ЗЕЙНЕП АХМЕТОВА: «МЕНДЕ «БАУКЕҢНІҢ КЕЛІНІ» ДЕГЕН АТАҚ БАР! ЕШКІМДЕ ЖОҚ, ЕШКІМ ДЕ БЕРЕ АЛМАЙТЫН ОРДЕН ОСЫ»

0
634

Көзі тірісінде-ақ аңыз адамға айналған Бауыржан Момышұлының күрделі бейнесін «Баукеңнің келіні» атанған Зейнеп апа Ахметовамен сұхбаттаса отырып, бірге там-тұмдап болса да тани түсуді жөн көрдік. Өйткені, батырдың қазақтық-қаһармандық таным мінезін ыстық ұя мүшелерінен өзге ешкім де дөп басып айта алмас дедік. Тағы бір себебі, Зейнеп апа тектен-текке «Батыр Баукеңнің келіні» атанған жоқ. Ендеше, мұның сырын бүгінгі «Кейіпкер келбетінен» оқып пайымдарсыз…

«ҚАРА ШАҢЫРАҚТЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІН ЖАНЫММЕН СЕЗІНДІМ»

– Ел аузында «Батыр Баукең» атанып кеткен тұлғаның қара шаңырағының түтінін Өзіңіз шығарып отырсыз. Сол шаңыраққа келін болған күндеріңізбен сыр бөлісер ме едіңіз…
– Қандай қыз болмасын ерте ме, кеш пе, әке үйінің оң жағындағы қызық дәуренмен қоштасып, бір шаңырақтың отын түтететінін біледі. Алайда, тағдырдың маңдайға жазған жазуын оқи алмайсың да, қандай шаңыраққа келін болатыныңды білмейсің де. Өзім де бүкіл исі қазаққа ортақ, алты алаш ардақ тұтқан, аты аңызға айналған ердің шаңырағына келін боламын деп ойлаппын ба?..
КазГУ-дің филология факультетінің 3-курсында оқып жүргенімде тұңғыш рет атамды студенттермен кездесу кешінде көріп едім. Бұл кісі туралы ес білгенімнен небір ғажайып әңгімелерді естіп, кітаптардан оқығаным бар. Сол естіген-оқыған дүниелердің әсері ме, әйтеуір, атам менің көз алдымда отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын ертегі қаһарманындай болып жатталып қалған еді. Ал жүзбе-жүз көргенімде «бұ кісі де ет пен сүйектен жаралған өзіміз сияқты адам екен ғой» деп таңданғаным тағы бар. Болмысы ерек адамның маған ерекше әсер еткені – көз жанары. Көзінің жанары сұмдық отты. Маңайындағыларға жалт етіп қараған сәтте… тура отпен өртеп жіберетіндей әсер қалдырады. Бұл – атам туралы алғашқы әсерім еді.
Содан кейін Алланың маңдайыма жазғаны шығар, ұлы Бақытжанның жары болдым. Бірақ, атамның қолына келін болып түскен жоқпын. Ол кезде атамның өз отбасы болатын. Осылайша, 1968 жылы Бәкеңнің нағашы апасы, яғни анасының туған әпкесінің қолына келін болып түстім. Мен келерден бір жыл бұрын енеміз дүниеден өткен екен. Өз анам да мен тұрмысқа шыққаннан кейін бір жылдан соң дүние салды. Келер 1969 жылы ұлымыз Ержан дүниеге келді.
Атаммен алғашқы кезде бір шаңырақтың астында тұрмасам да қара шаңырақтың жауапкершілігін жаныммен сезіндім. Кейін атамның үйіндегі Ғаникамал апа қайтыс болып, ол кісінің балаларының әрқайсысы өз бетімен кетіп, атамның мазасы да, жағдайы да болыңқырамады. Анау-мынау тірліктеріне көмектесуге алғашында атама келіп-кетіп жүргенмін. Содан атам бірде: «Үйге көшіп келіңдер», – деді. Тілімнің ұшында «Ата, біз келейік» деген сөз тұрса да айтуға бата алмай жүргенмін. Себебі, атам өздігінен айтпаса, ол кісінің пікіріне қарсы шығу дегенің… Алла сақтасын!
Атам Шерағаң мен Мекемтас ағаларға: «Ана Бақытжанды көндіріңдер, мына үйге көшіп келсін», – депті. «Көндіріңдер» деген сөздің де өз себебі бар. Бұрындары Бақытжан мен әкесінің арасы күрделірек болған. Жалғыз бала… қанша айтқанмен «басқа елде өсіп ер жеттім… әкенің жақсылығын көп көрмедім» дегендей, сондай-сондай көңілінде өкпе болған ғой шамасы…
Қара шаңыраққа баруға бел буған мен Бақытжанға: «Бармасаң барма, қалсаң қала бер осы үйде. Ержанды алып, атамның қолына өзім барамын. Ендігі жерде атамды күтудің ұят салмағы маған түседі», – дедім. Әйелі мен ұлы әкесінің үйіне барамын деп тұрған соң Бақытжан қайда барсын, ол да келісті. Туған әкесінен алыстап кете алмасын анық білді. «Өкіметтің қызметінен қазаққа ортақ болған тұлғаны күту мың есе артық» деген өз шешімімді шығарып, телестудиядағы қызметімді тас-тадым. Кеңес өкіметі кезінде қызметіңді өз еркіңмен тастау ерлікпен пара-пар еді.
– Ол кезде жап-жассыз…
– Иә, жасым небары 25-те. Бұл шешімім өзіме оңай соққы болған жоқ. Егер жып-жылмағай, бәрі керемет болды десем өтірік болар еді. Атам секілді қалыпқа сыймайтын, басы ноқтаға түспеген, қатаң жүйеге негізделген қоғамға жалғыз өзі қарсы жүрген адамның табиғатын жап-жас келінге түсіне қоюдың азабы молырақ болғандығын санасы бар адам түсінер.

«АТАМ АДАМДЫ АДАМ-ПЕНДЕ РЕТІНДЕ КӨРЕТІН»

– «Мінезсіз өнер – мінезсіз жылқы» деп Асқар Сүлейменов айтқандай, Бауыржан атамызда да мінез болды. Тіпті, батырдың батырлық мінезін көзін көргендер аңызға бергісіз әңгіме етіп айтады. Ал отбасы – ошақ қасындағы, келін-кепшік пен бала-шағаның алдындағы мінез-құлқын Сіз қалай жеткізер едіңіз?
– «Үлкеннің бетіне қарап сөйлеуші болма, үлкеннің сөзін үндемей көтер» деген анамның құртымдайымнан құлағыма құйған тәлімдік ақылы талай өткелден өтуіме ықпал етті. Қара шаңыраққа да үйреніп, атама көзім де, өзім де үйрене бастағанда атам маған үйрете бастады. Мәселен, столды тарс еткізіп ұрады да: «Көзіме тура қара! Айтатын ойыңды ашық айт! Алдыңда қазулы көр тұрса да шындықты бетке айтудан қаймықпа?!» – дейді. Алла сақтай гөр! Ол кісінің көзіне тура қараудың өзі… жанып тұрған оттың ішіне кіріп кеткенмен бірдей емес пе!
Сөйтіп, атам «тоқпақтап» жүріп көп нәрсеге үйретті. Әсіресе, шенеуніктердің әділетсіз іс-әрекетін көргенде шыдай алмайтыным рас. Бұл – шындығында атамның маған үйреткен әдеті.
Атам тап қазір бір ауыз сөзің үшін сені мақтауы мүмкін. Ал келесі бір ауыз сөзің үшін сені жермен жексен етіп, тас-талқаныңды шығаруы мүмкін. Атаның бойында кеңестік кезеңдегі шығармаларда көрсетілгендей «жақсы, жаман образ» деп талдау болмайтын. Атам адамды адам-пенде ретінде көретін. Нақтылай жеткізсек, сенің бойыңда пендәуи де, адами да қасиетің бар. Көп адамдардың атамды түсінбейтін осал тұстары осы. Кейбіреулер атамның айтқан сөздерін басқаша мағынада қабылдап, «пәленшені жаман депті» деп біржақты айтып жүргендері де сол. Осылай деп айтушылар атамның сол адам туралы жақсы пікірін іздеп те, сұрап та көрген емес. Атамның мұрағатындағы қолжазбаларды оқығанда осындай ой түйетінің анық. Бір жерде атақты адамның бойындағы қымбат қасиетін өзіне үлгі етіп мақтанса, екінші тұста оның пендешілік айыбын ащы түрде ашық айтады. Егер бар адамға жалпақшешей болып немесе керісінше жамандай берсе… онда атам атам болмас еді. Атамның өзгеге ұқсамайтын күрделілігі де осыда.

«БІЗДІҢ ШАҢЫРАҚТА ЕСІКТЕН КІРГЕН БЕЙТАНЫС АДАМҒА «СЕН КІМСІҢ?» ДЕП СҰРАЙТЫН ӘДЕТ ЖОҚ»

– Үлкен шаңырақтың салмағының қаншалықты маңыздырақ екендігін келін ретінде, жұмсақ жүректі ана ретінде, аяулы жар ретінде, ардақты әже ретінде пайымдап көріңізші…
– Бұл қара шаңырақ бізге ғана емес қазаққа ортақ шаңырақ. Өзге шаңырақтарға қарағанда өзіндік дәстүрі, өзіндік әдеттері, атқаратын міндет-парыздары мүлде басқаша. Біздің шаңырақта есіктен кірген адамға «сен кімсің?» деп сұрайтын әдет жоқ. Себебі, бұл үйге келген адам «Баукеңнің қара шаңырағы немесе ұрпақтары осы үйде отыр» деп сыйлап, құрмет көрсетіп келеді. Сондықтан ата әруағының алдында міндетімізді атқарып, келушіге «төрге шығыңыз» деуге құқылымыз. Келген қонаққа бал-бауыр жегізіп, асып-төгіп қонақ ете алмауымыз мүмкін, бірақ шынайы ниетімізбен бір кесе шәйімізді беріп, келген әңгімесін тыңдап, шығарып салуға міндеттіміз.
Атам қара шаңырақ туралы: «Балам, қазақта «қара шаңырақ» деген өте ертеден келе жатқан қасиетті сөз бар. Оның негізі әкеден балаға, ұрпақтан ұрпаққа қалып отырған шаңырақтан талай түтін шыға-шыға әбден ысталып, көпті көрген деген ұғымнан шықса керек. Мына, өзіміз отырған пәтер, Үкіметтің жасап берген баспанасы болғанмен, Ержанға қалатын Момышұлының қара шаңырағы, менің ұрпағым осы үйде», – деген өсиетін айтқан еді.
Кейде біреулер атамның атын атап өтінішпен келеді. Шамамыз келгенше көмектесуге тырысамыз. Қолымыздан келмейтін, көмектесе алмайтын кездер де болады. Министрдің немесе әкімнің шешетін мәселелері біздің қолымыздан келмеуі әбден мүмкін ғой. Ондайда кешірім сұрап шығарып саламыз. Шаңырағымызға арнайы келіп тілек айтатын жандар көп. Осындай келушілерді қабылдай да білу керек қой. Міне, осыларды мен келініме де үйреттім.
– Демек, анаңыздан сіңірген тәлімді келініңізге берудесіз…
— Келініме келген күннен бастап-ақ: «Балам, саған менен гөрі қиын болады. Мен бір Момышұлының келіні болсам, сен екі Момышұлының келінісің. Мен саған ананы сөйт, мынаны бүйт деп зорламаймын. Тек маған қарап осының бәрін пайымдарсың, үйренерсің», – дегенмін. Тәубе, келінім текті жердің қызы. Ата-анасы педагогтар. Келінім Алматыда орысша оқып бойжеткенімен, бүгінде қолымдағы бар тірлігімді алған. Бәкеңнің дос-жарандарына, үйге келген үлкен қонақтарға иіліп сәлемін салады. Бәкеңнің достары: «Алматыда бізге сәлем жасайтын жалғыз келін – осы Анар», – деседі. Келініме «сәлем сал» деп үйреткен жоқпын, бірақ менің үлкендерге сәлем салып жатқанымды көріп үйренгені. Қазақтың небір айтулы тұлғалары, атап айтсам, Димекең, қос Ғабең (Мүсірепов, Мұстафин), Сәбең (С.Мұқанов), Асанбай Асқаров аталарымыз секілді қазақтың талай марғасқаларына сәлем жасадым. Осындай тұлғалардан бата алдым. Бүгінде «Зәкең немесе Зейнеп апа» болып елдің аузына ілігіп жүруім, міне, осы кісілердің бата-тілектерінің шарапаты деп ойлаймын. Бата – рухани ұлы күш. Шынайы ақ алғысқа ие болған адамның маңдайы ашық жүреді. Өмірлік тәжірибемнен алған өнегем бойынша «Біреуден зат алғанша, бата алыңдар» дегенді балама да, келініме де, немерелеріме де үнемі айтып отырамын.
Біздер көбінесе келінге «келген адам» ретінде қарайтынымыз рас. Келінге айтылатын сын да, тағылатын мін де көп. Бірақ, ол да біреудің қызы емес пе?! Келінге алғашқы күндерде сын мен мін артудан гөрі қолтығынан сүйеу қажет. Кез келген әйел ене бола алады. Ақиқатында ана бола білу керек… ана бола білу!

«АТАМНЫҢ АЛДЫНДА ЕШҚАШАН ЖАЛАҢБАС ЖҮРГЕН ЕМЕСПІН»

– Өзіңізге қаратылып айтылған мақтауларды қалай қабылдайсыз?
– Менің адресіме көптеген мақтаулар айтылып жатады. «Қазақтың келіні. Келіндердің символы» деген сияқты. Өзіме бағыштай айтылған мақтауды естігенде «Құдай-ай, кешіре гөр» деп, Алладан кешірім сұраймын. «Күріштің артынан күрмек су ішіпті» дегендей, мені атамның келіні болғандығым үшін мақтайды. Халық Баукеңнің келінін қалай көргісі келеді, мен солай болуға тырыстым. Жұртшылық мені орамалым арқылы таныды.
Бірінші рет жап-жас, отызға да толмаған шағымда эфирге орамалмен шықтым. Ол заманда жас келіншек тұрмақ, қойшының әйелі де «кеңестік заң» бойынша эфирге жалаңбас шығатын. Сонда режиссер орамалымды алып тастауымды сұрады. «Кешіріңіздер, хабарыңыз түсірілмей қалса да орамалыма тиіспеңіз», – дедім режиссерге. «Неге?» деген оған: «Аға, мен Бейсенбай, Сейсенбайдың келіні емеспін. Алла маңдайыма жазған Момышұлының келінімін. Теледидардың алдында ақ сақалды ата мен ақ самайлы әже отырады. Солар «Ой, мынау Баукеңнің келіні не дер екен?» деген кезде экранға жалаңбас ербиіп менің шыға келгенім қалай болар екен? Атам қазаққа ортақ емес пе? Олай болса, келін де қазаққа ортақ. Сондықтан орамалыма тиіспеңіз», – дедім. Әлгі кісі таң қалып қарап тұрып «жарайды» деді. Мені халық сонда тұңғыш рет орамалмен көрді, атамның келіні екенімді де сол орамалыммен таныды. Рас, жолдас-жораның арасында шашымызды сәнге келтіріп жүретінбіз. Ал көпшілік жерде, атамның алдында ешқашан да жалаңбас жүрген емеспін. Ешқашан да. Тіпті, сирағым жалаң болмады. Күн сайын таңертеңгілік тұрып, атама міндетті сәлемімді салатынмын. Ал бүгінде ғой, өлімді жерде де жалаңбас тұратын әйелдер кездеседі.
Менен анкета толтыруымды сұрап немесе белгілі бір сауалдар төңірегінде әңгімелескенде «Қандай атағыңыз бар? Қандай наградаңыз бар?» деушілерге: «Айналайын, мені ондай марапаттардан Құдай сақтап қалған. Менде есесіне ешкімде жоқ, ешкім де бере алмайтын керемет атақ бар. Ол – «Баукеңнің келіні» деген сөз. Киелі адамның келіні деген атақты алып жүре алсам, менің де өмірді бекер сүрмегенім», – деп жауап беремін.
– Зейнеп апа, Жарасқан ақынымыз айтқандай «Соғыс көрген әкелерден жаралып, соғыс көрген аналарды еміп» туған ұрпақсыз. Өз ұшқан ұяңыз туралы да кіріспе келтіре кетсеңіз…
– Әсілі, мен үш университеттен өткен адаммын. Біріншісі – ата-анамның, екіншісі – мемлекеттің, шынымды айтсам, осы университетте не оқығанымды бүгінде ұмытып та қалдым. Үшіншісі – атамның алдындағы оқуым. Атамның көз алдында жүріп бірдеңе үйренбеу, көңіліңе бірнәрсені тоқымау… мүмкін емес. Ата – тұнған шежіре адам.
«Жасында көргені жоқтың өскенде айтары жоқ» демекші, жасымда көргенім, бойжете келе көңілге түйгенім бір кісіге жетерлік сияқты.
Өзім дәрігердің отбасында, бір топ ер баланың арасында ерке болып өскен жалғыз қызбын. Сөз ретінде осылай дегеніммен, шешем марқұм: «Жалғыз болсаң өзің жалғызсың, қылығың жалғыз емес» деп жанымды шығаратын. «Ертеңгі күні барған жеріңде бізге сөз келтірме» деп ес білер шағымнан үйдің бар шаруасына дайындады. 9 жасымда нанды қағаздай қылып дөп-дөңгелек етіп жайсам, 7 жасымда кесте тігетінмін. Бұл шешемнің арқасы. Күні бүгінге дейін шаршаған кезімде теледидардың алдында отырып кесте тіксем, кәдімгідей шаршағаным басылып, рахаттанып, демалып қаламын. Менің «уызыма жарығанмын» дейтінім осы.
– Мұрағаттан бөлек атаңыздан қалған байлық ретінде нені атар едіңіз?
– Атамыздан қалған басты мұра – қарапайымдылық. Тағы бір мұра – өзгенің үлесіне көз салмау, арамға қол созбау. Атам «Халықтың жолымен жүрсең, ешуақытта адаспайсыңдар. Халықпен бірге болыңдар, сонда жалғыздық көрмейсіңдер» деп отыратын. Атамыздың бұл өсиетнамасын марқұм Бәкең де, мен де жүрген жерімізде айтудан жалықпадық.
– Атаңыздың Өзіңізге шешіле сыр айтқан күндері болушы ма еді?
– Ата өте ақылды, көреген, сезімтал болғандықтан кімге қандай әңгіме айту керектігін білді. «Балам, бабалар аманатына адал бол! Бабалар аманатына адал болу деген сөз – қандай халық болмасын, сол халықпен бірге өмір сүріп келе жатқан тілі, діні, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихы, әдебиет-мәдениетіне адал болу. Осылар сақталғанда ғана халық жете ұлт деген атауға ие болады. Мұны ешкім де сырттан кеп көсегесін көгертіп бермейді. Осының бәрін сақтайтын – әйел, ана. Өйткені, ана отбасының алтын қазығы, дәстүр солар арқылы ықылым заманнан бері жалғасып келеді. Сондықтан, балам, осы бір ғана шаңырақтың өзінде халықтың дәстүрі сақталатын болса, сен оны жалғастыратын болсаң, өзгелерге айтатын болсаң, оның өзі үлкен тірлік», – дегенді атам үнемі айтып отырды.
Ержан төрт жасқа дейін үйде тәрбиеленді. Баланың тілі өте ерте шықты. Қолына көшіп келгеннен соң ата бірде: «Балам, өзі жалғыз бала, жалғыз өскен бала өзімшіл болады. Ертеңгі күні көпшілікке араласу қиын тиеді. Баланы бақшаға орналастыру керек», – деді. «Ата оны мен де ойлап жүрмін. Бірақ қалада жалғыз ғана қазақ бақшасы бар. Ол жерде орын жоқ, сұрадым. Ал орыс бақшасына барған баланың бүкіл психологиясы өзгеріп кетеді, содан қаймығып жүрмін…» – дегенімде: «Сонда Алматыда қазақ бақшасы жоқ па?» – деп қатты таңырқады. Шынында да 70-жылдары Алматыда жалғыз ғана №204 қазақ балалар бақшасы болды.
Ертеңіне атам «мені киіндір» деді, киіндірдім. Қайда барамыз деп сұраған да жоқпын. Мен ол кезде атамның барып-келетін орындарына ылғи қолтықтап өзім алып жүретінмін. Сонымен ата екеуміз «горкомнан» бір-ақ шықтық. Мен дәлізде күттім. Бір уақытта атам шығып, бір жапырақ қағазды маған ұсынып: «Ержанды бақшаға дайында, қазақ бақшасына барады», – деді де орысшалап боқтап жіберді. Менің көзім бақырайып кетсе керек: «Неменеге бақыраясың? Мен ана бюрократтарды боқтадым. Егер мен алдарына келмесем, баланың тағдырына қалай болса солай қарау керек пе?» – деді. Сонда ғана атамның немересі үшін мұнда келгенін білдім. Бәкең біздің қайда барып келгенімізді естіген соң: «Әкем мен үшін өмірі бір есікті қақпап еді, енді немересі үшін горкомға барыпты ғой», – деп еді, ата: «Сен жығылдың, тұрдың, енді ары қарай жүре бер. Ал мынау кішкентай, өзін-өзі қорғай алмайды, сол үшін бардым», – деді. Бірнеше күнге дейін атаның көңіл-күйі болмады, тамақты да дұрыстап ішпеді, түксиіп жүрді.
Содан үшінші күні дегенде атам: «Мынау сұмдық нәрсе екен. Мынадай үлкен мегополисте (мегаполисті бірінші рет атадан естідім), қазақтың астанасында жалғыз қазақ балалар бақшасының болуы елдікке таңба түсіретін нәрсе. Бұл – трагедия», – деп қолын жоғары көтеріп, әріптерді бөліп-бөліп айтты.
Ал бүгінде ше? Құдайға шүкір, бүгінде қазақ мектептері мен қазақ бала бақшасының саны көбейді. Бірақ, ұлттық мектеп, ұлттық бала бақша жоқ деуге болады, ойланатын мәселе…

«КҮНДЕЛІК МАҒАН ҚАЛАМ ҰСТАУДЫ ҮЙРЕТТІ»

– Ата өзі туралы Сіздің күнделік жазып жүргеніңізді білді ме?
– Жалпы мен бала кезімнен күнделік жазатынмын. Есейе келе тек есте қалатын естеліктерді ғана күнделікке түсіріп жүрдім. Күнделік маған қалам ұстауды үйретті. Кейін атаммен бірге тұра бастағанда-ақ ішімнен: «Ой, Алла, мынадай қасиетті адам қасымызда тұрған кезде әр қимыл-қозғалысын қалт жібермей, сөзін жаза берейін», – деп күнделікке түсіре бердім. Бір күні дастарқан басында шәй ішіп отырған кезде Бәкең: «Папа, абайла, осы үйде шпион бар. Сенің бүкіл іс-әрекетіңді жазып жүр», – деп атама айтып қойды. Мына сөзді естігенде зәрем ұшты. «Прекратить безобразия!» – деп атам айқайлай ма деп. «Несі бар, жазса жаза берсін! Атасы «ашса алақанында, жұмса жұдырығында». Сырттан келіп сауал қойып, диктафонды аузыма тосып, барлық сөзімді жазып алып, том-том кітаптар та шығарып жатыр. Оған қарағанда мен атасымын ғой. Зейнептен жасыратын ештеңем жоқ, барлығы оның көз алдында», – деді де маған сұқ саусағын шошайтып тұрып: «Есіңде болсын, тек өзіңнің көзіңмен көріп, құлағың естігеніңді ғана жаз. Мен туралы «Баукең сөйтті, Баукең айтты» деген біреудің айтқандарын жазатын болсаң… оңдырмаймын! Содан соң мен туралы вагон-вагон анекдоттар-ды қосушы болма! Баласы, қызы, әйелі естелік жазғандарды естігем де, көргем де. Бұл тарихта бар. Бірақ келіні қайынатасы туралы жазыпты дегенді естімеппін», – деді салмақты түрде.
Алғашында күнделікті Бақытжан жазушы ғой, кейін сол пайдаланар деп ойлаған едім. Бірақ, олай болмай шығып, күнделігім өзімді кітап етіп жазуға итермеледі. Күнделік жазуды естігеннен кейін бе, атам маған тек ұлттық өнегелерді таратып айтудан жалыққан жоқ.
– Тағдырыңызға ренішіңіз бар ма?
– Тағдырыма шүкіршілік деген адаммын. Себебі, текті отбасында өсіп, жақсы тәрбие алсам, одан кейін алты алашқа аты мәшһүр адамға келін болдым. Атаны бір көруге армандаған қаншама адам өмірден өтті. Ал мен сол адамның қолына су құйдым. Бір тал болса да ұл сүйдім. Ана болдым, ибалы келін алдым. Жүрген жерімде «Зейнеп апа» дегенді естимін. Бұдан артық не керек?!
– Құпия сақтауға беріксіз бе?
– Ішімде талай нәрсе өліп жатыр ғой менің. Кейбіреулер шындық айтылу керек дейді. Кейде осыған келіспеймін. Шындықтың да шындығы бар. Шындық туралы мынадай аңыз бар.
Бір мүсәпір кемпір күнде базарға бір тоқаш әкеп сатады екен. Сатқан ақшасына күнделікті май, ұн алады. Кемпірдің дәмді нанын күн сайын бір ғана адам алып тұрады. Күндердің күнінде әлгі сатып алушы кемпірге: «Мына нанның дәмділігі неде? Мұны қалай дайындайсың? Не қосасың?» деп сұрайды. Кемпір айтпайды. Әрі-бері қорқытып көрсе де айтпайды. Ақырында кемпірге «өлтіремін» деп кеңірдегіне пышақ тақайды. Кемпір: «Балам, шындықты айтсам өкінесің. Шындықтың да айтылатын орны бар, іште өлетін жері де бар» дейді. Әлгі адам кемпірдің бұл айтқанына да бой бермейді. Сөйтсе, кемпірдің жалғыз баласының жамбасында үлкен іріңді жара шыққан екен. Кемпір базардан әкелген ұнын илеп, әлгі жараның іріңін сору үшін қамырды жараға жапсырады. Сол күйінде алып май қосып, нан қып пісіріп, сатып келіпті. Себебі, кемпірдің басқалай шаруасы болмапты. Мінеки, шындық. Шындықты естіген әлгі адам жиіркенгеннен қақалып, шашалып, құсам деп өліп кетіпті. Осындай да жағдай болады. Менің де ішімде айта да алмайтын, айтуға да болмайтын талай шындықтар бар. Бұл шындықтар айтылса, талай нәрсені бүлдіріп, не өзгеге зиянын тигізуі де мүмкін. Сондықтан шындықты айту керек екен деп бас-көзге қарамай, көр-жердің бәрін тере беру, меніңше, күнә.
– Бүгінгі қоғамның басты кемшілігін әйел-ана ретінде қалай пайымдайсыз?
– Дәл қазіргі қоғамда менің көріп отырғаным, есті адамдар кейін қалып, есер адамдардың заманы болып кеткендей. Ұрпағымыз ұлттық санадан айырылып қалмаса екен. Атамды ата еткен бойындағы осы ұлттық намыстың биіктігі болатын. Қылышынан қан тамып тұрған заманда да «Ұлы» болып жазылған атам. Бүкіл қоғамдық құрылысқа жалғыз қарсы тұрған да – атам. Алатын атақтарын да ала аламады. Есесіне халық атамды өздері асқақтатып ардақтады. Атамды ылғи сағынып іздеп тұрады.
– Тәрбиелік мәні зор сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here