ГҮЛНАРА КАРИМОВА. ТҮРМЕГЕ ТОҒЫТЫЛҒАН ӨЗБЕК ХАНШАЙЫМЫ

0
297

Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын Өзбекстанның тұңғыш президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримованың төрт құбыласы түгел еді. Жалғанды жалпағынан басып жүрді. Шалқып өмір сүрді. Болашағынан үміт күттірген әнші, әлемді шарлаған сәнгер атанды. Әкесінің арқасында мансабы тез өрлеп, аяқ астынан дипломат болып шыға келді. Иә… Гүлнара – дипломат! Гүлнара – бизнесвумен! Гүлнара – дизайнер-модельер! Гүлнара – әнші! Гүлнара – меценат болды! Дегенмен, әкесінің көзі тірісінде-ақ өзбек ханшайымының іштегі, сырттағы былықтары әшкере болып, ақыры темір торға тоғытылды.

46 жастағы Гүлнара Каримованы қылмыстық қудалау әкесінің көзі тірісінде – 2013 жылы қазанда басталды. Сол жылы швециялық басылымдар Өзбекстанға инвестиция салуға ықылас білдірген халықаралық коммуникациялық компаниялардың Гүлнара Каримоваға пара беруге мәжбүр болғандары туралы жарыса жазды. Шулы мақалалардан кейін Швеция, Швейцария, Нидерланды, АҚШ және басқа елдерде тергеу басталып, ірі телекоммуникациялық компаниялардың іс-әрекеті тексерілді. Сөйтіп, ерке қыздың сыбайлас жемқорлыққа қатысы бары, оның қылмыстық істері нәтижесінде мемлекетке 2 млрд АҚШ доллары көлемінде зиян келгені, әлемнің 12 еліндегі қыруар қаржысы мен дүние-мүлкі анықталды (инфографиканы қараңыз).

Атақ пен даңққа, байлық пен дәулетке әбден мастанған қыз әкенің айтқанына да көнбеді. Алдымен Өзбекстанның жоғары лауазымды шенеуніктеріне, кейіннен өзі-нің анасы мен сіңлісіне түрлі айып тақты. Содан Ислам Каримов 2014 жылы үлкен қызын елге жария етпей үй қамаққа алды. Темір торға қамалған тоты құстай болған қыз айтқан бетінен қайтпады. Дегенмен, қарға баласын «аппағым», кірпі баласын «жұмсағым» дейтіні рас. Өзбекстан басшысы «өз қолын өзi кесе алмады». Солай жүргенде Каримов әулетінің дәурені келмеске кетті. Өзбекстанды 27 жыл басқарған Ислам Каримов 2016 жылы өмірден өтті. Президенттің қазасы заң бойынша үй қамауда қалған Гүлнараның жағдайын қиындатты.
Осы айдың басында аты шулы Гүлнара Каримова темір торға тоғытылды. Бұл туралы Өзбекстанның Бас прокуратурасы хабарлады.
Экс-президенттің қызы заңсыз жолмен тапқан ақшаны қайтарып, мемлекетке кел-тірілген шығынды толық өтеуге уәде бергендіктен сот оны түрмеге жаппай, бас бос-тандығына шектеу қойған-ды. Алайда, оның заңды бірнеше рет бұзғаны анықталды. Осы жағдайдан кейін көрші елдің құзырлы органдары Гүлнара Каримованы жалпы тәртіптегі колонияға қамауға шешім шығарыпты.
«Сотталушы Каримова бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны қызы Иман Каримованың тұрғылықты мекенжайында өтейтінін өзі таңдап алған. Сотталушы заң бойынша бекітілген жалпыға ортақ тәртіпті қатаң сақтауы қажет болатын. Оның ішінде үйден шықпау, интернет пен байланыс құралдарын пайдаланбау талабы да бар. 2018 жылдың 22 қарашасында Гүлнара Каримова тұрғылықты мекенжайынан өз еркімен шығып кеткен. Оған ескерту жасалды. Бірақ, ескертулерге қарамастан Каримова бас бостандығын шектеу туралы жазаның тәртібі мен шартын қасақана бұзды. Ол байланыс құралы мен интернетті пайдаланып, мемлекетке келтірілген шығынды қайтаруға бірнеше рет кедергі келтірді», – делінген Өзбекстан Бас прокуратурасының ресми сайтында жарияланған хабарламада.
Сондықтан 2019 жылдың 5 наурызында Ташкенттегі қылмыстық істер бойынша мамандандырылған Яшнабад ауданаралық соты Гүлнара Каримованың бас бостандығын шектеу туралы жазасын түрмеге қамау жазасына ауыстырды. Енді өзбек ханшайымы жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтейтін болды.

Гүлнара – дипломат! Оның саяси мансабы 1995 жылы Өзбекстанның Сыртқы істер министрінің кеңесшісі қызметінен басталды. Әр жылдары Сыртқы істер министрінің орынбасары, Өзбекстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі, Өзбекстанның Швейцариядағы, АҚШ-тағы елшісі қызметтерін атқарды. Басына қара бұлт үйірілген 2012 жылға дейін Өзбекстанның Испаниядағы елшісі болды. Сарапшылар оны елді 27 жыл басқарып, 2016 жылы қайтыс болған әкесінің биліктегі мұрагері санап келді. Марқұм президенттің тұңғыш қызы да бұл «тақтан» кет әрі емес еді. Дегенмен, Гүлнара Каримова соңғы жылдары Батыста және Өзбекстан ішінде жемқорлық дауына ілініп, істі болып, үлкен саясаттан шеттетілді.

Гүлнара – меценат! Өзбекстанның мәдениет және өнер қорын басқарды. Аталған қор 8 жыл бойы жүздеген рухани іс-шаралар өткізіп, өнер иелеріне материалдық қолдау көрсетті. Оның бастамасымен жыл сайын «Өмір үшін» қайырымдылық марафоны қолға алынып, марафоннан түскен қаржы ракпен ауыратын әйелдердің еміне жұмсалды.

Гүлнара – әнші! Кезінде Өзбекстанның көптеген әншісіне материалдық қолдау көрсеткен Гүлнараның өзі де әнші болуға тырысты. Оның өнеріне Линда, Глюк’oZa, Иракли, Юлия Савичева, Наргиз Закирова сынды әншілердің жолын ашқан ресейлік продюсер Макс Фадеев жетекшілік етті. «Round Run» деп аталған алғашқы ән жинағы 2012 жылы тыңдарманға жол тартты. Хулио Иглесиас, Монсеррат Кабальедей әлемдік жұлдыздармен ән де жазды. Бірнеше бейнебаян түсіріп те үлгерді. Сол бейнебаяндарының біріне атақты Жерар Депардье түсті. Сөйтіп, Googoosha атты сахналық бүркеншек атпен өнер көрсеткен әншінің әнін өзбектер 2014 жылға дейін жатқа шырқап келді.

Гүлнара – дизайнер-модельер! Модельер-дизайнер ретінде өзінің «GULI» брендін қалыптастырып, әйелдерге арналған сәнді киімдер, әшекей бұйымдар, бағалы иіссулар мен табиғи опа-далаптар топтамасын көпшілік назарына ұсынды. Мәскеу, Нью-Йорк, Милан сән апталықтарына қатысты.

Гүлнара – әйел-ана! Гүлнара Исламқызы 1991 жылы Ауғанстанның этникалық өзбегі, АҚШ азаматы Мансұр Максудиге тұрмысқа шығып, өмірге Ислам есімді ұлды, Иман есімді қызды әкелді. Күйеуімен 2001 жылы ажырасты.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here