Жерлестеріне 1 000 үй салып берген боксшы

0
3501

Қазақтың танымында «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген әдемі ұғым бар. «Жігітке жеті өнер де аздық етеді» деу де құлаққа сіңісті. Бұл сөздер әшейін қызылсөзге жел беруден туған нәрсе емес, белгілі бір негізге сүйенуден туындаған тұжырым. Ал, мұндай бағаға лайық әлемде тұлғалар аз емес. Оларды санамалап жатудың қажеті де жоқ, әрине. Дегенмен, солардың бірі – әлемге әйгілі 40 жастағы Мэнни Пакьяо туралы әңгіме бөлек. Неге десеңіз, ол – боксшы, ол – қайраткер, ол – меценат, ол – саясаткер, ол – актер, ол – сүйікті жар, ол – асқар тау әке, ең бастысы ол – ұлтын сүйген ұлы жүректің иесі.

2 000 отбасының қоныс тойы. Танго ауылы. Филиппин. 2016 жыл.

КЕДЕЙ ОТБАСЫНАН ШЫҚҚАН ТҰЛҒА

Мэнни Пакьяо (азан шақырып қойған есімі – Эммануэль Дапидран) – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Филиппин Республикасының әлемге әйгілі кәсіпқой боксшысы, саясаткер, актер әрі мультимиллионер. Сегіз салмақ дәрежесінде чемпион болған әлемдегі жалғыз боксшы. 2006, 2008, 2009 жылдары әлемнің ең үздік боксшысы атанды. Алайда, оның балалық шағы ауыр болғанын, спорттағы ірі жеңістеріне оңайлықпен жетпегенін біреу білсе, біреу білмес.
Әлемге әйгілі боксшы 1978 жылы 17 желтоқсанда кедей отбасында дүниеге келді. Алты ағайынды. Бала жасынан боксқа құмар болып өсті. Бірақ, бала күнінде бокспен шұғылдануына, мектепте білім алуына отбасының қалтасы көтермеді.
13 жасында оның әкесі отбасын тастап кетеді. Бала Мэнни мектептің орнына көшеде азық-түлік сатып, анасы мен бауырларына қолқабыс етті. Ал, қара жұмыс боксқа деген махаббатын өшіре алмады. Күндіз қара жұмыс, түнде бокспен айналысты. 14 жасынан ақша үшін шаршы алаңға да шықты. Бұдан қаражат та таба бастады. Бір жұдырықтасудан шамамен екі доллар пайда табатын. Бұл 25 келі күріш сатып алуға жететін ақша еді. Осылайша, қаршадай бала отбасын асырайтын халге жетті.
Мэнни Пакьяо 14 жасында бокспен кәсіби түрде айналысу үшін Филиппин астанасы Манилаға аттанады. Алайда, болашақ чемпионға бастапқыда ел астанасында оңай болмайды. Жоқшылық, жұмыссыздық алдынан шығады. Тағдырдың басқа салған тауқыметіне мойымауға тырысқан Мэнни күндіз жергілікті қоқыс алаңында темір кесуші болса, түнде шаршы алаңда жаттығып жүреді. Жаттығу залын паналайды.
Айта кетейік, кейін аяққа нық тұрған боксшы сол жаттығу залын сатып алып, оны бокс мектебіне айналдырды.
16 жасқа толған Мэнни Пакьяоны жаттығу залының басшысы АҚШ-қа аттандырады. Онда американдық телеарнаның бірінде боксшыларға арналған шоуға қатысады. Бұл бәсекелерде барын салды. Өйткені, ондағы табысы бауырларының оқуына ауадай қажет еді. Осылайша, Америка сапары Мэнни Пакьяоның өмірін 180 градусқа бір-ақ өзгертті. Алғашқы ірі жеңістер сол жақта басталды.
Енді Мэнни Пакьяоның тағы екі қырына тоқталсақ артық болмас. Ол – актерлігі мен саясаткерлігі. Атақты боксшының есімі актер ретінде 2005 жылдан бастап айтыла бастады. Бүгінге дейін үш фильмге түсті.
Мэнни Пакьяоның саясат сахнасында да салмақты орны бар. 2007 жылдан бері саясатпен айналысады. Бүгінде депутат. Филиппин либералды партиясының өкілі.

ЖЕРЛЕСТЕРГЕ ЖАСАЛҒАН ЖАҚСЫЛЫҚ

Ғұлама ғалым, академик Манаш Қозыбаев кезінде қайраткердің кім екеніне анықтама бере отырып: «Қайраткерлік – ең алдымен ұлы істе танылады. Ұлы іс – халық мүддесінен туындайды. Ендеше қайраткер болу үшін ол парасат, ақыл иесі болуы керек», – деген еді. Ал, «Әлемге әйгілі боксшы Мэнни Пакьяо қайраткер болатындай не тындырды?» дейтін кейбір оқырманның сұрағына қысқаша жауап іздеп көрелік.
Ішерге асы, киерге киімі болмаған кедей отбасынан шыққан Мэнни Пакьяо сегіз салмақ дәрежесінде чемпион болған әлемдегі жалғыз боксшы екенін жоғарыда айттық. Осындай адам сенгісіз жетістіктерге қол жеткізгеніне қарамастан өзінің шыққан жерін, ондағы жерлестерін ұмытқан емес. Мәселен, Мэнни Пакьяо Филиппиннің Сарангани өңіріндегі Танго ауылына (өзінің туған жері) үнемі материалдық тұрғыда қарайласып жүреді. Атақты боксшы 2016 жылы өз қаржысына туған ауылының іргесінен жаңа қалашық салды. Оған «Пакман Вилладж» атауы берілді (Pac-Man – Мэнни Пакьяоның лақап аты). Қалашықта 1 000 тұрғын үй, ашық және жабық спорт алаңдары, қоғамдық саябақ, әлеуметтік нысандар (мектеп, дәріхана, шаштараз, т.б.) бой көтерді. Тіпті, Мэнни Пакьяо сол үйлердің барлығын баспанасыз жүрген кедей отандастарына тегін берді. Бір үйдің екі отбасына арналғанын ескерсек, сол жылы бір күнде 2 000 отбасы қоныс тойын тойлады.
«Алдағы уақытта тағы баспана салып, отандастарыма үлестіре беремін», – дейді меценат.
Әлбетте, мұндай қайырымдылық шараларды Мэнни Пакьяо байлығының асып-тасығандығынан емес, шынайы байлықтың мән-маңызын түсінгендігінен жасап отырса керек.
«Кең болсаң, кем болмайсың» дейтін ұстаныммен өмір сүретін Мэнни Пакьяо негізінен көптеген қайырымдылық шараларын ұйымдастырып тұрады. Әрине, жасаған жақсылық айтылуға да тиісті емес. Дейтұрғанмен, «Өзгелерге үлгі болсын» дейтін ниетпен оның өз жерлестеріне жасаған бір үлкен қайырымдылық шарасына тоқтадық.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here