Тылсым күш: Ақиқатқа айналған аңыздар

0
4982

«ТИТАНИКТІҢ» ТАС-ТАЛҚАНЫ ШЫҒАТЫНЫН 14 ЖЫЛ БҰРЫН БОЛЖАҒАН МОРГАН РОБЕРТСОН

1898 жылы америкалық фантаст-жазушы Морган Робертсон (1861-1915) «Титанның қазасы» атты новелласын оқырман назарына ұсынды. Бұл шығармасында жазушы өзінің қиялынан туған Атлант мұхитында мұзтауға соғылып, тас-талқаны шыққан алып кеме «Титан» туралы жазды. Арада 14 жыл өткенде Морган Робертсонның кітабындағы аңыз ақиқатқа айналды. 1912 жылы алып кеме «Титаник» мұхит түбіне батып, өзімен бірге 1,5 мың адамның өмірін жалмады.
Рас, жазушының «Титаны» мен «Титаниктің» ұқсастықтары да жоқ емес. Екі алып кеме де сәуір айында су түбіне кеткен. Қос кемедегі жолаушылардың да жартысынан астамының сол кемелермен бірге дәм-тұздары таусылған. Екі кемеде де төтенше жағдайларда адамдарды құтқаруға арналған арнайы қайықтары аз болған.
Ең қызығы Морган Робертсон аталмыш туындысын «Титаник» ойлап табылардан бір-неше жыл бұрын жазған екен. Алып кеменің мұзтауға соғылып, су түбіне батып кететінін жазушы қалай дәл болжай алғаны кімді де болса таң қалдыратыны анық. Өз кезегінде жазушы бұл жағдайды «көріпкелдік» емес, жәй ғана «қиялының кеңдігі» деп бағалаған.

АТОМ БОМБАСЫН 28 ЖЫЛ БҰРЫН БОЛЖАҒАН ГЕРБЕРТ УЭЛЛС

«Машины времени», «Войны миров» романдарының авторы Герберт Уэллс (1866-1946) 1914 жылы атом бомбасы арқылы үлкен бір қаланың күлін көкке ұшыруға болатынын жазды. Бұл туралы Екінші дүниежүзілік соғыстың өзінде ешкім білмеген деседі. «Освобожденный мир» атты романында негізі ураннан тұратын, «шексіз жарыла беретін» қол гранатасы туралы сөз қозғаса керек.
Айта кету керек, ағылшын жазушысы атом физикасының қыр-сырын білуге өте қызыққан. Дегенмен, бұл нәрсені соғыста қолдануға болатынын білмеген. Ең алғаш атом бомбасын шығарған «Манхэттен жобасы» Герберт Уэллстің аталмыш кітабының жарық көргеніне 28 жыл толғанда ғана жүзеге асырылған.

АДАМНЫҢ ІШКІ АҒЗАСЫН АУЫСТЫРУҒА БОЛАТЫНЫН ҮШ ҒАСЫР БҰРЫН ЖАЗҒАН РОБЕРТ БОЙЛЬ

Роберт Бойль (1627-1691) білімдар адам болған. Оны «Заманауи химияның атасы» деп те атаған. Британдық химик ең бірінші газ қысымының көлемге тәуелділігін анықтайтын Бойль-Мариотт заңын ойлап табуымен әйгілі.
1660 жылы келешек ғылым жолына түскен ғалымдарға арнап «тілектер тізбегін» жасаған болатын. Ол кезекті бір еңбегінде болашақта науқастарды ішкі ағзаларын ауыстыру арқылы дерттерінен айықтыруға болатынын да жазып кеткен.
1954 жылы, дәлірек айтқанда, Роберт Бойльдің болжам жасағанына 300 жылдан астам уақыт (үш ғасыр) өткенде америкалық дәрігер Джозеф Мюррей (1919-2012) ең алғаш рет науқастың бүйрегін ауыстырды. Бұл қиын ота (операция) сәтті орындалды. Қазіргі таңда бұл әдіс бүкіл әлемде қарқынды қолданылады.

ӨЗІНІҢ ӨЛІМІН КҮНІ БҰРЫН БОЛЖАҒАН МАРК ТВЕН

1909 жылы автобиографиялық шығармасында Марк Твен өзінің дәм-тұзы таусылатынына көп уақыт қалмағаны жайында жан түршігерлік болжам жасайды.
Әлемге әйгілі америкалық жазушы 1835 жылы 30 қарашада дүниеге келген. Бұл Галлея каметасының Жерден көрінетін аумағына кіретін уақытына сәйкес келсе керек-ті. Аталмыш құбылыс 75-76 жылда қайталанып отырады.
Марк Твен 74 жасқа келгенде: «Мен дүниеге 1935 жылы Галлея каметасымен бірге келгенмін. Бұл құбылыс келер жылы тағы қайталанады, демек, мен Галлея каметасымен бірге кетемін», – деп жазған болатын.
Жазушының айтқаны айдай келді. 1910 жылы 21 сәуірде, камета пайда болғанына бір күн өткенде, Марк Твен өмірден өтті.
Сонымен қатар, 1898 жылы Марк Твен қысқаша ғылыми-фантастикалық «Из «Лондонской Таймс» за 1904 год» атты әңгіме жазып шығады. Бұл туындысында да болашақты болжап кетіпті.
Дәлірек айтсақ, бұл шығармасында дүниежүзілік телефондар жүйесімен байланысты «Telectroscope» атты құрылғыны сипаттаған. Бұл құрылғы арқылы әрбір адам жер шарының кез келген нүктесінде не болып жатқанын өзі қалаған уақытта біліп отыра алатынын жазған.

ЛЕОНАРДО ДА ВИНЧИ БОЛЖАМДАРЫ

Ғалым, суретші, математик, музыкант… Леонардо да Винчи (1452-1519) көзі тірісінде өз ізін қалдырмаған салалар кемде-кем.
Леонардо да Винчидің 1480 жылдың ортасынан бастап, 1519 жылы өзінің соңғы демі біткенше жазған күнделігі түсініксіз сызбалар мен жобаларға толы болған көрінеді. Әлемге әйгілі итальяндықтың ол сызбаларының, жобаларының өз заманында ешқайсысы жүзеге аспағанын ескерсек, бұл да оның болашаққа жасаған болжамы болып шықпай ма?!
Сөзіміз дәлелді болу үшін айта кетелік. Леонардо да Винчи брондалған үлкен әскери көлік құралдары ойлап табылған күнге дейін 400 жылдан астам уақыт бұрын оның жобасын сызып қойған. Сонымен бірге, Леонардо парашюттің де сызбасын сызған. Ол парашюттің жобасын сызып қойғанына үш ғасыр өткенде ғана 1797 жылы француз Андре-Жак Гарнерен (1769-1823) ең алғаш рет әуе шарын сынақтан өткізген.
2000 жылы британдық парашютист Адриан Николас (1962-2005) Ленардо да Винчидің жобасымен жасалған парашютті сынап көреді. Ол бұл әуе шары басқаларына қарағанда барлық жағынан өте ыңғайлы екенін айтқан. Бірақ, заманауи әуе шарларына қарағанда Леонардоның әуе шары 9 есе ауыр болыпты. Сол себептен де жерге қону барысында адамның жарақат алуы әбден мүмкін.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here