COVID-19: Карантиннен кейінгі өмір қандай болмақ?

0
4323

Биылғы көктемде әлем елдері өз тарихында ең ірі оқшаулануды бастарынан өткерді. Шекараларын жапты. Барыс-келіс, алыс-беріс тоқтады. Көзге көрінбейтін жауды жеңу үшін төтенше жағдай мен карантин енгізуге тура келді. Мысалы, 453 млн халқы бар Еуропалық Одақта алғаш коронавирус ағымдағы жылдың 24 қаңтарында Германияда тіркелді. Бастапқыда еуропалықтар бұған мән бере қоймады. Қытайда тараған кезекті індет ретінде қарады. Оның үстіне Еуропалық Одақтың 26 мемлекеті Шенген келісіміне қол қойып, ортақ коалицияға біріккен. Яғни, Шенген аймағының ішінде шекаралық бақылау толығымен алынып тасталған. Осылайша, жері аз, халқы көп еуропалық елдер бір-біріне жақын орналасқандықтан, поляктар Германияға, немістер Франция, француздар Италияға жұмысқа күнделікті барып-келіп істейді. Бұл фактор да Қытайдан басталған коронавирустың кәрі құрлықтағы таралу қарқынын арттырды.

11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) COVID-19 індетіне байланысты пандемия (жаңа ауру түрінің жаһандық ауқымда таралуы) жариялағанда, бір Италияның өзінде 15,1 мың адам індетті жұқтырып, 1,2 мыңы оның құрбаны болды. Сөйтіп, көзге көрінбейтін жау Италия арқылы барлық Еуропалық Одаққа тарады. Содан 26 мемлекет Шенген келісіміне қарамастан 27 жылдан кейін шекараларын қайта жабуға мәжбүр болды. Еуропалық елдер ғана емес, барлық мемлекеттің сондай қадамға барудан басқа амалдары да қалмады. Сөйтіп, екі айлық карантиннен кейін бірқатар елдер біртіндеп қалыпты өмірге орала бастады.

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің карантиндегі және одан кейінгі өмірлеріне тоқталады.

ЕРТЕ ҚАМДАНҒАН ҚАПЫДА ҚАЛМАЙДЫ

2,8 млн халқы бар Литва Шығыс Еуропада бірінші болып оқшаулануды бастады. 26 ақпанда елде төтенше жағдай жарияланды. Екі күннен кейін Балтық елінде COVID-19 індеті тіркелді. Содан екі аптадан кейін Вильнюс карантин енгізді.

Иә, ерте қамданған қапыда қалмайды. Коронавируспен күресте әліптің артын бақпай, сөзден іске көшкен елдерде індетті жұқтырғандар саны айтарлықтай аз. Сондай елдердің қатарында Латвия мен Грузия бар. Қос мемлекет те Литва сияқты ерте шекарасын жауып, төтенше жағдай жариялап, карантин енгізді. Және карантин шараларын қатаң қадағалады. Мысалы, Грузияда үйден шығу мүмкін болмады. Қазір Грузияда 808 адам індетті жұқтырса, көзге көрінбейтін жау 13 адамның өмірін жалмады.

Өкінішке қарай, Грузиямен көрші елдердегі жағдай әлдеқайда күрделі. Айталық, Әзербайжанда 6 860 адам, алақандағыдай Арменияда 12 364 адам өмір мен өлімнің арасында жатыр. Біріншісінде 82 адам, екіншісінде 190 адам індеттің құрбаны болды. Ал, екі миллионның үстінде халқы бар Латвияда коронавирусты жұқтырғандар саны 1 086 адам болса, соның 781-і емделіп шықты.

Қазақстан өз тарихында алғаш рет 16 наурызда елдің барлық аймағында төтенше жағдай жариялады. Қырғызстан төтенше жағдайды елдің барлық аймағында жариялаған жоқ. Коронавирустың ошағы анықталған ірі қалалармен ғана шектелді.

Әлемнің ең ірі елдерінің бірі Ресей Федерациясы төтенше жағдайды енгізуге талпынған да жоқ. Карантиндік шараларды да асықпай қолға алды. Бастапқыда, 30 наурызда 146 млн халқы бар елде бір апталық демалыс жарияланды. Яғни, ресейліктер бір апта жұмысқа бармады, бірақ айлықтары сақталды. Ал, карантиндік шараларды енгізу еркі аймақтардың өздеріне берілді. Солтүстіктегі көршіміз шекарасын да кеш жапты. Соның салдарынан коронавирус жұқтырғандар саны бір айда еселеп артты. Бүгінде олардың саны 500 мыңға жақындады. Адам шығыны да аз емес. 6 мыңдай адам өмірмен коштасты.

Еуропаның барлық елі коронавируспен күресіп жатқанда, Беларусь арқаны кеңге салған кәрі құрлықтағы жалғыз ел болды.  Еуропалықтар жаппай шекарасын жаба бастағанда Беларусь басшысы Александр Лукашенко: «Ну закроете границы, и что?  Границы были закрыты, но сегодня весь мир заболел коронавирусом. При таком глобальном общении – это пустое. Надо на месте спокойно работать по всем направлениям» – деп, коронавирусқа салғырт қарады. Содан Президенттің айтуымен Беларусь халқы алаңсыз өмір сүре берді.

Наурыз айының басында 9,4 млн халқы бар елде коронавирустың алғашқы дерегі тіркелді. Әдеттегідей Лукашенко: «Для паники у нас нет никаких оснований. Но есть люди, которые перестраховались, начали эти маски и спецодежду надевать. Мы не возражаем. Только не должно быть ненужных телодвижений, не должно быть никакой паники», – деп мәлімдеді.

Індетті жұқтырғандар саны елуден асқанда Лукашенко: «Я когда-то обмолвился о том, что людям надо, чтобы бороться с разными вирусами, в том числе и с этим, чаще ходить в сухую парилку. Поскольку COVID-19 не любит высоких температур и при плюс шестидесяти, как меня проинформировали специалисты, погибает. То есть если из сауны выйти и помыть не только руки, но и внутрь сто грамм, то я (как человек непьющий не пропагандирую это) нормально буду воспринимать» – деп, көзге көрінбейтін жауды жеңу үшін моншаға барып, арақ ішуге кеңес берді.

Президентінің бұл кеңесіне Беларусь халқының қаншалықты құлақ түргені белгісіз, дегенмен коронавирусты жұқтырғандар саны елде арта берді. Халық қатты үрейленді. Сонда Лукашенко: «Ящик включил – коронавирус! Утюг включил – коронавирус! Чайник включил – коронавирус! Конечно, мы на это реагируем, но мы не забываем, что вирусов у нас сейчас, как обычно, море. Не надо дурью заниматься там, где не надо. Нас же всегда учили: надо, чтобы проветренное помещение было; надо, чтобы на свежем воздухе, и прочее. Надо у костра посидеть погреться, подышать этим дымом, гарью и прочее. Ну, бороться надо», – деп халқын сабырға шақырғандай болды.

Індетті жұқтырғандар саны 1,5 мыңнан асқанда да Минск төтенше жағдай да, карантин де енгізген жоқ. Оның себебін Лукашенко былайша түсіндірді: «Самая опасная эпидемия – это паника. У нас тут разглагольствуют: «Карантин, комендантский час!» и прочее. Слушайте, это проще всего, это мы сделаем в течение суток. Но жрать что будем?».

23 сәуірде коронавирусты жұқтырғандар саны 8 мыңнан асып, 23 адам оның құрбаны болғанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қағып, Минскті отпен ойнамауға шақырды. Бірақ, бұған Лукашенко пысқырмады да.

«В Беларуси нет ни одного умершего чисто от коронавируса. Белорусы, которым поставили диагноз COVID-19 и которые скончались, умерли не от коронавируса, а от «букета хронических болезней», которые у них были», – деді Беларусь басшысы.

Мәскеудің өзі Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өтуді кейінге қалдырғанда, Беларусь 9 мамырда дүркіретіп әскери парад өткізді. Бұл елде осы күнге дейін ешқандай шектеу болмады. Өкінішке қарай, Лукашенко «В Беларуси коронавируса нет» деп қанша айқайласа да, халқы аз елде COVID-19 індетіне бүгінде 46,8 мың адам шалдықты. Ресми мәлімет бұл індеттен 259 адамның қаза тапқанын алға тартады. Дегенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Беларусьтің нақты мәліметті жасырып отырғанына сенімді.

«Ауруын жасырған өлетінін» білсе де, 9,1 млн халқы бар Тәжікстан да ұзақ уақыт коронавирус тіркелгенін әлемнен жасырып келді. Содан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері аттың басын Тәжікстан жаққа бұрғанда ғана (30 сәуірде) Душанбе коронавирусты 15 адам жұқтырғанын мойындады. Айналдырған бір айдың ішінде коронавирусты жұқтырған 4 мыңнан астам адам анықталды. Сарапшылардың айтуынша, олардың қатары тым көп болуы мүмкін. Өйткені, онсыз да өлместің күнін кешіп отырған ел  коронавируспен күреске көңіл де, қаржы да бөлмеген.

6 млн халқы бар Түркіменстанның ресми статистикалық мәліметіне сенсек, республика азаматтарының бірде-бірі COVID-19 вирусын жұқтырмаған. Пандемия кезіндегі Түркіменстан билігінің ұстанған саясатына «Qazaq» газетінің бесінші бетінде арнайы тоқталдық.

КАРАНТИН КЕЗІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ

Көзге көрінбейтін жау азық-түлік нарығынан басқа салалардың бәрін де жеңгендей әсер қалдырады. Өйткені, коронавирус әлем экономикасын тығырыққа тіреді. Төтенше жағдай мен карантин кезінде жұмыссыз қалған халықты қолдау да өз алдына бөлек әңгіме. Сонымен, халық пен бизнеске қолдау көрсеткен Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның бірқатар елдеріне тоқталайық.

Эстония, Латвия, Литва, Польша, Чехия, Словакия сияқты Шығыс Еуропа елдері жұмыссыз қалған тұрғындарына айлықтарының 70-90 пайызын өтеді. Балтық елдері қосымша өтемақы төледі. Молдова жұмыссыз қалғандарға бір реттік 140 доллар көлеміндегі жәрдемақы берді. Ұзақ уақыт карантиннен қашқан Ресей Федерациясы мамырда 15 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға әр бала үшін 140 доллардан тағайындады. Ал, 41,7 млн халқы бар Украинада көршілеріндей өз халқына көмек көрсетуге мүмкіндігі жоқ. Содан зейнеткерлерге ғана 35 доллардан үлестірді.

Қосымша әлеуметтік төлемдер төлеуге Орталық Азия елдерінің қалтасы көтермеді. Қазақстанда ғана 42,5 мың теңгеден 4,6 млн адамға көмек берілгенін білесіздер.

Бизнесті қолдауда Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері белсенділік танытты. Олар экономиканы көтеруге, кәсіпкерлікті қолдауға қомақты қаржы бөлді. Оның сыртында салық жеңілдіктері тағы бар. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдауда Беларусь пен Түркіменстан ғана қалыс қалды.

Армения Үкіметі бизнесті қолдауға 300 млн доллар бөлді. Бұл қаржы коронавирустан жапа шеккен салаларға несие ретінде беріледі.

Литвада жұмыс орындарын сақтап қалу мақсатында әлеуметтік инвестициялық қор құрылды. Оған ел бюджетінен 100 млн евро бөлінді. Соның арқасында жабылудың алдында тұрған компанияларды банкроттықтан сақтайды.

Эстония кәсіпкерлікті қолдау бағытында арнайы бағдарламаны қабылдады. Бағдарлама аясында пандемиядан қыруар шығынға батқан кәсіпкерлерге қаржылай көмектеседі. Мысалы, 25 млн евро туризм саласына бөлінеді. Салық, жарық, жылу төлемін де азайтты.

Қазақстан да шағын және орта бизнесті қолдауға кірісіп кетті. Ал, халықтың тұрмысын түзеуге, экономиканы көтеруге мүмкіндігі жоқ елдер дамыған елдерден, қаржылық ұйымдардан көмек сұрады. Мәселен, Еуропалық Одақ Беларусь, Украина, Молдова, Грузия, Армения, Әзербайжан елдеріне 960 млн евро бөлді. Украина, Грузия, Өзбекстан Еуропалық қайта құру және даму банкінен қаржылай көмек алды. Дүниежүзілік банк Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанға материалдық қолдау көрсетті.

Халықаралық валюта қоры Молдоваға 235,1 млн, Арменияға 175 млн, Грузияға 375,6 млн, Қырғызстанға 242 млн, Тәжікстанға 189,5 млн, Өзбекстанға 374,3 млн доллар көлемінде қайтарымсыз қаржы берді. Халықаралық валюта қорынан Беларусь 900 млн доллар көмек, Украина 5 млрд доллар несие алуға үмітті. Қазір келіссөздер жүріп жатыр. Ал, Еуропалық Одақ Киевке 1,2 млрд евро несие беруге келісті.

Қазіргі уақытта әлем экономикасының қаншалықты шығынға бататынын нақты айту қиын. Өйткені, коронавирустың беті әлі бері қараған жоқ. Бір анығы, әлем үшін коронавирустың құны тым қымбатқа түседі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Тірі адам тіршілігін жасайтыны» белгілі. Карантинге бірінші кеткен Шығыс Еуропа елдері одан алғашқы болып шыға бастады. Сәуірдің ортасында Чехия, Литва, Польша, Словакия карантиндік шараларды жеңілдетті. Бұл елдердің халқы үйден шықты. Мамырдың басында Грузия, Армения, Қазақстан, Өзбекстан төтенше жағдай режимін алып тастады.

Чехия алғашқылардың бірі болып кәсіпкерлерге шекарасын ашты. 15 мамырда Балтық елдері бір-біріне шекараларын ашып, алыс-берісті, барыс-келісті жандандырды.

Маусым айының басынан бері Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері біртіндеп қалыпты өмір арнасына түсіп келеді. Қазір көрші елдерге шекараларын ашуға дайындалып жатыр. Грузия 1 шілдеден бастап туристерді қабылдайды. Бірақ, биыл бұл елге шетелдік туристердің көптеп келетініне сену қиын. Мысалы, былтыр Грузияға келген туристердің саны 9,3 млн болса, соның басым бөлігін ресейліктер құраған. Ал, Ресей Федерациясында коронавирустың беті бері қараған жоқ. Яғни, Мәскеудің сыртқы шекарасын қашан ашатыны белгісіз. Шекара ашылғанның өзінде Мәскеу биыл ресейліктерге сыртқа шықпауға кеңес берді.

Әлемді әбігерге салған коронавирустың беті бері қарамағандықтан, қазір болжам айтудың өзі артық.  Айталық, күні кеше ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда коронавирустың екінші толқыны мамырда басталып кеткенін мәлімдеді.

«Қазақстанда коронавирустың бірінші толқыны болды: сәуірдің екінші жартысында індет шарықтау шегіне жетіп, ауру жұқтырғандардың саны артты. Мамырдың ортасында індет жұқтырғандардың саны қайта өсті. Бұл коронавирустың екінші толқыны басталғанын білдіреді», – деді Елжан Біртанов.

Дегенмен, министрдің айтуынша, бұл коронавирустың әлемді күтіп тұрған қауіпті екінші толқыны емес, нағыз екінші толқын қазанда, маусымдық эпидемиялар басталғанда болады.

Иә, көзге көрінбейтін жауды әлемдік қауымдастық әлі жеңген жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы эпидемияның екінші толқыны болатынын да ескертті.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here