімшілік-аумақтық құрылыс негізіне алынған рулық әскери қызмет өтеу реті ескерілді.
«Алаш» партиясы бағдарламасының жобасындағы VII тарау – «Салық». Ол большевиктер аудармасында «Взимание налогов должно происходить по степени богатства и имущественного состояния вообще: богатый платит больше, бедный – меньше» болып берілген. Алайда, бұл аудармада да шешуші маңызы бар бір нәрсе қалып қойған. Жобаның өзінде былай деп жазылған болатын: «Салық әл-ауқат, табысқа қарай байға – байша, кедейге – кедейше әділ жолмен таратылу». Яғни, салық әділ негізінде салынуы тиіс деген сөз. Ал большевик аудармашы «әділ» деген сөзді лақтырып тастаған. Бағдарлама жобасының осы тармағына нақты құрастырушы Н.Мартыненко жазған түсініктеме де таңғалдырмай қоймайды. Ол былай деп жазған: «… Это был попытка заигрывания с беднотой аула, это была удочка, на которую хотели поймать трудящихся. Последние убедились, кого Алаш-Орда действительно считает мироедами и кого – товарищами. Для нее товарищами были колчаковцы, дутовские офицеры, свои собственные муллы и баи» (Алаш-Орда. Сборник документов, с. 92). («…Мұның өзі ауылдағы кедейлерге айлакерлікпен жағына жарамсақтану, сөйтіп еңбекшілерді қайткен күнде де қармаққа түсіру әрекеті еді. Соңғылары, яғни еңбекшілері, Алашорданың іс жүзінде кімдерді жанашыр дос, кімдерді қанаушы қас санайтынына әбден көз жеткізіп болған. Алаш үшін жанашыр дос, жолдас – Колчактың, Дутовтың офицерлері, өздерінің молдалары мен байлары»). Бұл «өлтіре» сынаудың бәрі, міне, осы: беталды, еш дәлелсіз айыптау және бір құбылысты екіншісімен алмастыру. Шынына келгенде, бағдарлама жобасының аталған қағидасы өте ізгілікті және демократиялық қағида болатын.
Бағдарлама жобасының VIII бөлімі «Жұмысшылар» деп аталады. Таптық принциптерді ұстанатын большевиктер жұмыс-шыларды жетекші тап ретінде қоғамдағы өзге әлеуметтік топтардан жоғары қойса, Алаш қайраткерлері оларға «жұмысшылар закон панасында болады» деп тек құқықтық қисын тұрғысынан баға береді және бұл мәселе бойынша меньшевиктер позициясын жақтайтынын мәлімдеді.
Бағдарламаның IX тарауы «Ғылым-білім үйрету» деп аталады. Онда: «Білім барша жұрттың игілігі болуға тиіс» деген өте маңызды қағида бар. Бұл демократиялық әрі ізгілікті қағида еді. Кеңес өкіметі қанаушы элементтердің білім алу құқығын шектеді. Бірінші РКФСР Конституциясында (1918) былай деп жазылған: «Еңбекшілердің білімге шын мәнінде қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында жұмысшылар мен ең кедей шаруаларға толық, жан-жақты және тегін білім беруді өзіне мақсат етіп қояды».
Мынадай сұрақ туады: Аталған таптарға жатпайтын адамдардың, мемлекет азаматтары бола тұрып, қарапайым білім алу құқығынан айрылғаны неліктен? Олардың балалары өз мемлекеті алдында не үшін кінәлі болады?
«Алаш» партиясының бағдарламасы бойынша жалпы білім беру барша жұртқа: қазақтарға да, орыстарға да, жұмысшылар мен шаруаларға да, кәсіпкерлерге де және басқаларға да таратылатын. Мектеп автономиясы, оқу үрдісіне үкіметтің араласпауы ұсынылды. Мұғалімдер мен профессорлар сайланып қойылуға тиіс. Бұл идеялар қазіргі уақытта да құнын жойған жоқ.
Қорытынды X тарау «Жер мәселесі» деп аталған. Бұл тараудың орыс тіліне аудармасы әдейі бұрмаланып жасалған. «Учредительное собрание негізгі закон жасағанда жер сыбағасы алдымен жергілікті жұртқа берілсін деу». Бұл сөйлем былай деп аударылған: «При выработке земельного закона в учредительном собрании в основу должно ложиться наделение землею, в первую очередь, туземцев». «Жергілікті жұрт» деген «туземцы» емес, қайта «местное население» дегенді білдіреді. Бұл Бағдарлама жобасының қазақша мәтінінен де көрінеді. Мәселен, V тарауда сөйлем: «Аралас жерде соттың тергеу-тексеруі һәм үкімі жергілікті жұрттың қай көбінің тілінде айтылу» деп жазылған. Бұл ретте әңгіме құрамы әр түрлі ұлттар тұратын жерлерде сот тергеуі қайсысы көпшілік болса, сол тілде жүргізілетіні жайында болып отыр. Біздің көз жеткізе дәлелдегеніміз сияқты «Алаш» партиясының негізін салушылар интернационалистер еді. Алайда, большевиктер оларды барып тұрған ұлтшылдар деп көрсеткісі келді.
Бұдан әрі бағдарлама жобасының қазақша мәтінінде былай делінген: «Қазақ жер сыбағасын отырған жерлерден алып орнасқанша, қазақ жеріне ауған мұжық келмеу». Ол былай деп аударылған: «Надел переселенцев крестьян, до окончания полного надела туземцев («казах» деп емес, «туземец» деп аударылған. – М. Қ.) не должен производиться». Шынына келгенде, дұрыс аудармасы мынадай: «Пока казахи» (Жобада «қазақ» деген сөз жекеше түрінде қолданылған. Мәтіннің мазмұнына қарағанда бұл жерде жекеленген қазақтар туралы емес, қайта бүкіл халық туралы сөз болып отыр) не получат земельную долю в населенных ими местах и не обустроятся, (на казахские земли) крестьяне-переселенцы не должны прибывать».
Сөйтіп, сол кездің өзінде көшіп келген шаруаларға жер бөліп бермеудің немесе жерге орналастыруға дейін Ресейден шаруаларды қоныстандырудың үлкен айырмасы бар. Біріншісі – шынында да ұлтшылдық көрінісін білдіреді. Ал екіншісі – қазақтардың бос жерлерге жайғасу жөніндегі заңды талабы. Сөйтіп, аудармашының Алашорда қайраткерлерін, олардың партиясын қайткен күнде де қаралау жөнінде қылмысты пиғылда болғаны анық.
Бағдарламадан тағы бір үзінді келтірейік: «Бұрын алынған жерлердің мұжық отырмағандары қазаққа қайту». Осы маңызды қағидаға аудармашы мынадай мағына берген: «Все ранее отобранные у киргиз переселенцами земли должны быть возвращены обратно». Бұл жерде де аудармашыны қазақ тілін білмейді деп ақтауға болмайды. Түпнұсқада қоныстанушылар үшін алынған, бірақ шаруалар қоныстанбаған жерлерді қазақтарға қайтару жайында сөз болады. Былайша айтқанда, олардың арасында ортақ ешнәрсе жоқ. Егер орыс шаруалары қоныстанып үлгерген жер қайтарып алынатын болса, ұлтаралық жанжал болмай қоймайды. Демек, аудармашы «Алаш» партиясын қайткен күнде де кертартпа ұйым ретінде көрсетуді мақсат еткен.
Аудармада тағы бір бұрмаланған сөйлем бар, ол Бағдарламада жоқ. Бұл «туынды» мынадай: «Киргизы должны получать земли с более плодотворной (тегінде «плодородной» болар. – М.Қ.) почвой через местные комитеты» («Қырғыздар жергілікті комитеттер арқылы топырағы неғұрлым құнарлы жер алуға тиіс»). Ал түпнұсқада былай деп жазылған: «Қазаққа тиетін жер сыбағасын жергілікті комитеттер кесу; сыбаға өлшеу – норма жердің топырағы мен шаруалық түріне қарай жасалу». Бұл сөздерде басқа ұлттарға қарағанда, қазақтарға неғұрлым құнарлы жер бөліп беруге ишарат та жасалмаған.
Бағдарламаның жобасында жерді сатуға үзілді-кесілді тыйым салынған. Жердің бүкіл байлығы: үлкен ормандар, өзендер мемлекетке тиесілі болуға тиіс. Қазіргі заманға сай емес пе?!
«Алаш» партиясының жер мәселесі жөніндегі бағдарламасының негізгі жайларын Кеңес өкіметінің іске асырғанын атап өткен орынды. Бұл орайда Бағдарлама мәтіні кеңес органдарының қалыпты құжаттарымен сәйкес келетіні қайран қалдырады. Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің «Семей, Ақмола, Торғай және Орал губернияларында бос жатқан учаскелерді еңбекші қырғыз халқына қайтарып беру туралы» 1921 жылғы 2 ақпандағы декретінің 1-бабында былай делінген: «1) жоғарыда аталған губернияларда бұрынғы қоныстандыру басқармасы еңбекші қырғыз халқының пайдалануынан: а) Ресейден келген қоныстанушыларды орналастыру үшін бөліп алған, бірақ 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін олар қоныстанбаған және ә) дворяндарға, капиталистерге, монастырьларға және сол сияқты мақсаттарға ұзақ мерзімді жалға беру үшін алған учаскелер бос жатқан деп саналады» (Собрание законодательства КазАССР, с. 78).
Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің басқа бір дерегінде былай деп аталған: «Патша үкіметі: а) Сібір казак әскерінің, ә) Орал казак әскерінің меншігіне қырғыз жерлерінен бөліп берген жерлерді Қырғыз еңбекші халқына қайтарып беру туралы».
Жерге қатысты айтар болсақ, «Қазақ АКСР еңбекшілері құқықтарының декларациясынан» былай деп оқимыз: «Жерге жекеменшікті жою және жерді еңбекшілер мемлекетінің қарауына беру саласында РКФСР саясаты жүргізілсін».
Енді Қазақстан Республикасының Конституциясына көз салайық: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады». «Алаш» бағдарламасын Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Ресей Федерациясы, кейін Қазақ АКСР-ы, КСРО заң актілері мен тәуелсіз Қазақстан тұсында қабылданған түрлі заң актілерімен салыстыра келіп, төмендегідей қорытындылар жасауға болады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Алашорданың аса маңызды құжаты оның ұлтшыл да, сепаратистік те, халыққа қарсы да қозғалыс еместігін дәлелдейді. Мұны Алашорда тарихын бұрмалаумен айналысқандар да білді. Сондықтан да олар Алашорда материалдарын кеңінен жария еткісі және оларды объективті тұрғыдан зерттегісі келмеді. Брайнин мен Ш.Шафироның «Алашорда» партиясының материалдары жарияланған «Алашорда тарихы жөніндегі очерктер» (1935) деген кітабы да өлтіре сынға алынуын нақ осымен түсіндіруге болады. Кітап авторларының бұл партияны Коммунистік партия тұрғысынан сынағанына қарамастан, кітап қосымшасында шынайы құжаттар берілуі себепті Алашорда контрабандасы деп танылды. Рысаков деген біреу кітапты құжаттар жарияланғаны үшін Алашорда идеологиясын ашықтан-ашық насихаттау деп тапқан (Рысаков П. Алашординская контрабанда. Правда, 1935, 14 апреля). Халық мүдделерін ашық елемей, халықтан тарихи шындықты жасыруға тырысқан және өмір шындығын арсыздықпен бұрмалаған коммунизм идеологтары ғана осындай қадам жасай алатын еді. Өйткені, олар шындықтан өлердей қорқатын. Сондықтан БК (б) П Қазақ Өлкелік Комитетінің шешімімен ол кітап жойылып жіберіледі. Мартыненко кітабының да тағдыры осындай болды. Өйткені, онда да Алашорда туралы материалдар бар еді. Сөйтіп, құжаттарға жаза қолданылды. Алашорда тақырыбын зерттеуге тыйым салынды.

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, қоғам қайраткері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here