Күн тәртібіндегі мәселе: Жеңіл өнеркәсіптің ауыр жолы

0
10951

Жеңіл өнеркәсіп – тұрғындарды жұмыспен көбірек қамтуға мүмкіндік беретін әлеуметтік маңызы зор саланың бірі. Тек жеңіл өнеркәсіптің өзінен бюджетінің 20 пайызын құрап, экономикасына әжептәуір пайда келтіріп отырған елдер бар. Айталық, Үндістан, Қытай, Түркия елдерінде еңбекке жарамды халықтың 20 пайызы осы кәсіппен шұғылданады. Бұған сол елдерде еркін экономикалық аймақтардың құрылуы, жеңілдетілген салықтар, пайызы төмен несиелер, мемлекеттік инвестициялар оң ықпалын тигізгенін ешкім жоққа шығармайды.  Жеңіл өнеркәсіп саласы Португалияда жалпы ішкі өнімінің 22 пайызын құрайды. Ал, бұл көрсеткіш Қытайда – 20 пайызға, Үндістанда – 15 пайызға, Италияда – 12 пайызға, Түркияда – 10 пайызға тең. Әлемдегі матаның 30 пайызын – Қытай, 14 пайызын – Малайзия, 10 пайызын – Үндістан шығарады. Түркиядағы 40 мыңға жуық фабрикада 2 миллионнан астам адам еңбек етеді. Өкінішке қарай, Қазақстаннан 40 мың фабрика тұрмақ, ірі 40 фабриканың өзін таппайсыз.

Өзгесін айтпағанда, іргеміздегі Ресей Федерациясы, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасында да жеңіл өнеркәсіптің үлес салмағы жыл сайын артып келеді. Ал, өз елімізде оның жай-күйі мәз емес.

Бірден басын ашып айтуға болатын мәселе – қазіргі біртұтас экономикалық кеңістік жағдайында республикамызда жеңіл өнеркәсіптің өрісін өсіруге тың қадамдар ашылмақ. Әсіресе, жаңа кезеңде шикізат пен тасымал мәселесін тиімді шешуге мүмкіндік мол. Осы арқылы жеңіл өнеркәсіпке жұмсалатын шығын мөлшері азаймақ. Дегенмен, әлі нақты қадам жасалмады.

Елімізде аталмыш саланы дамытуға қажетті база мен ғимараттар жеткілікті екені де рас. Бүгінде мұндағы басты мәселе құрал-жабдықтардың ескіргенінен, жаңа технологиялардың, мамандардың және шикізаттың тапшылығынан туындайды.

Рас, ресми деректер отандық тігін және тоқыма өнімдері ішкі қажеттіліктің 10 пайызға жуығын өтеп тұрғанын көрсетеді. Сонда киім-кешек өндірісінің 90 пайызы импорт арқылы сырттан келеді. Сөз жоқ, мұндай жағдайда жеңіл өнеркәсіптің бағы жана алмайды.

Дамыған елдер бұл салада алға шығып кеткенін жоғарыда қысқаша айттық.  Ал,  алысты айтпағанда, көршілес айыр қалпақты мен ала шапанды ағайындар да жеңіл өнеркәсіптің тасын өрге домалатып отыр. Содан қазақстандық өндірушілер арзан өніммен жұмыс істейтін көршілермен бәсекеге түсе алмай жатқан жайы бар.

Қазақстанның тоқыма саласының дамуына шымкенттік жеңіл өнеркәсіп өкілдері де өз үлестерін қосып келеді. Дегенмен, Шымкентте осыған дейін «Меланж» және «Ютекс» атты ірі тоқыма фабрикалары банкротқа ұшыраса, «OXY Textile» жіп иіру фабрикасының есігіне біраз уақыт қара құлып салынып тұрды.  2017 жылы соңғысы «Azala Cotton» деген жаңа атаумен жұмысын қайта жандандырды. Аталған компанияның басқарушы директоры Берік Қыдырәлиевтің айтуынша, бүгінде олар жартылай қуатта жұмыс істейді. Ал, демпингтік саясат ұстанатын (бәсекелестерді нарықтан ығыстыру үшін тауарларды өзге елде төмен бағада сату саясаты) өзбекстандық анағұрлым арзан өнімдермен қазақстандық жеңіл өнеркәсіп өкілдері бәсекеге түсе алмайды.

Осы арада «Сонда Өзбекстанның киім-кешектері, маталары неге арзан?» деген заңды сұрақ туады. Өзбекстандық өнімнің арзан болуына бірнеше фактор әсер етеді.

Біріншіден, көрші елдің ішкі нарығында мақта-талшық ливерпульдік тауарлы-шикізаттық биржадағы бағадан 15% жеңілдікпен сатылады. Және бұл шикізаттың ақшасын 90 күн ішінде бөліп төлеуге болады. Демек, бұл қаржы құралдарының айналымынсыз-ақ жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ал, біздің кәсіпорындар мақта-талшықты биржалық бағамен сатып алып, оның толық төлемін бір жыл бұрын жасауы тиіс.

Екіншіден, Қазақстанға қарағанда Өзбекстанда жалақы көрсеткіші төмен болған-дықтан, кәсіпорынның еңбекақыға кететін шығыны 15%-ға аз болады.

Үшіншіден, жеңілөнеркәсіп саласына Өзбекстан билігі мықты қолдау көрсетеді. Ол қолдауларға төменде арнайы тоқталамыз.

Міне, мұның бәрі Өзбекстанда дайын өнім бағасының 30%-ға төмендеуіне әкеледі.

Өзбекстан шикізатпен ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп, жеңіл өнеркәсіп саласымен айналысатын кәсіпорындарды барлық салық түрлерінен босатып, мемлекеттік қолдау көрсетеді. Мәселен, мақта-талшық экспортын қысқартты. 2000 жылы 1 млн тонна мақта-талшық сыртқа сатылса, бұл көрсеткіш 2018 жылы 500 мың тоннаны құрады. Яғни, шикізаттың жартысын ішкі нарықты қамтамасыз етуге жұмсады. Ташкенттің осындай ауқымды жұмыстары жеңіл өнеркәсіптің жұмысын жеңілдете түсті. Нәтиже көп күттірген жоқ. Соңғы үш жылда көрші елде 50 ірі тоқыма кәсіпорыны іске қосылып, 1400-ге жуық ірі фабрикалар есігін айқара ашыпты. Демек, отандық киім-кешектер қатары көбейіп, мыңдаған адам жұмыспен қамтылды.

Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 70 мың тонна қазақстандық мақта-талшықтың жыл сайын бар болғаны 13 мың тоннасы ғана қайта өңделеді. Қалған 57 мың тоннасы шикізат күйінде сыртқа сатылады.

«Жеңіл өнеркәсіпті мемлекеттік қолдау қажеттілігі мәселесін біз көп жылдан бері көтеріп келеміз. Алайда, ештеңе өзгерер емес. Өзбекстанда жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамуда. Бұл салаға олар қатты басымдық береді. Жеңіл өнеркәсіп саласын тікелей республика премьер-министрінің орынбасары басқаратындығының өзі көп жайды аңғартады. Осылайша, барлық мәселелер тікелей шешіле береді. Саланың барлық кәсіпорындары салықтың бүкіл түрінен босатылған, бұл өте күшті қолдау. Қазақстан сияқты Өзбекстан да бұрын 90%-ға жуық шикізат экспорттады. Соңғы жылдары саясат өзгеріп, мақтаны ел ішінде барынша көптеп қайта өңдеуге тапсырмалар берілген. Оларда мақтаны қайта өңдеу бойынша бүтін бір бағдарлама жасалып, қабылданған. Соның арқасында қаншама кәсіпорын ашылып, қаншама жаңа жұмыс орындары құрылды. Біздің мақта-тоқыма саламызда бүгінгі таңда кәсіпорындар саны болмашы. Солардың ішінде ең ірісі – «AZALA Textile», қалғандары – шағын кәсіпорындар», – дейді Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының ассоциациясының президенті Любовь Худова.

Шымкент кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Бауыржан Бердалиев Өзбекстанның бәсекелестікке қабілетті артықшылықтары ретінде салықтан босатылуынан бөлек, өнімді экспортқа тікелей жеткізетін арнайы компанияның құрылғанын, шикізатты сатып алатын кепілдендірілген мемлекеттік тапсырыстың барын, өнімді өткізу мәселесінің жоғын тілге тиек етті.

«Барлық кезеңдерінде, яғни, шикізатты өсіруден бастап, өндіріске және қайта өңделген өнімді экспорттауға дейінгі аралықта көрші республикада оны арзандату процесі жолға қойылған. Өзбекстанның бұл тәжірибесін біздің елде қолдансақ, жеңіл өнеркәсіптің бағы ашылар еді. Ұсыныстар салалық ведомстволарға бағытталды, мәселе түрлі алаңдарда бірнеше рет көтерілді, соның ішінде елдің премьер-министрінің алдында айтылды. Бірақ, мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр. Ештеңе өзгермейтін болса, мемлекеттік қолдау ойдағыдай көрсетілмесе, елдің тоқыма саласының жағдайы нашарлай береді», – дейді Бауыржан Бердалиев.

Шымкент кәсіпкерлер палатасы өткен жылы Қазақстанға Өзбекстаннан 40 млн доллардан астам сомаға тоқыма өнімдері әкелінгенін анықтады.

Тамыз айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстанның жеңіл өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың «Altyn Oimaq» бірінші форум-көрмесінде ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қанат Баитов Қазақстан Өзбекстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын мемлекеттік қолдау шаралары бойынша тәжірибесін зерттеуге ниетті екенін айтты. Әсіресе, бұл субсидиялау немесе шығындарды қайтару жөнінде болуы мүмкін.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің өндірістік көлемі 2019 жылдың алғашқы жартысында 16,7%-ға көбейді.

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының мәліметі бойынша, бүгінде еліміздің үшінші мегаполисінде жеңіл өнеркәсіп саласында ірілі-ұсақты 130 компания жұмыс істейді, мұнда саладағы барлық отандық өнімдердің төрттен бірі, яғни 23%-ы шығарылады.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq»-тың Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here