РАЙХАН ЖҰМАБАЕВА: «ТАҒДЫР МАҒЖАН АҒАМНЫҢ ТУЫСТАРЫН ДА АЯМАДЫ»

0
110

Алаш ардақтыларының бірі, ұлтымыздың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев (1893-1938) ұрпақтарының бірі, дәлірек айтқанда, ақынның туған інісі Қалижанның қызы, текті әулеттің жаңа дәуірге аман жеткен санаулы өкілдерінің бірегейі Райхан Жұмабаева қазақтың асыл мінезді бекзат қыздарының санатынан еді. Райхан апа ағасы Мағжанның рухына соңғы демі таусылғанша адал болды. Бесіктен белі шықпай жатып, жүрегі әділетсіздіктің кездігіне ілігіп, арды аяқ асты еткен қоғамның қиянатына куә болғанын ол көзі тірісінде берген осынау бір сыр-сұхбатында ашық әңгімелеген болатын. «Күні кешеге дейін Мағжанның інісінің қызы екенімді айта алмай келдім. Біле қалған біреулер болса сырт айналып кетуге тырысатын. «Халық жауы» деген таңбаның зіл-батпанын өмір бойы сезіп келдім. Мағжан сияқты ұлы адамға туыстығың бар екеніңді сезіну қандай мақтаныш тудырса, сені өз ішіне қабылдағысы келмейтін тас жүрек қоғам, көздері үрейге толы адамдардың арасында өмір сүру сондай қиын еді», – деп әкесінің асыл мұраларын түгендеуден, ақынның өлмес жырларын насихаттаудан жазбаған Райхан апамыздың осыдан біраз жылдар бұрын берген сұхбатын (2007 жылы) оқырманға қаз-қалпында беруді жөн көрдік.

«БЕС ЖАСЫМДА СІБІРДЕН БІР-АҚ ШЫҒЫП, ӘУЛЕТІМІЗГЕ ЕШҚАНДАЙ ТУЫСТЫҚ ҚАТЫСЫ ЖОҚ КОЛХОЗ БАСТЫҒЫНЫҢ ОТБАСЫНДА ТӘРБИЕЛЕНДІМ»

– Райхан апа, сөзіңізді ата-анаңызды, Өзіңізді таныстырудан бастасаңыз…
– Әкем Қалижан Жұмабаев – ақын Мағжан Жұмабаевтың туған інісі. Анам Райса Омарбекова болыс әулетінің босағасын аттаған кезде небәрі он алты жаста ғана екен. Әкем қудалауға түскендіктен бір түнде қашып кетіп, мен алты айлық нәресте күйінде қаламын. «Әке» деп айту бақыты былай тұрсын, қашан ес жиып, етек жапқанша жүзін көргенім жоқ. Болыс әулетіне жаппай қуғындау басталып, амандығымды ойлаған үлкендер мені нағашыларымның қолына береді. Ал, анам олардың нәресте мені де аямасын сезіп, Ауғанстанның шекарасына дейін қашып барады. Душанбеге (Тәжікстан) келген кезде кері қайтуға жол қаражаты болмастан сонда қалып, ұлты тәжік жігітіне тұрмысқа шығады. Бейшара анамның да көрмегені жоқ…
«Ең болмаса қызым аман қалсын» деген болу керек, әкем фамилиямды арғы атамның атына жаздырыпты, онда да Шонаева (Жұмабайдың әкесі – Шонай) емес, «Чунаева» деп мүлде орысшалап жіберген, өз атын да өзгертіп, «Қалижанқызы» деудің орнына «Галимовна» деп жаздырған. Сөйтіп, мен 59 жыл бойы Райхан Галимовна Чунаева болып келдім. Сот шешімімен өз атымды өзіме қайтардым. Бүгінде Райхан Қалижанқызы Жұмабаевамын.
Бес жасымда Сібірден бір-ақ шықтым. Әулетімізге ешқан-дай туыстық қатысы жоқ колхоз бастығының отбасында тәрбиелендім. Бұл үйде өзге де асыранды балалар болды. Сол бес жасымнан бастап жартылай жалаңаш жүріп, тоңды жерден кішкентай нәзік саусақтарымды үсітіп жүріп орыстың масағын тердім. Мұздай қарлы су, ал аяғымда бәтіңке. Масақты үйге әкеліп кептіріп, тазалап, қол диірменге тартамыз. Бит деген басымызда өріп жүреді. Ағаш көмірден кір сабын жасайтын. Қараушы колхоз басшысы әйел біздерді сол кір сабынмен жақсылап жуындыратын. Артынан шамалы қыздырылған үтікпен бүкіл киім-кешегімізді үтіктеп шығатын. Бірсыпыра тазарған соң үстіміздегі бит атаулы сыпырылып түседі. Ертеңіне биттер қайта пайда болады. Сөйтсек, бит те аштықтан, қайғыдан шығады екен ғой. Сібірдегі қасіретті балалық күнім көз алдымда осылайша айна-қатесіз қалып қойыпты. Мектеп табалдырығын Сібір өлкесінде аттадым. Ал, қудалау қарқыны бәсеңсігенде Омбыдағы нағашыларым келіп мені алып кетті. Сегіз жасымда вокзалда күлше нан, пойызбен Куломзино стансасында сүлгіні жерге жайып жіберіп шәй де саттым. Тек он жасымнан бастап туыстарыммен араласа бастадым.
Осы күнге дейін тамақты мол етіп жасап қоя беремін. Сосын салқын сүтті жақсы көремін. Неге дерсің? Мүмкін ана сүтін қанып ембегендіктен болар. Аштықтың зауалы жүрегімде қалып қойғандығы соншалық үйге азық-түлік алсам да молынан алуға тырысамын.
– Ал ата-анаңызбан қайта қауышуыңызға кімдер себепші болды?
– Әкемді 1955 жылы екі балалы болғанымда кездейсоқ жолықтырдым. Қарағанды қаласында. Күйеуіммен мейрамханада отырғанбыз. Бір кезде күйеуім: «Қарашы, сен анау отырған кісіге қатты ұқсайсың?» – деді. Қарадым. Әлгі кісінің түр-тұлғасынан өзімді көргендей болдым. Тұла бойым шым етіп, бей-жай күш кештім. «Қой, ұят болады», – дегеніме қарамастан күйеуім әлгі кісінің қасына барып: «Сіздің Райхан деген қызыңыз бар ма?» – деп сауалды төтесінен қойды. «Біреулер арандатушылық жасап мына адамды жіберіп отыр» деп ойлады ма, әлгі адам «жоқ» деді қатқыл дауыспен. Күйеуім сонда да қоймастан: «Дауыс көтермеңіз, Сіз дұрыстап қараңызшы анау қызға? Сізге қатты ұқсайды», – деді. Сұрланып отырған кісі сол сәтте ғана барып маған мойын бұра назар аударды. Мен де қарадым. Қалай болғанын білмеймін, екеуміз бір-бірімізге қарай тұрып келе беріппіз… Құшақтасып жылап көрістік. Міне, әкеммен осылай табыстым.
Әкемнің сескеніп жауап берген себебі ол кісі Қаржы министрлігінде бас ревизорлық қызмет атқарады екен. Қарағандыға іссапармен келген. Әкем қызын сол сәтке дейін Жұмабаева деп іздеп келіпті. Әскерде жүргенде тірі қалуына ұлты орыс әйелі көп көмектесіп, артынан сол әйелмен шаңырақ құрған. Бұл әйелінен туған балаларымен біздер жақын араласып кете алмадық. Тәрбие біздерді жақындастырмады. Ал, анаммен 1960 жылдары табыстым. Иркутск облысынан арнайы іздеп келді. Тек «тәте» деп өле-өлгенше сыйлап күттім.

«ТҮРМЕГЕ ЖАБЫЛЫП, ИТЖЕККЕНГЕ АЙДАЛҒАН ЖОҚПЫН, БІРАҚ БАСҚА ҚОРЛЫҚТЫҢ БӘРІН БАСТАН КЕШТІМ»

– Әкеңізбен табысқаннан кейін Мағжан ағаңыз туралы көбірек біле бастадыңыз ба?
– Солай десем де болады. Жалпы, Мағжан туралы, атам, әжем, өз әкелеріміз туралы әңгімелерді естіп өстік. Беріде, сексенінші жылдарда қайтыс болған Мұхамеджан ағатайым нағыз шежіре болатын. Бүкіл Жұмабай әулетінің қайдан шыққанын, қайда тарағанын айтып кеткен де осы кісі.
Әкем маған Мағжан ағаның заңды әйелімін деген Зылиха туралы көп жайтты айтты. Зылихаға өте құрметпен қарайтынмын. Мағжан ағамның жары деп өзіме үлгі де еттім. Сөйтсем… әңгіменің бәрі әріде екен ғой.
1980 жылдары үйге өзімізден тараған туыстарды қонаққа шақырдым. Жұмабаевтардың отбасында негізі 9 бала болған. 7 ұл, 2 қыз. Өкініштісі екі қыз бала зұлматтың қылышына ілінген бауырларын ойлап құсадан кеткен.
Содан үйге үш жиен қарындастары (Жамал, Софья – Хамза Есенжановтың әйелі және Зұлқия) және құрбымның анасын (Қонаевтың құдағиы болатын), сосын Зылиханы шақырдым. Зылиханы жасы үлкен, сыйлы жеңгеміз деп төрге отырғыздым. Тап сол күні үйге Фрунзеден әкем келді. Есіктен кіре мені құшақтап, амандық-cаулық сұрастық. Төргі қонақтар отырған бөлмеге арқа-жарқа боп кіріп барды да реңі сұрланып кетті. Адам реңінің көгеріп, ағарғаны қандай болатынын сол сәтте әкемнің жүзінен көрдім. Түсі сұмдық бұзылып кетті. Зылиханы нұсқап: «Мынау неге мұнда отыр?» – деді маған. Артынша мені ас үйге шақырып: «Сен Зылиханың кім екенін білесің бе? Ол бүкіл Жұмабаевтардың арасын былықтырған. Бәрімізді және бар қазақты жамандап біткен. Ол – жаман адам. Мұндай адаммен неге араласып жүрсің? Онымен аралассаң, адам болмайсың!» – деп қатты-қатты сөздер айтты. Осылайша, жап-жақсы отырған басқосудың шырқы нілдей бұзылды. Не істерімді білмей мен састым.
Әкемнің өз бауырлары туралы мынадай да естелік айтқаны жадымда: «Біз отбасында жеті ұл едік. Шетімізден сайдың тасындай болып тұратынбыз. Реңіміз де, болмысымыз да келісті. Атамыз ауыл-аймаққа белгілі болыс. Болыстың жеті ұлы қатарласа жеті атқа мініп шыққанда, елдің бәрі біздерге қызыға қарайтын. Зұлмат заман осындай әулетімізді шашыратып жіберді-ау».
Тағдыр Мағжан ағамның туған-туыс, жақын-жуықтарын да аямады. Екі ағасы – Абімүсілім мен Қаһарман 37-де хабарсыз кетті. Мұхамеджан мен Сәлімжан, немере інісі Нұрмағанбетов Серғазы түрмеде 10 жыл отырып шықты. Ал, менің әкем елде тұрақтай алмай сырт жерлерде күн кешті. Сырт болғанда, біресе Ресейдің Омбы, біресе Қырғызстанның Пішпек, болмаса Өзбекстанның Әндіжан қалаларын паналады. Кенже інісі Сабыржан қырғыз ағайындарды паналап, үнемі үреймен өмірден өтті.
Түрмеге жабылып, итжеккенге айдалған жоқпын, бірақ басқа қорлықтың бәрін бастан кештім. Ең бастысы өзіңнің кім екеніңді, қайдан шыққаныңды, тегіңнің кім екенін айта алмау қиын екен. Мағжан ақталғаннан кейін ғана үрейден құтылып, көзіміз ашылғандай болды.
Көзі қарақты, көкірегі ояу болғандығы үшін ғана ағамның бүтін әулетін түрмеге тығып, қудалауға ұшыратқан.
Мағжанның көзін көргендер ішінен біз үшін ең қымбаттысы, жерлесіміз Разия апайымыздың барған жерінің тумасы, Бекен атамыз «құда бала» деп жақсы көріп кеткен ақын Хамза Абдуллин. «Мағжан туралы тек қана шындық жазылсын» деп шырылдап, 1960 жылы Түркістан әскери округінің басшыларына хат жазып, алғаш ақтау қағазын алған да Хамзекең.
– «Ол кездің зиялылары бір-бірінің соңынан шырақ алып түскен» деген сөздің жаны бар ма?
– Тағдыры қайшылыққа толы, жүрегімнің түкпіріне терең ұялаған, жаныма жақын ағам туралы айту өте ауыр. Мен 1934 жылы туылғанмын. Мағжан аға мен дүниеге келерден төрт ай бұрын «ұсталып кеткен». Сол себепті ол кісіні әкемнің, туыстарымыздың айтуымен ғана білемін.
Жұмабаевтар әулеті туралы елінде мынадай бір аңыздың тарағанын ақын Хамза Абдуллин жазбасында көрсетіп кеткен: «Мағжанның әжесі Қойдық екіқабат кезінде қасқырдың етіне жерік болыпты. Сондықтан баласы Бекенді (шын аты Бекмұхамед, Мағжанның әкесі) және оның балаларын қасқырдың ұрпағы деп атауды қалапты. Шынында да олар бірбеткей, қайсар да батыл әрі келбетті болып өсіпті».
Мағжан ағамыз 12 жасынан бастап білімнің жолына түскен. 1910 жылы атақты әнші Ермек Серкебаевтың әкесі Бекмұхаметпен бірге Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде, 1923-1927 жылдар аралығында Мәскеудің Бүкілодақтық әдеби-көркем институтында оқиды.
«Мағжан – байларды жырлайтын ақын» деп, ол жөнінде баспасөздерде сын мақалалар жарық көреді. Басқасын қайдам, Қазан төңкерісін мадақтап бірде-бір өлең жазбағаны ақиқат. Сол жылдары Мәскеуде оқып жүрген жастар Мағжанға «өткен дәуірді аңсайды» деген кінә артып, жиналыстың хаттамасын Қазақстанға жолдаған. Хаттама «Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылдың 14 қаңтардағы нөмірінде басылған. Мағжан ағам оған жауап ретінде «Тілші» газетіне өлең жариялайды. Осы арада ащы болса да шындықты айтуға тура келіп тұр. Қазақтың маңдайалды жазушылары Сәбит Мұқанов бұл өлеңге қарсы қарғыс өлеңін жолдаса, Әбділдә Тәжібаев 1927 жылы небір сөздерімен айыптайды. Бұл ол кісінің «Тоқсанның тобы» атты өлеңінде көрініс тапқан. Мұнымен қоймай, 1960 жылы басылған «Өмір және поэзия» кітабында қателескенін мойындап, «ақындар ақсақалы» атанған шағында, 1989 жылы ағамның әруағынан кешірім сұрады.
Мағжан Жұмабаевқа азаматтық құқығы қайтарылып, 1960 жылы ақталды. Бірақ, саяси тұрғыда емес. Саяси тұрғыда 1988 жылы ғана толық ақталды.

«МАҒЖАННЫҢ ЖЕКЕ ӨМІРІН ДЕ ТАҒДЫР ТӘЛКЕККЕ САЛДЫ»

– Мағжан ағаңыздың жеке өмірі жайында не білесіз?
– Мағжанның жеке өмірін де тағдыр тәлкекке салды. 1919 жылы босану үстінде сүйікті әрі заңды әйелі Зейнеп қайтыс болады. Зейнеп – Шоқан Уәлихановтың інісінің немере қызы. 1920 жылы баласы Граждан шетінеп кетеді. Осыдан кейін Мағжан аға ешкімге үйленбеген. Өзі директорлық ететін курста математика пәнінен сабақ беретін Гүлсім Камалованы ұнатады. Алайда, оның отбасы болады. Осы кезде өзінен үлкен, бар болғаны татар медресесінің екі класын бітірген Зылиха Жалтырова атты әйел соңынан қалмай жүрсе керек. Зылиха Гүлсімнің күйеуіне барып: «Сенің әйелің Мағжанмен жүреді», – дегенді айтады. Гүлсімнің күйеуі дереу отбасын басқа қалаға көшіріп әкетеді. Гимназияшы Жәмила Қуанышевамен тағдырын қосқысы келгенімен сәті түспейді. Құда болып, үйленгелі отырғанда «Мағжан, сені іздестіріп жатыр» деген шұғыл хабар жетеді. Бас сауғалауға мәжбүр болады. Сөйтіп, екінші рет бақытын жоғалтып, сүйгені-нен айырылады.
Маған ауыр тигені – «Мағжан 1922-1938 жылдарға дейін Зылихамен бірге тұрған» деген жалған ақпараттың жайылып кетуі. Ол өтірік. Тіпті, 1929-дан 1935 жылға дейін Мағжан түрмеде, лагерлерде отырмағаны ма? «Зылиха Мағжанның артынан түрмеге 14 рет барыпты» деген қауесет те жалған. Некеде тұрмаған әйелді кездесуге жібермейді емес пе? Сонда Зылиха Карелияға қалай 14 рет барады? Тек 1922-1929 жылдарға дейін ғана бірге тұрған. Мағжанның соңынан інісі Сәлімжанмен бірге бір рет барған. Мағжан ағам да Зылиханың інісімен келгеніне ешқандай күдіктенбеген. Бір таңданатыны – түрмеге Сәлімжанмен барғанын Зылиха көз таныстарына айта бермеген. Себебі, ол Сәлімжанмен Ленинград қаласында екі жылдай бірге тұрған. Сәлімжан оны Мағжанның әйелі деп санамаған. Жаппай қудалау басталғанда Сәлімжан Ленинградта бой тасалаған. Сүйікті жары Бибізайып кішкентай қызымен ауылда қалып, ауылдағы Мағжанның ата-анасын қараған. Күйеуі Сәлімжан мен Зылиханың арасындағы байланысты Бибізайып біздерге 1993 жылдары ғана айтты. Осы жылы дүниеден қайтардан сәл бұрынырақ «Бұл Зылиха біздерге не істемеді?» деп, таңғы беске дейін ол жайлы жылап отырып айтқанын қалай ұмытайын?!
Мұнан соң Зылиха Ленинградтағы Равиль есімді полковникке тұрмысқа шығады. Сол полковникпен түскен суретін өзіме де көрсеткен. Мұны да Жұмабаевтардың әулетіне сездіргісі келмес-тен: «Мағжанға жақындау үшін Ленинградқа барып тұрғанмын» деген сылтауды айтты. Полковникпен отбасы болып тұрғанын көзіммен көрдім де ғой. Сол жылдарда сап-сау жүрген белгілі академик Әлкей Марғұланды органның адамдары психологиялық емдеу орнына жатқызған. Ленингрдта Әлекеңнен: «Сіз ауруханада жатқанда Зылиха жағдайыңызды сұрап келді ме? Үйіне бардыңыз ба?» – деп сұрағанымда: «Келген жоқ, мен ол әйелдің табалдырығын аттауға жиіркенемін», – деп жауап берді. Әлекең Зылиха жайында көп нәрсеге қанық болғаннан соң ғана осылай деп отыр. Адам тектен-текке біреуді жек көрмейді. Сол сөзін диктофонға жазып алмағаныма өкінемін.
Зылиха өзге еркектермен бірге тұрып келіп, тек 1960 жылы құжат аларда Зулейха Жұмабаева болып шыға келеді. Құжатта Мағжаннан бес жас үлкендігін жасырып, керісінше өзін бір жас кіші етіп көрсеткен. Мұндай сорақылық болмас. Шындығында оның Зылиха Жалтирова екендігін таныстарының бәрі білетін. Мағжан ағамен мұны сот 1989 жылы ғана некелейді. Бұл құйтұрқылықты қалай түсінуге болады?!
Бір кездері «Қазақ әдебиеті» газетінде Мағжан аға мен Зылиханың «бірге түскен суреті» жарық көрді. Жұмабаевтар әулетінің бірде-біреуі Мағжанның онымен суретке түспегенін біледі. Және мұндай суреті болмағаны анық. Мұны «фотофальшивка» дейді. Екі бөлек екі суретті біріктіріп, кіріктіріп дайындағаны көрініп-ақ тұр. Газеттің сол нөмірі қолымда сақ-талмапты.
Хамза Абдуллин Мағжан ағамыздың шығармаларын, тиісті құжаттарын жинастыруда ұшы-қиырсыз еңбектер атқарды. Сонда оның «Мағжаннан қалған мұралар бар ма?» деген сұрағына Зылиха: «Жабулы қазан жабулы күйінде қалсын. Мұрасын ешкім де білмейді. Тіптен табылатын бірден-бір жол қалмаған. Керек десеңдер, қайда қалғанын да білмеймін…» деп жауап берген. Бұл сөзін қандай оймен айтқанын бір Алла біледі. Мағжан аға туралы біраз мәліметтерді білгім келіп өзімнің де сұрағаным бар. Сонда ол: «Қайда қалғанын білмеймін», – деп немқұрайлы тіл қатқан.
– Сонымен ағаңыздың мұрагерлеріне кім ие болды?
– Ақынның нағыз мұрагері бүгінгі жас ұрпақ!

Осылайша, сұхбат берген жан бүгінде о дүниелік. «Жаныңыз жәннатта болсын асылдың сынығы, аяулы апа» деп, өз аузыңыздан шыққан ащы шындықты тағы бір еске алып, оқырманға қайыра ұсынуды жөн санадық.

Сұхбаттасқан: Қызжібек БӘКІР, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here