МЕН ТАНЫҒАН ТОҚАЕВ

0
224

ТАРИХИ СӘТ

Биылғы жылдың 19-наурызы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кететінін халыққа хабарлап, әлемді бір дүрліктірді. «Жетімдей» қалған Қазақстанды қиындықпен аяққа тұрғызған басшының бар жеткен жетістікті жойып алмай, әрі қарай іліп әкететін сенімді ізбасары кім болады деген сұрақ қараша халықты да, азулы жаһандық саясаткерлерді де қызықтырғаны рас.

«Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол – адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін», – деп Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты өз орнына қалдырды.

Оңай шешім емес. Бірақ, ұзақ уақыт бақылау мен ой елегінен өткізгеннен  кейін туған шешім екенін кейін түсіндік. «Бұл үшін 3 жыл дайындалдым» деп айтып қалды Нұрсұлтан Назарбаев.

НЕГЕ ДӘЛ ТОҚАЕВ? ОЛ ҚАНДАЙ АДАМ?

Тоқаев дегенде көбі оны шетелде жұмыс істеген үздік дипломат ретінде еске алады. Менде де бірден сондай ассоциация болды. Алайда, басқа да ерекше қасиеттері болуы керек қой деген сұраққа жауап табу үшін бұрыңғы ақпараттарды, түрлі БАҚ-қа берген сұхбаттарын оқып көрдім. Қазақстан үшін үйреншікті болып қалған «шенеуніктің» типі емес. Мүлдем басқа адамды көрдім. Ойлау стилі, білімділігі, өз-өзін ұстауы, мәдениеттілігі, «көке, жәкеге» даңдайсымай, қайта қарапайымдылығын сақтап қала білуі, халықпен шынайы әрі жақын болғысы келетіні, қазақтың қарапайым жанұясынан шыға тұра ерекше бір «элиталы» тәрбиесі таңғалдырды. Осындай тұлға болып қалыптасу үшін қаншалықты адам өз-өзін тәрбиелеп, білім алып, ішкі жан дүниені азықтандыру керек деген ой келді.

Ол әлемде сөзі өтетін дипломат, Қазақстанның сыртқы саясатын тәуелсіздік алғандағы ең қиын жылдарда «жоқтан бар еткен» білікті министр, бүкіл заңнама алдынан өткен Парламент Сенатының төрағасы, дағдарыс кезінде Үкіметті басқарған Премьер-министр қызметтерін атқарды. Тіпті, Біріккен Ұлттар Ұйымының басшылығында болған азиялық ең ірі екі саясаткердің бірі. Пан Ги Мун мен Тоқаев қана мұндай сенімге лайық деп бағаланған.

ЕРЕКШЕ ӘСЕР БЕРГЕН ЖЕТІСТІГІ

Тоқаевтың әрбір қызметке келгенде сөзбен емес, іспен дәлелдеу керек деген қағиданы ұстанатыны сезіледі. Жағымпаздықты жаны жақтырмайтын, қол астындағылардан нақты нәтиже мен ашықтықты талап етеді. Әсіресе, Үкіметті басқарған кезіндегі жеткен жетістігі жақсы әсер қалдырды.

1999-2002 жылдар аралығында Премьер-министрлікке келген Тоқаевтың алдында төмен инфляция деңгейімен тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу, инвестициялық климатты жақсартып, жұмыс орындарын ашу және халықтың нақты табысын арттыру міндеттері тұрды. Сол кездерде халықтың Үкіметке деген сенімі де, елдің экономикалық жағдайы да мәз емес еді. Қолға алған нақты шаралар, мол тәжірибе мен білімділігі тәуелсіз Қазақстан тарихында болмаған жетістікке әкелді. Ел экономикасы сенгіссіз көрсеткішке 9,6%-дық өсімді көрсетіп, әлемдегі ең жоғары ішкі жалпы өнімнің өсімі ретінде тіркелді. Өндірістік кәсіпорын 14,6%-ға, негізгі капиталға тартылған инвестиция 29,4%-ға дейін артты. Ал, жүк тасымалының өсімі 13,3%-дық көрсеткішке жете алды. Кейін сарапшылар бұл кезеңге қазақстандық «шоктық терапия» деген баға берді.

БҮГІНМЕН БАЙЛАНЫС

Қарап отырсам, қазір елімізде дәл сол кездердегі міндеттер тұр:  экономиканы жаңа кезеңге өткізіп, халықтың әл-ауқатын арттыру, халықты жұмыспен қамту қазір басты назарда.

Тоқаевтың президенттікке келуі Қазақстан үшін жаңа мүмкіндік деп ойлаймын.

Бір-біріне қырғи қабақ болған қазіргі заманда беделді басшың болмаса, ол да қауіпті. Әлемдік саясаттың біз білмейтін өз заңдары бар. Сыйлы, сөзі өтімді әлемдік саясаткер, экономиканың механизмін жақсы түсініп қана қоймай, нақты өсімге әкелудің жолын білетін менеджер, заң шығаруда тәжірибелі маман, елдің сыртқы және ішкі саясатын сезіне алатын білімді, қарапайым, әділ адам – мен таныған Тоқаев.

Ақбота САДУБАЕВА

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here