29 тамыз – Жалпыұлттық аза тұту күні

0
7975

Бүгін, 28 тамызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 192,2 мың оқырманы бар Twitter парақшасында (@TokayevKZ) 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялайтыны туралы жазба қалдырды.

«Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиғаға байланысты 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Қаза болған әскери қызметшілер мен құтқарушылар ерен ерлік пен нағыз жанқиярлық көрсетті. Ерлеріміздің есімі ел жадында мәңгі сақталады» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы оныншы қаралы күн. 2006 жылы Қарағанды облысындағы шахталардың бірінде жарылған метаннан 41 адам опат болғанда Қазақстан халқы алғаш рет аза тұтты. 2008 жылы Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Абай» шахтасында тағы да метан жарылып, 30 адам қайтыс болғанда, 2010 жылы Қызылағаш су қоймасындағы бөген бұзылып, 45 адам қаза тапқанда, 2012 жылы Үшарал отрядының «Сары бөктер» заставасында 12 шекарашы мен қорықшы Владислав Челах қолынан өмірден өткенде, 2012 жылы Шымкент маңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің ұшағы құлап, борттағы 27 адам бақилық болғанда, 2013 жылы Алматы маңындағы Қызылту ауылына жақын жерде Scat компаниясының Көкшетау-Алматы бағытындағы әуе рейсі жерге құлап, 21 адам көз жұмғанда, 2016 жылы Ақтөбе қаласында радикалды ұстанымдағы қылмыстық топпен қарулы қақтығыс кезінде 21 адам ажал құшқанда, 2019 жылы Bek Air әуе компаниясының ұшағы Алматы әуежайында 2 қабатты үйге соғылып, 12 адамның жанын жалмағанда қаралы күн жарияланды. Соңғы рет былтыр 13 шілдеде еліміздің Туы тұғырдан түсіріліп, коронавирустан қайтыс болғандарды үнсіздікпен еске алды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here