ҚАЗАҚ ӨЗ ҰЛЫН НЕГЕ ӨЗЕККЕ ТЕПТІ?

0
316

2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында грек-рим күресінен сынға түскен қандасымыз Елмұрат Тасмұратов қырғыз халқының үкілі үміті болған Арсен Ералиевті жеңіп, Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Осылайша, кезінде бірнеше мәрте Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрамаға қабылданғысы келген әрекеті сәтсіз аяқталған өзбекстандық қазақ Рио төрінде Өзбекстанның туын көкке көтеріп, өзінің мықтылығын сөзімен емес, ісімен дәлелдеді.

Елмұрат Тасмұратов 1991 жылы 12 желтоқсанда Өзбекстанның қазақтар көп тұратын Бостандық ауданында дүниеге келеді. Ата-анасы болашақ чемпионды 2004 жылы тарихи Отанына жібереді. Төрт жыл қатарынан Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалардың спорт мектеп-интернатында білім алады. Татами төрінде шашасына шаң жұқпаған жас балуан жақсы қырынан көрініп, Қазақстан ұлттық құрамасына алынатын кандидаттардың бірі болады. Дегенмен, 2008 жылы Дәулет Тұрлыханов атындағы турнирде жеңіліп, бұл мүмкіндікті жіберіп алады.
Өзбекстанға 2010 жылы қайта оралған қандасымыз: «Түркістандағы Саттарханов мектебінің түлегімін. Оқушы кезімнен Азия чемпионаттарына, әлем біріншіліктеріне баруды армандадым. Бірақ, Қазақстан құрамасында орын табылмағандықтан, қайтадан Өзбекстан азаматтығын алып, осы елдің чемпионатын ұтып, ұлттық құрамасына қабылдандым» – деп, сол кезде халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғауға мүмкіндігінің болмағанына өкініш білдіреді.
Жылдан-жылға шыңдалып, қарқынына қарқын қосып келе жатқан Елмұрат Тасмұратов әлемдік деңгейдегі спортшы. Соңғы жылдары Азия құрлығында өз салмағында алдына ешкімді салар емес. Атап айтқанда, 2012 жылы Оңтүстік Кореяда күміс медаль иеленген қандасымыз 2013 жылы Үндістанда чемпион болса, бір жылдан кейін осы атағын Астана төрінде қайталады. 2015 жылы Катарда, 2018 жылы Қырғызстанда қарсылас шақ келтірген жоқ. Яғни, Азияның төрт дүркін чемпионы.
Әлемдік деңгейде де жетістігі аз емес. 2013 жылы Будапеште өткен әлем чемпионатында ол Қазақстан ұлттық құрамасының балуаны, Лондон мен Рио Олимпиадасынан жүлдесіз қайтқан біздің Алмат Кебіспаевты жеңіп, қола медаль алды. 2014 жылы Ташкентте өткен әлем біріншілігінде де жүлдесіз қалмады – қола медаль иеленді. 2018 жылы Будапешттегі әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Өзбекстан құрамасындағы қазақ балуаны Лондон Олимпиадасында (2012) кеткен есені (16-орын) 2016 жылы қайтарып, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.
2020 жылы Токио Олимпиадасына қатысуды жоспарлап отырған қандасымыз: «Өзбекстанда маған барлық жағдай жасалған. Ата-анам да сонда. Құрамамен бірге оқу-жаттығуларға шығамын. Бастысы, жанкүйерлерімнің сенімін ақтадым», – деп ағынан жарылыпты Рио Олимпиадасынан кейінгі сұхбаттарында.
Иә, кезінде Қазақстан ұлттық құрамасы сырт айналған Өзбекстандағы 27 жастағы қандасымыз халықаралық ареналарда көрші елдің мерейін өсіріп, абыройын асқақтатып жүр.
Әрине, қазақ баласы әлемнің қай елінде тұрып, қай елдің атынан өнер көрсетемін десе – өз еркі, оның жеңісі, қайткенде де, бар қазаққа ортақ қуаныш, ортақ абырой болары даусыз. Дегенмен, өз ұлдарымызды өзекке теуіп, басты спорттық дода саналатын Олимпиада ойындарына көптеген легионерлер апарып жүргеніміз өкініш тудырады. Осы жағы бізді ойлантуы тиіс!

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here