Алмас Әбсадық: «Ахаң Орынборда сегіз ай үйқамақта отырды»

0
4636

Бұл күнде шекараның арғы бетінде қалып, Ресей сияқты алып империяның шығыс жақ беттегі үлкен бір мегаполисіне айналған Орынбор қаласы көзі ашық, көкірегі ояу қазақ баласына қашаннан таныс. Оның атауы ертедегі атабабаларымыздың ауызекі әңгімелерінде, әпсаналарында, өлеңжырларында жиі кездеседі. Тіпті, оның бер жағында бұл қала кеңестік кезеңдегі Қазақ үкіметінің тұңғыш астанасы болды. Ол тарих, ол Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков, Міржақып Дулатов сияқты арыстардың жарық жұлдыздай жарқырап саяси аренаға шыққан жері.

Негізінде Орынбор қаласы Ор өзенінің бойында бекініс ретінде салынғандықтан оған осындай атау берілген. Кейін қала Жайық өзенінің оң жағалауындағы биік жар қабаққа ауыстырылған. Қаланың атауы екі түбірден тұрады. «Ор» – өзен атауы, ал «бург» – немістің қала деген мағына беретін сөзі.

Таяуда Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің бір топ ғалымдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында талай тарландардың табанының ізі сайрап жатқан осы қалада болып, тарихи жәдігерлермен танысып қайтты. «А.Байтұрсынұлы ізімен: Орынбор кезеңі» атты ғылыми экспедициясын басқарып барған филология ғылымының докторы, профессор Алмас Әбсадықты ашық әңгімеге тарттық.

Ахмет Байтұрсынұлы отбасымен тұрып, 1913-18 жылдары «Қазақ» газетінің редакциясы болған үйдің қазіргі көрінісі

– Алмас Ахметұлы, Орынбор Сіздерді қалай қарсы алды? Онда қазақ рухын, Алаш арыстарының атқарған қыруар істерін сезінуге бола ма екен?

– Болғанда қандай?! Орынбор тұнып тұрған тарих. Онда орыс тарихымен қатар біздерге, қазақтарға қатысты жәдігерлер, тарихи ғимараттар жап-жақсы сақталған. Әрине, оны кейінірек таратып айтып беремін. Әуелі осы экспедиция жайлы, университеттің бұрынғы ахуалы туралы әділдік үшін бірер ауыз пікір білдіре кетейін.

Мен Ахаң атындағы бұл оқу орнында 1991 жылдан бері қызмет істеймін. Ол кезде ректор тарих ғылымының докторы марқұм Зұлхарнай Алдамжаров болды. Сол кісінің ерен еңбегінің нәтижесінде осы ғимарат алынды. Бұл бұрынғы обком партияның үйі ғой. Ахаңға ескерткіш орнатылды. Байтұрсыновтың 125 жылдығы қарсаңында ұлы ғұламаның шыр етіп дүниеге келген жері – тарихи Торғай даласына «Ақ жол» атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырылды. Белгілі журналист Байтұрсын Ілияс сол сапардан «Алтын бесік» деген кітап жазды. Міне, содан бері сан жылдар өтті. Талай ректорлар ауысты. Бірақ, Ахаңға қатысты толымды іс жасалмады. Құдайшылығын айту керек, мынау жаңа ректор Алма Іргебайқызы Досжанова жаста болса біздің ұсынысымызды бірден құптап, осы ғылыми экспедицияны ұйымдастырып, қаржыландырып берді. Сәті түссе жазда Ахаңның туып-өскен жерлеріне де барып қайтпақпыз. Халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, мерейі өссін» дегенді осындайда айтады ғой. Рахмет, Алма қарындасымызға!

1917 жылы І, ІІ Жалпықазақ съездері өткен, «Алаш» партиясын, Алашорда үкіметін құру шешімі қабылданған ғимарат

– Иә, сонымен Орынбордасыздар.  Мың бұралып аққан Ақжайық, сәнді де мәнді қала Орынбор…

– Сөз басында Орынборда орыс империясына да, бізге де қатысты мол тарих бар екенін айттым ғой. Теміржол бекетінің алдында біздің қазақ даласында талай болған Орал жеріндегі тұңғыш тарихшы Петр Рычковқа арналған үлкен кесене, атақты ұшқыш Валерий Чаловтың, біздің даңқты палуанымыз Қажымұқанмен дос болған Александр Самсонның ескерткіштері көзге бірден түседі. Одан әрі қаланы аралау барысында «Бұл үйде Ыбырай Алтынсарин оқыды», «Бұл ғимаратта Қырғыз (Қазақ) АССР Кеңесінің бірінші құрылтай съезі өтті», «Бұл үйде қазақ халық әндерін жинаушы, композитор Александр Затаевич тұрды» деген сияқты жазулары бар ғимараттарды көрдік. Мұның сыртында қалада Ахаң мен Әлихан Бөкейханов тұрған үйлер, «Қазақ» газеті басылған баспахана ғимараты, Сәкен Сейфуллин тұрған үй де бар. Өкінішке қарай, оларда белгі тақта жоқ. Осы орайда айта кетейін, егер «Қазақ» газеті бас болып сол баспаханаға, редакция үйіне Орынбордағы қазақ диаспоралары арқылы белгі тақта қоятын болса, оған Ахаң атындағы университет қаржылай да, басқаша да үлес қосуға әзір. Ал, Алаш лидері Бөкейханов тұрған үйге белгі қоюды Әлекеңнің ұрпағы, Қостанайлық азамат Бақытжан Хасенов өз мойнына алды.

Осы сапар барысында біз Ахаң тұрған үйді барып көрдік. Мекенжайы – Чичерина, 75. Кезінде Зауытбек Тұрысбеков Қазақстанның Ресейдегі елшісі болғанда ептеп жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Кейіннен жеке адамға сатылып кетіпті.

«А.Байтұрсынұлы ізімен: Орынбор кезеңі» атты ғылыми экспедициясын басқарып барған филология ғылымының докторы, профессор Алмас Әбсадық

–        Алмас Ахметұлы, кейбіреулер Ахаңның осы Орынборда 15 жыл тұрға-нына күмәнмен қарайды. «Ол Торғайлық, ол Әулиекөлде, Қостанайда, Қарқаралыда ұстаздық етті. Орынборда осынша жыл болуы мүмкін емес» дегенді алға тартады…

–        Оның мәнісі былай. Ахмет Байтұрсынов 1905 жылғы атақты Қарқаралы петициясын дайындаушы, соған қол қоюшылардың бірі. Патша жандармериясы оларды тұтқындады. Ахаң Орынборда сегіз ай үйқамақта отырды. Сонан соң оған Қазақстанда емес, Ресейдің бір қаласында тұру мүмкіндігі берілді. Ондағы мақсат – Ахаңды бұқара халықтан алшақ әрі өздеріне жақын жерде бақылауда ұстау болды. Бөкейханов та осылай ұдайы бақылауда, Қазақстаннан тыс жерде жүрді. Байтұрсынов бір кезде өзі мұғалімдер мектебін бітірген осы Орынборда қалуды жөн көрді. Сөйтіп, оның ең белсенді қоғамдық саяси қызметі басталды. 1912 жылдан бастап «Қазақ» газетін шығару қамына кірісті.

–        Сөзіңіз аузыңызда, Ахаңның, Әлімхан Ермековтің жер, шекара мәселелері бойынша Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті басшыларымен сөз таластыратын шағы да осы кезең ғой. Есіңізде болар, 1919 жылдың 27 тамызында сол уақытқа дейін әкімшілік жағынан Торғай облысының құрамында болған Қостанай уезін Челябі ауданына қосу туралы Қаулы шығып, оған Ахаң бастаған Алаш зиялылары қарсы шықты. Соның нәтижесінде Қостанай қазақ елінің құрамында қалды. Бұл бір. Екіншіден, 1919 жылдың 10 шілдесінде РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінде «Қазақ өлкесін басқару жөнінде революциялық комитет туралы уақытша ереже» бойынша Қазақстан мемлекетін құру жөнінде жұмыс қызу жүріп жатты. Кирревкомның Қаулысымен осы жұмысқа араласу үшін №2043 мандат алған Әлімхан Ермеков Лениннің алдында Каспий маңайы ауданында шекараны белгілеу мәселесі бойынша еліміздің мүддесін батыл қорғап шықты емес пе?!

– Дұрыс айтасыз! Орталық Комитеттің хатшысы Николай Крестинскийдің: «Тов. Ермеков хочет создать Данцигский коридор губисполком», – деп реплика тастайтыны, оған Владимир Ильичтің: «Тов. Крестинский не понял существа вопроса, Дансигский коридор хотят создать Астраханский губисполком и наши хозяйственники», – деп Әлімханды қолдап шығатыны сол кезде ғой.

– Иә, Алмас Ахметұлы, біздің бақытымызға қарай сол кездегі Алаш арыстары кілең «сен тұр, мен атайын» дейтіндей білімдар, ұлтжанды азаматтар болған ғой. Солардың жанқиярлық еңбегінің арқасында бүгінгі біздің шекарамыз белгіленді. Оны мойындамау, оны айтпау күнә саналады…

–        Жаңа есіме түсіп отыр, осы сапарында Әлімханды алғашқы болып Коминтерннің екінші конгресі мәжілісіне келген қазақтың қос тарланы – Ахмет Байтұрсынов пен Тұрар Рысқұлов қызу құттықтап, Әлекең баяндамасының тарихи маңыздылығын, бұл жеңіс бүгінгі күнге ғана емес, қазақ елінің болашағы үшін де орасан зор қызмет ететіндігін атап көрсетеді. Бұл Орынбор – осындай тарихи оқиғалардың куәсі болған киелі де  құтты  мекен ғой.

– Ал Орынбор сапарынан қандай құнды деректер әкелдіңіздер?

– Ең бастысы Орынбор қазақтарының тұрмыс салтымен, хал-ахуалымен таныстық. Олар «Шет жерде емес, өз ата-бабамыздың жеріндеміз» деп есептейді екен. Екіншіден, архив құжаттарына қол жеткіздік. Патша заманындағы ескі карталарда Жайықтың сол жағалауы «Қырғыз даласы» немесе «Степь кочующих киргиз-кайсацкой Малой орды» деп белгіленген. Мұнда Алаш арыстарының кез келгені жайлы құнды деректер жетіп артылады. Мысалы, Ахаң-Жақаңдарды былай қойғанда, Әліби Жангелдин, Кейкі батыр туралы  жазбалар да бар. Бұларды түбегейлі зерттеу, көшірмесін алу келешектің міндеті болуы тиіс. «Ахаңның «Қазақ ырымдары мен мақал-мәтелдері» деген мақаласы орыс тілінде «Тургайской газетада» жарияланды» деп талайдан бері айтылып жүр. Бірақ, соның түпнұсқасын ешкім көрген жоқ-ты. Біз осы жолы оның көшірмесін алып келдік. Орынбор педагогикалық институтының доценті Татьяна Тугай Ахаң туралы кітабының қазақша аудармасын сыйға тартты. Бүкіл жол сапарымыз бейне таспаға түсірілді. Сәтін салса, бұл сапарымыз деректі фильм болып шығады. Осының бәрі бір сапар үшін аз олжа емес.

– Бір сөзбен айтқанда, Орынбор сапары жемісті болыпты. Ахаң туралы ізденіс, зерттеу мұнымен шектеліп қалмайтын шығар…

– Әрине, әңгімеміздің басында айтқанымдай, жазда Торғай жаққа барамыз. Одан қалды Ахаң болған Қарқаралы, Семей жақты да көрсек деген үміт те жоқ емес. Біздің мақсат – ұлы жерлесіміз жайлы неғұрлым көп білсек, көп дерек жинасақ деген ой.

Айтпақшы, Қостанайда Ахаң сабақ берген екі сыныптық училище ғимараты бар. Ол осы біздің оқу орнына жақын. Онда қазір көркем өнер мектебі орналасқан. Бұл ғимаратты университет балансына беру туралы қалалық әкімдікке хат жаздық. Әзірше жауап жоқ. Біздің мақсатымыз – бұл жерді Ахаң мұражайына айналдыру. Онда жалғыз Ахаңа қатысты емес, Тобыл-Торғай өңірінің талантты тұлғаларының мұражай-галереясын жасасақ деген ой бар. Өйткені, Қостанайдан шыққан Социалистік Еңбек Ері, саңлақ актер Серке Қожамқұлов, актер Қапан Бадыров, мүсінші Хәкімжан Наурызбаев, оқымысты ғалымдар Манаш Қозыбаев, Асқар Закарин, композитор Әбілахат Еспаев, Бақытжан Байқадамов сияқты есіл ерлердің есімдері ескерусіз жатыр.

– Алмас Ахметұлы, ашық әңгіменізге алғыс айтамыз!

 Әңгімелескен: Серік ШАЙМАН, «Qazaq»-тың Қостанайдағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here